«АШЫҚ ХАТТЫҢ» АСТАРЫ МЕН БҮККЕН АҚИҚАТЫ ЖАЙЫНДА
«АШЫҚ ХАТТЫҢ» АСТАРЫ МЕН БҮККЕН АҚИҚАТЫ ЖАЙЫНДА
«Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы секретариатының кеңейтiлген мәжiлiсiне қатысқан бiр топ қаламгерлердiң Республика жазушыларына Ашық хаты», «Түркiстан» газетi, 15 желтоқсан, 2006 ж.
Аталмыш жиынға қатысқан «…бiр топ қаламгерлердiң Республика жазушыларына Ашық хаты» 1 желтоқсанда «Қазақ әдебиетi» газетiнде жарияланған-ды. Газеттiң 8 желтоқсан күнгi санында олардың көтерген мәселелерiне қатысты қысқа ғана түсiнiк берiлiп, байбаламдарының орынсыздығын дәлелдейтiн құжаттар келтiрiлген болатын.
Алайда 15 желтоқсан күнi әлгi «…бiр топ қаламгерлердiң …Ашық хаты» жұртшылық назарына «Түркiстан» газетi арқылы қайта ұсынылғанын көрдiк. Соны көргендiктен, дәлiрек айтқанда – ендi оның жазушылар қауымынан асырылып, жалпы оқырмандарға арнап жария етiлiп отырғанына көз жеткендiктен, оған осы орайда сәл кеңiрек түсiндiрме бермеске болмас деген ойға келдiк.
Естуiмiзше, жазушылардың өз газетiнiң бетiнде басылғаннан соң жарты ай өткеннен кейiн де, осы күндерi, бұл «…хат» әлденеше газетте шыққан тәрiздi. Яғни «ашық хатын» осынау «…бiр топ қаламгерлер» елiмiздiң жазушыларынан да молырақ аудиторияға – қалың көпшiлiкке жеткiзудi мұрат тұтқанға ұқсайды.
Демек, қалың көпшiлiктi «…бiр топ қаламгерлердiң» сыңаржақ ақпараты тұтқынында қалдыруға жол бермеген жөн. Олардың өтiрiктi – шындай, ақсақты – тыңдай, шындықты құдай ұрғандай етiп көрсеткен «ашық хатының» улы жебесi нысанаға алған бiздердiң де пiкiрiмiздi қалың көпшiлiк бiлуге тиiс. Сонда барып, қос көзқарасты салғастыра және өздерiнше қорыта келе, қалың көпшiлiк өзiнiң алдына тартылған бұл мәселе хақында мейлiнше әдiл ой түйiндеп қалар. Өз оқырмандарына жан-жақты да дәл ақпарат берудi мақсат ететiн, әрi сондай тәртiптiң сақталуын мiндет деп бiлетiн басылымдардың қай-қайсысы да өздерi жария еткен «…бiр топ қаламгерлердiң Республика жазушыларына Ашық хатымен» шектелмей, мән-жайды толығырақ бiлуге септесерлiк бiздiң осы түсiндiрмемiздiң де жұртшылыққа жетуiне қамқор болар деп ойлаймыз.
Ал бiз түсiндiрмемiзде бұл «…Ашық хатты» шұқшия талдаудан аулақпыз. «…Ашық хатта» «Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы секретариатының кеңейтiлген мәжiлiсiне қатысқан бiр топ қаламгерлердiң» саны қанша есе көбейтiлiп көрсетiлсе, одақ басшылары жоққа шығаруға тырысып әлек боп отырған жаңа ұйымның құрылтайшы жиналысына қатысушылар саны сонша есе кемiтiлiп көрсетiлгенiн және өзге де дөрекi бұрмаланған деректердi түзеймiз, қолдап жағылған жаладан тазарамыз деп әуреге түспеймiз. Бiз мәселенiң нақты мән-жайын әңгiмелеймiз.
Ал мәселе мынада. Қазақстан Жазушылар одағы бүгiнде аз ғана топтың мүддесiне қызмет ететiн, шын iс-әрекетi жалпы жазушылардан жасырын жүргiзiлетiн, тоталитарлық сипаттағы жабық ұйымға айналған. Соның салдарынан байбаламшылдық, өзгеше көзқарасқа төзбеушiлiк, орынсыз монополистiк пиғыл орын алып отыр. Жанайқай iспеттендiрiп ұйымдастырылған, мүдделi азшылық боп табылатын «…бiр топ қаламгерлердiң Республика жазушыларына Ашық хаты» – соның айғағы. Бұған көз жеткiзу үшiн әуелi ұйымның елiмiздiң тәуелсiздiк дәуiрiндегi тыныс-тiршiлiгiне қысқа шолу жасап көрейiк.
Совет заманында Жазушылар одағы коммунистiк партияның саясатын әдеби-көркем тәсiлмен жүргiзуге жәрдемдесетiн мекеме тәрiздi өмiрге келдi, сол сипатта жарты ғасырдан астам қызмет атқарды. Қазақстан Жазушылар одағының өз жарғысы да болған жоқ. Республика қаламгерлерi Орталық Одақтың жарғысына сәйкес өткiзiлетiн өз съезiнде жасырын дауыспен басқарма үшiн дауыс беретiн, ал басқарма ашық дауыспен хатшыларын сайлайтын. Қазақстан Жазушылар одағының тарихында тұңғыш рет 1991 жылы ұйымның өз жарғысы жасалып, қабылданды. Қазақстан Жазушылар одағының тарихында алғаш рет және жалғыз ғана мәрте одақ басшысының кандидатурасын күллi жазушы съезде ашық талқылап, тiкелей, төте дауыс беру нәтижесiнде сайлады. Басқарма мүшелерiне дауыс жасырын берiлдi.
Совет заманында Қазақстанда Кеңес Одағы Әдеби қорының Қазақ бөлiмшесi жұмыс iстеп тұрған. Сол бөлiмше қоғамдық құрылыстың өзгеруiне, елiмiздiң тәуелсiздiк алуына орай, 1992 жылы Қазақстан Әдеби қоры болып қайта құрылды.
Елiмiздiң «Қоғамдық бiрлестiктер туралы» Заңына сәйкес, қаламгерлердiң осы екi ұйымы да заңнама алдында өзара тең құқықты қоғамдық бiрлестiктер ретiнде, «Қазақстан Жазушылар одағы» қоғамдық бiрлестiгi және «Қазақстан Әдеби қоры» қоғамдық бiрлестiгi деп аталып, мемлекеттiк тiркеуден өттi.
Сосын олардың атқармақ мiндеттерiне айқындық беру мақсатында, Қызметтестiк туралы келiсiмшарт жасалды. Келiсiмшартта Жазушылар одағы – қоғамдық-саяси, ел мүддесi және шығармашылық мәселелерiмен, ал Әдеби қор – әлеуметтiк-тұрмыстық және шаруашылық жұмыстармен, одақ қызметiн материалдық тұрғыда қамтамасыз етумен шұғылданады деп көрсетiлiп, мiндет бөлiсiлдi.
Соның алдында ғана Әдеби қор Шығармашылық үйдi iске қоса бастаған. Шығармашылық үйдi бiр кезде Әдеби қордың сыртынан жасаған келiсiмшартпен Жазушылар одағы коммерциялық ұйымға берiп жiберген едi, соны құқықтық жолмен, ұзақ соттасу нәтижесiнде, Әдеби қор өз құзырына қайтарып алған болатын.
Қызметтестiк шарттары бекiтiлген құжатқа сай, базар экономикасының талаптары ауқымында, тиiмдi түрде пайдалану үшiн, Әдебиетшiлер үйi Әдеби қордың балансына берiлдi.
Одан Жазушылар одағы мен коммерциялық ұйым арасында Әдебиетшiлер үйiне байланысты жасалған келiсiмшартты сотпен бұзуға қол жеткiзiлдi. Ендi Әдеби қордың балансындағы Әдебиетшiлер үйiнен оған заңсыз қожайындық жасап келе жатқан коммерциялық ұйымды аластау ғана қалып тұрған-ды.
Алайда 1996 жылы Жазушылар одағын билеу тұтқасына осы күнгi басшылық келдi де, өзiне дейiн реформаторлық тұрғыда iстелген iстiң бәрiн керi кетiрумен шұғылданды.
Бұл басшылық бiрiншi кезекте – жазушыларды өз ұйымының басшысын тiкелей сайлау құқынан айырды. Шартараптан жиналған қаламгерлер –1996 жылғы съездiң делегаттары – жобамен 600-700 адам – ашық дауыспен, төралқадан оқып берiлген 70-80 адамнан құралған тiзiмдi басқарма мүшесi етiп бекiтiп, жайларына кеттi. Сосын сол басқарма мүшелерi – «выборщиктер» – алдағы 4 жылға балама негiзде және жасырын дауыспен бiрiншi басшысын сайлаумен айналысты.
Сосын Жазушылар одағының жаңа басшылығы Әдеби қорды жойды. Заңнамаға қайшы келетiнiне қарамастан, ведомстволармен, сот мекемелерiмен жең ұшынан жалғасқандықты бiлдiретiн таза сыбайластық жолмен жоқ еттi. Сөйтiп бiр кездерi Әдеби қор иелiк еткен жылжымайтын мүлiктi – Әдебиетшiлер үйiн, айналасындағы бауымен шығармашылық үйдi, Алматы облысындағы алма бағын, Астана қаласындағы жазушыларға шығармашылық үй мен тұрғын-жай салуға арналып бөлiнген жердi өз қарамағына алды. Оған қосымша, кезiнде өздерi қала әкiмi 19 жылға сыйлады деп мақтанышпен газетке жазған жылжымайтын мүлiк – көтерме базар қолдарына тидi.
Сөйтiп Жазушылар одағының жаңа басшылығын шығармашылықтың емес, кәсiпкерлiктiң «қызық-шыжығы» баурап кеттi. Қадағалаусыз, жауапкершiлiгi сезiлмейтiн, ешкiмге есеп бермейтiн кәсiпкерлiктiң жан-рахат қызық-шыжығы бастарын айналдырғаны соншалық, одақ басшылары жарғылық мерзiмде, яғни 2000 жылы кезектi съездi шақыра қоймады. Бiрақ, одан әрi ұйымды басқара беруге заңды құқы болмаса да, тағы екi жыл тапжылмай отырып, әрең дегенде, 2002 жылғы сәуiрде жазушылардың кезектi есеп-беру-сайлау съезiн «сценарий бойынша» жүргiзiп алды.
Бұлардың әрдайым айтатын сүйiктi сылтауы бар, оны еске ала кету ләзiм. Олар әдетте: «Бұрынғы хатшылар берiп жiберген дүние-мүлiктi қайтару үшiн үш жыл соттастық», – деп соғады. Бiрiншiден, дүние-мүлiктi қайтару үшiн соттасу хикаясы осы күнгi басшылық келгенге дейiн бiткен. Екiншiден, бұлардың соттасу хикаясы тек өздерiнiң құқықтық сауатсыздығы салдарынан орын алды, өйткенi олар Әдеби қорды (талап-арыз иесiн) жою арқылы – жазушылардың мүлкiн заңсыз иеленiп келген коммерциялық мекеменi (жауапкердi) қайта тiрiлтiп, одақ пен коммерсанттар арасындағы бұрынғы бұзылған құжаттың қайтадан күшiне енуiне жол ашқан, сөйтiп онымен жаңадан шарт жасасқан-ды.
Жазушылар одағының басшылығы көп жыл қаңтарулы тұрған Шығармашылық үйдi кейiнгi кезде әрең дегенде мемлекет қаржысымен жөндетiптi деген қауесет бар, алайда, оның «қызығын көрудi» көлденең көк аттыға берiп жiбергенге ұқсайды. Жанындағы жер де қолды болған сыңайлы – мұның бәрi құпия жүргiзiлуде, шындығын ешкiм бiомейдi. Қаламгерлер олардың iшкi «коммерциялық құпияларынан» бейхабар. Есеп берiп бас қатырар бұлар жоқ.
Биылғы сәуiрде Жазушылар одағы бастықтарының орынтақта отыруға қақылы төрт жылдық мерзiмi тағы бiттi. Бiрақ, бастықтар мен олардың айналасындағы қолпаш-топтың жылы жерге бойлары кәдiмгiдей үйренiп қалғандықтан, «жарғы шартын бұздық, уақтылы съезд өткiзбедiк, демек басшылардың да, басқарманың да бұдан әрi атқарушы орган қалпында қала беруi заңсыз-ау, осы бiз ұйымымызды, заңнама тұрғысынан қарағанда, құлатып алдық-ау» деп қысылу ойларына кiрiп-шығар емес.
Сегiз айдан берi Жазушылар одағын заңсыз басқарып отырғандарына қарамай, жарғы пұрсат берген төрт жылда тым болмаса уақтылы бiр пленум өткiзiп көрмей-ақ, ең бастысы, кесiмдi мерзiм iшiнде есеп беру-сайлау жиынын жасау жайындағы жарғылық мiндеттерiн орындай алмаса да, бәлкiм сол олқылықтарының өтеуi болар, жазушы-бастықтар соңғы кездерде әсiре белсендiлiктiң таңғаларлық үлгiсiн көрсетiп келедi.
Oн бiрiншi жыл (оның сегiз жылын ғана, жарғылық екi мерзiмге сәйкес келетiндiктен, заңды деп санауға болады, қалған уақыты, әсiресе биылғы сәуiрден бергi шағы, қайталап айтамыз, – заңға томпақ) билiкте отырған одақ басшысы мен оның жандайшаптары соңғы кезде «Қазақ әдебиетi», «Жұлдыз», «Простор» сынды мерзiмдiк әдеби басылымдардың иесi болуға айрықша ынта танытып жүр.
Бұл газет-журналдардың «Қазақ газеттерi» серiктестiгiнде болуы нәтижесiнде қаржымен қамтамасыз етiлуi жеңiлдедi. Биыл тендерге iлiкпей қалса да, мәселен, «Простор» жыл бойы шығып тұрды. Ал егер оларды үкiмет ғайыптан Жазушылар одағының құзырына бөлiп бере қалса, үшеуi де көпке жетпей жабылып тынар едi, өйткенi қоғамдық ұйымның бюджет тарапынан қаржыландырылмайтындығы баршаға белгiлi.
Аталмыш кеңейтiлген секретариатта оған жеткiлiктi дәлел айтылды. Жаңылыспасам, билiк тарапынан да одаққа тиiстi жауап берiлдi.
Ал одақ басшылығы ешбiр дәйекке құлақ аспайтынын көрсетуде. Шамасы, сайланбалы орында заңсыз отырғандығын көпшiлiк алдында осындай «күрескерлiгiмен» жуып-шайып, «пайдалы жұмыс жүргiзiп жатқанын» дәлелдеу үшiн, қисынсыз қызыл сөзден күмәндi жiп есудi қолайлы көредi-ау.
Ашық хат жариялаушылар айрықша шүйiлген жәйт – Жазушылар одағы мүшелерiнен құралған жаңа ұйымның пайда болуы, шынтуайтқа келгенде, соншалықты тосын оқиғаға жата қоймаса керек. Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдары Жазушылар одағының көптеген мүшелерi түрлi ұйымға – ұлттық әдебиет түрлерiне және жанрлық сипаттарына қарай қауымдастықтар, ассоциациялар, бiрлестiктерге ұйысты. Одақ оларды қудалаған жоқ, қайта, ғимарат iшiнен бөлме, үстел-орындық, байланыс және жазу-басу құралдарын бөлiп, жәрдемдестi.
Кезiнде қаламгерлердiң сол ұйымдарымен бiрлескен конференция өткiзiлiп, Жоғарғы Кеңес депутаттығына жазушылардан кандидаттар да ұсынылған болатын.
Ұзамай, заман талабына бейiмделе алмаудан ба, әлде, осы күнгi басшылықтың қош көрмеуiнен бе, бiрлестiктердiң Пен-клубтан басқасы қызметiн доғарды.
Айтпақшы, бiздiң ұйым секiлдi, Пен-клуб та одақ басшылығы мен оның маңына топтасқандар үшiн көзге шыққан сүйелдей екен: әлгi «кеңейтiлген мәжiлiске» қатысушылар оның мүшелерiн бiраз сыбады, оларды да одақтан шығарып жiберу жайында қаһарлы ұсыныс айтты.
Қызығы, сонау қоқанлоққылары араларындағы бiреуiнiң бiрнеше күннен кейiн Пен-клубқа мүше болып кiруiне ұласты.
Алматы қаласы Жазушылар ұйымы да, Пен-клуб тәрiздi, үлкен одақ iшiнде бәсекелестiк ахуал жасағысы келедi. Одақтың мимырт тыныштыққа бөккен елеусiз жұмысын жандандыруға, қаламдас-әрiптестердiң қоғамдық және шығармашылық белсендiлiгiн арттыруға септесудi көздейдi.
Осындай игi ниет жолында құрылып отырған бiрлестiкпен әлден, ол жұмысын бастамай жатып жауласқаннан гөрi, оған қызмет жүргiзуге қажет бөлмелер мен құрал-жабдықтар бөлiп, жағдай жасаса – үлкен одаққа сол жарасқан болар едi.
Себебi бiз Жазушылар одағының назарынан тыс қалған қаламгерлердiң әдеби тыныс-тiршiлiгiне мазмұнды жаңғыру телiмекпiз. Қоғамдық құбылыстарға ұйым ретiнде сергек қарауға дағдыланып, өз мүшелерiмiздiң шығармашылығын талдап тұруды, насихаттауды, құқығын қорғауды, кiтап тарату және әдеби агенттер жүйесiн құруды, тағы көптеген шаруаны қолға алмақпыз. Одан үлкен одаққа не зиян келедi?
Өкiнiшке қарай, жаңа ұйымның қаз тұруына көмектесудiң, онымен қызметтестiк жасаудың жолдарын ойластырудың орнына, Жазушылар одағының бастықтары мен оның айналасындағы қаламгерлер өздерiнiң аясы тар ұғымдары салдарынан, қисынсыз даурықпаға басып келе жатыр. Оған осынау «…Ашық хат» мәтiнi куә.
Алматы қаласы жазушылар ұйымын құру жөнiндегi бастамашыл-қаламгерлер тобының жетекшiсi, ұйымның құрылтайшылық жиналыста сайланған төрағасы