Мәжілістің жалпы отырысында «2026 – 2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын қарау барысында қаржы министрі Мәди Такиев 2026 жылға арналған бюджеттің негізгі параметрлері туралы баяндады, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Осылайша, бюджет параметрлері келесідей қалыптасты. 2026 жылға түсімдер 23,1 трлн теңге деңгейінде болжануда. Оның ішінде, (трансферттерді есептемегенде) кірістер 19,2 трлн теңгені құрайды. Экономиканың өсіміне, жаңа Салық кодексінің қабылдауына, оның ішінде салықтық және кедендік әкімшілендіруге байланысты, осы жылмен салыстырғанда кірістер 3,6 трлн теңгеге артып отыр. Бұл, мемлекеттік қаржының тұрақтылығына алып келеді», — деді министр.
Бұл ретте бюджет шығыстары 27,8 трлн теңгені құрады, яғни осы жылмен салыстырғанда 2 трлн теңгеге артық. Мәди Такиев 2026 жылы бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,5% деңгейінде, ал 2028 жылға қарай 0,9%-ға дейін төмендеуі болжанып отырғанын атап өтті. Бұл бюджеттік тәртіпті нығайтуға және борыштық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.