УАҚЫТ ЖЕТТI. ЛАТЫН ӘЛIПБИIНЕ КӨШУДI ТЕЗДЕТУ ҚАЖЕТ
УАҚЫТ ЖЕТТI. ЛАТЫН ӘЛIПБИIНЕ КӨШУДI ТЕЗДЕТУ ҚАЖЕТ
Елiмiздiң бiр топ тiл жанашырлары ауызбiрлiкпен бiр тудың астына жиналып латын әлiпбиiне тезiрек көшу мәселесiн тағы да күн тәртiбiне қойды. Халықаралық «Қазақ тiлi» қоғамының ұйымдастыруымен «Мемлекеттiк тiл және латын әлiпбиi» атты дөңгелек үстелдiң басты мәселе етiп алған арқауы да осы. Бұл басқосуға Өмiрзақ Айтбайұлы бастаған тiл жанашырлары мен ғалымдар, бiрқатар қоғамдық ұйымдардың өкiлдерi қатысып ашық пiкiрлерiн ортаға салды.
Соңғы кезде латын қарпiне көшудi бiрi асығыстық десе, ендiгi бiрi «Уақыт жеттi. Түбi бiр түркiтiлдес халықтар осы жолды таңдады, бiз ненi күтiп жүрмiз?» дегендi баса айтып жүр. Ал негiзгi ортақ пiкiр соңғы байламмен тоғысып жатады.
Ғалым Әлiмхан Жүнiсбеков «латын әлiпбиiне көшудiң тез арада орындаларлықтай оңай шаруа емес екендiгiн, бүтiндей бiр тiлдiң емлелiк және грамматикалық ерекшелiктерiн сақтай отырып, бүкiл ел тiлдiк жүйеде қолдана алатындай әлiпби құрастыру үшiн терең әрi тиянақты бiлiм ғана емес, толыққанды тәжiрибе де қажет екенiн тiлге тиек еттi. Қазiргi күнi Тiл комитетiнде латын әлiпбиiне көшудiң жүзден аса автор даярлаған 70 шақты нұсқасы бар екен. Алайда, мұның бәрi әп-сәтте көңiлден шыға қойды деу қате. Олардың арасында да осы күнгi кириллицадағы 42 әрiптiң о жақ, бұ жағынан алыстамау, әрiп пен дыбыстың ара жiгiн ажырата алмай дал болу сияқты осалдықтар кездескен. Расында да, қазақ тiлiндегi 27 дауыссыз және 9 дауысты дыбыстың естiлуi мен таңбалануына (жазылуына) қарай дұрыс қолдана бiлсек, оны тiптi компютерьге дұрыс әрi орнықты орналастырсақ, әлiпби мәселесiнiң жүгiн әлдеқайда жеңiлдетер едi.
Ал Халықаралық «Қазақ тiлi» қоғамының вице-президентi Ғарифолла Әнес «Аталған нұсқаның iшiнен барлық талапқа сай таңдап алынған бiреуiн лайық деп Үкiметке ұсынып, қолданысқа енгiзiлуiне қатысты шешiмдi бiрауыздан қабылдауына атсалыссақ, шамамен 6-7 жылдың көлемiнде бұл мәселенi нақтылы түрде шешуге болар едi дей келе, ол өз сөзiнде 1992 жылы ғалым Әбдуәли Қайдар дайындаған 34 таңбадан тұратын әлiпбидi енгiзуге әбден болатындығын бiлдiрдi. Алматы қалалық Тiлдердi дамыту басқармасының бастығы Кенжехан Матыжанов болса, бiз латын әлiпбиiне неғұрлым тез көшсек, өзiмiздiң төл дыбыстарымызды қайта түлетiп, орыс тiлiнiң құрсауынан тез шығуға мүмкiндiк аламыз дегенге тоқтайды.
Сонымен қатар академиктер Әбдуәли Қайдар, Өмiрзақ Айтбайұлы және А.Байтұрсынов атындағы Тiл бiлiмi институтының директоры К.Хұсайынов өз тарапынан ойларын бiлдiрiп, жұртшылыққа үндеу қабылдау туралы ұсынысты қолдады. Сол үндеудiң мәтiнiн назарларыңызға ұсынамыз.
Мемлекеттiк тiлiмiз – ұлттық егемендiгiмiздiң негiзгi белгiлерiнiң бiрi. Қазақ тiлiнiң мемлекеттiк тiл ретiндегi мәртебесiн көтеру арқылы тәуелсiздiк тұғырын нығайтамыз, ұлтаралық қарым-қатынастар мәдениетiн жаңа биiктерге көтеремiз. Әлемнiң қай елiнде болмасын мемлекеттiк тiлдi жетiк меңгеру бiлiктiлiктiң, тәрбиелiлiк пен бiлiмдiлiктiң көрiнiсi болып табылады. Сонымен қатар бiрқатар беделдi халықаралық ұйымдар, соның iшiнде елiмiз мүше болуға ұмтылып отырған Халықаралық сауда ұйымы да осы мәселеге барынша мән бередi. Өйткенi, мемлекеттiк тiлдiң толыққанды қолданыста болуы қай елдiң де даму дәрежесiн бiлдiретiн маңызды көрсеткiштерге жатады.
Президентiмiз Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев әлемдегi дамыған елу елдiң қатарына кiру жөнiнде Қазақстан халқының алдына мерейлi мiндет қойып отырғаны белгiлi. Елбасы бұл мақсатқа жетудiң саяси-әлеуметтiк, экономикалық және гуманитарлық жолдарын айқын көрсетiп бердi. Осы орайда қазақ тiлiнiң елемiздiң мемлекеттiк тiлi ретiндегi беделiн арттыру кезек күттiрмес шаралардың қатарында аталып отыр. Тiлдiк қорды терең игеру, байыту, оқыту-әдiстеме, терминтану салаларында iске асырылып жатқан жұмыстарға жаңаша мән берiп, ақпараттық қоғам талаптарына икемдеу қолға алынды. Президентiмiз Н.Ә.Назарбаевтың өткен жылдың желтоқсанында Қазақстан Халықтары ассамблеясының салтанатты мәжiлiсiнде латын әлiпбиiне көшуге байланысты нақты пiкiр бiлдiруi тiлiмiздiң қолданылу көкжиегiн кеңейтiп, қазiргi заманғы ақпараттық технологияларды пайдалану өрiсiн ұлғайтады деген пiкiрдемiз.
Тiлiмiздiң кемел келешегiне жарқын жол ашатын осынау салиқалы байламға келер алдында Елбасымыз әлемнiң ұлылы-кiшiлi ондаған елiнiң өткенi мен бүгiнiн ой елегiнен өткiзiп, безбенге тартқаны айқын. Сондай-ақ, Халықаралық «қазақ тiлi» қоғамы да өз тарапынан дәйектi ғылыми тұжырымдарын осыдан 15 жыл бұрын Ашық хат ретiнде Елбасының және жұртшылықтың назарына ұсынған болатын. Осы кезең iшiнде тiл және ақпараттық технология мамандары, қаламгерлер мен саясаткерлер, жұртшылық өкiлдерi бұқаралық ақпарат құралдары ұйымдастырған пiкiрталастарда өздерiнiң кесiмдi пiкiрлерiн бiлдiрiп келдi. Замана ағымының ыңғайын ескерiп, әлемдiк дамудың бағыты мен бағдарын назарға алған қалың көпшiлiк латын әлiпбиiне көшудi жақтаған болатын. Өйткенi, ауылы аралас, қойы қоралас көршi түркiтiлдес мемлекеттердiң көпшiлiгi латын жазуына ауысқан едi.
Халықаралық «Қазақ тiлi» қоғамы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың тарихи ұстанымына барынша қолдау көрсететiнiн мәлiмдейдi. Барша қауымға, тiл жанашырларына бастаманы баянды ету жөнiнде Үндеу тастай отырып, оны жедел түрде жүзеге асыруға шақырады.