МЕН ОНЫ «ҚОЗҒАЛЫС» ДЕЙМIН
МЕН ОНЫ «ҚОЗҒАЛЫС» ДЕЙМIН
1986 жылы Алматыда болған жағдайды оқиға ма, әлде көтерiлiс пе деген сұрақтың айналасындағы дау-дамай осы кезге дейiн басылмай келедi.
Егерде, сол кездегi Кеңес Одағының тоталитарлық жүйесi қазақ халқының алдында оның рөлiн кемсiту үшiн бұны «оқиға» деп санаса, қазiргi ұлтжанды, патриот азаматтарымыз «көтерiлiс» деп атау керек дейдi.
Осы екi атаудың қайсысы дұрыс деген сұраққа жауап берместен бұрын бiз ең әуелi «оқиға» мен «көтерiлiс» сөздерiнiң мағынасына көңiл аударуымыз керек.
Егерде «оқиға» деген сөздi алсақ, ол өз-өзiнен, адамның санасынан, әрекетiнен тыс, кездейсоқ болатын жағдай, ал 17-18 желтоқсанға ондаған мың адам қатысты, яғни оны жәй оқиға деуге болмайды. Егер «көтерiлiс» болса, ол саналы түрде ұйымдастырылған, қаруланған, өзiнiң басшы көсемдерiн сайлаған әрекеттi айтуға болады. Алматыдағы 17-18 желтоқсанды ешкiм ұйымдастырған жоқ, және оның көсемдерi де болмады. Сондықтан да 17-18 желтоқсанда сол кездегi Кеңес Одағындағы тоталитарлық жүйеге қарсы шыққан ұлт-азаттық қозғалысы деп бағалаған жөн болар.
Кеңес Одағы өзiн империалистiк ел деп санаған жоқ, қайта керiсiнше «бiз бұрынғы Ресейдiң отар елдерiне азаттық алып бердiк, қазiргi Одақ бұл республикалардың өз еркiмен қосылуынан пайда болған мемлекет» деп түсiндiрдi. Мұндай идеологияның күштi болғаны сонша, оған республиканың көп адамдары, әсiресе коммунистер шын пейiлмен иланды. Сол себептi желтоқсан қозғалысын республикамыздағы көп адамдар дұрыс түсiнген жоқ және қолдамады. Сол кездегi халқымыздың бiр топ зиялы қауымының өкiлдерi оны айыптап үндеу жазуы осының дәлелi. Бiрақ та күндi алақанмен көлегейлеп жабуға болмайтын сияқты, шындықты да жасыруға болмайды. 1986 жылғы Желтоқсан қозғалысынан кейiн осындай жағдай басқа да республикаларда орын алып, ақыр-аяғында бес жылдан кейiн алып империя өз-өзiнен ыдырап, күйреп тынды.
Осы жерде, неге тәуелсiздiк алғанымызға он бес жыл болса да Желтоқсан ұлт-азаттық қозғалысына республикамызда билiк жағынан әдiл саяси баға берiлмей отыр және сол кезде сотталып, оқудан, жұмыстан шығарылып, қуғын көрген жастарымызға лайықты құрмет көрсетiлмей келедi деген заңды сұрақ туады.
Менiңше мұның бiрнеше себептерi бар. Бiрiншi, бiздiң елiмiз әлi толық тәуелсiздiкке қол жеткiзген жоқ. Бiз әлi Батысқа, соның iшiнде бұрынғы метрополиямызға рухани тәуелдi болып отырмыз. Оған дәлел, бүгiнгi қоғамдық ақпарат құралдарының сексен-тоқсан пайызы сол бұрынғы империалистiк идеологияны бiздiң халқымыздың санасына әлi де сiңiруде. Екiншi, саяси элитамыздың ұлттық мүддемiздi дұрыс түсiнбей, оған қарсы саясат жүргiзiп отырғаны. Үшiншi, қазақ халқының ұлттық санының бiр жүйеге түсiп қалыптаспауының салдарынан осы кезге дейiн ұлттық идеологиямызды жасап, оны iске асыра алмай отырғанымыз.
Алматыдағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсанды ұлт-азаттық қозғалыс деумiздiң тағы бiр себебi, мұндай оқиғалар бұрынғы отар елдердiң бәрiнде дерлiк болып отырған. ХIХ ғасырдың соңына таман империалистiк мемлекеттер Азия-Африка елдерiн түгелге жуық жаулап алып, оны өзiнiң отарына айналдырып, халқын қанап, табиғи байлығын тонап отырған. ХХ ғасырдың бiрiншi жартысында империалистiк елдердiң арасында осы отар елдердi қайта бөлiске салу үшiн екi қайтара дүниежүзiлiк соғыс болып соның салдарынан империалистiк елдер әлсiреп, отарлық жүйе ыдырап, көп елдер өзiнiң саяси тәуелсiздiгiне қол жеткiздi. Бiрақ та империалистiк елдер өздерiнiң тактикасын өзгертiп, бұрынғы отар елдердi өздерiнiң ықпалында ұстау үшiн саяси, экономикалық, рухани қысым көрсетiп, өзiнiң үстемдiгiн сақтауға тырысуда. Қазiргi халықаралық жағдай бұған толық дәлел бола алады.
Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы армандап, сол үшiн қанын төккен тәуелсiздiк бiздiң ұрпақтың еншiсiне бұйырған екен. Ендеше бiз оны нығайтып, көздiң қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа аманат ету – бiздiң азаматтық борышымыз. Олай болса осы тәуелсiздiгiмiздiң таңын аттырған Желтоқсан қозғалысын жан-жақты терең зерттеп, оның тарихымызда алатын орнын анықтап, тиiстi бағасын беру бiздiң қоғамның мiндетi.
1986 жылғы Желтоқсан қозғалысын көзiмен көрген, соның iшiнде болған бiз сияқты куәгерлер тарихи шындық салтанат құруы үшiн өздерiнiң көрген-бiлгендерiн қағаз бетiне түсiрiп, ой бөлiсулерi керек. Сонда ғана ақиқаттың бетi ашылып, осы кезге дейiн беймәлiм болып келген кейбiр мәселелер өзiнiң әдiл бағасын алатын болады. Сол себептi мен де өзiмнiң көрген-бiлгендерiмдi еске түсiрiп, осы мақаланы жазып отырмын.
1986 жылы 16 желтоқсанда көгiлдiр экраннан кешкi жаңалықта Қ.К.П. Орталық Комитетiнiң пленумы өткенiн, онда Қонаевты орнынан алып, оның орнына Колбин дегендi қойғанын жариялады. Сол кезде мен әйелiме: «Қазақтың бойында намысы болса қозғалатын кез келдi» дедiм. Яғни осындай ой сол кезде осы хабарды естiген әрбiр қазақтың санасынан өткенi анық.
Ертеңiне, яғни 17 желтоқсан күнi таңертең автобуста Абай даңғылының бойымен келе жатып, лек-легiмен жаңа алаңға қарай бара жатқан студент жастарды көрдiм. Сол күнi жастардың алаңға жиналғаны және оларға кешке қарай қару қолдануы мүмкiн деген әңгiме Алматыда гулеп тұрды. Ұмытпасам сол күнi кешкi жаңалықта көгiлдiр экраннан шеруге шыққан жастарды қалай қуып таратқанын көрсеткен сияқты. Ертеңгi күнi 18 желтоқсанда таңертең, не болып жатқаның өз көзiммен көрейiн деп Фурманов көшесi жағынан барып алаңға кiрейiн десем алаңды милиционерлер мен солдаттар қоршап алған, iшiне кiргiзбейдi. Мен бiр әскери офицерге кiтап магазинiне кiруiм керек едi жiберiңiз деп сұранып едiм, ол көнбей қойды. Сол жерде екеумiз сөзге келiп қалдық Мен: «Сендер неге жастарды ұрып-соғасыңдар?» деп едiм, ол: «Неге олар бiздiң солдаттарға қарсылық көрсетедi» дедi. Екеумiз сол жерде бiраз айтысып, мен алаңға Мир көшесi жағынан кiрейiн деп бұрылсам, Фурманов көшесi мен Шевченко көшесiнiң қиылысында бiр топ студенттермен Роза Бағланова сөйлесiп тұр екен. Студенттер Роза Бағлановаға қазақ халқының орыс отаршылдарынан көрген жәбiрiн айтса, ол кiсi: «Сендер орыстарды жамандамаңдар, мен орыстардың арасында көп болдым, бiрақ та еш уақытта олардан жамандық көргенiм жоқ» деп, оларға басу айтып тұр екен. Жаңа алаңға Мир көшесi жағында үш қатарлы, әуелi милиционерлер, онан кейiн темiр таяқша ұстаған жұмысшы-дружиниктер, онан кейiн солдаттар қоршап тұрды. Қолдарына Лениннiң портретiн «Лениндiк ұлт саясаты жасасын!», «Әр ұлттың өз көсемi болсын!» деген транспаранттар ұстаған топ-топ студенттер келiп алаңға кiрмекшi болды, бiрақ та сақшылар оларды жiбермедi. Сыртынан қарап тұрған адамдардың бiреуi жастарға сөйлеңдер деп дауыстап ақыл берiп тұрды. Менiң 18 желтоқсан күндерi көргенiм осы едi.
Ол кезде менiң жұмыстан, партиядан шығарылып, соттасып, қуынып жүрген кезiм болатын. 1987 жылдың жазында Орталық Комитеттiң үйiнде Ақтөбе облысының бiр ауданының хатшысы Желтоқсан қозғалысына байланысты партиядан шығарылып, партбилетiн алу үшiн қуылып жүр екен. Сол кiсi: «Бiз Желтоқсан қозғалысын қолдаған жоқпыз, менi неге партиядан шығарғанын бiлмеймiн» деп шын көңiлiнен қайғырып тұрды. Алматының обкомында бiр жас келiншек Желтоқсан қозғалысына байланысты оқудан, партиядан шығарылған ҚазМУ-да оқитын iнiсiн жетектеп арызданып жүрдi. Алматының қалалық сотында фабрикада плотник болып iстейтiн бiр жiгiттi Желтоқсан қозғалысына қатыстың деп жұмыстан шығарған екен, сол «Ендi ауылға кетпесем болмайтын шығар» деп тұрды. Бұл менiң өз көзiммен көргендерiм. Осындай адамдар сол кезде жүздеп, мыңдап саналды. Яғни Желтоқсан қозғалысына байланысты жұмыстан, оқудан, партиядан шығарып, соттап қанша адамды кiнәсiз жазалаған адамдар қазiр де арамызда жүр. Бiрақ та сол адамдардың бiрде-бiрi осы кезге дейiн өздерiнiң кiнәсi үшiн халықтан кешiрiм сұраған жоқ.
Желтоқсан қозғалысына байланысты тағы бiр оқиға ойға оралады. 1993 жылдың жаңа жыл қарсаңы болатын. Бiздер Қазақстан республикалық партиясының төрағасы Сәбетқазы Ақатаев болып, бiр топ партия мүшелерi жиналып отырғанбыз. Бiр уақытта Орал Сәулебаев келiп: «Мен бiр жақсылық естiдiм, Демократтар үйiнде бiрнеше желтоқсандықтар премьер-министр Терещенкоға талап қойыпты. Осынша уақытқа дейiн айтқанымызды орындамасаңдар жаңа жыл түнiнде алаңда өздерiмiздi өртеймiз дептi», — дедi.
Бiз бәрiмiз сол сағатта Демократтар үйiне бардық. Бiздi «Желтоқсан» қоғамдық бiрлестiгiнiң жетекшiсi Нәлiбаев Аманжол қарсы алып мән-жәйдi түсiндiрiп бердi. Ол шынында да бiрнеше желтоқсандықтар Үкiметке талап қойып, ол талаптары орындалмаса өздерiн өртегiсi келетiнiн және қазiр соған әзiрленiп жатқандарын мәлiмдедi. Сол жерде мен: «Сол өздерiн өртегiсi келетiн жастармен бiздi кездестiр, себебiн өз құлағымызбен естиiк» дедiм. Ол оған қарсы шығып: «Ешқайсысымен сөйлесуге болмайды» дедi. Сол жерде бiздiң партияның кейбiр мүшелерi оны қолдағандай сыңай танытты. Сосын мен Нәлiбаевтiң өзiне: «Жастарды осы қылмысқа итермелеп отырған сенсiң, олай болса неге өзiңдi бiрiншi болып өртемейсiң?» деп оған кiнә қойдым. Ақыр аяғында «Үкiмет желтоқсандықтардың талабын орындауға уәде берiптi» деген хабар келiп, жастар өз райынан қайтқан болатын.
Сонан берi де талай жылдар өттi, бiрақ та билiк тарапынан 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы ұлт-азаттық қозғалысына әлi күнге дейiн саяси-құқықтық әдiл баға берiлмей келедi. Бұл әрине уақытша жағдай, түптiң-түбiнде шындық жеңiп, тарих бәрiне де өзiнiң әдiл бағасын беретiнi анық.