ШЫҒЫСАЗИЯЛЫҚ САММИТ
ШЫҒЫСАЗИЯЛЫҚ САММИТ
Шығыс Азия мемлекеттерiнiң бiрiгуi кейiнгi кездерi жүйкелерi жиi сыр берiп жүрген кейбiр алпауыт елдерге сын болмақ. Ал Жапония мен Қытай арасындағы алауыздық Оңтүстiк-Шығыс Азия елдерiнiң ынтымақтастыққа деген ынтасына керi әсерiн тигiзедi. Өз пайдасы үшiн Кремль Азия алпауыттарының бұл интеграциялық процесiнен шет қалмайтыны анық. Оның бiр дәлелi, Малайзия Ресейден 1 миллиард долларға жуық қаржыға қару-жарақ сатып алатын боп келiстi. Ал қашан да көштiң соңында жүретiн Қазақстан бұл жолы да қолда бар мүмкiндiктi пайдалана алмады.
1999 жылы Малайзияның сол кездегi премьер-министрi Махатхир Мохамад Азия аймағын тұтас шарпыған қаржылық дағдарыстан кейiн есiн жинай бере қатты өкiнген. «Егер, аймақтық монетарлық қор болғанда, 1997-1998 жылдардағы шығысазиялық дағдарыстан осыншама орасан зор зиян шекпес едiк»деп. Жапония 1997 жылы Азиялық монетарлық қор құруға ұсыныс жасаған. Алайда Токионың бұл бастамасы Махатхирдiң 1990 жылғы Шығысазиялық экономикалық қауымдастық (ШАЭҚ) құру туралы бастамасының көлеңкесiнде қалып қойды. Экс-премьердiң алысты көздеген жоспарына «ер-тұрманын бауырына ала тулаған» Вашингтон азиялық аймақты iштен iрiтетiн әрекеттi шамасы жеткенше жасап бақты. АҚШ-тың бұрынғы Мемлекеттiк хатшысы Джеймс Бейкер естелiк кiтабында Махатхирдiң ойын жүзеге асырмау үшiн әрекет еткенiн мойындапты. Бiрақ соған қарамастан, азиялық аймақтағы елдер бiрiгуге мүдделiлiк танытты. Өткен аптада ресми Куала-Лумпур (Малайзия) Оңтүстiк-Шығыс Азия елдерi ассоциациясына (АСЕАН) мүше 10 мемлекеттiң жетекшiлерi мен Жапония, Қытай, Оңтүстiк Корея, Австралия, Жаңа Зеландия және Үндiстан басшыларының басын қосқан Шығысазиялық қауымдастықтық құрылтайшы кеңесiн өткiздi. Шығысазиялық ту астына жиналғандар әрекетiнiң астарында, әрине, саяси сарын бар. Мысалы, Мохамад Жапонияны Шығыс Азияның жетекшi мемлекетi ретiнде қарастырса, Пекин керiсiнше, шығысазиялық аймақтағы саяси ойынның басты ойыншысы Қытай деп қабылдайды. Өйткенi, шығысазиялық саммиттi өткiзуге мұрындық болған – аспан асты елi. 2005 жылдың тамызында Лаостың астанасы Вьянтьяндағы азиялық мемлекеттердiң Сыртқы iстер министрлерi жиналған кездесуде Пекин Американың қатысуынсыз, «Шығысазиялық саммит» деп аталатын үлкен шараның жоспарын ұсынған болатын. Азия аймағында алғаш рет ұйымдастырылған аса iрi шараға «күштiлер мен ықпалдылар саммитi» деп баға берген Малайзияның қазiргi премьер-министрi Абдолла Бадауи басқосуда аса маңызды құжаттарға қол қойылатынын алдын ала мәлiмдеген.
Шығысазиялық қауымдастықтың саммитiн Сингапурдегi Қорғаныстық және стратегиялық зерттеулер институты басшысының орынбасары Амитав Ачарья «Жетекшiсiз саммит» деп атады. Алайда сырт қарағанда, көсемдiкке аса құлшынбайтындай көрiнетiн Азия алпауыттары – Қытай, Жапония мен Үндiстанның көкейiнде көсемдiктi аңсаған арман жатқаны анық. АСЕАН блогының 1997 жылғы дағдарыстан құлан-таза айығып кетпеуi де «жығылған үстiне жұдырық» болып отыр. Ал Пекин ұсынған шығысазиялық саммиттiң азиялық аймақтағы экономикалық өсу деңгейi өзара байланыстың нәтижесiнде жоғарылап келе жатқан кезеңде өткiзiлуi де тегiн емес. АСЕАН блогы экономикалық және әлеуметтiк тұрғыда орасан зор шығынға ұшырататын қаржылық тұрақсыздық, лаңкестiк пен табиғи апаттардан туындайтын кез келген дағдарысты жүйелеуге бейiмделуге мүдделi. Сарапшылар пiкiрiнше, саммит – азиялық елдердiң аймақтық ынтымақтастықты қалыптастыруға деген алғашқы қадамы. Әрине, азиялық-тынықмұхиттық құрылымдарға (мысалы, «Азиялық-Тынықмұхиттық экономикалық ынтымақтастық» форумы) қарағанда, шығысазиялық ынтымақтастықтың iргетасы әлдеқайда берiк екендiгi даусыз. Саммиттiң о баста ұстанған қағидасы Шығысазиялық қауымдастықтың саммитiне АҚШ-ты шақырмау болатын. Бiрақ қазiргi премьер Коидзумидiң арқасында АҚШ-пен екiжақты ынтымақтастық және қауiпсiздiк одағын құрып үлгерген Жапония сияқты Құрама Штаттарға iштартатын мемлекеттер басқосуда Вашингтонның мүддесiн қызғыштай қоруға тырысты. Негiзi Қытайдың ай-шайға қарамастан өзге елдердi билеп-төстеуге тырысуынан көңiлге секем алған Жапония, Сингапур мен Индонезия аспан асты елiнен Үндiстан, Австралия мен Жаңа Зеландияны саммитке қатыстыруды талап еттi. Сондықтан «Шығысазиялық қауымдастық ұйымдастырған саммитке шығыстыққа да, азиялыққа да жатпайтын Австралия мен Жаңа Зеландияның арнайы шақырылуы тегiн емес» (Махатхир Мохамад). Азиялық интеграциялық процеске тежеу салып отырған басты мәселелердiң бiрi Оңтүстiк-Шығыс Азия аймағының ауқымына қатысты. Үндiстан мен Жапония Шығысазиялық қауымдастықтың ауқымын неғұрлым кеңейтудi көздесе, Қытай керiсiнше, қауымдастықтың шеңберiн АСЕАН мен Австралия, Жаңа Зеландия және Үндiстан сияқты аймақтық алпауыттармен ғана шектеудi жөн көредi. Пiкiр қайшылығына себеп болған бұл проблема уақыт еншiсiнде болғандықтан, оның қалай шешiлетiнi әзiрге белгiсiз.
АҚШ Мемлекеттiк хатшысының Шығыс Азия елдерi жөнiндегi кеңесшiсiнiң орынбасары Эрик Джон шығысазиялық саммитке Буш әкiмшiлiгiнiң аса алаңдамайтынын мәлiмдедi. Алайда сырт көзге сабырлы көрiнуге тырысқанмен Вашингтонның көңiлiнде түйткiл бар: аймақтық бiрiгуге мүдделiлiк танытқан азиялық елдердiң АҚШ-ты өзекке тебуi бiрнеше айдан берi Құрама Штаттардағы саяси топтардың қызу пiкiр таласына арқау болды. Америкалық конгресмендердiң кейбiрi тiптi, «қолын мезгiлiнен кеш сермеп» қалған Кондолиза Райс пен оның командасын отставкаға жiберу керек» деп аттанға басты. Ал 2005 жылдың маусымында АҚШ-тың Қорғаныс министрi Дональд Рамсфельд азиялық аймақтық ынтымақтастықты қолдайтын елдердi Құрама Штаттармен тiзе қоса отырып, әрекет етуге шақырған. Арада 3 ай өткенде АҚШ Мемлекеттiк хатшысының орынбасары Роберт Зеллик «егер Қытай Шығыс Азияға үстемдiк жүргiзуге және ықпал етуге тырысса, АҚШ-тың Қытайға деген алаңдаушылығы арта түсетiндiгiн» ескерттi. Зеллик АСЕАН блогын, Жапония мен Австралия және басқа елдердi «АСЕАН аймақтық форумы мен АТЭЫ форумының гүлденуi мен аймақтық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету үшiн» АҚШ-пен ынтымақтастық қарым-қатынас орнатуға үндедi. Халықаралық сарапшылар қауымы: «Куала-Лумпурдегi саммит шығысазиялық аймаққа үстемдiк етудi көздейтiн Қытайдың қауқары мен қарымын сынға салса, кейiнгi кездерi тек Ирак мәселесiмен бас қатырып жүрген Вашингтонның Шығыс Азия аймағына көңiлiн аударуға түрткi болады» дейдi. Алайда бiрнеше жылдан берi жүзеге асыруды жоспарлап отырған игi бастамаға аймақтық державалар – Жапония мен Қытай арасындағы екiжақты қарым-қатынастың ушыға түсуi керi әсер етуi мүмкiн. Оған Жапонияның ықпалын әлсiрету мақсатында Қытай жүргiзген ұлтшылдық саясаты себеп. Премьер Дзюнъитиро Коидзуми мен жапондық шенеунiктер Токиодағы Ясукуни шiркеуiне бас сұқса-ақ, аттанға басатын Пекин шiркеу мәселесiн шабуыл жасаудағы «сүйiктi» тәсiлiне айналдырып алған. Коидзумидiң шiркеуге барып 1894-1895 және 1937-1945 жылдардағы басқыншылық соғыстарда қаза тапқандар үшiн дұға қылуы «қытығына» тиiп кеткен, әрi Оңтүстiк Корея қолтығына су бүрiккен Қытай Жапониямен арадағы үшжақты қарым-қатынасты дамытуға арналған жыл сайынғы кездесудi кейiнге қалдырды. Өйткенi, Ясукуни шiркеуi – кезiнде жапондық басқыншылардан құқай көрген азиялық мемлекеттердiң беттерiне шiркеу болған ғимарат. Халықаралық саясаттанушылар тығырықтан шығар жолдың бiреу-ақ екендiгiн айтады: «Жапондық билiк бұған дейiнгi басқыншылық бағытты ұстанған соғыстарға қатысы жоқ жаңа бiр әскери ескерткiш орнатуы керек. Ал Қытай Жапонияның елге орасан зор шығын келтiрген соғыстар мен басқыншылық әрекеттерi үшiн сұраған кешiрiмiн қабыл алып, жапондық премьермен кездесуден бас тартуды тоқтатуы тиiс». Батыстық басылымдардың кейбiрi: «АҚШ Малайзияның экс-премьерi Махатхир Мохамадтың азиялық бiрлiктi аңсаған арманына алаңдамаса да болады. Себебi, Қытай мен Жапония өзара тiл табысып, ынтымақтастыққа мүдделiлiк танытпайынша, Махатхирдiң азиялық аймақты бiрiктiрудi көздеген жоспары орындалмайды» деп «тон пiшуде».
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ