СОНДА БIЗДIҢ ЕЛДIГIМIЗ ҚАЙДА?
СОНДА БIЗДIҢ ЕЛДIГIМIЗ ҚАЙДА?
Ерте, ерте, ертеде… Кез-келген қиял ғажайып ертегi мен аңыз әңгiменiң бастау бұлағы бұл. Мұны кiм естiмедi? Әрине, үйiнде ата-әжесi бар бүлдiршiн құлағына құйып өстi. Сол құдды ертегiдегiдей алдына биiк мақсат пен арман қойып, болашаққа қанат қақты. Ертегi естiген баладан ертең қандай азамат шығатыны белгiлi. Қазақта «баланы жастан» деген бар. «Бала да жас шыбық секiлдi, бабын тапсаң түзу өседi, қарамасаң қисық өседi» демейтiн бе едi Ыбырай Алтынсариннiң «Таза бұлағында». Ал қазiр ше?! Байқасаңыз, бүгiнгiнiң ата-әжесi тап сол ауыл – алтын бесiктiң қарияларындай ынты-шынтысымен баланың жүрегiне ерекше үмiт шоғын ұялатып, көңiлiне арманға жетелейтiндей әсер қалдырып, ертегi айтып отырмайды. Тiптi, басын ауыртып, уақытын заяға кеткiзiп, олардың айтуынша, «мылжыңдап» балпылдамайды да. Көрдiңiз бе, бәрi де жаһандану заманымен алмасып, құрдымға кеткендей. Есесiне бала өсiрiп, тәрбиелеген, кезiнде өздерi де әке-шешесiнiң әлдиi мен ертегiсiн тыңдап өскен «жаңа заманның» қарттары бал тiлi жаңадан былдырлап келе жатқан немересiне басқа тiлде шүлдiрлеп жатады. Жарайды, жас отбасы болса, бiр сәрi, әлi жастар ғой деп өз-өзiмiздi жұбата салар едiк, ал бала көбiне-көп үйдегi ата-әжесiмен қалады. Сондағы «сенген қойымыз» қазақтың ертедегi аңыз әңгiмелерi мен ертегiсiн алып, дауыстап оқып, кiшкентай немересiнiң түйсiгiне сiңдiрмесе әжелiгi қайда қалады? Ал, бiрақ, бәрi керiсiнше. Ауылды қайдам, қаланың жасы егде тартқан қарияларынан байқағаным осы. Олар кiтап дүкендерiнен немересiне қазақтiлдi емес, басқа халықтың ұлттық ертегiлерiн сатып алуға ынтық. Себебi де бiреу. «Өйткенi, балаларға арналған орыстiлдi кiтаптардың көркем суреттермен безендiрiлуi бала тұрмақ, ересектi де анадайдан баурап әкетедi. Сондықтан баланың ой-санасында, түйсiгiнде, яғни, жадында ұзақ сақталуы үшiн әдейi суретпен көмкерiлген кiтаптарды аламын. Оның үстiне бiзде балаларға арналған әдебиеттер жоқ»,–дейдi жасы алпысты алқымдаған әже. Сонда не бiздiң балалар әдебиетiнде батырлар мен байлардың бейнесiн, қазақ өмiрi мен оның тұрмысын қалам ұшында хас шебердей ойнататын суретшiлер жоқ па?! Әлде, мәтiннiң суретпен астасуына аса мән берiлмей ме? Не десек те, кiтап дүкенiнде там-тұмдап болса да, қазақ тiлiнде қиял-ғажайып ертегi, аңыз әңгiмелер мен баланың ойлау қабiлетiн арттыратын кiтапшалар бар. Ендi ғана мойын бұрып жатқандықтан ба, айтарлықтай көп емес, дегенмен, жеткiлiктi. Бiрақ көзi байланған ата-ана айналып келiп, тағы да өзге елдiң тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы насихатталған кiтапқа бұрылып кетедi. Соны баласына оқып бередi, миына сiңiредi. Неге қазақ баласы қазақтың ержүрек батырларын емес, қайдағы орыстың «Ақымақ Иванын», «Василиса сұлуын», «Колобогын», т.б. бiлiп өседi? Әлбетте, әдебиетке бай орыс халқы балалар әдебиетiнiң ыдырамауына ертеден-ақ көңiл бөлген. Әйтсе де, қазақ баласы қазақтың ертедегi Ер Тарғыны мен Ер Қосайын, Едiгесi мен Қобыландысын, Алпамысын, шешендiк сөз өнерiнiң биiк шыңында тұрған үш би: Төле би, қаздауысты Қазыбек би, Әйтеке бидi, одан қала бердi жау жағадан алғанда, «бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарған» Қанжығалы Бөгенбай мен Қаракерей Қабанбай, Абылай, Қарасай, Исатай мен Махамбет т.б. толып жатқан әруақты батырларды бiлмесе, елдiгiмiзге сын емес пе?!
Расында да, бүгiнгiнiң осы сынды ата-әжесiн көресiң де, әттең дейсiң iшiңнен. Анау былдырлап, тәй-тәй басқан немересi есiн бiлгенде «Мен кiммiн?» демей ме?! «Егер Қазақ болсақ, неге менiң ата-анам, тiптi, ақ шашты ата-әжем орысша сайрайды, неге қазақ тiлiнде емес? Одан қала бердi, менi не үшiн орыс балабақшасына немесе мектебiне бердi, себебi қайсы?». Әйтеуiр бiр ер жеткенде осы сұрақтар алдынан көлденең шығуы ғажап емес. Мiне, сонда ғана әлгi ақ басты қария да сабасына бiр түсер. Әлбетте, олар бұл сауалдарға бүгiн бас қатырмайды да. Жауап берудiң жаттап алған оңай әрi төте жолы бар. Ол баяғы «қазақ мектебiнде бiлiм сапасы төмен немесе оқулықтар жоқ. Баланың толыққанды бiлiм алуына кедергiсi мол, тағысын тағы» деп кете бередi. Бұл әбден жауыр болған сылтау. Кез келген ата-ана осыны алға тарта жөнеледi. Құдайға шүкiр, кешегi күннiң күркiрi, кеңестiк заманның идеологиясы тұншықты, құрдымға кеттi. Тек әлi күнге санада сарқыншақтары жаңғырады. Әйтпесе, ұлы қазақ даласының әрбiр ақын-жазушысы, ойшыл ғұламасы, ғалымы мен зерттеушiсi қаладан емес, қасиеттi мекен – ауылдан шықты. Сол ауылдың қарапайым мектебiнде бiлiм нәрiмен сусындады. Сөйтiп жүрiп-ақ, әдебиеттiң асқақ айдыны мен ғылымның қақ төрiне көтерiлдi. Бүгiн де ауылдағы жастар қара жаяу емес. Бiлiмге құлшынысы жоғары. Нендей жетiстiктi болсын, тек бiлiммен ғана бағындыратынына көздерi жеткен. Отбасының әлеуметтiк жағдайы сын көтермесе де, жан-тәнiмен үздiк оқуға тырысып бағып, биiк асуларға жолдама алуда. Олардың арасынан әлi-ақ небiр жүйрiктер шығатынына шүбә жоқ. Ал осыдан кейiн қала тұрмақ, ауыл жастары бiлiмсiз, дарынсыз деп көрiңiзшi! Әдетте, бәрi де отбасының берген тәрбиесiне келiп тiреледi. Бiлiм, мектеп ошағы екiншi мәселе.
Әрине, жоғары бiлiмдi маман ауылға барып, тәжiрибесiн толықтырғысы келмейдi. Барған күннiң өзiнде, оларға мемлекет тарапынан жағдай қарастырылмаған. Бiлiмдi, тәжiрибесi жетiк мұғалiм үйсiз-күйсiз айдаладағы ауылға барып ұстаздық ете алмас. Оның үстiне, алып отырған жалақысы да мардымсыз. Үкiмет биыл да мемлекеттiк қызметкерлердiң, оның iшiнде мұғалiм мен дәрiгердiң еңбекақысын 30 пайызға көбейетiндiгiнен хабардар еттi. Алайда, бұған аталмыш маман иелерi аса қуанбайды да. Себебi, жалақыны өсiргенде, инфляция да кенеттен аспандап кетедi. Тұтынушының күнделiктi өмiрде тұтынатын әрбiр заты мен азық-түлiгi де соншалық қымбаттайды. Бұдан кейiн қандай мұғалiм еңбек жолын ауылға барып жалғастырмақ? Естуiмiзше, кейiнгi кезде ауылдағы мектептерде жоғары бiлiмi, арнаулы дипломы жоқ мұғалiмсымақтар қаптап кетiптi. Соның салдарынан, жемқорлықтың тамыры да кеңге жайылып барады. «Ұрының арты қуыс» демекшi, әлгi аттестация деген жау жағадан алғанда бос, қуыс кеуделердiң басына бұлт үйiрiлетiнi анық. Жақында ғана үнемi тек қана «жей» беруге әбден машықтанып алған Алматы облысындағы бiр ауыл директорының төбесiнен жәй түскендей болды. Атақ пен лауазымға, параға құныққандықтан қасиеттi орнымен қош айтысты. Қысқасы, басына қонған бақытты өз қолымен ұшырып жiбердi. Әр нәрсенiң өз өлшемi барын бiле тұра, осы сықылды кертартпа әрекеттерге жол берiп жүрген бiлiмдi, бiлiктi басшыларға не дауаңыз бар? Ал бiлген-көргенiн балаларға бергiсi келген тәжiрибелi ұстаз бен жемқорларға жем болып жүрген оқушы қауымына ше?!
«Адасқанның алды — жөн, арты — соқпақ». «Көш жүре түзеледi» деген де бар. «Мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi» деп жағымыз талмай қоғамның әр бiр мүшесi, кез келген ортада айтып-ақ келемiз. Былай қарасаңыз, елiмiзде тiлден басқа жүректi ауыртар мәселе де қалмаған сияқты. Айналып келгенде, бәрi тiлге келiп тiреледi. Шынында да, бүй дейтiн жөнiмiз бар. Елiмiздiң елдiгi, ата-бабамыздың аманаты келер ұрпаққа таза, нақ осы күйiнде жетуi тиiс. Ол үшiн Үкiмет билiгiндегi басшылар да, отбасы – шағын мемлекетiндегi ата-ана мен балалары да қазақ тiлiн құрметтеуi ләзiм. «Балық басынан шiридi». Ең әуелi елдi аузына қарататын билiк тармағындағы басшы мен отбасы-ошақ қасында немере-шөбересiн тәрбиелеп отырған қарттарымыз аса ыждаһаттылықпен ойланса игi.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ