«ЛАД» ҚОҒАМЫНЫҢ ЖАҢА АРАНДАТУШЫЛЫҒЫНА ЖАУАП

«ЛАД» ҚОҒАМЫНЫҢ ЖАҢА АРАНДАТУШЫЛЫҒЫНА ЖАУАП

«ЛАД» ҚОҒАМЫНЫҢ ЖАҢА АРАНДАТУШЫЛЫҒЫНА ЖАУАП
ашық дереккөзі
806

2006 жылдың 20 ақпанында «Навигатор» интернет-газеті «Лад» Республикалық славян қозғалысы Президиумының мәлімдемесін жариялады. Ақиқатында, бұл мәлімдеме Президентке, Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Парламентіне жіберілген «Орыс, славян және казактар қауымдастықтары өкілдерінің арандатушылығына қарсы тіл жанашырларының хатына» түсініктеме десе де болады.

«Тисе-терекке, тимесе-бұтаққа» дегеннің кері шығар, тіл жанашырларының хатына соққы беруді мақсат еткендер мәлімдемесін былай бастапты: «Елде тәртіпті қамтамасыз етуге қабілетсіз деген желеумен Президенттің беделін түсіруге бағытталған ақпараттық науқан белсенді түрде жүргізіліп жатыр».

«ЛАД»-тықтарша Чеховтың «Ғалым көршіге хат» әңгімесіндегі кейіпкердің кебін кимес үшін біз мақаладағы көзге көрініп тұрған өтіріктерді рет-ретімен тізіп шығуға мәжбүрміз:

1. «…Орыс, славян және казак қауымдастықтары өкілдерінің арандатушылығына қарсы тіл жанашырлары мәлімдемесінде» ашық антиорыстық сипат бар әрі ол Қазақстандағы ұлтаралық және саяси ахуалды тұрақтандыруға бағытталған мәлімдеме авторлары «қазақ тілін қорғау» деген сылтаумен, іс жүзінде жоғарғы билікті этникалық тазартуға мәжбүрлеп отыр…»

«Орыс, славян және казак қауымдастықтары өкілдерінің арандатушылығына қарсы тіл жанашырларының мәлімдемесі» «Навигатор» интернет-газетінде 2006 жылдың 15 ақпанында жарияланды. Мәлімдеменің толық мәтінімен танысып шыққан кез келген азамат жаңағы байламның жалған екеніне бірден көз жеткізеді. Мәлімдемеде былай делінген: «2001-2010 жылдарға арналған Тілдерді дамыту туралы Мемлекеттік бағдарлама барлық жерде бірдей, тіпті іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіргендері туралы мәлімдеп қойған облыстарда да орындалмай келеді. Бәрі де қағаз жүзінде қалған. Аталмыш бағдарламаны өмірмен ұштастырып, оған жаңа екпін беру үшін мемлекеттің шұғыл шаралар қабылдауы қажет».

Қазақстан Республикасындағы бірде-бір қарарлық құжат жалғыз ғана мемлекеттік тілдің дамуын қарастырған емес. Сол себепті аталмыш құжаттар «Қазақстан Республикасындағы «Тілдер туралы» Заң, 2001-2010 жылдарға арналған Тілдерді дамыту туралы Мемлекеттік бағдарлама деп аталады. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда 110-нан астам ұлттың өкілдері тұрады. Сол себепті де Мәлімдеменің соңына қол қойғандар орыс, неміс, кәріс, түрік, күрт, әзірбайжан, ұйғыр, поляк, еврей, сондай-ақ басқа да ұлт өкілдерінің құқығын кемсітпейді. Сол себепті де «ЛАД» қозғалысының «жанашырлық мәлімдемесін» ұлттық эгоцентризм есебінде қарастыруы қисынға келмейді.

«ЛАД» қозғалысының жарияланымындағы кезекті қателік мынау:

2. «Жарияланған мәлімдемеден орыс тіліне мемлекеттік тілмен «қатар» пайдаланылудың конституциялық тұрғыдағы ресми мәртебесін беретін Қазақстан Республикасы Ата Заңының 7-бабының 2-бөліміне өзгеріс енгізу талабы аңғарылады». «Жергілікті емес» ұлттардан шыққан адамдардың өз құқығын қорғауға ешқандай заңды мүмкіндігі шектелмес үшін «Қазақстан Республикасының «Тілдер туралы» ағымдағы Заңын «түбегейлі түзету» ұсынылады.

Бұл жерде ешқандай түсініктің де қажеті жоқ. Біздің мәлімдемемізде былай жазылған:

«Тіл саясатына қатысты дау-дамайларды болдырмаудың бірден-бір жолы – Конституциямыздағы 7-баптың 2-тармағын қайта қарауды, «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» заңды түбегейлі редакциялап, аталмыш заңның жаңа нұсқасын Парламентпен қатар қоғамдық ұйымдар сараптамасынан өткізуді қажет деп біледі».

Үндеуде басқаны қорлау туралы бір ауыз сөз жоқ. «Тіл туралы» Заңның өзіне келер болсақ, ол қоғамдық ұйымдардың құзырындағы шаруа емес. Парламентте оған тіл саясатының өмірлік маңызы бар кезеңдері көрініс беретін өзгерістер енгізу жөніндегі жұмысшы тобы құрылып та қойды. Мәтінде жаңа редакцияны талқылауға қоғамдық ұйымдардың мүмкіндігі туралы айтылған. Демек, сіздер мен біздер де қатысамыз.

«ЛАД» қозғалысының келесі мәлімдемесі тіпті шындыққа жанаспайды. Алайда, сөзіміз дәлелді болу үшін одан мысал келтірелік:

3. «Жанашырлар» мәлімдемесінің оппозиция билік пен Президентті бұрынғы министр Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне жазғырып жатқан кезде жариялануы да керемет. Соған байланысты елде тәртіпті қамтамасыз етуге қабілетсіз деген желеумен Президенттің абыройын төгуге бағытталған ақпараттық науқан өрістеп тұр».

«Орыс, славян және казактар қауымдастықтары өкілдерінің арандатушылығына қарсы тіл жанашырларының мәлімдемесін» қазақ тілді газеттер 2006 жылдың 9 ақпанында жариялады. Қазақ халқының парасатты ұлдарының бірі Алтынбек Сәрсенбайұлының қайғылы қазасының 2006 жылдың 11 ақпанында болғанын құқық қорғау орындары мәлімдеді де. Сол себепті де «ладтықтардың» жаңағы пайымын арсыз жалғандық деп бағалаймыз. Оны басқаша айту мүмкін емес. Осы жағдайға байланысты мемлекеттік тіл жанашырларының сотқа жүгінуге де қақысы бар. Президентке теріс ақпар беру әрекеті – нағыз арандатушылық. Бұл – билікті тіл жанашырларына қарсы қою.

4. «Орыс ұйымдары сайлау кезінде Президент Назарбаевты қолдады. Біз оны қарсыластары қоғамға жік салуға талаптанып жүрген қазіргі кезеңде де қолдаймыз».

Статистика жөніндегі агенттіктің деректеріне сүйенсек, 1999 жылы Қазақстанда 4 миллион 72 мың орыс тұрыпты. Содан бері тарихи отанына олардың 9 пайызы көшкен. Президентке берілген 91 пайыздық дауысты басқа да қазақстандықтармен бөліскен дұрыс емес пе? Өйткені, Қазақстанда 15 миллион адам тұрады. Ұлттардың саны – 110-нан астам. Әзірге ұлттық сипаттағы бірде-бір қауымдастық Президентке берген дауыстарын бұлдап, саудаға салған емес. «ЛАД» қозғалысының басшыларына мынандай сауал қойғымыз келеді: «Сонда Президенттің «қарсыласы» кім деп есептейсіздер? Тұтастай қазақ халқын айтасыздар ма? Әлде мемлекеттің негізі болып отырған халықтың үздік өкілдері – Халық қаһарманы, жазушы Қ.Қайсеновты, Қазақстанның Халық жазушылары, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары С.Шәймерденовті, М.Әлімбаевты, Ә.Нұршайықовты, «Мемлекеттік тілге құрмет» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, Қазақстан халықтары Ассамблеясының мүшесі, Президенттің өз қолынан орден алған А.Османды, жазушы, Президенттік сыйлықтың иегері Г.Бельгерді айтасыздар ма?».

Қазақстан Президентінің достары мен «дұшпандарын» анықтап беру құқығын «ЛАД» қозғалысына кім беріпті? «Мемлекеттік тілді қолдау жөніндегі мәлімдемеге» қол қойған 36 адам және жергілікті жерлерде мәлімдемеге үн қосқан мемлекеттік тілдің мыңдаған жанашырлары үкіметтік құрылымдарда жоғары қызметтер атқаратын адамдардан өздерінің азаматтық құқықтарының сақталуын өтініп отыр. Қазақстан Ата Заңының 3-бабында: «Биліктің бірден-бір қайнар көзі халық болып табылады» деп жазылған. Соған сай біздің талабымыз да қисынды.

5. «ЛАД» қозғалысы бірде-бір нақты мысалы, немесе нақты кінәлар адамы болмаса да мемлекеттік тіл жанашырларын миллиондаған қаржыны текке шашып, одан пайда тауып отыр деп кінәлайды. Аталмыш жарияланымның авторлары аз ұлттардың тілін дамыту үшін олардың мәдени орталықтары арқылы мемлекеттің «жексенбілік мектептерді» жүйелі түрде қаржыландырып отырғанын білмей ме екен? Оған қоса мәдени орталықтардың қызметкерлері тұрақты еңбекақы алады. Ал «Мемлекеттік тіл», «Ұлт тағдыры» қозғалыстары, «Желтоқсан рухы» қоғамдық бірлестігі күні бүгінге дейін бір тиын мемлекеттен көмек алып көрген емес. Бұл жерде қазақ тілді қоғамдардың шеттетілгені айдан анық. Ең соңында «ЛАД» қозғалысы қазақстандықтарды былайша үрейлендірмекші болады:

«Ақиқатында, аталмыш Мәлімдеме Қазақстан мен Ресейдің өзара достық қарым-қатынасын күрделендіруді мақсат еткен. Ресейлік қауымдастықтың ТМД аумағындағы 5 миллион орыстың «тіл саясаты» құрбандығына айналуына қалай қарайтынын да аңғару қиын емес».

Әрине, Қазақстан «тіл саясаты» құрбандығына айналған ТМД-дағы 5 миллион орыстың тағдырына жауап бермейді. Бұл жерде сауатсыздық көзге ұрып тұр. «Ресейлік қауымдастық» «Орыс тілі» деген түсініктен басы бүтін ада Прибалтика мемлекеттеріндегі заңдарға көзін жұма қарайды. Украина мен Кавказ республикаларында да солай. Орыс тілінің толыққанды дамып, қолданылуына бірден-бір қолайлы жер Қазақстан ғана болып тұр. Тіпті сол Ресейдің өзінде кез келген адам азаматтық алу үшін орыс тілінен емтихан тапсыруы керек. Қазақстанда орыс тілі ешқашан екінші сортты тіл болған емес. Керісінше, өз отанында қазақ тілі бұрынғысынша екінші сортты қалпында қалды. Ол бүкіл әлемге аян.

Осы ақиқаттарды біле тұра, «ЛАД» қозғалысы мен басқа да күштер Ресей атымен ашық сипатта қорқытуға кірісті. Әйтсе де біздің салауатты отандастарымыздың пайымы мынадай:

П.Своик: «…русские в Казахстане – это, вообще-то действительно уже диаспора, что пора осознать, и – начать привыкать. Однако, это такая диаспора, на языке которой говорит практически вся страна, включая госвласти. Где еще есть такие диаспоры?»

М.Трошихин: «Если в будущем мы хотим, чтобы наши дети занимали хорошие должности, были в числе властьдержащих, то следует в первую очередь знать казахский язык».

«ЛАД» қозғалысының осы бір әрекетіне жауабымызды «Светоч» қоғамының директоры Алексей Лобанов пен Қазақстандағы орыс мәдени орталығының төрағасы Всеволод Лукашевтың сол «Навигатор» интернет-газетінде жарияланған мына бір пікірлерімен қорытындылағымыз келеді:

«Если рассмотреть вопрос в идее (в идеале), то никакой проблемы в природе нет. Право казахов на государственный язык вообще неоспоримо и естественно, как право дышать…

…крылатая фраза гласит: «Кто хочет делать – ищет средство, кто не хочет – ищет причину». Проблема казахского языка своей нерешенностью тяжелым бременем ложится на многие разделы нашей жизни и в интересах всего народа, всех граждан, чтобы вопрос вошел в плодотворное русло и перешел в рабочую, техническую фазу.

Да, мы разные, но едины в своих разностях, должны быть едины ради процветания и Казахстана, и своего собственного».

Қазіргі кезде мемлекетіміздің солқылдақ саясатының нәтижесінде қазақтардың үлкен бөлігі өз ана тілінде оқып, жаза алмайтын жағдайға жетті. Өз тілін мойындамау – өз анасын мойындамаумен тең. Тіл төңірегіндегі күресті ұлтшылдыққа да, ұлттық өзімшілдікке де жатқызуға болмайды. Сондықтанда біз өз ана тілін құрметтейтін кез келген орыс, немесе басқа ұлт өкілдерінің біздің алаңдаушылығымызды түсінетініне кәміл сенеміз.

«Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысы

«Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысы

«Желтоқсан рухы» қоғамдық бірлестігі

Серіктес жаңалықтары