МӘУЛIТ

МӘУЛIТ

МӘУЛIТ
ашық дереккөзі
344

Жылдағы қалыптасқан дәстүрдей, биылғы Рабби әууәл айында сүйiктi Пайғамбарымыз Мұхаммедтiң (с.ғ.с) туған айы ерекше тойлану үстiнде. Көптеген iрi мешiттерде мәулiт бүкiл халық қатысқан мерекеге айналды. Атап айтқанда, Қостанай, Атырау, Шымкент, Тараз, Петропавл, Астана және Алматы қалаларындағы орталық мешiттердегi мерекеге келушiлер залға сыймай, көпшiлiгi аулада аяғынан тiк тұрып тамашалады. Бiрқатар облыстар мен аудандардағы бұл мерекеге аудан, қала, облыс әкiмдерi мен зиялы қауым өкiлдерi көптеп қатысып, өздерiнiң жүрекжарды лебiздерiн де бiлдiрдi. Аллаға мадақ, Пайғамбарымызға (с.ғ.с) салауатқа iштей қосылды. Сүйiктi Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Ас-сахауи мен тағы басқа да ғұламалардан жеткен хадисiнде: “Кiмде-кiм жұма күнi екiнтi намазының кезiнде маған 80 рет салауат айтса, Алла оның 80 жылғы күнәсiн кешiредi”, – деген.

Алматы Орталық мешiтiнде өткен мәулiт мерекесi Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербiсәлiнiң Алланың Елшiсi (с.ғ.с) жайлы уағызымен басталды. Хақ дiнмен жiберiлген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмiрi әдiлдiк үлгiлерiне толы. Алланың әмiрлерiн адамзатқа жеткiзген Ол (с.ғ.с) бұл мiндетiн кемелiне жеткiзе орындады. Оған дейiн күштiлер әлсiздердi езiп, әлiмжеттiк жасаса, адамдар заң алдында әлеуметтiк дәрежесiне қарай жауапқа тартылса, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мұның бәрiн де жоққа шығарды. Барша адам баласының заң алдында бiрдей жауапты екенiн ұқтырды. Кезiнде Махзумилер руынан шыққан бiр әйел ұрлық жасайды. Құрайыштар тектi әулеттiң бұл әйелiн қалай да жауапқа тартпаудың неше түрлi амалын қарастырады. Пайғамбарымыздың Усама ибн Зәйдтi ерекше жақсы көретiнiн бiлгендiктен араға соны салады. Ол болса, ұры әйелдi жазаламауын Пайғамбарымыздан (c.ғ.с.) өтiнедi.

Осындай алалаушылығы себептi Исраил ұрпағы жазаға душар болды. Олар кедейлерге ең ауыр жаза берiп, беделдi және бай адамдарын жауапқа тартпайтын. Пайғамбарымыз (c.ғ.с.) әдiл үкiм берерде мынау ақсүйек, мынау кедей, немесе мұсылман-кәпiр деп бөле-жармай тең қарайтын.

Бiр яһудиден қарыз алған Әбу Хадрад атты сахаба қолында берер ешнәрсесi болмағандықтан оны өтей алмайды. Яһуди Пайғамбарымызға (c.ғ.с.) шағымданады. Алла Елшiсi (c.ғ.с.) әлгi яһудиден бiраз уақыт мұрсат беруiн сұрайды. Алайда яһуди бұған да көнбеген соң Пайғамбарымыз (c.ғ.с.) баласындай жақсы көрген сахабасына үстiндегi киiмiн сатып, қарызының бiр бөлiгiн беруiн өтiндi. Әбу Хадрад солай жасады. Пайғамбарымыз (c.ғ.с.) өзiнiң сахабасы болғанына қарамастан әдiлдiктi жақындықтан жоғары қойды.

Пайғамбарымыз (c.ғ.с.) адамзаттың ең ардақтысы болғанына қарамастан үмметiне: “Христиандардың Иса жайлы “Алланың баласы” дегенiндей, менi мақтауда шектен шықпаңдар. Мен тек–Алланың құлы және елшiсiмiн”,–деп “елшiсi” деген сөзден бұрын “құлы” дегендi қолданатын.

Айша анамыз (р.л.ғ.) үй iшiнде Пайғамбарымыздың (c.ғ.с.) ел секiлдi қарапайымдылық танытатынын, өз киiмiн өзi жамайтынын, қойларын сауатынын, үйдегi жұмыстарға көмектесетiнiн, базарға барып келетiнiн, өз жүгiн ешкiмге көтертпей өзi таситынын, аяқ киiмiн де өзi жамайтынын айтқан (Тирмизи, шәмәил, 57).

Бiр күнi сахаба Абдуллаһ ибн Юср Пайғамбарымызға (с.ғ.с) барады. Баруын барғанмен әз Пайғамбардан (c.ғ.с.) жүрексiнiп, жанарын тайдыра бередi. Оның өзiнен қорқып, аяқ-қолы дiрiлдегенiн көргенде әлемнiң ардақты Елшiсi (c.ғ.с.) “Бауырым, қалтырама. Мен патша емес, құрайыштың қатқан нан жеген әйелiнiң ғана баласымын ғой”,–деген едi (Абдуррахман Аззам, Расулу акрамын өрнек ахлақы, аударған Х.Караман, Ыстамбул, 1978, 61-б).

Пайғамбарымыз (c.ғ.с.) Меккеге кiрген кезде де жеңiмпаз рухымен көкiрек кермей, кiшiпейiлдiлiк танытқаны соншалық басын төмен игенде, басы атының ерiне тиген.

Алла Елшiсi (c.ғ.с.) исламды уағыздап, оның мемлекет болғанын көрген басшы. Тек қоғамдық салада ғана басшы емес, бүкiл сахабаларының терең сүйiспеншiлiгiне бөленiп, жүректерiнiң төрiнен орын алды. Егер Алла Елшiсi оған қаласа жанкештi сахабалары Оған (с.ғ.с) сарай салып, таққа отырғызар едi. Алайда Ол (с.ғ.с) алғашында қандай қарапайым болса, өмiрден озғанға дейiн де сол қарапайымдылығынан өзгермедi. Өмiр бойы ши төсекте жатты. Мәдинада қайтыс болып, сол ши төсегiнiң астына жерлендi.

Алла Тағала дарытқан бойындағы осы ерекше қасиеттерiнiң арқасында сол қоғамда дәл Расулуллаһтай (c.ғ.с.) сүйiспеншiлiкке бөленген ешкiм болмады. Айналасындағы Әбу Бәкiр, Омар, Осман, Әли сынды мемлекет басшысы болатын ерекше қабiлеттi заңғар тұлғалардағы Оған (c.ғ.с.) деген мұншалықты терең сүйiспеншiлiк пен махаббат – Оның (c.ғ.с.) тек пайғамбарлығының дәлелi болса керек.

Пайғамбарымыздың (c.ғ.с.) сахабалары Оған (c.ғ.с.) иман келтiргеннен кейiн Оны (c.ғ.с.) өз жандарынан да артық жақсы көрдi. Жақсы көрiп құрметтегенi соншалық, олардың қай-қайсысы да Пайғамбарымыз (c.ғ.с.) үшiн шыбын жанын пида етуге әзiр едi. Олар үшiн Алла Елшiсiнiң (c.ғ.с.) болмауы шуағын төккен күннiң сөнуiмен пара-пар-ды.

Хазiретi Мұхаммедтiң (c.ғ.с.) ұлы тұлғалылығын мұсылмандар ғана емес, көзi ашық, көкiрегi ояу, ынсапты басқа дiн мен мәдениет өкiлдерi де мойындап, бас идi.

Ламартин: “Ұлылардың ұлылығы немен өлшенсе өлшенсiн, бiрақ хазiретi Мұхаммедтiң (c.ғ.с.) ұлылығынан ұлы пенде жоқ”.

Гете: “Бiздер, еуропа халықтары мәдениетiмiз айрықша дамығанымен хазiретi Мұхаммедтiң ұлылығының ең бiрiншi сатысында ғана тұрмыз. Оған ешқандай шүбә келтiруге болмайды. Және бұдан кейiн де одан ешкiмнiң аса алуы мүмкiн емес”.

Аббас, Ахмет, Жұманазар, Данияр қариялар Пайғамбарымызға салауат айтты. Дiнбасы Алла Тағаладан елiмiзге, халқымызға, барша мұсылман бауырларымызға бiрлiк пен ынтымақ, Ислам дiнiне күш-қуат тiлеп, бата бердi. Одан әрi жұма намазы оқылды.

Дiни басқарманың 29-шы сәуiрде Алматыдағы Қазақконцерт залында өтетiн бiр айға созылған мәулiт мерекесiне соңғы нүкте қояды. Бұл күндерi оған дайындық қызу жүрiп жатыр. Бағдарламасы кең. Онда уағыз да айтылады, Алланы мадақтап, өз Пайғамбарымыздың (c.ғ.с.) ғибратты өмiрi мен iзгi амалдарын паш ететiн салауаттар ән түрiнде алуан тiлде белгiлi өнер шеберлерiнiң орындауында сахнадан шырқалмақ.

Оңғар қажы ӨМIРБЕК, ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы

Серіктес жаңалықтары