Ақтау қаласының маңындағы «Рекон» базасында Geely Emgrand маркалы автокөлік тепловозбен соқтығысты. Оқиға жайлы мәліметті Маңғыстау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ведомствоның дерегінше, жол-көлік оқиғасы 21 қазан күні сағат 20:45 шамасында болған. Жеңіл көлікті 1981 жылы туған әйел жүргізіп келе жатқан. Алдын ала мәлімет бойынша, ол жақындап келе жатқан пойызды байқамай, жол қозғалысы ережесін бұзған.
Жол апаты салдарынан көлікке механикалық зақым келген, зардап шеккендер жоқ. Әйелге әкімшілік жауапкершілік жүктелді.
Айта кетейік, дәл осы мекенжайда 2024 жылы да осындай жағдай тіркелген болатын. Ол кезде Lada Kalina көлігінің жүргізушісі көктайғақтың салдарынан рөлге ие бола алмай, тепловозбен соқтығысқан.