«ЕЛГЕ ЖАНЫ АШИТЫН АДАМ АЗ БОЛЫП ТҰР ҒОЙ»

«ЕЛГЕ ЖАНЫ АШИТЫН АДАМ АЗ БОЛЫП ТҰР ҒОЙ»

«ЕЛГЕ ЖАНЫ АШИТЫН АДАМ АЗ БОЛЫП ТҰР ҒОЙ»
ашық дереккөзі

Сәрсенбіде өткен Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Мәжіліске заң жобасын алып келген Iшкі істер министрлігінің вице-министрі депутаттардың басын біраз қатырып тастады. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» Заң жобасын бірінші оқылымда депутаттар алдынан «өткізіп жіберуге» мүдделі Бауыржан Мұхамеджановтың орынбасары, вице-министр Алик Шпекбаев өзі жасап отырған баяндамадан аса хабары жоқ болып шықты. Негізінен, заңмен Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті жұмыс істеген. Заңды дайындаған жұмысшы топтың басшысы – оралмандар мәселесімен жақсы таныс депутат Уәлихан Қалижан. Сонымен заңда негізінен төрт мәселе қарастырылды.

Біріншіден, Қазақстанға келіп жұмыс істейтін шетелдіктерді рәсімдеп, тіркеуден өткізу жайы;

Екіншіден, елден шығарылып жіберілген шетелдіктердің кейіннен ел аумағына қайтып келуінің мерзімін анықтау;

Үшіншіден, ел аумағына жұмыс істеуге келген шетелдіктер Қазақстан заңына қайшы әрекеттер жасаған жағдайда, оны шақырушы тарап немесе жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру;

Төртіншіден, Қазақстанға келетін шетелдіктердің өз бизнесін ашуы үшін нендей талаптарға сай болуын анықтау.

Заң жобасынан түсінгеніміз, кез келген шетелдік азаматтың заңды тұлға ретінде Қазақстанда кәсіпорын ашуға қақысы бар. Ол кәсіпорындағы құрылтайшылардың 70 пайызы жергілікті азаматтардан құрылуы тиіс. Ал қалған 30 пайызын жұмыс беруші өзі қалаған елден алып келуге мүмкіндігі бар. «Персона нон-грата» болып жарияланған кез келген жан бес жылдан кейін Қазақстанға қайтып келе алады.

Халық қалаулылары үш сағат бойында осы заңды жан-жақтан талқылап, аса белсенді болып көрінді. Министрлік пен комитет дайындаған заң жобасындағы кәсіпорындағы шетелдіктер мен қазақстандықтардың ара-қатынасының 30/70 етіп белгіленгені депутаттарды біраз «ойландырып» тастады. Нұртай Сабильянов: «Бұл дегеніміз жұмысшылар саны 10 000 адамды құрауы тиіс бір компаниядағы 3000 адамның Қытайдан келуімен тең жағдай. Ондай компаниялардағы жергілікті жұмысшылар санын 70 пайыздан, 80-90 пайызға дейін арттыру керек» деп ұсыныс айтты. Вице-министр «Ескереміз!» деп құтылды. Депутат Төлебек Қосмамбетов сол 70 пайыз деген санның шығу тегін білгісі келді. Ал депутат Тоқтар Әубәкіров Заң жобасында ішкі істер органдарының шетелдік азамат құрған кәсіпорынды тексерместен екі апта бұрын хабарландыратыны қызық екен. Бүйтетін болса, оны тексерудің не қажеті бар деп таңданады. Шындығында да, шетелдік азамат басқаратын кәсіпорындар екі апта ішінде тексеріске жақсылап дайындалып үлгереді ғой. Енді бұл арада күмәнді, ашықтыққа ие емес жайттар жиі орын алатын шығар. Қызылорда облысынан сайланған депутат Әубәкіров қазіргі күні Қызылордада қытайлардың өріп жүргенін айтып, олардың былтырғыдан да көбейгенін еске алды. Ел аумағында жүрген көршілеріміздің нақты саны мен олардың Қазақстанға тамыр жайғаны жөнінде ақпараттар сұрады. Вице-министр Алик Шпекбаев қытайлардың санын былайша санамалап берді. Оның айтуына қарағанда, жалпы ханзу ұлтының өкілдері арасында Қазақстан азaматтығын қабылдағандардың саны соңғы 5 жыл ішінде 6 адамға жеткен. Ал Қазақстан азаматтарымен некеге тұрғандардың саны қазір 78 екен. Қазақстан азаматтарымен некеге тұрғандар негізінен Алматы қаласы мен Алматы облысын қоныстанған екен. Бірақ, жыл сайын Қытайдан келетін жұмыс күші артуда. Мысалы: 2003 жылы 17 мың жан, 2004 жылы 28 мың жан, 2005 жылы 34 мың жан келген. Соның 65 пайызы немесе 19 мыңы қазақтар болса, қалған 15 мың жан өзге ұлт өкілдері. Бірақ, Қытайдан ағылып келіп жатқан адамдардың мұндай нөпірді құрағанына қарамастан, Қазақстанда тұрып жатқан қытайлар саны 550-ақ адам екен. Бұл Iшкі істер вице-министрінің аузынан шыққан ақпарат. Бұл министрліктің тіркеуінен өткен қытай азаматтарының саны ғана болса керек.

Депутат Амангелді Айталыны жеңілдетілген түрде азаматтық алaтын жандардың (оралмандардан басқа) негізінен қайдан келетіні, кім екені қызықтырған. Вице-министр нақты жауап бере алмады. Жалпы, мінберде міңгірлеп тұрған вице-министрдің жауаптарына көңілі толмаған депутаттар, дәлірегінде депутат Амангелді Таспихов бұл мәселемен айналысу функциясының не үшін Iшкі істер министрлігіне бұйырғанына таңданды. Вице-министр Шпекбаев өзі алып келіп отырған жобаны «Отандық еңбек рыногін қорғауға арналған» деп суреттегенімен, өзі бұл заң жобасын аса анық түсіне алмаған cекілді. Мұны онымен бірге заң жобасын сүйреген «серіктесі» Уәлихан Қалижан да мойындап қойды. Шпекбаевтан толыққанды дұрыс ақпарат ала алмайтындығымызды біліп, Уәлихан Қалижанды сөзге тартқан едік:

– Уәлихан Қалижанұлы, сіздер дайындаған заң жобасы шала сияқты ғой? Бұған не дер едіңіз?

– Жоқ. Біріншіден, кез келген заң жобасы жұмысшы тобында қаралады. Осы заң жобасы 7 рет қаралып, талқыланды. Бірақ, біздің көптеген әріптестеріміз заң жобасымен жалпы отырысқа келгенде ғана танысады, кейбір мәселелердің байыбына бара бермей мұнда келіп сұрақты жаудырады. Бұл бүгін бірінші оқылымда қаралуда. Депутаттардың айтқан нәрселерін ескереміз. Өйткені, тиісті эксперттер шақырылады. Пысықтайтын боламыз.

– Заңды таныстыруы тиіс вице-министр нақтылықтан алыстап кеткендей болып көрінді.

– Бұрын осы заң жобасымен Курбатов деген вице-министр айналысқан. Ол кісі қазір өзге жұмысқа ауысып кетті де, заң мәселесімен айналысу ісі жаңа вице-министр Шпекбаевқа жүктелді. Бұл кісі заңның ішкі жайттарына, технологиясына аса зер салып қарамаған секілді. «Көш жүре түзеледі» дегендей, Шпекбаев келесі екінші оқылымға дейін бұл мәселені менімен тең дәрежеде игеретін болады.

– Мәселе, заңды алып келген адамға тіреліп отыр, ал негізінен заңда кемшілік жоқ демексіз бе?

– Заңда кемшілік жоқ. Енді депутат болғаннан соң әртүрлі сауалдар қойылады ғой. Негізгі мақсат азаматтығы жоқ жандардың Қазақстанда жүріп-тұруының табиғатын ашу. Олардың мұнда не үшін келгенін біліп, көші-қон процесіндегі бақылауды арттыру.

Мысалы, бұған дейін Қазақстанда еңбек ететін шетелдіктерді заң бұзғаны үшін кері қайтаратын кезде (департация процесі) бюджеттен 13 млн.теңге бөлінетін еді. Ал енді осы заң бойынша, заң бұзған шетелдіктерді елден өз қаржысымен кетуді міндеттемекпіз. Бұған қоса, әйелі өзбек, күйеуі қазақ, немесе керісінше болып түзілетін отбасылардың, аралас неке өкілдерінің елге келген кезіндегі ахуалын қарастырдық.

– Ал заңдағы жергілікті қазақстандықтардың үлес салмағын 80 пайызға көтеру керек деген ұсынысқа қалай қарайсыз?

– Жұмысшы топтың жетекшісі ретінде, ондай ұсынысқа еш қарсылығым жоқ.

Осы заң жобасының негізі туралы толық ақпарат ала алмаған Амангелді Айталы былай дейді:

– Заңның шала екені көрініп тұр. Мен қазір комитетке кері қайтарайық деген ұсыныс айтамын. Қанағаттанғаным жоқ.

– Заң комитетке кері қайтарылмайтын секілді ғой!

– Қайтарылуы тиіс. Заң өте шала.

– Министрлік өкілдері Парламентке көбіне осылай шала заңдармен келеді екен. Оны қатайту механизмінің мүлде жоқ болғаны ма?

– Бұл алғашқы болып отырған жайт емес. Шала Үкімет, шала министрліктер, шала заңдар, шала қызметкерлер…

– Тіпті, бұған әбден үйреніп алған сияқтысыздар ғой?

– Ештеңе етпес, өтіп кетер деп заңдарын арқалап келеді. Арғы түбі елге жаны ашитын адам аз болып тұр ғой. Біздің көптеген шенеуніктердің мақсаты заңды әйтеуір өткізіп жіберу, оның сапасына көңіл бөлмейді. Мынау енді соның бір көрінісі. Бірақ, оған депутаттың еті өлмеуі керек.

Депутат Амангелді Айталы «Заң жобасын комитетке кері қайтарайық. Бірден мақұлдай жөнелмейік» деген ұсыныс айтқанымен, дауыс берген әріптестері заңды бірінші оқылымда қабылдап жіберді.

Гүлнәр Мұқанова