МЕКТЕП БАЛАСЫ МЫЛТЫҚПЕН ЖҮР

МЕКТЕП БАЛАСЫ МЫЛТЫҚПЕН ЖҮР

МЕКТЕП БАЛАСЫ МЫЛТЫҚПЕН ЖҮР
ашық дереккөзі
522

2015 жылы халық санын 20 миллионға жеткiзу бүгiнгi күннiң көкейкестi мәселесiне айналса да, сол ұрпақтың тағдырына алаңдайтын күн де туды. Жас ұрпақ тәрбиесiнде қордаланған проблемалар көбейiп келедi. Жасөспiрiмдер арасында "қиын" балалар проблемасы пайда болды. Осы жағдайды зерттеушiлер мынаған көз жеткiздi. Ең алдымен әке-шешенiң терiс үлгiсi, ата-аналардың бiрiнiң болмауы, отбасында болып тұратын ұрыс-жанжалдар осы жағдайдың туындауына әкеп соғады екен.

Кiнәлiнi табу оңай да, қордаланған мәселенi шешу қиын. Бұған қоғамдық ұйымдар, ата-аналар, ұстаздар қауымы бас қатырып, дөңгелек үстөлдер, пiкiр-сайыс ұйымдастырып, қызыл кеңiрдек болып жатыр-ақ. Дегенмен қоғамда жасөспiрiмдер тәрбиесi көкейкестi күйiнде қалып отыр.

Қазiргi кезде зорлық-зомбылық, атыс-шабыс, сананы улайтын сан-алуан фильмдер теледидардан көрсету тоқтар емес. Бұған етiмiздiң үйренгенi соншалықты, бетiмiз қызармайтын да болды. Әрине, заңды фильмдер көрсетiлiп жатса, бiр сәрi. Әсiресе "пираттық" жолмен келiп жатқан тауарлар Қазақстанда жеткiлiктi. Бұл дүниелердiң заңсыздығын анықтайтын прокуратура органдары. Дегенмен шендi шенеунiктер батыл iске кiрiскен жоқ. Ал Ресейде заң органдары осындай лицензиясы жоқ сананы улайтын видеокасеталарды тәркiлеп, шынжыр табанды техниканың табанына салып, көзiн жоюға белсене кiрiстi. Бұл да үлгi алатын iс. Бiрақ бiздiң Қазақстанда жасөспiрiмдер тағдыры соншалықты құқық қорғау органдарын ойландырмайтын сияқты.

Билiктiң тұтқасын ұстаған әкiмдер мiнберге шығып бар кiнәнi ата-аналардан iздейтiндi шығарды. Әлеуметтiк жағдайы сын көтермейтiн кiнәлаудан оңай нәрсе жоқ. Өйткенi әлеуметтiк жағдайы төмен отбасылар бала тәрбиесiмен емес, оларға киiм-кешек, тамақ тауып берумен әуре. Билiктегi шенеунiк пен базарда нәпәқа тауып тұрған сан-мыңдаған азаматтардың әлеуметтiк жағдайы бiрдей емес. Шенеунiк пен ауылдағы дихан қауымның жағдайы да тепе-тең деп айта алмаймыз. Қазiр көптеген оқу орындары және демалыс аймақтары, сауықтыру орындары, бәрi ақылы. Қалтасында ақшасы барлардың талтаңдайтын заманы туып тұр. "Аузы қисық болса да байдың баласы сөйлесiн" деген күн туды. Жемқорлардың жемсауы дүние-байлыққа тояр емес. Түйенi түгiмен, сиырды сирағымен қылғытып жатса да ашкөздiк танытып жатыр. Парақорлық асқынып кеттi, қу құлқын жыбырлауын қоймайды.

Осы қоғамнан жасөспiрiм қандай үлгi алады? Сондықтан шығар, Оңтүстiк Қазақстан облысында жасөспiрiмдер арасында қылмыс өршiп кеткен. «Нелiктен?» деген сұраққа жауап iздеп көрейiк.

Iшкi iстер саласы құқық бұзушылық пен қылмысты ашатын орган, ал мектеп адам тәрбиелейтiн орын. Оқушы тәрбиесiне жауапты, әрi мiндеттi мектеп басшылығы мен ата-ана болса, көп жерде олардың арасында тығыз байланыс жоқ. Мектеп директоры өз оқушысы жасаған қылмысты жасыруға тырысады, өйткенi олар баланың болашағынан гөрi, өзiнiң абыройын көбiрек ойлайды. Демек, дана халқымыздың "ауруды жасырғанды, өлiм әшкере қылады" дегендi көбiмiз ұмытып кетемiз.

Бiздiң мектептегi психолог штаттардың көп екенiн де, олардың өздерiнiң тiкелей қызметтiк мiндеттерiн атқармайтынын да бiлемiз. Сол баяғы ағайынгершiлiкке салынып, үш қайнаса сорпасы қосылмайтын мамандарды психолог етiп қоя салу етек алған. Осыдан кейiн ықпалды тәрбие берiледi деп кiм айта алады? Мектеп директорлары аудандық бiлiм бөлiмi, аудан әкiмдiгiмен "ауызжаласып", осындай келеңсiздiктерге кеңiнен жол берген. Мектеп директорларының қызметтiк мiндетiн атқаруға жауапкершiлiгiн күшейту және оларға қатаң талап қойып, жұмыс та сұрай бiлу керек. Облыстық бiлiм департаментiнiң рұқсатынсыз ешбiр мектеп директорына орын ауыстыруға рұқсат берiлмеуi тиiс деп ойлаймыз. Соңғы үш жылда оңтүстiкте қайсы мектеп директорының, не себептен ауысқанын, мамандығы сәйкес келе ме, жоқ па, соны анықтап, талдау жасалмаған.

Бұл өзектi мәселенiң қоғамдық маңызына тоқталсақ, мектептердегi тәрбие жұмыстарын ықпалды етуге басшылық жауапкершiлiктi күшейту, оған қоғамдық ұйымдардың белсене қатысу қажеттiлiгi туындап отыр.

Облыстық Iшкi iстер басқармасының бастығы Қ. Артықбаев жасөсiпiрiмдер арасындағы қылмыстың 50 пайызы Шымкент қаласында жасалынатын, мұндай қылмыстың түрлерi Сарыағаш пен Кентау қалаларында өсiп бара жатқанын тiлге тиек етедi. Тiптi биылғы тiркелген 8 қылмыстың 7-i Шымкент қаласының еншiсiнде көрiнедi. 2005 жылы осы салада 63 қылмыстық iс қозғалса, оның 9-ы қарақшылық, 22-сi бұзақылық, қалғаны ұрлық екендiгi нақты фактiге айналды. Шымкентте оқушылар арасында жиi-жиi "разборкада" атыс болатындығы өкiнiштi жағдай. Бұл №30,38,77 мектеп оқушылары арасында 2 реттен, №67 мектепте 3 рет жасалған. Атакент қалашығында Комаров орта мектебiнiң оқушылары бұл қылмысқа 4 реттен барған. Мұндай кәмелетке толмағандардың арасында қылмыстың өршуi отбасындағы моральдық тәрбиенiң аздығы дегендi айтады Артықбаев. Облыс прокурорының орынбасары Ж.Оспанов жасөспiрiмдердi жазалауда полиция қызметкерлерi мен бала тәрбиелейтiн орталық тәрбиешiлердiң заңсыз әрекеттер жасап, қатыгездiк фактiлерiне орын беретiнiн жасырмайды.

Облыстық бiлiм департаментiнiң бастығы Е.Сарманов бiрқатар келеңсiздiктердiң бетiн ашып, Оңтүстiк Қазақстан облысында кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылығы екi-үш есеге көбейiп отырғанын мәлiмдедi. Профилактикалық есепте тұратын бала саны — 141 болса, соның 117-i Шымкент қаласында екен. Оқушылардың тәрбие жұмысымен айналысатын директордың орынбасарларының саны бiздiң облыста 522-ге жетсе, мұндай көрсеткiш бiрде-бiр облыста жоқ екен. Мектептерде топырлаған психолог, социолог, үйiрме жетекшiлерi көп болғанымен олардың жұмысында баяндылық жоқ. Мектеп директорлары бұл штатқа мамандығы сәйкес келмейтiн "өз ағайындарын", немесе "сый-сияпат" жасайтындарды қабылдаған.

Мектеп директорларының бұлайша еркiнсуi әкiмдердi "крыша" етiп, жергiлiктi бiлiм бөлiмдерiмен ауызжаласуының iс-әрекетi болып отыр.

Шымкент қаласындағы орталық әмбебап (ЦУМ), "Охотничий", "Арсенал" дүкендерiнде тапаншаның түр-түрi сатылады екен. Мұнда пневматикалық және "стражник" сияқты тапаншаларды рұқсат қағазсыз-ақ алуға болады. Мұндай тапаншалардың құны 9 мың 390 теңгеден, 48 мың 134 теңге аралығында тұрады.

Қазiргi жасөспiрiмдердiң бiразы бiр-бiрiмен ерегесiп қалса болды, бiр-бiрiн үркiту, қорқыту мақсатында суық қару кезенетiндi шығарды. Шымкент қаласында осындай отты қару қолданған 4 қылмыс тiркелген.

Жасөспiрiмдер тағдырына алаңдайтын уақыт жеттi.

Балтабек ТYЙЕТАЕВ

Серіктес жаңалықтары