ЖАҚСЫ ПЕЙIЛДIҢ ЖАҢҒЫРЫҒЫ

ЖАҚСЫ ПЕЙIЛДIҢ ЖАҢҒЫРЫҒЫ

ЖАҚСЫ ПЕЙIЛДIҢ ЖАҢҒЫРЫҒЫ
ашық дереккөзі
217

Сыр елiнде сонау жылға дейiн қазақтың жұртта шашылып жатқан жыр-әуенiн жинаушы, жансебiл зерттеушi Мардан Байдiлдаевтың туғанына 80 жыл толуына байланысты естен кетпес ұланасыр той болды. Тәңiрi жарылқап, қазақ қазақ болғалы тағы бiр тәуелсiздiкке қол жеткiзгеннен берi бұрынғы елеусiз қалған көптеген ата-баба дәстүрiн қайта жаңғырту үрдiсi бәлендей кiсi таңғаларлық оқиға болудан қалғалы қашан. Тiптi, әсiресе, өлi әруақты ардақтау, халыққа қадiрi асқан тiрiнi құрметтеу күнделiктi өмiрiмiздiң дағдылы көп iсiнiң бiрiне айналып та кеткен бе дерсiң. Дей тұрғанмен мына тойдың жөнi бөлек, жасауы сәндi, мазмұны мәндi болғанын айту лазым. Бұрындары мұндай мерейтой кiсiнiң тiрлiгiнде қол жеткiзген лауазымын, ең кемi докторлықты қорғаған ғылыми дәрежесiн, түрлi лауреаттық пен төске тағатын темiрдiң құнының қандай және қаншалықты екенiн түгендеп барып қана жасалатын. Ал мына Мардан Байдiлдаев ағамыз ең болмаса ғылым кандидаты атансашы! Сонша әдеби, мәдени, жыраулық пен халықтың санасы мен көкiрегiнде әлi өшiп бiтпеген саз-әуендi хатқа түсiрiп текшелеп жинап жүрiп, оны талдап, коммунистiк идеологияның ықпалымен ұлттық мұраға тiксiне қарайтындарға түсiндiре жаза жүрiп, өз тiрлiгiне қажеттi қалыңдығы пышақ қырындай кiтапша шығарып кандидаттық дисертация да қорғасашы? Соған қарамастан лауазымды қызметке қолы жетпеген, атағы жоқ қоңторғай тұрмыспен өмiр сүрген кiсiнi халықтың мұншалықты сый-құрметке бөлеуi нелiктен? Мүмкiн бұл мерекенiң ең басты жетiстiгi әлi күнге дейiн әлеуметтiк астары ашылмаған көптеген құндылыққа ендi жаңа қоғамның тың көзқарасын қалыптастыруға жасаған ықпалында шығар.

Олай дейтiн себебiмiз Мардан Байдiлдаевтың ғылымға қосқан үлесi мен өмiр сүрудегi “олақтығы” кешегi өткен коммунистiк идеологияның темiр құрсауы iшiнде өрбiп, өсiп, жетiлiп тағдырын қалыптастыруға тiкелей ықпал еттi емес пе. Ал коммунистер басқарған қоғамның ең басты мұраты кiсiнi кiсiнiң қанауын жою ғой. Осы бiр о баста бай мен кедейдiң , қанаушы мен қаналушы халықтың тұрмысын теңестiрiп қоғамдағы әдiлетсiздiктi түгелдей жоюға негiзделген деген утопиялық көзқарас бiрте-бiрте материалдық игiлiктен ауысып, адам баласының бiрiнен екiншiсiнiң ақыл-ойының артықшылығын болдырмауға бағытталған мемлекеттiк саясатта жатыр емес пе. Осы саясаттың негiзiнде ғылымда, өнерде, әдебиетте орташа қабiлеттiлер билiк тiзгiнiн қолына алғаны да белгiлi. Ол үшiн бұрыннан да сан жағынан қара нөпiр орташа қабiлеттiлер бiрiгiп өздерiнiң ең басты бақталасы нағыз таланттардың сағын сындыруға, тiптi кейде көзiн құртуға жаппай кiрiсiп кетпеп пе едi. Бұл ниеттi жүзеге асыру сол кездегi мемлекет ұстанған идеология тұрғысынан бәлендей қиыншылық туғызбайтын да. Оның ең басты тетiгi олардың көбiсiнiң ауқатты отбасынан шыққанын бетiне басса-ақ жететiн. Осының өзi-ақ ерекше таланттардың тұқымын тұздай құртуға жетiп артылатын. Оған Ахмет Байтұрсынов, Жүсiпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаевтың есiмiн еске түсiрсек те жеткiлiктi. Бұл – бiр.

Екiншiден, ұлттан шыққан ұлы таланттарға тағы бiр қатерлi қолбайлау – ғылымда қандай жаңалық ашпа, әдебиетте нендей ұлы шығарма жазба, олар алдымен орыс тiлiне аударылып , онан соң орыс зиялысының бiрiнiң назарына iлiгiп, сонан кейiн әлгi зиялы аузы тұшығанын аңғартқан жағдайда ғана бағаланып бағы жанатындығында едi. Әсiресе, бұл шұрайлы ұлт тiлiнде жазылған, ұлттық сезiмнiң талмау, нәзiк тұсын шебер суреттейтiн көркем шығарма мен сол көркем дүниелердi зерттейтiн ғылыми еңбек үшiн нағыз кедергiнiң көкесi болатын. Өйткенi ұлт тiлiнде шеберлiктiң шыңы саналатын қай-қай шығарма да алдымен жолма-жол аударылып, онан соң орыс тәржiмашысының қолына тигенмен де мәселе мұнымен бiтпейтiн. Себебi әлгi орыс аудармашысының шама-шарқы қай деңгейдi аңғартса, аударылған шығарма сол деңгейден аспайтын. Демек бұл ол заманда ұлттық бояу-нақышпен жазылған туындыны орыс тiлiнде ойдағыдай сапалы кiтап етiп шығару қиынның қиыны екенiн аңғартса керек. Басты кiнарат аударма кәсiбiнiң қиындығымен қатар, Кеңестер одағының құрамына кiрген екi жүзге жуық этнос жазушысының, ғалымының, мәдени, саяси жетекшiлерiнiң жолма-жол орысшаланған қолжазбасы – орыстың орташа қабiлеттi жазушысының көбiсiне қаламақы арқылы табыс табудың көзiне айналғандығында едi.

Кеңестер одағы кезiндегi мұндай әлеуметтiк келеңсiздiк аз ұлттың озық ойлы таланттарының жоғары сапалы еңбегiн орыс тiлiне сапасыз аудару арқылы орта қол дәрежесiне дейiн төмендетсе, ал сол ұлттың нашар жазушысының шығармасы мықты аудармашының қолына түскен жағдайда орташа көркемдiкке дейiн көтерiлiп, авторы қатарға қосылып жататын. Мiне осылайша , бiрiншiден ұлттан шыққан ұлы талант бiткен орташа қабiлетi болмағаны үшiн 1937 жылы қуғын-сүргiнге ұшырап көзi жойылса, екiншiден – қандай көркем шығарма да орыс тiлiне аударылған кезде көркемдiк бояуы әрсiзденiп, құнды ғылыми еңбектiң айтар ойы көмескiленiп баспадан жарық көрiп жататын. Бiрақ бұл ешкiмнiң де басын ауыртпайтын. Оның сыры коммунистер басқарған жүйенiң басты мұраты қоғамда теңдiк орнату талабына толық жауап берiп жатуында болатын.

Соның салдарынан да әдебиетте оқырманның эстетикалық талғамына ықпалы тиетiн көркемдiгi кемел шығарма авторы атану , ғылымда ұлттық құндылықты iлгерi бастыратын заңдылықты ашуға ұмтылу, бұл ендi, басқа бәле тiлегенмен бiрдей қатерге айналатын. Осының бәрi сен кiм болсаң да өзге орта қабiлеттiден артық дүние жасауға құқылы емессiңге саятын. Айтқанға көнбей құнды дүние жасасаң онда қатерге бас тiккенiң. Мұндай аласапыран кезде кiм озық ойлы болғысы келедi дейсiң. Тiптi аса қабiлеттiнiң өзi өмiрем қаппас үшiн бұрынғы құдай берген бойдағы от-жалынды бәсеңсiтiп орта қабiлеттiнiң алдыңғы қатарынан орын алып, орташа еңбегiмен танылып, әдебиетте омырауына мемлекеттiк, Лениндiк сыйлықтың төстемiрiн тағып, ғылымда докторлық дисертация қорғап профессор, академик атанып, жайлы өмiр сүрудi қаламасын. Мысалы “Абай жолы” эпопеясының алғашқы екi кiтабын майын тамызып қолмен жазған М. Әуезов кейiнгi екi томын машинкаға ауызша айтып, ақ қағаз бетiне түсiргенiмен орысшаға аударылғанда төрт томының да стильдiк, сөздiк шеберлiгi деңгейiнiң шамалас болуы соның дәлелi.

Мардан Байдiлдаев өзi өмiр сүрген қоғамда үстемдiгiн құрып, үкiмiн жүргiзген осы бiр идеологияның құрсауынан шыға алған кiсi емес. Тiптi басқаны былай қойғанда кандидаттық дисертацияны да қорғамапты. Шындығында қорғағысы келген, жазып та қойған. Дисертациялық кеңеске ұсынған да шығар. Бiрақ онан әрiге жылжымаған. Анығын айтсақ, сол заманда докторлық, кандидаттық диссертацияны қорғап алған орта қабiлеттi доцент, профессор, академиктер оның филология ғылымының кандидаты атағын иеленуiне онша құлық таныта қоймаған. Тiптi танытуы былай тұрсын шалғайдан тартып, шалып құлатқандары қаншама. Ал Мардан Байдiлдаев қабiлет бiлiмi жетiп тұрғанмен олармен бiлек сыбанып күреске шығып, өз көзқарасын қорғап қалудан қорыққан. Қорықпай қайтсiн би болған әкесi Келдiбайдың атын атаудан сақтанып әкесiнiң ағасы Байдiлданың атын иеленсе, өзiнiң азан шақырып қойған есiмi – Шахмарданды Мардан деп жазғызып кең дүниеге әрең сыйып жүрсе, кiммен пiкiр таластырып абырой таппақ. Арам пиғылды бiрi “бай-құлақтың баласы” деп үстiнен домалақ арызды айдап жiберсе “тоқал ешкi құдайдан мүйiз сұраймын деп құлағынан айрылыптының” керiн кимей ме. Ғылым академиясының ғылыми қызыметкерлiгiнiң өзiне зар болып қалмай ма?!

Осы бiр басқа төнген қатерлi жағдай оны барлық лауазым, мансаптан бас тартуға мәжбүрлеп қана қоймай, iштей құл болуға да мойынсындырады. Оның бұл шешiмiн – ауыз әдебиетiн төңiректеген орта қабiлеттi ғалым мен жазушы бiткеннiң қуанышына айналады. Соны сезген ұлы жазушы Мұхтар Әуезов қабiлетi орташа билiк басындағыларды тектi тұқымнан шыққан кiсiнi қорлаудан сақтандырғысы келгендей :”Мардан әдебиеттiң еңбек торысы, қажымайтын палуаны, Мардан барда әдебиетке құлдың керегi жоқ,” – деп жазыпты. Бiрақ оны тыңдар құлақ қайда. Оларға керегi – құл. Құл болғанда және қандай құл. Сыр сүлейлерiнiң ортасында жыр-дастанның шалқарын кешiп өскен, ұлт тарихын көк тәңiрiнiң құлағына жеткiзуге құдыретi жеткен жыраулық өнердiң сыйқырлы сырына қанығып санасы қалыптасқан нағыз алтын қазынаның жеке-дара кiлтшiсiне ұқсайтын құл. Бiрақ қандай қызмет атқарсын билiгi бiреудегi құлдың аты құл емес пе. Ол ел iшiнде – идеялық ұстанымы құлдық мiнездi қалыптастыруға қарсы бағытталғаны үшiн отаршылдардың қаһарына iлiгiп балағатталған, сөйтiп ескерусiздiктен құруға айналған жыр-дастанды жаяу-жалпылап жүрiп жинағанмен, үйiне келiп маңдай терiн сыпырып талдап мақала жазғанымен, өзiнен жоғары қызыметте отырған кейде ағасы, кейде iнiсi мақаланың кемшiлiгiн түзеткен бола отырып, күзеп, авторлығына да жармасатын.

Деседе Мардан ағамыз көреген екен. Ол кiсiнi құлша жұмсап, қансорпасын шығардым, атақ-абыройымды асырдым деген орташа қабiлеттiлер түптiң-түбi қателесiптi. Рас,Байдiлдаев құлдықта өмiрiн өткiздi. Бiрақ пенденiң емес, Халықтың құлы болып! Ұлтының қамын ойлаған азаматтың арманы да сол емес пе. Қазiргi кезде оған ешкiм де шек келтiре алмайды. Тiптi Алтай мен Атыраудың арасын шарлап, жоғалып кетуге шақ қалған жыр-дастандарды ел арасынан жинап мұрағатқа өткiзгенiн, өшуге айналған жыршылық өнердiң соңғы жұрнағын iздеп тауып, қолынан сүйреп теледидарға шығаруын айтпаған күннiң өзiнде, соңғы демiн сағат санап күтiп отырған Нышан қобызшыдан басқа адам баласы бiлмейтiн Қорқыттың тоғыз күйiн жазып алғанының өзi не тұрады. Сол кезде Мәкең шалттық жасамаса, ұлы бабамыз күңiренте тартқан ұлы сарын шексiздiк құрдымына сiңiп, мәңгiлiк жоғалып кетпес пе едi. Ол аз десеңiз шығыс поэзиясының жетi жұлдызының бiрi Фирдоусидiң “Шаһнамасының өзiндiк нұсқасын жасаған ұлы шайыр Тұрмағанбет Iзтiлеуовтiң зайыбы мен баласы тiмсiнген белсендiден тығып, киiзге орап молаға көмген тоғыз мың жолдық қолжазбасын Мардан Байдiлдаев қаздырып алып жариялатпағанда дастанның тағдырының қазiргi кезде қандай күйге ұшырарын кiм бiлген. Ендi осыларға өткен ғасырдың елуiншi жылдарының аяғына таман Сыр бойында құрып бiтуге айналған жыраулық дәстүрдi қайта жандандырып қана қоймай, оның қайта жаңғырып мектеп боп қалыптасуына жасаған ықпалын қосып көрiңiзшi. Ерiктен тыс көргендiлiк пен көрегендiктi қатар сезiнесiз бе. Түптiң-түбi уақыт өте келе жасанды атақ-абыройдың сұры қашып, нағыз талант күш-қайрат жұмсаған нысаналы еңбектiң құрметке бөленетiнiне сенесiз. Осылардың бәрiн жандүниесiмен сезiнiп, бiр жыл бұрын “Мардан Келдiбайұлы Байдiлдаевтың 80 жылдық мерейтойын ұйымдастыру және өткiзу туралы” үкiм шығарған облыс әкiмi Икрам Адырбековтiң басқаларша мерейтой иесiнiң бұрынғы лауазым, атақ-дәрежесiне байланып қалмай, жаңа заман талабына сай батыл шешiм қабылдағанына дән риза боласың да. Той кезiнде облыс орталығындағы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттiк университетiнiң студенттер Сарайында болып өткен “М.К. Байдiлдаев: Сыр бойындағы халық шығармашылығының зерттелуi” атты ғылыми-тәжiрибелiк конференцияның мәндi өткенiне де,”М. Байдiлдаевтың ғылыми еңбегi жинақталған кiтаптың және деректi фильмнiң тұсаукесерi рәсiмiнiң» мәндiлiгiне де, жыршы-термешiлердiң концертiнiң салтанатына да, университеттiң дәстүрлi музыкалық өнер кафедрасының меңгеушiсi, профессор Алмас Алматовтың жасаған баяндамасына да көңiлiң бiр желпiнiп қалмай ма!

Келесi күнi той Мардан Байдiлдаев шыр етiп дүниеге келген – Жалағаш ауданының жерiне ауысты. Аудан орталығындағы тарихи-өлкетану мұражайы мен мәдени-сауықтыру кешенiнде зерттеушiнiң өмiрi мен қызыметiне қатысты көптеген құнды құжат пен аймақтық жыршылардың “Жыр күмбезi” атты конкурсының мағналы өтуi бұл мерейтойға аудан ел-жұртының ұйымшылдықпен ел болып дайындалғанын аңғартты. Әсiресе фольклоршы ғалымның туған жерi “Еңбек” ауылындағы мектеп үйiнiң ауласына қойылған қоладан құйылған ескеркiшi жақсы кiсiнiң жарқын пейiлiндей жарқырап тұрды. Ескерткiштi ашар алдында Жалағаш ауданының әкiмi Марат Есенов зерделi зерттеушiнiң өмiр жолы мен артына қалдырған қыруар мұрасына кеңiнен тоқталды. Облыс әкiмi Икрам Адырбеков, ғалым Тұрсынбек Кәкiшов, облыстық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Сейiлбек Шаухаманов, ақын Асқар Тоқмағанбетовтың қызы Аягөз, Мәкеңнiң туған жеңгесi Жаңыл Бектiбайқызы, облыстық мәслихат депутаты Өмiрбек Шәменов, Жалағаш ауданының Құрметтi азаматы Сәмит Далдабаев сөз алып Сыр елiнен шыққан зерттеушiнiң абыройын асқақтата түстi.

Осылайша айта жүрерлiктей салтанатты той тарқады. Той тарқағанмен жұмыр басты пенденi тәнтi етерлiк ой қалды. Ол: кемдiкүнгi атақ үшiн емес, қатерлi кездiң өзiнде халыққа адал қызымет етудiң жолын табудың ғанибеттiгi жайлы, сосын жас тәуелсiз елдiң ұлттық идеологиясына үлес қосуға тәуекел етiп, қазақтың қалың елiн елең еткiзген облыс, аудан басшыларының азаматтығы мен батылдығы жайлы толымды ой едi.

Адам МЕКЕБАЕВ

Қызылорда облысы

Серіктес жаңалықтары