ДОХАДА ЖАРЫС ӨТТI ДYБIРЛЕГЕН

ДОХАДА ЖАРЫС ӨТТI ДYБIРЛЕГЕН

ДОХАДА ЖАРЫС ӨТТI ДYБIРЛЕГЕН
ашық дереккөзі
256

Катарда өтетiн кезектi 15-Азия жазғы ойындарын кәрi құрылық–Азия төрт жыл бойына шыдамсыздана күткен. Қақаған қыс маусымында, желтоқсан айының алғашқы күндерiнде басталған дүбiрлi спорт мерекесiнiң жаздық ойындар деп аталуының өзi үстiрт қарағанда ойға қонымсыз көрiнгенiмен, қызуы оттай араб жерiнде бұдан басқа маусымда мұндай жарыстар өткiзуге болмайтыны да бесенеден белгiлi.

Дохадағы дүбiрлi жарыстар Азия құрылығы спортшыларының, әсiресе, әлемдiк спорт державаларының қатарына енген, тiптi, маңдай алдысы болып табылатын Қытай, Жапония, Оңтүстiк Корея, Қазақстан төрттiгiнiң өзара күш сынасуы болуымен қатар, ендi екi жылдан кейiн, 2008 жылы Пекинде өткелi отырған кезектi Олимпиада ойындарына дайындықтарын алдын-ала тексеру, сүзгiден өткiзу сынды.

Қазақстан Тәуелсiздiгiнiң 15 жылдығы мерейтойынан бiр күн бұрын «Аль-Халифа» стадионында Асиаданың жалауы түсiрiлiп, жарты ай бойы Дохадағы жарыстарға елеңдей құлақ түрiп, қуанған, спортшылардың жетiстiктерiне сүйiнген, жеңiлiстерiне мұңайған миллиондаған жанкүйерлермен тағы да төрт жылға қоштасты.

15-Азия ойындары әлден-ақ әлемдiк спорттағы аса iрi құбылыс ретiнде әрi ұйымдастыру және спорттық iс-шараларға жұмсалған қаржы көлемi жағынан әлемдегi ең таңдаулы спорт мерекесi ретiнде бағаланып отыр. Осы дүбiрлi жарыстарда жеңiске жеткен саңлақтардың есiмдерi Азия спортының тарихында алтын әрiптермен жазылып қалады. Жеңiмпаздардың алтын, күмiс, қола алқалары – атадан балаға қалатын қасиеттi мұра.

Бұл 14 желтоқсан күнгi, яки Асиаданың жалауы түсiрiлерден бiр тәулiк бұрынғы көрсеткiштер, дегенмен, жарыстардың ақтық нәтижелерi осынау көрсеткiштерге айтарлықтай өзгерiс әкеле қоймағаны белгiлi. Сонымен, 15-Азия жазғы ойындары ненi көрсеттi?

Қытай спортшылары, әдеттегiдей, бәйгенi шаппай алып, алтын алқа тағынудан жалығар емес. Әлемдегi халқының саны жағына бiрiншi орын алатын мемлекет спортшыларында отаншылдық, патриоттық сезiм жоғары болуымен қатар, әр жарысқа келетiн саңлақтарының шеберлiгi айтқанға аңыз, көргенге ертегi. Мұндай дүбiрлi жарыстарда халқының саны көп мемлекеттер емес, спортқа шындап көңiл бөлетiн, азаматтары салауатты өмiр сүру салтын дәстүрге айналдырған елдер жеңiске жететiнi ақиқат. 150 алтын алқа тағынған қытайлық спортшылар мен халқының саны жағынан екiншi орын алатын Индияның 9 алтынын қалай салыстыруға болмақшы?! Айтқандай, Қытай спортшылары 150 алтынды күреп алып, Азиядағы ғана емес, әлемдегi ең таңдаулы құрамалардың бiрi екенiн кезектi рет дәлелдесе, алғашқы ондыққа енетiн қалған тоғыз ел спортшыларының қоржынында – 176 алтын алқа ғана бар. Айырма көзге бадырайып ұрып тұрғаны айқын.

Сонымен қатар, соңғы жылдары Иран спортшылары әлемдiк деңгейлердегi жарыстарда биiк нәтижелерге жете бастағаны анық аңғарылады. Экономикалық тұрғыдан жедел дамып келе жатқан Ислам Республикасының спортшылары өздерi үшiн дәстүрлi болып табылатын күрес түрлерiнде ғана емес, спорттың басқа салаларында да халықаралық деңгейде айтарлықтай жетiстiктерге жетiп жүр.

Таңдаулы он елдiң қатарына Орталық Азиядан төртiншi орындағы Қазақстан мен тоғызыншы орындағы Өзбекстан ғана енiп отыр. Дегенмен, бiздiң ел спортшыларының қоржынында 76 медаль болса, өзбекстандық спортшылар өз жанкүйерлерiн 31 медальмен ғана қуанта алып отыр.

Әлемдiк спорт сарапшылары Қазақстан спортшыларының кәсiби деңгейi өскенiн, сондай-ақ, дүбiрлi жарыстарға тас-түйiн дайындықпен келе бастағандарын, бiр сөзбен айтқанда, психологиялық тұрғыдан өздерiне сенiмдiлiгiн бiр ауыздан атап өтуде. Оған нақты дәлел де бар. Бұл жазғы ойындарда Қазақстан спортшылары Пусандағы 14-Азия ойындарынан әлдеқайда үздiк өнер көрсетiп, медальдар саны жағынан да табыстарын ұлғайтқан. Әсiресе, жекелеген спорт түрлерiнен үздiк нәтижелерге қол жеткiзiп, алтыннан алқа таққан спортшыларымыздың жетiстiктерi ұлттың мақтанышына айналып отыр. Бұл тұрғыдан Қазақстан көркем гимнасшыларының үздiк нәтижелерi сүйсiндiрмей қоймаса керек. Қазақстан арулары осыдан төрт жыл бұрын – Пусанда өткен дүбiрлi жарыста екiншi орынды қанағат тұтса, қазақ спорты жарық жұлдыздарының бiрi – Әлия Юсупова бастаған гимнасшы қыздарымыз Дохада даңқты жеңiстерге жетiп, жеке және командалық жарыста алтыннан алқа тақты. Иә, ұлт «қызыл фонарьлар көшелерiндегi» жеңiл жүрiстi қыздарымен емес, осындай ердiң бағы сыналған дүбiрлi жарыстарда көк байрағымызды желбiреткен Әлия Юсупова, Айдана Қаулдашева секiлдi ару қыздарымен мақтануға тиiс. Спорттағы құрбыларын қолдап, үздiк өнер көрсеткен Ксения Глушкова, Майя Зайнуллина да қандай мақтауға тұрарлық қыздар!

Олимпиада мен әлем чемпионатының қола жүлдегерi, он сайысшы Дмитрий Карпов бұл ойындарға алтын алқа тағыну үшiн барған санаулы спортшылардың бiрi. Өйткенi, Азия рекордшысы, қарағандылық саңлақтың дәрежесiне тең спортшылар әзiрге Азия құрлығында жоқ десек қателеспеймiз.

Дмитрий Карпов пен Қытай спортшысы ғана тайталасуы ықтимал деп күтiлгенмен, қарсыласы сайыстың алғашқы кезеңiнде-ақ жарақатына байланысты жарыс жолынан шығып қалды да, қазақстандық атлет, спортшылар тiлiмен айтқанда, «өз көлеңкесiмен жарысты». Сөйте тұра, жалпы көрсеткiште 8384 ұпай жинап, биылғы жылғы әлемдегi үздiк үшiншi нәтижеге қол жеткiздi. Бұл оның үздiк көрсеткiшiнен 450 ұпайға төмен, бiрақ жеңiстiң аты жеңiс!

Дохадағы жарыстарда қол добынан әйелдер құрамасының үздiк өнер көрсеткенiн де айтып өту керек. Қазақстандық қыздар алтын алқа тағуға бiр қадам ғана қалды! Иә, спортта жеңiске бергiсiз жеңiлiстер бар, спорт сонысымен құдiреттi, сонысымен қымбат, сонысымен қызықты. Турнир кезiнде Өзбекстандық құрбыларын 23:12 есебiмен айқын басымдылықпен жеңген аруларымыз одан соң Индия қыздарын 38:17 етiп ойсырата ұтты. Қытай қыздарын 32:25, ал Жапония құрамасын 32:28 есебiмен ұтып, мерейлерi үстем болған қыздарымыз екi дүркiн Олимпиада чемпиондары, Оңтүстiк Кореялық перизаттармен бақ сынасқан. Жерлестерiмiз ә дегеннен-ақ суырылып алға шығып, 4:0, 5:1 есебiмен басымдылыққа ие болғанымен, тiптi, ойынның бiрiншi кезеңiн 14:14 есебiмен тең аяқтағанына қарамастан шебердiң бағы жанып, аты озды. Осынау драмалық тартысқа толы жекпе-жекте Оңтүстiк Кореяның саңлақтары 29:22 есебiмен басым түсiп қыздарымыздың жеңiстi жолына тосқауыл қойды. Катар күмiсi қыздарымыз үшiн алтынға тең.

Су айдынында өнер көрсеткен жас ватерполшыларымыздың жеңiске құштарлығы, бар күш-жiгерлерiн жұмсағандары да спорт жанкүйерлерiнiң жанында өшпестей iз қалдырғаны айқын. Әсiресе, олардың жартылай финалда тәжiрибелi, әлемдiк үздiк командалардың бiрi болып саналатын Жапония құрамасымен жан берiп, жан алысқан жекпе-жегi спорт мамандарын таңқалдырғаны сөзсiз. Екi команда да шеберлiктерiмен қатар, жеңiске құштарлығын айқын танытқан кездесудiң негiзгi уақыты 5:5 есебiмен тең аяқталды да, қосымша екi кезеңде қарсыластар өз қақпаларын алдырмады. Тек пенальтиден жапондар 5:4 есебiмен басым түстi.

Несi бар, жас су добы шеберлерiмiздiң болашағы алда. Асқар Оразалинов бастаған су добы шеберлерiмiз соңғы үш Азия ойындары: Хиросима (1994), Бангкок (1998) және Пусан (2002) турнирлерiнiң жеңiмпаздары болғанмен, бұл жолы құрамаға жас ойыншылардың көптеп тартылғанын ұмытпаған жөн. Егер құраманың негiзгi ойыншылары осындай биiк деңгейде өнер көрсетсе, жеңiстi күндер де алыс емес. Ең бастысы, Пекин Олимпиадасында биiк орынға таласатын құраманың бiрi болатынына күмән жоқ. Дегенмен, iлгерi күн, болашақ жеңiстерден үмiт еткенiмiзбен, дәтке қуат етiп отырған Доханың өзiнде қазақ спортшыларының қапы қалып, сан соққан тұстары да аз болмай тұр.

Ең бастысы, қазақ жанкүйерлерi ылғи жеңiс тұғырынан көргiсi келетiн боксшыларымыз өз мүмкiндiктерiнен әлдеқайда төмен деңгейде өнер көрсеткенi өкiнiштi-ақ. Катарға аттанар тұста қазақ боксшылары кем дегенде 2-3 алтын медальдi иеленедi деп күтiлген болатын. Спорт функционерлерi, жаттықтырушылар тарапынан да мұндай биiк нәтижеге қол жеткiзуге Қазақстан құрамасының мүмкiндiгi мол екендiгi бiрнеше рет баса айтылған. Өкiнiшке қарай, қазақ боксшылары семiз айтып, арық шықты.

Азияның таңдаулы тарландары қатысқан осынау дүбiрлi жарыста елiмiздiң құрамасы сапынан жалғыз Бақыт Сәрсекбаев (69 кг) қана үздiк өнер көрсетiп, алтыннан алқа тақты. Өзбекстанда тәрбиеленген бұл боксшымыз өткен жылы студенттер арасында әлем чемпионы атанған болса, биыл Азия биiгiн бағындыруы жанкүйерлердi тәнтi еттi.

Қазақстан спортының мақтанышы болып жүрген боксшыларымыз бұдан басқа алтынға қол жеткiзе алмады. Афина Олимпиадасында алтыннан алқа таққан Бахтияр Артаев (75 кг) жартылай финалда үндiлiк боксшы Вичендераны жеңгенiмен, ақтық сында көршi өзбекстандық бокс шеберi Елшот Расуловқа есесiн жiберiп алды. Финалға дейiн екi жекпе-жегiнде қарсыластарын айқын басымдықпен жеңген даңқты боксшыларымыздың бiрi Мұхтархан Дiлдәбеков те (91 кг салмақтан жоғары) ақтық сында өзбекстандық атақты спортшы Рустам Саидовпен қолғап түйiстiрген. Мұхтархан алғашқы жекпе-жегiнде пакистандық Ваис Ханды 46:22 есебiмен ойсырата жеңсе, одан кейiн индиялық Джонсон Варжезеден басым түстi. Бокс мамандарының пiкiрiнше, Мұхтарханның осы жекпе-жегi Дохадағы турнирдегi ең таңдаулы айқас болғанға ұқсайды. Дiлдәбеков алғашқы екi раундта екi рет нокдаун алып, жекпе-жектiң екiншi жартысында ғана серпiлiп, қарсыласын қатарынан есеңгiреткен соққылар астына алып, үш рет нокдаунға жiберуi ұмытылмайтын оқиға. Гонг соғылардан бiр минут бұрын ғана үндiлiк жаттықтырушылар шаршы алаңға орамал тастаған болатын.

Дегенмен, осы дүбiрлi жарыста алтыннан алқа тағады деген Мұхтархан Дiлдәбеков өзiнiң ежелгi қарсыласы, өзбекстандық сайыпқыран Рустам Саидовқа есе жiберiп алып, күмiс жүлденi ғана қанағат тұтуға мәжбүр болды. Әлем чемпионы болып табылатын Серiк Сапиев (64 кг) те Азия ойындарында қола жүлденi ғана қанағат тұтты. Сондай-ақ, әлем чемпионы Галиб Джафаров (57 кг) пен болашағынан үлкен үмiт күттiретiн жас боксшыларымыздың бiрi Дмитрий Готфрид (91 кг) те қола жүлдемен елге оралды. Ал әлем чемпионы Ердос Жаңабергенов (81 кг) пен Мират Сәрсембаев (51 кг), Қанат Абуталипов (54 кг) және Берiк Қалиев (60 кг) алдын-ала айқастардың өзiнде-ақ қарсыластарына еселерiн жiберiп қойған болатын.

Грек-рим күресi шеберлерiнен де қазақстандықтар үлкен жеңiстер күткенiне көп уақыт болды. Бiр кездерi осы күрес түрiнен елiмiздiң атын әлемге жайған палуандарымыз соңғы жылдары айтарлықтай жеңiстерге жетпей, жанкүйерлерiмiздi жерге қаратумен келедi. Тiптi, елiмiзде осы күрес түрiн дамытып, кең насихаттау үшiн посткеңестiк елдерден палуандар шақыртқанымыз да есте. Жанкүйерлер үмiт артқан Марғұлан Әсембеков (96 кг) күткен биiктерден көрiне алмай, алғашқы айналымда жарыс жолынан шығып қалды. Сондай-ақ, Виталий Захарченко (84 кг), Ербол Қоңыратов (55 кг), Евгений Лященко (120 кг) да өз қарсыластарына еселерiн жiберiп алды. Бесiншi орыннан аса аса алмаған Нұрбақыт Теңiзбаев (60 кг) пен Айбек Еңсеханов (74 кг) та ел мақтандарына айналды дей алмасақ керек. Тек 74 келi салмақта үздiк өнер көрсетiп, алтыннан алқа таққан Роман Мелешиннiң мерейi үстем болғаны дәтке қуат.

«Қош бол, Доха! Пекинде жеңiстi жалауларымыз желбiресiн!»,– дейдi Азия спортшылары. Жанкүйерлер де болашақ Олимпиаданы асыға тосады.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары