645
ГОЛЛИВУДТА «ҚАЗАҚТЫҢ ТАРАНТИНОСЫ» АТАНҒАН РЕЖИССЕР
ГОЛЛИВУДТА «ҚАЗАҚТЫҢ ТАРАНТИНОСЫ» АТАНҒАН РЕЖИССЕР
Еркiн Ялгашевты Голливудқа спорт өнерi әкелiптi. Американдық режиссерлар оның бойынан атыс-шабысты фильмдерге лайықты актердi байқаған. Бүгiнде Еркiн Ялгашев — Голлиыудты бағындыруға тырысып жатқан қазақ режиссерларының бiрi. Оның «Ақырғы шайқас» және «Соңғы күзетшi» фильмдерi қазiрдiң өзiнде әлемде үлкен қызығушылық туғызуда. «Оскар» кино жүлдесiне қол жеткiзудi арман тұтқан киногерр көп ұзамай қазақтың белгiлi палуаны Қажымұқан туралы фильм түсiрмек. Голливудтың қыр-сырлары жайындағы әңгiме — төмендегi сұхбаттың арқауы.
Алдымен, коммерциялық фильмдер шығарамын, одан түскен пайдаға ұлттық кино түсiремiн
Қазаққа да «Оскар» алатын кез келдi
Азаматтығымды ешқашан да өзгертпеймiн: Мен – қазақтың ұлымын
– Еркiн, Америкаға қашан көшiп кеттiңiз, не себептен?
– 1994 жылы менiң отбасым Америкаға көштi, бiр жыл өте мен де олардың iзiнен кеттiм. Ер азамат ретiнде отбасымның артынан ердiм. – Ал, Голливудқа қалай келдiңiз? – Күрес өнерiнiң арқасында. Өмiрбойы спортпен, оның iшiнде Шығыс күресiмен айналыстым. Спортта үлкен жетiстiктерге қол жеткiздiм, алдымен, каратэ мен дзюдодан табысқа жеткенмiн. Оның үстiне өзiм жеке күрес жүйесiн жасадым. Бұл жүйеге «қазақша төбелес» деп ат қойғам. Бүгiнде шетелде жүрiп, қазақтың күресу мәнерiн насихаттап келем. Жапондықтарда – каратэ, қытайлықтарда – у-шу мен кунь-фу, кәрiстерде – тайквондо, бразилиялықтарда – капуэро өнерi бар, бiздiң қазақта да жеке күресу тәсiлi бар ғой. Әу бастан қазақ халқы – батыр. Көптеген ғасырлар бойы қазақ даласы – қанды шайқастардың аренасы болды. Шыңғысханның дәуiрiнен бастап тәуелсiздiк алған жылдарға дейiн күресiп келдiк. Бiз ықылым замандардан жауынгер халықпыз. Тарих қойнауында қалған небiр шайқастар мен соғыстар қанымызға шайқасу мен күресудiң өз тәсiлдерiн дарытты. Бiз жапондардан да кем түспей жебеден ата аламыз. Қазiр кейбiреулер жапондар қазақтан шыққан дейдi. Негiзiнен қазақтар мен жапондардың және американдық үндiлердiң генетикасы бiр. Сондықтан бiздiң жеке күресу тәсiлiмiз бар. Ол – «қазақша төбелес». Бұл орайда мен «қазақша төбелестi» бекiтiп, арнайы корпорация да аштым. Құдай қаласа, келесi жылы Лас–Вегаста әлем бойынша қазақша төбелестен чемпионат өткiзудi жоспарлап отырмыз. Қазiр промоутарлармен келiсiп жатырмыз, бұл үлкен жаңалық болмақ. Ал, екiншi чемпионатты Қазақстанда өткiзгiм келедi. Оның қазылар алқасына Голливуд жұлдыздары мен спорт шеберлерiн шақырмақпыз. Негiзiнен менi Голливуд жұлдыздары каратэ мен аралас күрес түрлерiнен өткен әлем чемпионатында байқап қалыпты. Аталған сайыста мен Әлем чемпионы болумен қатар, Американың бес дүркiн чемпионы атанғанмын. Сөйтсе жекпе-жектi сынап отырған Голливуд жұлдыздары шытырман оқиғалы фильмге актер таңдап отыр екен. Бұл осыдан алты жыл бұрын болған оқиға. Сайыстан кейiн маған белгiлi актерлар Оливер Грунер мен Уилсон Драген келiп, фильмге түсудi ұсынды. Оның үстiне: «Сен күштi төбелеседi екенсiң. Бұл қандай техника? Бiз бұрын-соңды мұндай күрес түрiн көрмеппiз» – дедi. Мен оларға: «Мен қазақпын. Бұл «қазақша төбелес» деп аталады. Бұл техниканы мен арнайы жасап, бекiткем» – дедiм. Басында кiшiгрiм эпизодтық рольдерде ойнадым. Алғашында түскен филь¬мiм «Мықты күрескер» деп аталды, кейiн «Көше манахы» және «Жеңiл тұтқын» фильмдерiне түстiм. Осынау фильмдерден кейiн ұсыныстар қарша жауды. Бұл орайда бiр айта кетерлiгi, мен тек қана актер болып ойнамадым, сол сияқты файт-хореограф ретiнде жұмыс iстедiм. Бұл дегенiңiз – фильмде төбелестi қоятын хореограф. Осылайша бiр күнi қазақ-американ фильмiн түсiрудi ұйғардым. Бұл жобамыз «Ақырғы шайқас» («Ближний бой») деп аталды. Мен оның идеясын жазып, қағазға түсiрдiм. Басында материал «шикi» болды. 2005 жылы қазақ драматургi, сценарист Ермек Тұрсыновпен жолығып, танысқан едiм. Ермек фильмнiң сценариiн жазуға келiстi, ал кейiн бiз Дэвид Митчелмен бiрлесiп материалды толықтыра түстiк. Сөйтiп, шытырман фильмнiң жобасын жасадық. Мен негiзi спорт жарыстарында көптеген жұлдыздармен танысқанмын. Бұл фильмге солар¬дың iшiнен – Дэвид Каррадинды, Кэрри Тагаваны, Эрик Робертсты, Болло Янг пен Оливер Грунердi, Дон Уилсон Драген мен Керри Бьюзидi арнайы шақырдым. Тiптi, әлемге әйгiлi күрескер-чемпион Олег Тохтаров та фильмге түстi. Ал, Қазақстан жағынан – Нұржұман аға (Ыхтымбаев К.Т.) мен Елена Клицкая түстi. Мен өзiм Нұржұман ағаны қатты сыйлаймын. Фильмге қазақ актерлерiнен сол кiсiнi түсiрудi ұйғардым. Негiзiнен фильмнiң сюжетi де Қазақстан жайында. Басты идея – қазақты әлемге таныта түсу, мәдениет арқылы Қазақстанды паш ету едi. Яғни, Голливудты бағындыру арқылы Қазақстанды таныта түскiмiз келдi. Өзiңiз де бiлерсiз, Голливудты бағындырсаңыз – әлемдi табындырасыз. Голливуд – кинематография саласының Меккесi. Оған жеткен де бар, жетпеген де бар. Мен Голливудқа спорттың арқасында қол жеткiздiм деп ойлаймын. 2004 жылы «Нью-Йорк фильм академиясының» режиссура факультетiн бiтiрiп шықтым. Алғашқы жобам – жоғарыда айтқан «Ақырғы шайқас» фильмi. Жалпы, өз басым екi бiрдей фильмнiң продюсерi болдым. Олар – «Ақырғы шайқас» пен таяуда ғана Алматыда тұсауын кескен «Соңғы күзетшi» фильмдерi. Мұнымен қоса 3 пен 12 жас аралығындағы балаларға арналған мультфильмге қатыстық. Ол «Сашвальс туралы хикаят» деп аталады. Өте қызықты мультфильм. Көрерменнiң қызығушылығы жоғары. Бiз оны үш ай бұрын бiтiргенбiз. Ол қазiргi заманға сай үш деңгейлi анимация тәсiлi бойынша түсiрiлдi. Көрсетiлiм ұзақтығы – 87 минут. Қазiр бұл мультфильмдi «Парамаунт Пикчерз» кинокомпаниясы сатып алып жатыр. «Соңғы күзетшi» фантастикалық фильмi де әлем бойынша тарамақ. Әлем прокаты қазан айында басталуы тиiс. Ал, қазақ көрерменi бұл фильмдi алғашқы болып Достық үйiнде тамашалай алды. «Ақырғы шайқас» 2007 жылдың көктемiнде шығуы тиiс. Қазiрдiң өзiнде бұл фильмдi сатып алуға көптеген елдер қызығушылық танытып отыр. Бүгiнде 16 елден осындай ұсыныс түстi. Бiздi осы жәйт қуантады. – Бүгiнде көптеген Батыс жұлдыздары: «Голливудқа елiктемеңдер, өздерiңнiң ұлттық ерекшелiктерiңдi көрсетiңдер» деп ақыл-кеңес беруде. Сiз Голливудта жүрген соң, американдық киногерлерге елiктеп, нағыз Батыс режиссерi болып кетем деп қорықпайсыз ба? Осы арада ұлттық фильм, қазақ киносы деген мәселелер өз жайында қалмай ма? – Жо-жоқ. Бұдан қорықпаймын. Қазiр барлық киногерлер өз фильмiнен, ең алдымен, коммерциялық табыс көргiсi келедi. Бiрақ интеллектуалдық фильмдердi, яғни бүгiнде «фестивальдiк фильмдер» деп атанып жүрген туындыларды да түсiру керек. Дегенмен, оның коммерциялық жағын да ұмытпайық. Себебi киноға қаржы құюдан қорқатын адамдар да бар. Шынтуайтына келсек, бүгiнде Ресей мен қазақ фильмдерi коммерциялық негiзде түсiрiлiп жатқан жоқ. Олардың қайсыбiрi де әу бастан пайда түсiруге келмейдi. Бұл фильмдер, тiптi, оның түсiрiлуiне кеткен қаржыны да ақтамайды. Мен әу бастан бизнесменмiн. Киноға келмес бұрын бизнеспен айналысқанмын. Сондықтан әрбiр өнiмнiң пайда түсiру керектiгiн бiлем. Иә, коммерцияға негiзделген Голливудтың шытырман фильмдерi күллi дүниенi жаулап отыр. Бiз мұны түсiнемiз. Дегенмен, шын мәнiнде бiр «керемет фильм» жасау үшiн, алдымен, 3-4 коммерциялық фильм жасап, бесiншiсiн «арт-хоуз» мәнерiнде не ұлттық нақышта түсiру керек. Бұл жағдайда бiз оның пайда әкелмейтiнiн бiлемiз, дегенмен ол халқымызға идеологиялық, ұлттық тәрбие бередi ғой. Өкiнiшке қарай, бүгiнде көрермен көп көретiн фильмдер санатында – фантастика, атыс-шабыс, шытырман оқиғалы және қорқынышты фильмдер жатады. – Ал, сiздiң «бесiншi фильмiңiз» қандай болмақ – ұлттық нақышта ма, арт-хауз мәнерiнде ме? – Шынын айтсақ, бұл менiң бесiншi фильмiм емес. Мен қазiр коммерциялық негiзге тұрарлық, дегенмен ұлттық бояуы қанық фильм түсiрудi жоспарлап қойыппын. Менiңше, ол әрi табыс әкеледi, әрi көрерменнiң көзайымына айналады. Барша халық бiздiң ұлттық мақтанышымыз – Қажымұқанды бiледi. Мен қазақтың батырын насихаттай отырып, Голливуд мәнерiнде қызғылықты шытырман оқиға жасағым келедi. Бұл – менiң асыл арманым. Бұл қазақтың жаңа киносы болуы тиiс. Себебi бiз әлi күнге дейiн 70-шi жылдардың мәнерiнде фильм түсiрудi әдетке айналдырғанбыз. Голливудта бәрi жаман емес қой. Олардан фильм түсiру технологиясын, түсiру ракурсын, камераның жылжу мәнерiн алуға болады. Бiрақ бұл толыққанды қазақ фильмi болуы тиiс. Себебi ол Қажымұқанның өмiрiнен сыр шертедi.– Қажымұқан сияқты iрi тұлғаның өмiрiн түсiру үшiн оның өмiрбаянына қанық болу керек қой. Сiз ол туралы деректер жинап жатқан шығарсыз?
– Әрине. Мен онсыз да ол туралы көп бiлгем. Қазiр оның өмiрiне терең бойлай түстiм. Қажымұқан жайындағы фильм қызғылықты болуы тиiс. Оның үстiне менiң ойымда тағы бiр жоба жүр. Мен Ұлы Отан соғысындағы қазақ жауынгерлерiнiң ролiн көрсеткiм келедi. Әрине, Ұлы Отан соғысы жайында фильмдер өте көп. Көбiсi әжептеуiр. Бiрақ, өкiнiшке қарай, қазақтың ролiн ол фильмдерде көрсетпейдi. Бiздi ұмыт қалдырады, ал Ұлы Отан соғысы қазақ жерiнен ары өтсе де, қазақтың Жеңiске қосқан үлесi зор ғой. Бiздiң ата-бабаларымыз ерлiкпен соғысып, нағыз батырлар атанды. Мен соғыс кезiнде ерлiкпен күрескен қазақтың жауынгерiнiң кейпiн күллi әлемге паш еткiм келедi. Бұл фронтқа негiзделген атыс-шабысты фильм болуы тиiс. Сол сияқты қазақтың ауылы туралы қарапайым фильм түсiру ойымда бар. Әрине, оның коммерциялық пайдасы болмайды. Бiрақ ол Қазақстан халқына арналған фильм болмақ. Санаққа жүгiнсеңiз, бүгiнде Қазақстанда 16 миллионға жуық халық тұрады. Ал, бiр ғана Нью-Йорктың өзiнде 17 миллион халық мекендейдi. Бұл – iрi мегаполис. Сондықтан бұл фильмдердi ағылшын тiлiнде жасауымыз керек. Жоғарыда айтқанымдай, басында коммерциялық фильмдер, кейiн келе отандық көрермендерге арналған интеллектуалдық фильмдер түсiрмекпiз. Коммерциялық фильмдерден түскен табысқа интеллектуалдық фильмдер түсiруге әбден болады. Оның үстiне Оскар номинациясына лайықтап фильм түсiрмекпiз. Қазiр ең басты өзектi мәселе – наркомания мен адам саудасы болып отыр. Бұл осынау өзектi мәселелермен үндес трагедиялық фильм болмақ. Қазiрше сюжетiн айтқым келмейдi. Бiрақ бiзге де Оскар алатын кез келдi ғой. Ресей үш Оскар алса, Қазақстан бiрде-бiр Оскар алмапты. Фильм 80-шi жылдардағы олимпиадалық ойындар мен сол кездегi ұлтаралық кикiлжiң жайында. Фильм 80-шi жылдардан бастау алып, 2006 жылмен аяқталады. Онда қазақ және Голливуд актерлары түседi. Бiз оны Оскарға ұсынамыз. Оскар алмасақ та, бұл фильм Оскар номинациясына ұсынылған алғашқы қазақ киносы болады деп үмiттенемiз. – Кэрри Тагава сiздi алғаш көргенiнде жапондық деп ойлап қалыпты. Сiз қазақ екенiңiздi қалай көрсеттiңiз? – Мен оған бiрден: «Мен қазақпын» – дедiм. Ол: «Бұл ел қайда?» – деп сұрады. Әйтеуiр, бiраз уақыт әңгiмелестiк. Сонда ол маған: «Сенде бәрiбiр де орыстың акцентi бар ғой» – деп күлгенi есiмде. «Қазақстан – бұрынғы Кеңес Одағынан тәуелсiздiк алған дербес мемлекет» – дегенiмде, ол бiздiң елiмiзге қызыға түстi. Содан берi доспыз. Жарыстарға бiрге барамыз, бiрге фильмдерге түсемiз. Мен оны «Ақырғы шайқас» фильмiне арнайы шақырдым. Ол ұсынысымды қуана қабылдады. Елiмiзге табаны тиген бойда: «Мен Қазақстанда туып-өскендеймiн. Генетикалық жағынан да қазақ сияқтымын» – деп, елiмiздi сүйiп қалды. Тагаваға алғашқы ұсыныс Қазақстан каратэ одағынан түскен едi. Ол елiмiзге алғаш рет жарты жыл бұрын каратэ бойынша өткен чемпионатқа келдi. Негiзiнен Голливудта әртiстер күнi-түнi ақша жасаумен болады. Ал, ол мұнда дем алу үшiн келдi. «Мен өз үйiме келгендеймiн» – дейдi ол. Тагава қазiр Қазақстанды Жапония мен Гавай аралдарымен салыстырады. Оған әсiресе Алматының табиғаты ұнайды. Тау бөктерiнде орналасқан Алматы жанына ләззат беретiн сияқты. Әйтеуiр алғашқы сапарынан кейiн ол: «Менi Қазақстанға шақыратын болсаң, әрқашанда қуана барамын» – дедi. Таяуда бiз оны Еуразия кинофестивалiне шақырдық. Ол бiр сөзiнде «Еуразия» кинофестивалi мен Қазақстанның атын шығаруға атсалысуға уәде берген едi. Ол, шынымен-ақ, сөзiнде тұрды. Қайда жүрсе де Қазақстанды аузынан тастамайды. Бұл да имидждiк саясат қой. Еуропалық журналистер: «Қай елдер мен қалаларды сүйесiз?» – деген сұрақ қойылса, ол: «Гавайи, Токио, Лос-Анджелес және Алматы (Қазақстан)» – дейдi. Оның үстiне: «Қазақстан керемет ел, халқы – қонақжай, мұндай қонақжайлылықты мен әлемнiң ешбiр елiнде көрмедiм» – дейдi. Менiңше, бұл бiздiң елмiзге деген жақсы жарнама. Қазiр әлемде шынайылық, жақсылық азайып кеткендей. Бұл орайда бiздiң елiмiздегi тыныштық Кэрри Тагаваға қатты ұнайды. Ол Қазақстанды бар жан-дүниесiмен сезедi. – Сiз Голливудта өзiңiздi жатжерлiк, бөтен адам сезiнбейсiз бе? Себебi ондағы әртiстер қатал, кiрпиаз деп естiгенбiз. Тагаваның өзi де Голливудта шынайы, жаны бар әртiстер аз дейдi ғой… – Иә, бұл бар. Тiптi, «Холливуд толк» деген, яғни «голливудша сөйлесу» деген дүние де бар. Адамдардың сөйлесу мәнерiнен-ақ оның Голливудқа қатысты екенiн көруге болады. Тагаваның өзi маған: «Мен сенiң шынайы адам екенiңдi көрдiм» – дедi. Голливудта өтетiн кездесулерде, той-томалақтарда ол маған ылғи сөз бередi. Эрик Робертс пен Дэвид Кэррадин да менi «iнiмiз» деп атайды. Негiзiнен мен «Ақырғы шайқас» фильмiнде күллi жұлдыздарды жинағанмын. Сондықтан болар, олардың бәрi менi «қазақтың Тарантиносы» деп атайды. Себебi мен «Криминальное чтиво» фильмiн қазақтың мәнерiнде түсiрдiм. Менiң басты ерекшелiгiм – күллi жұлдыздарды бiр сахнада тоғыстыруымда. Фильмнiң бiр кадрында төрт бiрдей Голливудтың жұлдызы тұрады: Эрик Робертс, Кэрри Тагава, Герри Бьюзи және Дэвид Кэррадин. Бәрi де – бiр кадрда… Жалпы, менiң фильмiмде Голливудтың сегiз бiрдей жұлдызы түскен. Содан берi менi сырттай «қазақтың Тарантиносы» деп атап кетiптi. Тагава да көп мақтау айтады. Ол менi осы сөздерiмен тым асқақтатып жiбергендей. Сiз айтпақшы, қатал әртiстер де бар. Бiрақ бәрi дерлiк қатал емес қой. Бiр қуантарлығы, фильм түсiп бiткеннен кейiн барлық әртiстер маған келiп, егер бiздi тағы бiр фильмiңе түсiргiң келсе, қуанышпен түсемiз дедi. Олар бүгiнде маған көп жеңiлдiк жасап жатыр. Мен бұл әртiстерге Голливудқа сай жалақы төлеп жүрген жоқпын. Олар – менiң достарым. Осыған қуанам.– Қазiр бiр қызық үрдiс пайда болған: көптеген қазақ киногерлерi Голливудты бағындырам деп, шетелге кетудi әдетке айналдырған. Сонда Қазақстанда кiм қалады, кiм қазақ киносын көтередi?
– Ал, мен бiлмеймiн, кiмдер Голливудқа кетiп жатыр? – Сiз кеттiңiз. Қарсақпаевтар отбасы – Голливудта. Кейбiр киногерлерiмiз Ресейге кетiп жатыр… – Бiлесiз бе, бұл имиджеологиялық саясаттан шығатын әңгiме. Әлемдi жаулау үшiн – Голливудты жаулау керек. Сондықтан сыртта жүрiп, маған мұнда оралу оңай. Мен қазақ киносын, аралас қазақ-американ фильмдерiн жасаймын. Қазiр мен Голливудта тұрып, жұмыс iстеймiн. Менде «грин-карта» ғана бар. Бiрақ өз басым Қазақстан азаматтығын өзгертпедiм. Ешқашан да азаматтығымды өзгертпеймiн. Мен – қазақтың ұлымын. Тiптi, әлемдiк жарыстарға қатысқанымда, қазақтың көк байрағын жоғары көтерiп тұрам. Сондықтан өз басым елден кеткен адам емеспiн. Менi жолсапарда деп ойласаңыз болады. – Қазақстанда кино саласын көтерудiң сырын бiлесiз бе? Голливудта кино саласы заңнамалармен де қорғалған ғой. – Иә, бұл рас. Менiңше, қазақ киносын көтеру үшiн альтернативтi кино түсiру керек. Бұл саланы монополияның астында ұстауға болмайды. Өз басым «Қазақфильм» басшысы Сергей Жұмабайұлы Әзiмовтi өте қатты сыйлаймын, бiрақ бұл саланың монополияға айналуын қаламас едiм. Өйткенi Америкада жекеменшiк кинокомпаниялар өте көп. Уорнер Броззерз, Парамаунт Пикчерз, Юниверсал вижн, қайсыбiрiн айтайын… Осы арқылы бәсекелестiкке лайық фильмдер түсiрiлiп келедi. Бiз мемлекеттiң арқасында монополия боп тұрған компанияны заманға сай лайықтауымыз керек. Жекеменшiк кинокомпаниялар ашу керек. Мәселен, «Ақырғы шайқас» фильмi «Чимкент Пикчерс» компаниясының арқасында дүниеге келдi. Мәселен, Ресейдiң Мәдениет министрлiгi жас талантты режиссерлар мен продюсерлардың жұмысын қолдау үшiн бюджеттен қаржы бөледi. Осы үлгiнi Қазақстан да алса деймiн. Қазақ киногерлерiн барынша демеу керек. Егер демеу болса, онда бiз Еуропа мен Америка кино саласының артына iлесiп, тiптi оларды басып оза аламыз. Сонда ғана өте сапалы кино туады. Бiздiң тарихымыз бай, мәдениетiмiз асқақ. Бiз Орталық азиялық аймақтың мәдениетiн күллi әлемге паш ете аламыз. Қазiр Қазақстан күллi әлемге танымал болып келедi. Бiрақ кино саласы арқылы бiз елiмiздi мәдениет тұрғысынан паш етуiмiз керек. Бәсекелестiкке сай кинокомпаниялардың болғаны шарт. Қарап тұрыңыз, ертең елiмiзде құрығанда он кинокомпания ашылса, өзара бәсекелестiк зор болады. Сөйтiп тұщымды фильмдер дүниеге келедi. Себебi рыноктың өзi жақсы фильмдердiң болуын талап етедi. – Америкада жүрiп қазақтың салт-дәстүрлерi мен мұсылмандық шарттарын ұстанасыз ба? – Әрине. Бiз Америкаға барғанда, онда қазақтар аз едi. Мен бiртiндеп «қазақ диаспорасын» жинай бастадым. Диаспора дегенде, Америкада оқып жүрген не жұмыс iстеуге келген қазақтарды жинай бастадым. Бiз жыл сайын Америкадағы Қазақстан елшiлiгiнiң демеуiмен Наурыз мерекесiн тойлаймыз. Оған бiздiң әншiлерiмiз бен журналистер келедi. Қазiр Америкада қазақтар көп: бiрi оқиды, бiрi жұмыс iстейдi дегендей. Бәрiмiз де салт-дәстүрлерiмiздi сақтап келемiз. – «Голливудтық арманыңыз» қандай? – Жаңа ғана кино саласына бет алып келе жатқан режиссер ретiнде менiң де өз арманым бар. Кеңес одағы тұсында: «Генерал болуды армандамайтын жауынгер – жауынгер емес», – дейтiн. Бүгiнгi күннiң тiлiмен айтсақ: «Оскар» алуды армандамайтын режиссер – режиссер емес», – дер едiм. Мен бұл арманыма жетем деп ойлаймын. «Оскар» номинациясына ұсынылған алғашқы қазақ болам ба деймiн. «Оскар» – кинематографияның шыңы. Осы шыңға шығу – әрбiр режиссердiң арманы. Мен қазiр коммерциялық фильм түсiрiп келем. Бiрақ драмаға да бетбұрамыз. Бәрi маған: «Сен каратист болған соң, саған осы сала жақын» –дейдi. Бiрақ өз басым барлық жанрда кино түсiргiм келедi. Мен «Соңғы күзетшi» сияқты фантастикалық фильм түсiрдiм. Оны бүгiнде Ресей сатып алып жатыр. Қызығушылық өте жоғары. Фильм әлi прокатқа шықпаса да, бiз оның алғашқы табысына қол жеткiзiп отырмыз. «Ақырғы шайқас» сияқты шытырман фильм де түсiрiп көрдiм. Ендi фестивальдiқ фильм түсiрмекпiн. Бiз «Оскар» алуымыз керек. «Оскар» да Қазақстанның имиджiне жұмыс iстейдi ғой. Бүгiнде бәрi маған күледi: «Бұл қазақ келмей жатып, «Оскар» алмақшы» – деп. Бiрақ бiз «Оскар» алуға барынша атсалысамыз. – Құдай қаласа, қашан Қазақстан алғашқы «Оскарына» қол жеткiзедi деп ойлайсыз? – Құдай қаласа, алдағы 3 жылдың iшiнде арманымыз жүзеге асады деп отырмыз. Бiз сол үшiн де атсалысып келемiз. Мен өзiме сенiмдiмiн. Осыдан он жыл бұрын мен Голливудқа турист ретiнде барғанмын. Актерлармен суретке түскенiм есiмде. Ал, он жылдан кейiн мен Голливудтың бер жағында жүрмiн. Қазiрге туристер маған айқайлап, сiзбен суретке түсейiншi деп өтiнедi. Армандар орындалады екен. Бұған сенiмiм кәмiл. Жастарға да айтарым: Өздерiңе сенiңдер, армандарыңа жету үшiн қол қусырып отырмай, жұмыс iстеңдер, тырмысыңдар. Сонда ғана армандарың орындалады. – Әңгiмеңiзге рахмет!Әңгімелескен Кәмшат ТАСБОЛАТОВА