ТIЛ ДЕ ТӘУЕЛСIЗ БОЛУЫ КЕРЕК

ТIЛ ДЕ ТӘУЕЛСIЗ БОЛУЫ КЕРЕК

ТIЛ ДЕ ТӘУЕЛСIЗ БОЛУЫ КЕРЕК
ашық дереккөзі
359

“Жау жоқ деме – жар астында” деп дана қазақ бекер айтпаған. “Иә, бүгiнгi күнi жау бар ма?” дер бiреу … Бар болғанда қандай, көп iстерге кедергi болып, аяқтан шалып қасымызда жүр. Он бес жыл тәуелсiздiкте мемлекеттiк тiл – қазақ тiлiне қарсы болып жүргендер аз емес, олар – тiлге ғана емес, тәуелсiздiктiң, қазақ халқының тәуелсiздiгiне қарсылар. Он бес жылда тұғырына қонуға тиiстi мемлекеттiк тiлдi аяқтан шалып жүргендер солар. Сонау 1989 жылы, мемлекеттiк тiл болып қабылданған (Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесiнде) қазақ тiлi бiрiншi қарсылықты сол кездегi Совминнiң Төрағасы, жақсы iске жебеушi бола алмаған Қарамановтан көрдi. Жә, оның интернационалистiк өресi сол шығар. Екiншi рет қазақ тiлi Қазақстанның 1995 жылы қабылданған Конституциясынан аямай соққы жедi, онда Ресейдiң мемлекеттiк тiлi – орыс тiлi бiзде “ресми” тiл болып бекiтiлдi. Одан бұрын Халықтық референдумда “7-шi бапқа дейiн Конституциялық жоба өзгертiлмейдi” деген мәселе тұжырымды түрде айтылып едi. Осылайша мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi “ресми”– орыс тiлiнiң боданында қалды. Қазақстан республикасының Үкiметi де, Парламентi де, тiптi президентiмiз де “ресми орыс тiлiнде” сөйлеп, Қазақстан халқының санасын керi бағыттауда. Президенттi қайта сайлағанда “қазақ тiлiнiң жағдайы түзеледi” деген қазақ ұлтының үмiтi зор болатын. Бiрақ, қаншама дәметсең де Конституциядағы “ресми орыс тiлiн” алып тастамайынша, қазақ халқы “толық тәуелсiздiкке жеттiк” деп айта алмайды. Кеңестiк идеологияның қолшоқпары болып келген бишiкештер Ата Заңымыз — Конституциядан “ресми” – орыс тiлiн алып тастауға жол берерiне сену мүмкiн емес. Сондықтан қазақ халқы, тiлi тәуелсiздiгiн сұраулы күйде пұшайман боп қалды. Не iстеу керек? Бүкiл Қазақстан аумағында халық бiрiгiп Үкiметке, Парламентке, Президентке ашық наразылығын айтуы керек, ол қандай түрде өрбидi, оны Президентiмiз Назарбаевтың жаңа қадамдары көрсетсе құба-құп. “Жақсы сөз – жарым ырыс” деген дана қазақ халқы Жаңа жылда тек жақсылықтарға жете берсiн!

Нұрбай Мұсабекұлы

Серіктес жаңалықтары