НАН БОЛСА, ӘН ДЕ БОЛАДЫ

НАН БОЛСА, ӘН ДЕ БОЛАДЫ

НАН БОЛСА, ӘН ДЕ БОЛАДЫ
ашық дереккөзі
748

Желтоқсан айы ауыл шаруашылығы үшiн онша қолайлы уақыт емес сияқты. Дегенмен, осы айдың орта тұсы аграрлық салаға қатысты жаңалықтарға толы болды. Осы кезде Қазақстанда 2003-2005 жылдарға арналған 3 жылдық «Ауыл» бағдарламасының қорытынды нәтижелерi жария етiлдi.

Ал Қытайдың Гонконг қаласында желтоқсанның 13-i мен 18-iнiң аралығында Бүкiләлемдiк сауда ұйымының (БСҰ) кезектi конференциясы болып өттi. Оның да басты тақырыбы – ауыл шаруашылығы. Дәлiрек айтқанда, Гонконгтағы басты дау туғызған мәселе – дамыған елдердiң өз аграрлық салаларын субсидиялаудан (яғни оларға тегiн қаржылай көмек көрсетуден) бас тартуға келiспеуi болды.

Ал Қазақстанда «Ауыл» бағдарламасының аяқталуына қатысты ешқандай айтыс болған жоқ. Өйткенi бәрi ойдағыдай аяқталған сияқты. Бағдарламаның алғашқы жылы осы үш жыл iшiнде мақсатты негiзде 150 млрд. теңге көлемiнде ақша шығарылатыны айтылған. Қазiр «Ауыл» бағдарламасы аяқталған тұста, жұмсалған қаржының межелi деңгейден бiраз асып түсiп, 200 млрд. долларға жеткенi жария болып жатыр.

«БIРЕУДIҢ ЖОҒЫН БIРЕУ ӘН АЙТЫП ЖҮРIП IЗДЕЙДI»

Осы жерде бiр айта кететiн нәрсе – осы екi оқиғаның өзара байланыстылығы. «Ауыл» бағдарламасы Қазақстан ауыл шаруашылығын елiмiздiң БСҰ-ға кiруiне байланысты пайда болуы мүмкiн қиындықтарға мейлiнше мұқият дайындау мақсатында жоспарланып жасалған болатын. Қазiр ендi аталған 3-жылдық та аяқталып, БСҰ кiру уақыты да келiп қалды. Әрi қарай не болмақ. Осы мәселе төңiрегiнде ой қозғап өкрелiк.

Осыдан бiраз уақыт бұрын бiздегiлер «Бүкiләлемдiк сауда ұйымына кiрудiң Қазақстан үшiн қандай әсерi болуы мүмкiн?» деген тақырыпта зерттеу жүргiзу мақсатында Еуропалық Одақтың мамандарына тапсырыс берiптi. Бұлардың жауабының қандай боларын алдын ала дөп басып айту қиын емес едi. Өйткенi сол қадамның бiздiң ел үшiн терiс әсерi болуы мүмкiн дегендей тұжырымның дамыған әлемнiң өкiлi болып табылатын адамдардың аузынан шығуының нонсенс, яғни ақылға сыймайтын нәрсе болып көрiнерi хақ. Бұл жерде бiз Батыс мамандарының бiлiгiн жоққа шығарғалы жатқан жоқпыз. Бiрақ қазақ айтады: «өзiм дегенде, өгiздей қара күшiм бар» не «бiреудiң жоғын бiреу ән салып жүрiп iздейдi».

Сол сияқты бұл жерде әркiмге өз мүддесi жақын. Және сол әркiм өзiнiң мүддесiнiң басқалар мүддесiнен жоғары тұруын заңды деп есептейдi. Бiрақ адам болған соң, жұрттың бәрi бiркелкi болмайды. Мәселен, сол Еуропаның өзiнде де Еуропалық Одақтың мүддесiне сай экономикалық саясатты барынша негiздеушi ресми мамандар да, олардың осынысын даму жағынан артта қалған адамзаттың басым көпшiлiгiн тұқыртып ұстауға талпыну деп бағалаушылар да бар. Бұлардың әр жағының өзiндiк аргументтерi бар. Әрине, бiздегiлер ресми құрылымдармен байланысты мамандарға жүгiнедi. Бұлар «Ойбай, сiздерге Бүкiләлемдiк сауда ұйымына кiргеннен басқа амал жоқ» деп шығады. Басқалай айтуға олардың аузы бармайды. Ертең iс насырға шапса, «сiздердiң үкiметтерiңiз ананы дұрыс iстемедi, мынаны дұрыс қылмады», – дегендей дәлелдер табылады. Бұл тәжiрибе жүзiнде талай тексерiлiп, байқалған құбылыс. Ал бiздегiлердiң ең жақсы және ақшасы дайын деген бағдарламаның өзiн жүзеге асыруға келгенде де, мардымды ештеңе шығара алмайтынына талай рет көзiмiз жеткен. Сондықтан оның артынан сырттағылардың әлгiндей себеп айтуына негiз тауып берерiне ешбiр күмән жоқ.

Осындайдың артының қалай боларына көз жеткiзу үшiн мысал қажет болса, оны алыстан iздеудiң қажетi жоқ. Көршi, оның үстiне бауырлас, әрi тағдырлас қырғыз елiнiң басынан кешкенiне назар аударалық. 1990-ыншы жылдардың орта шенiнде Қырғызстан сол шетелдiк экономикалық және саяси сарапшылар тарапынан реформа жүргiзу жағынан Орталық Азиядағы ең озық мемлекет деп дәрiптелдi. Естерiңiзде болар, онда ұлттық валюта бiздiң аймақта бiрiншi болып енгiзiлдi. Ол ол ма, осы ақша Орталық Азиядағы ең салмақты ақша деген атаққа ие болды.

Қазiр тап сондай реформалық көш бастаушы атағына аймақта Қазақстан ие. Әлгi сол сырттан келген мамандар осыдан 10 жыл бұрын ресми Бiшкекте басшылыққа БСҰ (Бүкiләлемдiк сауда ұйымы) туралы айтқанын бүгiн бiздiң Астанадағы басшыларға айтып жатыр. Көршi Қырғызстанға әлгi ұйымға кiргеннен не қайыр болғанын бiз көрiп отырмыз. Ал ана мамандардың бұны ендi көргiсi де, бiлгiсi де келмейдi. Бәрiне ендi абыройы айрандай болып төгiлiп, билiктен кеткен А.Ақаевтың режимi кiнәлi болып шығады. Бұл шындығында да солай.

Өйткенi аталмыш шешiмдi қабылдаған – соның үкiметi. Мемлекеттiк деңгейде қабылданған кез келген шара үшiн, кез келген қадам үшiн ол бойынша ақыл-кеңес берген эксперт-мамандар емес, сол тұста билiктiң иесi болған елбасы мен үкiмет жауап бередi. Өйткенi ертең нәтиже терiс болып шықса, аналар да бар кiнәнi осы екеуiнiң мойнына iледi. Бұл дұрыс та. Өйткенi билiк дегенiмiз – бұл ең алдымен жауапкершiлiк. Қоғамның, ел-жұрттың алдындағы жауапкершiлiк. Сондықтан билiктегiлер ақылшылардың айтқанына ғана емес, қоғамдық пiкiрге де құлақ асуға тиiс.

БIЗДIҢ ШАРУАҒА ЕНДI ДОТАЦИЯ ЖОҚ

Ал бiздiң үкiметтегiлер Қазақстандағы қоғамдық пiкiрдiң БСҰ-ға кiру қадамына қатысты қаупiн сырттан шақырылған ақылшылардың тұжырымдарына сүйене отырып сейiлткiсi келедi.

Басшылардың өз ауыздарынан шыққан сөздерге қарағанда, үстiмiздегi 2005 жылдан соң қайтарымы болмайтын, яғни субвенциялық көмек доғарылуға тиiс. Неге? Өйткенi Қазақстанда ол БСҰ-ға кiргеннен кейiн мемлекет ауыл шаруашылығын дотациялаудан бас тартуға мiндеттi екен. Осыған қарап, бұны осы ұйымға кiретiн барлық мемлекеттер үшiн ортақ талап екен деп ойлап қалуға болады. Бiрақ iс жүзiндегi жағдай тiптi басқаша. АҚШ пен Батыс Еуропада жыл сайын мемлекет тарапынан фермер басына шаққанда 15 мың евро деңгейiнде субвенция бөлiнедi («Il faut retablir la verite des prix agricoles», «L’Express» журналы, Франция, semaine du 13 au 19 juin 2002).

Ресейдiң ауыл шаруашылық министрi Гордеев мырза қайта-қайта мынадай нәрсенi айтып жүр: «Еуропалық Одақ БСҰ ауқымында өз ауыл шаруашылығына жылына 60 млрд. доллар көлемiнде көмек берiп отыру құқығын сақтап қалған. Ал Ресей болса, бұл ұйымға кiрген күнде осындай көмек көлемiн 16 млрд. доллар деңгейiнде сақтап қалуға қол жеткiздi». Осы кiсiнiң айғағына қарағанда, Батыс Еуропа Ресейдi БСҰ-ға кiрердiң алдында өз ауыл шаруашылығына көрсетiлетiн көмектi барынша қысқартуға көндiрмек болған екен.

Сондықтан 16 млрд. долларлық көрсеткiштi Гордеев мырза жетiстiк деп атайды. Дегенмен, оны мынадай нәрсе қатты қынжылтады екен: ауыл шаруашылық қажетiне пайдаланылатын гектар басына шаққанда Еуропалық Одақтың өз диқандары мен малшыларына көрсететiн көмегi Ресейдiкiнен бiрнеше есе көп болып қала бермек. Демек, ерте ме, кеш пе Ресей шаруалары Еуропа шаруаларынан конкуренттiк жарыста оңбай ұтылуы мүмкiн. Оның үстiне гектар басына шаққандағы өнiм көрсеткiшi табиғи себептерге байланысты Батыс Еуропада Ресейдегiге қарағанда, әлдеқайда биiк. Бұл – сөз жүзiндегi нәрселер.

Ал iс жүзiндегi жағдай мынадай. Осыдан бiршама уақыт бұрын БСҰ бас директоры Супачай Паничпакидидiң өзi дамыған мемлекеттердiң күн сайын өз фермерлерiн қолдау мақсатында 1 млрд. доллар бөлiп отыратынын және осылайша дамып келе жатқан елдерге өте ауыр шығын арқалататынын ашық айтып, оларды айыптап шықты. Бiрақ оның осы бiр шарасынан ештеңе де шыққан жоқ. Жабулы қазан жабулы күйiнде қалды. Гонконгта өткен БСҰ конференциясы да бұл мәселенi шешкен жоқ. Онда тек ауыл шаруашылығына қатысты барлық субсидиялар 2014 жылдың басында барып алынады деген алыс мерзiмдiк шешiм жария етiлдi. Бiрақ оған дейiн талай нәрсенiң өзгеруi мүмкiн.

Ал ендi осындай көрсеткiштер тұрғысынан Қазақстанның жағдайына назар аударайық. Бiрiншiден, бiздiң елiмiз БСҰ-ға кiрген жағдайда өз ауыл шаруашылығын дотациялаудан бас тартпақ.

Екiншiден, Қазақстандағы гектар басына шаққандағы өнiм көрсеткiшi табиғи себептерге байланысты Батыс Еуропа түгiлi, Ресейдегiден де бiршама төмен. Сонда конкуренциялық бәсеке жағдайы қалай болмақ? Осы сұраққа жауап ретiнде бiреулердiң “Қазақстан ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiру жағынан алғанда Батыс Еуропаға да, Ресейге де бәсекелес (конкурент) бола алмайды», – деген дау айтуы мүмкiн. Шындығында осы тұсқа дейiн бiздiң ел алдымен бүкiл әлемдегi мұнай не басқа бiр табиғи шикiзатты өндiрушiлердiң емес, ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiрушiлердiң қуатты конкурентi ретiнде танылды. Осының дәлелi ретiндегi мына бiр таблицаға назар аударып көрелiк.

2001 жылдың қорытындысы бойынша әлемдегi ең iрi бидай экспортерлерi (UN Food and Agriculture Organization ұйымының мәлiметтерi бойынша құрастырылған):

1. АҚШ — 25, 782 млн. тонна

2. Канада — 17, 658 млн. тонна

3. Франция — 15, 621 млн. тонна

4. Австралия — 15, 542 млн. тонна

5. Аргентина — 10,789 млн. тонна

6. Германия — 5,710 млн. тонна

7. Қазақстан — 3,022 млн. тонна

8. Украина — 2, 852 млн. тонна

9. Индия — 2, 649 млн. тонна

10. Ресей Федерациясы — 1, 635 млн. тонна

Өзiңiз байқағандай, Қазақстан – әлемдегi сыртқа ең көп бидай сататын ең iрi 7-лiктiң iшiндегi жалғыз ғана Азия мемлекетi, жалғыз ғана ТМД елi. Осы жетiлiктiң iшiндегi озық дамыған ұлы экономикалық державалар қатарына жатпайтын екеуi-ақ бар. Олар – Аргентина мен Қазақстан. Бiрақ Аргентинаның әлемдегi ең iрi бидай және ет өнiмдерiн өндiрушiлер қатарына кiргенiне 100 жылдан асты. Бұл – бiр. Екiншiден, ол – Оңтүстiк Американың жерiнiң көлемi жағынан екiншi орын (Бразилиядан кейiн) алатын мемлекетi. Үшiншiден, ол халқының саны жағынан алғанда да, Қазақстаннан әлдеқайда iрi мемлекет.

БИДАЙ – ӘЛЕМДIК СТРАТЕГИЯЛЫҚ ТАУАР

Ал Қазақстан болса – осы 7-лiктiң iшiндегi жалғыз ғана еуропалық нәсiлге жатпайтындардың мемлекетi. Оның үстiне ол – осы тiзiм iшiндегi халқының саны жағынан ең кiшкентай ел. Тағы бiр айта кетерлiк жайт мынадай. 1995 жылы Қазақстан осындай тiзiмде, 7-iншi емес, 9-ыншы орында болатын. Ол кезде оның алдында Венгрия мен Ұлыбритания тұратын. Кейiн ол екеуi Қазақстаннан қалып қойды.

Бидай – әлемдiк маңызы бар стратегиялық тауар. Оны артығымен өндiрушiлердiң, яғни экспортқа көптеп шығара алушылардың iшiнде бұрын Ресей мен Индия сияқты өз бетiмен уытты саясат жүргiзе алатын ұлы мемлекеттерден, сосын Аргентинадан басқа Батысқа жатпайтын ел болмайтын.

Сол Батыстың қалған әлемге өктемдiгiн жүргiзе алуы тек әскери және технологиялық басымдылыққа ғана емес, сол дамымаған елдердiң өздерiнiң тағамдық қауiпсiздiктерiн ешбiр шүбәсiз қамтамасыз ете алмай келгендiгiне де негiзделген. Қазiр Қазақстан өз тәжiрибесi арқылы бүкiл әлемнiң етi үйренген осындай жазылмаған ереженi жоққа шығарып жүр. Бiр қызығы, соңғы 10-15 жыл iшiнде қатты өзгерiстерге ұшырағанмен, Қазақстан бидай өндiрушi және экспорттаушы ретiнде әлемдегi өз позициясын сақтап қалған. Яғни жалпы экономикасы құлдырады (1990 жылдағы деңгейге ендi қайтып оралғандай болдық), ауыл-селосы құрыды деген Қазақстан бидай экспорттаушылар қатарында 7-орында жүр. Ал егер оның жалпы күйi жақсарса не болмақ? 1992 жылы Қазақстан 30 млн. тонна астық өндiрдi деген ақпарат болған. Бiздiң ел үшiн бұл ол кездерi қол жетерлiктей жетiстiк болған. Қазақстанның өзiне қажетi 6-7 млн. тоннадан аспайды. Егер Қазақстан бұндай мүмкiндiкке қайтадан қол жеткiзсе, бидай экспорттаушылардың iшiнде Канаданың өзiн жолда қалдырып, АҚШ-тан кейiнгi 2-орынға шықпақ. Бұндай өзгерiстерге Канада, Франция және Германия сияқты ұлы мемлекеттер оп-оңай көне қояр ма екен? Еуропаның тағы бiр ұлы мемлекетi саналатын Ұлыбританияны Қазақстан қазiрдiң өзiнде артта қалдырған.

Егер бiздiң елiмiз әлгi БСҰ-ға сол Еуропалық Одақтың ауыл шаруашылығына қатысты таңған шарттары бойынша енсе, бұндай потенциалдан қағыларымыз хақ. «Неге?», – дейсiз ғой. Бұған Батыс Еуропаның Ресейден өз ауыл шаруашылығына барынша аз көмек көрсету туралы мiндеттеме талап етуi куә. Ресей – қанша айтқанмен, ұлы держава. Көне қоймаған. Ал Қазақстан өз ауыл шаруашылығына БСҰ-ға өткеннен кейiн еш дотация бермеуге көнген сияқты…

Аққали КӨПТІЛЕУОВ

Серіктес жаңалықтары