ЖАМБЫЛДЫҚ ЖАМИҒАТ ЖАҢА МЕШIТТЕ ҚАШАН НАМАЗ ОҚИДЫ?

ЖАМБЫЛДЫҚ ЖАМИҒАТ ЖАҢА МЕШIТТЕ ҚАШАН НАМАЗ ОҚИДЫ?

ЖАМБЫЛДЫҚ ЖАМИҒАТ  ЖАҢА МЕШIТТЕ ҚАШАН НАМАЗ ОҚИДЫ?
ашық дереккөзі
324

Өткен аптада, Талас ауданының орталығы Қаратауда үлкен мешiт ашылды. О баста бұл мешiттiң құрылысын түрiк ағайындар бастаған екен. Бiрақ құрылыс жұмыстары тоқтап қалып, арада бiрнеше жылдар өткеннен кейiн аудан басшысы Батырбек Құлекеев қолға алып, Алланың үйiн жамиғатқа пайдалануға бердi. Бұдан басқа жақында ғана Меркi ауданында Сыпатай батыр атындағы үлкен мешiттiң iргетасы қаланды. Аудан азаматтары сәтiн салса келесi жылы бұл мешiтте намаз оқылатын болады деп қолдарын ысқылап отыр. Т.Рысқұлов ауданында да жақын күндерде мешiт үйi пайдалануға берiлмек. Жалпы алғанда Жамбыл облысының аудандары жаңа мешiттерден кенде емес. Тек бiр мәселе жанды қинайды. Тараздың төрiндегi облыстық «Әулие ата» мешiтi «сақалды құрылысқа» айналғанына бiрнеше жылдың жүзi болды. О баста облыстың бұрынғы әкiмi Серiк Үмбетовтiң өзi iргетасын қалап, жамбылдықтар жұдырық болып жұмылып, белсене кiрiскен-дi. Бiрақ, уақыт өте келе құрылыс жұмысы саябырсып, ақырында мүлдем тоқтады. Қазiр «Әулие ата» мешiтiнiң құрылысынан таяқ тастам жердегi шiркеу ғимараты аспанмен тiресiп, тек iргетасы құйылған мешiтке төбеден төнiп қарап тұр. Шынын айту керек, «Әулие ата» атындағы қор алақан жая-жая, бюджеттегi ағайындардың әбден ығырын шығарды. «Жығылғанға жұдырық» деген ендi соңғы кездерi бұл қордың есеп-шотындағы қаржы банкрот болып кеткен «Наурызбанктiң» қоржынында кетiптi деген әңгiме гулеп тұр. Қалай айтсақ та, тараздық мұсылман бауырларға жаңа мешiтте намазға жығылу бақыты әл-әзiрге бұйырмай тұр. Қазiргi мешiттiң жан-жағын базар қаумалап, тiптен аяқасты болып кеткен.

Жалпы алғанда мешiт соғу былай тұрсын соңғы кездерi «әлiмсақтан берi мұсылманмын» дейтiн исламшылардың өзi жiк-жiкке бөлiнiп кеттi ме, қалай болды өзi… Өз дiнiмiздi өзiмiз мазақ еткендеймiз. Тiптi, әскери оқу-жаттығу жұмыстары өтсе де, айбынды әскерiмiз сақал жамап, сәлде тағып, шапан жамылған «террористермен» айқасып, алысады да жатады. Ара-арасында «Алла, Аллаһу акбар» деп айқайлатып қоятындары бар. Басқа-басқа, дiнмен ойнауға болмайды Дiн–халықтың нанымы-сенiмi, тура жолға бастаушысы емес пе? Тарихтан осы дiн үшiн алапат соғыс, жорықтардың болғанын бiлемiз. Және ондай оқиғалар әлi күнге тиылған жоқ.

Жақында ғана Алматы қаласында өзiне-өзi пышақ салған шымкенттiк Қасымбаев деген жас жiгiт ауруханаға түстi. Оның киiмдерiн тексерген кезде қалтасынан «менi ұзақ уақыт бойы суфистердiң мешiтiнде ұстады, менiң өмiр сүргiм келмейдi» деген тiлдей қағаз шығыпты. Кейiнiрек, құқық қорғау оргнадары Қасымбаевтың ауғанстандық Исматулла мақсымның ұйымында болғанын анықтады. Бұл ұйым өзiнше есiрткi мен iшiмдiкке салынған жастарды емдеумен айналысқан көрiнедi.

Бұрын-соңды «ана қазақ отбасы түгелiмен иеговаға өтiп кетiптi, мыналар кришнаид болып кетiптi» деп жағамызды ұстап «астапыраллалап» жүрушi едiк, ендi бүгiнде сәлде тағып, сақал өсiргендi көрсек «хизбутшылар екен» немесе «зiкiршiлер екен» деп бөлектейтiндi шығарды. Осыдан кейiн жас ұрпаққа хақ дiнiмiздi жеккөрiнiштi етiп алмаймыз ба? Соңғы кездерi баспасөз беттерiнде басқа дiнге өтiп кеткен бауырларымыз жайлы әңгiмелердiң екпiнi басылып қалды. Есесiне газеттiң бетiн ашып қалсаң мұсылман балалары бiрiн-бiрi жоққа шығарып, айтысады да жатады. «Сенiң iлiмiң дұрыс емес, бiздiкi дұрыс» деп бiр-бiрiн беттен алу, аяқтан шалу. Мұсылман баласының осылайша өзара алауыз болғанынан кiмнiң не ұтатыны түсiнiктi. Адамды қамап қойып, аузына Алланы саламын деген Исматулланың тiрлiгi баяғы дүмше молдалардың тiрлiгiнен қай жерi кем. Жалпы осы мәселеде жөнiн айтып, жiгiн ажыратып, араағайындығын айтар жан бар ма екен өзi? Осылайша қолына құман ұстап, Құран жаттаған ағайындардың өзi бiр-бiрiмен «айтысып», iшiнен бүлiнiп жатқанда, басқа бауырларымыз не iстейдi? Қорға қаржы аудара ма, әлде, қолын бiр сiлтей ме? Қалай ойлайсыз?!

Гүлнәр IЛИЯСҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары