50 ЕЛ ҚОЛ БҰЛҒАЙДЫ

50 ЕЛ ҚОЛ БҰЛҒАЙДЫ

50 ЕЛ ҚОЛ БҰЛҒАЙДЫ
ашық дереккөзі
213

Бiрақ Қазақстанды сол елудiң қатарына қосатындай Ахметовтiң айбарын байқамадық

Кеше Парламенттiң бiрiккен отырысында депутаттар мен министрлер қапыда қаза болған қоғам қайраткерi, белгiлi саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлын бiр минуттық үнсiздiкпен еске алды.

Бiрiккен отырыс Премьердiң есебiн тыңдауымен ерекшеленген. Ол Қазақстанның 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасын немесе елдi бәсекеге шыдамды 50 елдiң қатарына енгiзудiң алғашқы баспалдағы болуы тиiс құжатты Парламентке алып келiп, бiр жарым сағат бойы депутаттар алдында 76 беттен тұратын құжаттың тұсаукесерiн жасағанымен, құжаттың елдi елу алыптың алдына шығаратындай айбарын байқамадық. Бағдарламаның шымылдығын мемлекеттiк тiлде ашқан Даниал Ахметов әрi қарай оны ресми тiлде жалғастырып әкеттi. «Бағдарлама 2030-жылдарға дейiнгi даму стратегиясын онан әрi жүзеге асыруға бағытталған» дейдi Даниал Ахметов. Қазақстан дамыған елдер қатарына қосылу үшiн әлемдiк институттардың бәсекеге шыдамдылық индексiн есептегенiн айтып өттi. «Ол үшiн макроэкономика мен мемлекеттiк және жеке меншiк институттарды, денсаулық, бiлiм беру салаларын, еңбек рыногi мен инновация, технология салаларындағы позициямызды күшейтуге тиiспiз» дедi премьер. Қысқаша ғана тоқталсақ, осы бағдарлама жүзеге асуы тиiс екi үш жылдың iшiнде Жалпы Iшкi өнiмнiң жылдық көрсеткiшi 9 пайызды құрауы тиiс екен. Жалпы Iшкi өнiмнiң жан басына шаққандағы мөлшерi де ұлғаймақ.

Премьер әлеуметтiк-экономикалық жағдайды премьер сөзбен «қатырып» тастады. Бүкiл жоспарын бiр сыдырғы етiп, қағаздан басын алмастан оқып бердi. Бiрақ, мұны дамыған елу елдiң қатарына жетелеп апаратын бағдарлама деуге қимайсың. Экономикадағы, әлеуметтiк салалардағы қордаланып қалған мәселелердi шешудiң нақты механизмдерi жасалынбаған, «бiр қайнауы iште қалғандай» жоба болып көрiндi. Сала-сала бойынша бөлiп қарастырғанымен, осыдан бiрер ай бұрын Президент айтқан тапсырмалардан ауытқып кеткен көрiнедi. Макроэкономикалық көрсеткiштердi тiлге тиек еткенде, Президент бюджеттiк, салық саласындағы кемшiн тұстарды көрсеткен едi. Премьер тек сол жайттарды ескерiптi. Тарифтiк қадағалау жөнiнде де бiр-екi сөйлемiн қиды. 2007 жылдың 1 шiлдесiнен бастап, мұнай газ саласынан түсетiн қаржының бюджетке емес, Ұлттық Қорға бағытталуын Премьер инфляцияға тосқауыл болатын мүмкiндiк ретiнде көрiп отыр. Үлкен-үлкен мегахолдингтердiң кәсiбiнен тыс функцияларын орта және шағын бизнеске алып беру жайлы механизмдер жасалынып жатыр дейдi Премьер. Ол механизмнiң бiр жылдың iшiнде не үшiн жасалынып бiтпегенiн бiле алмадық.

Алматы қаласының қаржы орталығы болуы үшiн жасалынатын жайттарды да айтып өттi.

Қоршаған ортаны қорғау, оқу-ағарту, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет салаларын да шолып өттi премьер, ал мемлекеттiк тiл мәселесiне келгенде, депутат Шаханов айтпақшы, «76-беттiк бағдарламаның жарты абзацын ғана қазақ тiлiне қиған» Ахметов: «Қазақ және елдi мекендейтiн өзге де халықтардың тiлiн дамыту үшiн қаржының бөлiнетiндiгiн, мемлекеттiк тiлдi меңгертуге мұрындық болатын орталықтардың құрылатындығын» айтты. Ал Премьерге депутаттық сауалдар қойғанда, ең алдымен сөз алған Шахановтың «мемлекеттiк тiлдiң жәйi» жайлы сұрауына, ең соңғы болып жауап берген Даниал Ахметов: «Мен бұл мәселе жөнiнде бәрiн бiрдей, келiстiремiн, қырып-жоятындай iс атқарып тастаймын деп айта алмаймын. Бiрақ, бюджеттен қаржы бөлiнiп жатыр. Бюджеттi жоспарлау мiндетi мойнына жүктелген Келiмбетовке арнайы тапсырмалар берiлдi» деп айтты.

Премьердiң Парламентке арнайы ат басын тiрегенiн пайдаланған депутаттар кеңiнен көсiлгiсi келiп бақты. Рауан Шаекин мүлiктi заңдастыру жайлы заң жобасына шүйлiктi. «Бiз дәл осындай қадамға 2001 жылы да барғанбыз.Сол кезде жалғыз рет болатын акция деген едi Үкiмет. Ендi тағы да мүлiктi заңдастырмақпыз. Мұның не керегi бар?» дейдi Шаекин. Әр депутат өзi сайланған округтың мүддесiн қорғауға көштi. Ал Даниал Ахметов бәрiне де нақты жауап берiп отырды. Жауап бергенде қалай, жауапты қағаздан оқып берумен шұғылданды. Мұнан кейiн әрине, қойылар сауалдар мен жауаптарды «алдын-ала» бiлiп отырған Даниал Кенжетайұлының көрегендiгiне таңдай қағасың. Бәлкiм, оған депутаттардың да қатысы болар…

Нұртай Сабильянов өзi сайланған аудандардағы аналардың 18 жасқа дейiнгi балаларына әлеуметтiк жәрдемақыны алуда қиындықтарға кезiгiп отырғанын айтып, депутаттық сауал жасады. «Жарма, Аякөз аудандардындағы 21 елдiмекенде болған кезiмде негiзiнен көтерiлген мәселе балаларға арналған әлеуметтiк жәрдемақыны ала-алмай жүрген аналардың шағымы. Ауылдық жерлерде балаларына арналған 1030 теңгеге қол жеткiзе алмай жүргендердiң қарасы көп. Осы бiр ақшаны жұртқа бергiзбей, әртүрлi анықтама сұрайтын көрiнедi. Жағдай неге бұлай қалыптасып отыр?» деп сұрады ол Премьерден.

Бiз осы мәселеге жауапты министр Гүлжан Қарағұсова ханымды сөзге тартқан едiк. Қысқа сұхбатымыз мемлекетiк тiлде жүргендiктен, Гүлжан Жанпейiсқызының сөзiн сол қалпында берiп отырмыз:

— Гүлжан Жанпейiсқызы, жаңағы депутаттық сауалды тыңдадыңыз. Не айтасыз? Ауылдық жерлердегi аналар өз балаларына әлеуметтiк жәрдемақыны аларда неге көп кедергiлерге кезiгiп отыр?

— Мен айттым. Бiз наурыз айында бәрiн жинаймыз. Бiз оларды ұрып аламыз. Тiптi, әкiмдерiн де. Олар бiздi аямайды, бiз де оларды аямаймыз.

— Сол ақшаны алу үшiн анықтаманың керегi жоқ қой?

— Жоқ, керегi жоқ. Анықтама басқаша, үйiн қарауға керек. Ол табыс қой.

— Сонда, жергiлiктi жерлердегi әкiмшiлiктердiң әрекетi заңсыз болғаны ғой?

— Иә, иә, заңсыз!

— Жергiлiктi жерлерде неге бұлайша әрекет етiп отыр деп ойлайсыз?

— Бiз қазiр айта алмаймыз. Оның бәрiн қарап, зерттеп, тексеруiмiз керек. Наурыз аяғында бәрiн жинаймыз. Балаға жәрдемақының төленiп жатырғанына бiр жарым-aқ ай болды.

— Сонда, сiздiң министрлiк тарапынан еш қателiк жоқ, бәрiн «бүлдiрiп» отырған аудандар болды ғой.

— Иә, иә, бәрi солардың кесiрi, бiз оны жақсылап қараймыз.

— Осы әлеуметтiк көмектiң сомасын аз деп ойламайсыз ба?

— Жоқ, аз емес. Заңда солай жазылған. Сол Заңға сәйкес, бiз мың жарым теңгенi берiп отырмыз.

Сонымен, Премьер ұзын-сонар бағдарламасын сыдыртып оқып берiп, өз мiндетiнен құтылды. Парламент депутаттары ол бағдарламаға көңiлi толмағандығын айтып жатты. Бiрақ, мiнберде бағдарламаның кемшiн тұсын айтқан жанды көрмедiк. Күңк-күңк сөздер Парламент дәлiзiнен әрi аспады.

Гүлнәр Мұқанова

Серіктес жаңалықтары