Бауыржан ОСПАНОВ: ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТКЕР БОЛАМ ДЕП АРМАНДАУШЫ ЕМ

Бауыржан ОСПАНОВ: ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТКЕР БОЛАМ ДЕП АРМАНДАУШЫ ЕМ

Бауыржан ОСПАНОВ: ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТКЕР БОЛАМ ДЕП АРМАНДАУШЫ ЕМ
ашық дереккөзі
555

«TSC group» компаниясының президенті, кәсіпкер Бауыржан Оспановтың есімі бүгінгі жұртшылыққа жақсы таныс. Iскерлігінің арқасында Ресейге де, Еуропаға да танылып үлгерді. Ауылдан шыққан қарапайым азаматпен әңгімеміз де осы кәсіпкерліктен басталды.

– Сіз бизнесті бастаған кезең тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен тура келіпті. Реформа өзгеріп жатқан кез, экономикамыз аяғынан әлі тұра қоймаған сәт. Сіз өз бизнесіңізді қалай бастадыңыз? – Бизнесті сол уақытта бастаған адамдардың бәрінікі бір-біріне ұқсас шығар деп ойлаймын. Оқуды жаңадан бітіріп жатқан кез болатын. 1988 жылы әскерден келдім де, оқуға қайта қабылдандым ғой. Әскерде алған тәжірибе бар, студент болып жүріп-ақ, кооперативтерде қосымша ақы табу үшін жұмыс істедім. Оның үстіне, сол кездің өзінде-ақ, менде бейнесалондар болған. Алматыда тұңғыш рет бейнесалон ашқан адамдардың бірі – менмін. Сөйтіп, 1992 жылы институтты бітірген шақта дайын менеджер болып шықтық қой. Сонша көп білмесем де, бизнестің алғашқы баспалдақтарын ептеп-ептеп сезіне бастадым ғой деймін. 1992 жылы оқу бітірген соң, бір компания ашуды көздей бастадым. Сол компанияны ашамын деп жүргеннің өзінде жарты жылдай уақыт кетіп қалды. Бизнесті бастап жатқандарға қарасам, көбі дайын тауарларды, шет елдерден машина алып келуді кәсіп еткен сияқты. Бизнестерін алыпсатарлықпен бастап жатыр. Ал мен кез-келген нәрсені алдын-ала ойлағанды жақсы көрем. Әуелі бизнесті, мамандығым энергетик болған соң, энергетика саласы бойынша бастадық. Дәл сол кездері зауыт-фабриканың бәрінде үлкен проблемалар болып жатты. Біріне құрал-жабдықтар, енді біріне қосымша бөлшектер жетіспеді. Соның бәрін ойлай келе, зауыттарға қажетті құрал-жабдықтарды алып келумен айналыса бастадық. Құрал-жабдықтарды алып келіп жүргенімде тағы бір байқағанымыз, бір құралдың өзі бірнеше мемлекетте шығарылады екен. Бірінен-бірі өтеді. Енді не істеу керек?! Енді біз оның әуелі сапасына, шығарылу технологиясына көңіл бөлдік. Сөйте-сөйте үлкен бизнеске келдік қой. – Кез-келген кішкентай істі бастаудың өзі қаржыны талап етеді. Сіз қаржыны қалай таптыңыз? – Шынын айту керек, студент болғаныма қарамастан, мен де өте үлкен сома болды. Студент болып жүріп-ақ, жақсы қаржы таптым. – Мәселен, қайдан? – Бейнесалондармен айналыстым деп, жоғарыда айтып өттім ғой. Бір бейнесалонның өзінен күніне 200 сомға дейін табатынмын. Кейде орташа 100-150-ге дейін табам. Ал ол кездері 150 сом дегеніңіз, бір адамның айлық жалақысы. Оны мен бір күнде табам. Тапқан ақшамды күнделікті тамағыма, сосын киіміме ғана пайдаланатынмын. Тіпті, жаз айларында құрылыс жасақтарында да жұмыс істедім. Сөйтіп жүріп, едәуір қаржы жинадым ғой. 1991-92 жылдары инфляция басталған уақытта, жаңағы жинаған едәуір қаржымнан айырылып қалдым. Компания ашамын деп жүргенімде қаржымның бәрі инфляцияға ұшырап кетті. Сөйтіп, өз компаниямды ашқан кезде менде соншалықты капитал да болған жоқ. Фирманы ашып, бизнесті бастаған тұста, айырбас деген болды. Ол үшін әуелі маркетингті жақсы меңгеру керек. Қандай зауытқа қандай құрал-жабдық керек, қайсысына не жетіспейді, біз соны алдын-ала біліп отырдық. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары зауыт-фабрикалардың көбі жұмыс істеп тұрды. Бір қызығы, Кеңес Одағының кезінде бір зауытты құрал-жабдықтармен толтырып тастаған ал, екіншісінде оның бірі де жоқ. Бірінде бар құрал-жабдық, екіншісінде жоқ. Ал екіншісінде бар нәрсе, өзгеде жетіспейді деген сияқты. Сондықтан, біз ең әуелі Алматының ішіндегі зауыттарға маркетинг жасадық. Сөйтіп жүріп, өзімізге капитал жинадық.

– Сіздің мамандығыңыз – энергетик, ол кезде оқу орындарында қазіргідей емес, маркетинг, менеджерлік дегенді көп оқыта берген жоқ. Сіз маркетингті қайдан үйрендіңіз?

– Әр адамның бір нәрсеге икемі болады ғой. Әйтпесе, біздің экономика саласында үйренгеніміз де көп емес. Экономика теориясын бар-жоғы үш семестр ғана оқытты. Осының өзін экономиканың іргетасы ретінде жақсы қабылдадық. Ол кездері ЖОО-ның мұғалімдерінің де білімі өте жоғары болатын. Бірақ, нарықтық экономиканы оқыған жоқпыз. Бізде экономика туралы негіз ғана болды, арғы жағын өзіңіз үйреніп, меңгеруіңіз керек. Оқу орнында үйренгеніміз: «Ақша-тауар, тауар-ақша» ғана. Елдер жаңағыдай ұсақ-түйекпен айналысып жатқан кезде, мен «бизнесті қалай жасау керек» дегенді көп ойландым. Күнде өзгеріп жатады. Бүгін болған нәрсе, ертең басқаша, ертеңгісі, арғы күні басқаша өзгеріп жатты. Көп ойланғанымның арқасында, елдер ойлана бастаған кезде, мен жұмыс жасап жаттым. Былайша айтқанда, өзгелерден озып, алға шығып кеттім. «Кто владеет информацией, тот владеет миром» деген сөз бар. Ол кезде бір Алматының ішінде кім не барын білмейді? Ресейден болсын, одақтас республикалардан болсын, ала беретін болған ғой. Біз ең әуелі ақпарат жинадық. Айырбастың бір қиындығы, өзіңіздің қалтаңызда ақша жоқ, дер уақытында таба алмасаңыз, бағасын өзгертіп жіберуі мүмкін. Тек сенгеніміз, тым қатты жабайы бизнес болып кеткен жоқ. Сөзін ұстай білетін адамдар болды, біз де өтірік айтқанды жақсы көрмедік. Айтқан уақытында орындасаңыз, ол да сізге сене бастайды. Мекемеде пәленбай адам ұстағанша, біз сияқтыларға мүмкіндік беріп, арзан, уақтысымен, сапалы өнімді пайдаланғанды кім жақсы көрмейді?! – Сіздің алғашқы бизнесіңіз сатып алу мен алып сатудан басталды дейсіз. Нені сатып алып, нені саттыңыз және қайда? – Таза құрал-жабдықтармен айналысқан соң, басқалар «осылар ғана сатсыншы» деп қарап отырмайды ғой. Басқалар да құрал-жабдықтармен айналыса бастады. Бәсекелестер көбейді. Бізге не істеу керек? Алға жылжу керек. Сосын біз одан да сапалы, жақсы дүниені алып келуге тырыса бастадық. Енді құр әкеп бере салмай, жұмысын да жасап беретін болдық. Ақша пайда болды. Сосын енді қаражатсыз, жалақы ала алмай отырған өндіріс орындарына барып, олардың қаржылық жағдайын да шеше бастадық. Олар кепілдіктер беретін. Бізде ол кезде жекешелендірілген бір мекеме болған жоқ. Қазір: «Ой, әкесі немесе басқа біреу ақша бермесе, бір жерден бірнәрсені ала алмайды» деп елдер ойлайды. Шын қызықса, менімен бизнесті бастағандардан сұрап, тексерсе де болады. Өзіммен бірге оқыған, өзімді оқытқан мұғалімдерімді шақырып алып, бизнесті қалай бастау керек екенін ақылдасқан кезіміз де болды. Бар білгенімізді бәріміз ортаға салдық. Сол адамдармен әлі күнге дейін бірге жұмыс істеп жатырмыз. Мүмкін, сол сәтте олар маған сенген шығар. – Сіздің бизнесіңіз бір Қазақстанмен шектеліп қалмапты. Ресейге, Еуропаға шыға бастаған екенсіздер. Сырт мемлекеттерге қалай жол таптыңыздар? – Бізде барлығы қатты өзгере бастады. Сол бір-екі жылдың өзінде көптеген өзгерістер болды. Не болып кететінін түсінбеген сәттер де кездесті. Ол кездерде бұрынғы социалистік мемлекеттерде кішкене болса да, тұрақтылық болды. Сондай мемлекеттерге жол таптық. Өзіміз ұстанған саясатқа олардың да саясаты тура келе бастады. Сол елдермен технологиялар алмасып, оны Қазақстанға алып келдік. Соңғы бес-алты жылдан бері ғана Ресеймен тығыз қарым-қатынас орната бастадық қой. Оған дейін де ол елмен байланысымыз болған. Бірақ, жылдан-жылға заңдарымызда айырмашылық туып жатыр. Алғашқы уақытта айырмашылықтың болмағаны, бәріміз бір одақтас мемлекеттерден шықтық. Оның үстіне, Кеңестер Одағы кезінде нормативтеріміз де бір болды. Қазір, олай емес. Заңдарға өзгерістер ене бастады. Сондықтан біз жер-жерлерде өз өкілдіктерімізді аштық. Ол өкілдіктер арқылы қандай көрмелердің болатынын алдын-ала біліп отырамыз. Шығып жатқан тауарлар жөнінде ақпараттар аламыз. Сол ақпараттың арқасында жаңа шыққан тауарды Қазақстанға бірінші болып жеткізуді көздедік.
Өз тауарыңа деген патриотизм болу керек
 

– Сіздердің компанияларыңызда бірнеше зауыт бар екен. Нарықтық экономикаға көшкен жылдары зауыттардың көбі әлсіреп, істен шығып қалды. Осындай зауыттарды көбірек сатып алыпсыздар. Тоқтап қалған зауыттарды сатып алуда ешнәрседен ұтылған жоқсыздар ма?

– Біздің стратегиямызда бұл нәрселер бұрыннан болған. Алдын-ала ойлағанды жақсы көретінбіз. Бір қызығы, алғаш мен бейнесалонмен айналыса бастаған кездің өзінде, сырттан жаңа бейнемагнитофондар, әртүрлі магнитолалар алып келе бастады ғой. Сонда соларға қарап таң қалатынмын. Сол кездің өзінде айырмашылық жер мен көктей еді. Не істеу керек? Оны шығарып біз үлгермейміз. Оған бізде қаржы да жоқ. Сондықтан бізге технологияларды сатып алып келу тиімдірек болды. Қазақстанда Менделеев кестесіндегілердің бәрі бар деп айтады ғой. Онда неге солардың бәрін өзімізде өндірмейміз? Қазақтардың қолынан бәрі келеді. Құрығанда он кластық білімі бар. Оқытып, оны үйрету көп уақыт алмайды. Ары кетсе, екі-үш жыл кетер еді. Ал, біз Қазақстанда әзірлеп, сыртқа сатсақ дегенді көздедік. Міне, қазір ол арманымыз да орындалып келеді. Қазір өнімдерімізді сыртқа шығара бастадық. – Қазір байқайсыз ба, бізде шығып жатқан өнімдердің көбі сыртқа, шет елге сатылады. Оны өзіңіз де айтып отырсыз. Өз өнімімізді өзімізде пайдалану тиімсіз деп санайсыз ба? – Неге тиімсіз деп санаймыз? Оның тиімді тұстары да бар. Бар болғанда, бір қызығы, біздің заңдарымыздың шикіліктері көп. Кейбір заңдарымыз орындалмайды. Бірінші басшы демесек те, ұсақ шенеуніктер бар ғой, солардан ба екен, әйтеуір, көп проблемалар кездесіп жатады. Тағы бір қызығы, біз шет елдерге барып, сапа жағынан болсын, баға жағынан болсын, тендерлерін жеңіп алып жатамыз. Ал, Қазақстанда бағаларымыз қанша төмен болып жатса да, өтпей қаламыз. Есесіне, сырттан басқа біреулерді алып келеді. Бір аккумлятордың өзін алыңыз. Қазақстанда оның 20-30 пайызын ғана сатамыз, қалғанының бәрі шет елге кетеді. – Өзімізде шығарылған өнімнің бағасы да халыққа жеңілдеу болмай ма? – Әрине, жеңілдеу. Өзіміз шығармай жатқан кезде, басқа мемлекеттен біреулер алып келіп, сатты ғой. Ең әуелі тауардың сапасына да қарау керек. Құр «Қазақстанда шығардым екен, менікін ал» деп тағы айтуға болмайды. Мәселен, электр тогын есептейтін құралдарды (счетчиктерді) алайық. Қазақстанның көп аймақтарында отыз-қырық пайызы біздікі, қалғанының барлығы басқа мемлекеттікін пайдаланады. Сырт мемлекеттердегідей, бізде де Заң болып, сол Заңда барлығы ашық көрсетілуі керек. Электр тогын есептейтін құралдарға АСКУЭ бағдарламасы енгізілсе, өте тиімді болар еді. Егер осы бағдарлама енгізілсе, үй-үйге бармай-ақ, бір жерде отырып, тексере бересің. Ақшасы төленбесе, автоматты түрде қиып тастай алады. Бұрынғыдай үйіне барып, қиып тастап, оны артынан қайта жалғап алып жүре бермейді. Қазір тендер болса, қытайдың немесе түріктердікін енгізгісі келеді. Ал олардың өзі бізден алып жатқан жоқ па? Көп энерго саласы жекеменшікке кетті. Жекеменшікке кеткеннен кейін, оған ешкім ешнәрсе айта алмайды. Ол үшін Заң керек. Бәріміздікі бірдей болу керек. Жалғыз бір мекеменікін, мәселен, біздің тауарымызды ғана қоймасын, барлық мекемелердің әртүрлі нұсқаларын шығарсын. Кімдікі арзан, кімдікі сапалы соны тұтынушы таңдайды. Көбіне тендерді осы салада жұмыс жасап та көрмеген, ол саланы түсінбейтін ортада жүрген адамдар пайдаланып кетеді. Отыз-отыз бес пайызын біз жасап жатырмыз да, қалған пайыздарына кім көрінген кіріп алған. Оны тазалау үшін уақыт керек. Заң қажет. Ол үшін басқа мемлекеттердегідей, өз тауарына деген патриотизм болуы керек. Көрші Ресейге таң қалатыным, неғұрлым арзан, неғұрлым сапалы тауарды алып келесің, соның өзінде оларда өзгермейтін заңдылық бар. Мәселен, Мәскеуде. Оларда ресми түрде болмаса да, әуелі Мәскеуден шығатын тауарды аласың, одан кейін Мәскеу аудандарынан шығатын тауарды аласың, одан соң Ресейдікін, содан кейін ғана ТМД елдерінен аласыңдар деп айтылып қойған. Оларда осындай саясат жүріп жатыр. Мұның кемшілігі де бар. Өйткені, «Қазақстаннан шықты екен деп, қазақтардың тауарын алсын» деп тағы айта алмаймыз ғой. Ең бастысы – сапа. Әрине, отандық өндірісті де көтеруіміз керек. «ДСҰ-ға кіреміз» деп жатырмыз ғой. Сапасыз дүниелерді де кіргізе беретін болсақ, ертең қалай әлемдік дәрежеге жетеміз. Сондықтан сапасы мықты дүниелерді қолдау керек. Бізде не? Зауыттың жобасын бастаған кезде-ақ, сіздің проблемаңыз басталады. «Ананы өткізбейді, мынаны төлеу керек» дейді, толып жатқан мәселелер бас көтереді. Сол мәселелердің бәрін шешкеннен кейін, салына бастаған кезде, одан басқа проблемалар табылады. Шындығын айтқанда, талау. Қазақстанның ішінде сату дегеніңіз, бүгін біреумен келісіп сата бастасаңыз, ертең оның орнына келген адамның алғысы келмейді. Сондықтан, шет елге сатқанды тәуір көреміз. Ол жақта мұндай қыруар проблемаларға жолыға бермейміз. Мысалы, біздің тауарларға бір жыл бұрын келісімге отырып, алып кетіп отырады. Кімге қанша керек, келісім-шартқа отырады да, келер жылы соны алып кетеді. – Демек бізде еркін сауда, бәсеке деген жоқ болғаны ғой? – Бар. Бірақ, проблемалар да жетеді. Осы он төрт- он бес жыл ішінде нарықтық экономиканың ережесімен жұмыс істеп жатыр деуге тағы келмейді. – «Мен көп ақша жоғалтқан жоқпын, жоғалтқандарымның өзі –Үкіметтің қателігінен болды» деген екенсіз бір сұхбатыңызда. Үкіметтің ол қандай қателігі? – Ақшаны жоғалтқанда неден жоғалтады? Менің студент кезімде тапқандарымның көбі, компанияны ашамын деп жүргенімде тиын болып қалды. Жарайды, бұл Кеңестер Одағының құлауымен пара-пар болғандықтан, соның кінәсі деп айтайық. Екіншіден, теңге ауысқан жылдары. Банкте тұрған өз ақшамызды өзіміз төлей алмадық. Банкте ақша жоқ. Ақша ауысып, девольвация болып жатты ғой. Ақшадан түк қалмады. Содан кейін, біз үшін аудара салды. Мұның бәрінің дұрыс механизмдері болған жоқ. Өркениетті түрде жасау керек еді. Біз жаспыз, жоғалтқанымызды қайта жөнге келтірерміз. Ал үлкен кісілер ше? Өмірбақи жинағандарын салды. Қайда кетті? Қазақстанның енді аяғынан тұрып келе жатқан кезі ғой. Әдейі жасамаған шығар деп оны да жылы жауып қойдық. Одан кейін 1998 жылы Ресейдегі болған инфляция. Доллар 135-ке бірден шығып кетті. Бұдан үлкен кісілердің бәрі жапа шекті. Бәрін үкіметке жабуға болмайды. Бірақ, алдын-ала осындай дағдарысқа дайын болуымыз керек еді. Соған үкіметтің өзі де көмектесу керек еді. Мені құтқарған нәрсе, қарыз алғам жоқ. Кейінгі төрт-бес жылда өндіріс жасап жатқандарға, осындай нәрселер болатын болса, ауыр тиеді. Қазір біздің еліміз де бұрынғыдай емес, кішкене болса да ес жиды. Тәжірибе бар, ондай дағдарыстар бола қоймас.
Ауыл мен қаланың арасы алшақтап кетсе, ол мемлекеттің болашағы болмайды
 

– Шағын және орта бизнесті көтеру керек дейміз. Бірақ, сол ашылған шағын компаниялардың салығын жеңілдету әлі күнге жолға қойылмай келеді. Салық дұрысталмай, шағын бизнесті көтеру мүмкін емес сияқты.

– Салыққа қай мемлекетте болса да ешкім разы болмайды. Реттеу керек сияқты. Жеңілдік дегенде барлығына бірдей бере салуға тағы болмас. Бізде қай сала дұрыс дамымаған болса, сол салаға жеңілдік берілу керек. Мәселен, ауыл-шаруашылығы делік. Сол саланы дамыту керек пе, соған жеңілдік жасауымыз қажет. Аяғынан тік тұрып алғанша, жеңілдік берілсе, ол ақырындап болса да дамиды. Тағы бір қызығы, бір ауданға диірмен керек болса, сол диірменді салғызады. Ертесіне, әлгі диірменнің жанынан тағы біреу диірмен салады. Оған әкімшіліктен қадағалап, ақпарат беретін болса, олар ондай жасамас еді. Бостан-босқа бизнесті бастамай жатып, құлатып жатады. Обал ғой. Ешкімде артық ақша жоқ. Аяғынан тұрып алса, әркім ары қарай өзі көреді ғой. Мүмкін ол үлкен бизнеске барар. Жалпы, үлкен-кіші демей, бизнестің барлығына көмектесу керек. Содан кейін көмекті Қазақстанның болашағы болатын стратегиялық жоспар бойынша жасау керек. Тағы бір айтатын нәрсе, кез келген мемлекетте бай мен кедейдің арасы қатты алшақтап кетсе, ол мемлекеттің болашағы болмайды. Екіншіден, ауыл мен қаланың арасы қатты алшақтап кетсе, онда да ол елдің болашағы жоқ. Қатты ажырап кеткен деген, қалада жалақы екі мың доллар болып, ауылдың ең жоғары жалақысы 100 болса, ол не болады? Ауылдың бәрі қалаға қарай шабуылдамай ма? Ауылда сонда кімдер қалады? – Ауыл мен қаланың арасы онсыз да алшақтап кеткен жоқ па? – Әзірге соншалықты алшақтап кете қойған жоқ. Аралары қатты алшақтап кеткен кейбір мемлекеттер бар. Олар да айырмашылық жер мен көктей. Бізде оған қарағанда, әлі де болса, тұрақтылық бар. Орташа есеппен айтар болсақ, ауылдағылардың жалақысы – 100 АҚШ доллары десек, қаланың орташа жалақысы – 300-400 аралығында. Айырмашылық бар-жоғы 3-4 есе ғана. Елу-алпыс есе алшақтап кеткен елдер де бар. Біз соған жеткізбеуіміз керек. Қазақтың менталитеті қалай? Әркім өзінің туған жерінде тұрғысы келеді. – Сіз сол үшін ауылға бет бұрдыңыз ба? – Иә, мен сол үшін ауылға бет бұрып, ауылды көтеруді қолға алдым. Біздің ауылда Талдықорған облысы, Алакөл ауданында жазда жұмысшы табылмайды. Биыл 200 жұмысшы табылмай, көп өнімімізді жоғалттық. Бұл–үлкен проблема. Еңбек қолы жетіспейді. Ауыл шаруашылығы департаментіне кірсеңіз, жалақыларының қанша екенін көресіз? Ал біздің ауылда жұмысшылардың алды 68 мыңға дейін жалақысын алды. Соңы, он алты-он жеті мың. Сондайға еңбек қолы жетіспейді. Көбі көшіп кеткен. Келесі жылы біз өз өніміміздің мөлшерін қысқартып жатырмыз. – Біздің өндірісіміздің көбі әлі күнге дейін шетелдіктердің қолында. Демек, қазақтың өндірісін қазақтар емес, өзгелер сырттан өндіріп отыр деген сөз. Бұдан біздің ұлттық буржуазиямыз ұтылмаса, ешнәрсе ұтып отырған жоқ. Бұған сіздің көзқарасыңыз қалай? – Біздің ұлттық буржуазия ұтылып отыр деп айта алмас едім. Бұл жерде проблема ұлттық буржуазия да емес. Бар капитал, шет елден келген азаматтардың қолында. Неге бұлай болды десек, оны өздеріңіз де білесіздер. Нарықтық экономикаға көшкен кездері Алматының өзінде кім тұрды? Студенттер көп болған жоқ па? Студенттің қолынан не келеді? Өндірістің көбі басқа ұлттың қолында болды. Оған ол ұлттар да, біздер де кінәлі емеспіз. Олар келді, осында тұрды, ал біз ауылда қалып қойдық. Бізге қалай болса да, бюджетке ақша түсіру қажет болды. Сол кездерде кім келіп, инвестиция жасайды деді де, сата бастады. Қазақтар қайдан алады? Ақша жоқ. Сондықтан, шет мемлекеттің байлары келді де, сатып алды. Жарайды, қазір бұрынғыны қазбаламай-ақ қояйық. Болашақта мұндай нәрсенің болғанына қарсымын. Егер бізге инвестиция керек болса, әуелі қазақстандықты шақырсын. Ең алдымен, қазаққа мүмкіндік жасасын. Қазақтың қолынан келмейді емес, көп нәрсе келеді. Өз капиталы жетпесе, қаржылық жағынан да көмектессін. Ендігі саясат күрт өзгеруі керек. Басқа мемлекеттерде солай жасайды. Ал біз бәрін өзгелерге беріп қойдық, олар ойындағысын істеп отыр. Олар шикізатты бізге емес, шет елге сатады. Мәселен, бізге қорғасын керек делік, қорғасынды алу үшін басқалардың аузына қарап отырмыз. Біз қазақстандықпыз деп төмен бағаға сұрамаймыз, соның өзінде бермейді. Өзіміз құрылыспен айналысамыз, оған қажеттілердің барлығын шет елден сатып аламыз. Былай қарасаңыз, парадокс. Бірінші кезекте, ұлттық патриотизм болу керек емес пе? – Сіз меценаттар клубына мүшесіз бе? – Жоқ. – Меценаттықпен айналыспайсыз ба? – Неге айналыспаймын? Біздің өзіміздің белгіленген бюджетіміз бар. Сол бюджеттің негізінде шамамыз келгенше көмектесіп отырамыз. Ал меценаттар клубына шақырмаса, «мүше болайыншы» деп өзім бармаймын ғой. – «Ең үлкен капитал білім болу керек» дейсіз, ауыл балаларының білім деңгейінің қаншалықты дәрежеде екенін өзіңіз де бағамдап жүрген шығарсыз? – Оны білем. Не айтсам да, құр айтып қойғанды жақсы көрмеймін. Айтсам, соны іспен дәлелдеуге тырысам. Өзім туып-өскен ауылға, ауданға көмектесем. Жағдайы барлар ауылдан қалаға кетіп қалды. Соны түсіне отырып, көмек жасап отырмыз. Спорт мектептерін аштық. Ол мектептен шыққан балалардың алды бүгінде Азиядан, әлемнен жүлделі орындарды иеленіп жүр. Білім саласына да қаншама мұғалімдер шақырып, олардың үй-жайларын жасап беріп отырмыз. Ол ауылда менің ағайыным, туғаным жоқ. Шамаң келіп тұрса, көмектесу керек. Бұл жалғыз бизнесмендердің мойнына ілетін нәрсе емес. Ол үкіметтің мойнындағы нәрсе. Бірінші білімге, одан кейін денсаулыққа көмектеспесек, басқаның бәрі бос сөз.
Намысы бар жігіт отбасын жер қазса да асырайды
 

– Бизнеспен танылған адамдардың көбі соңғы кезде саяси қызметке де араласатын болып алды. Ал сіз?..

– Саясат мені онша қызықтырмайды. Дегенмен, алдын-ала түбегейлі шешім айтуға тағы болмас. Менің өзім студент кезімнен бизнеске деп тоқтағам. Бизнес менің ұнататын стихиям емес еді. Мен бала кезімнен әскери адам болсам деп армандағам. Ол арманыма жете алмадым. Есесіне бизнесте біраз нәрсеге қол жеткіздім ғой деп ойлаймын. Болашақ жайлы бүгінгі күні ешнәрсе айта алмаймын, ал ертең бір жағында жүру керек десе, ойланып көруге болатын шығар. Қазір сөзден гөрі, іс керек. – Сізді депутат қып сайлайық десе ше? – Бұл маған айтылған нәрсе. Маған әртүрлі мемлекеттік қызметке де ұсыныстар жасалған. Депутат болу — мақсатым емес. Бала емеспіз ғой. Уақытты тиімді пайдаланғанды жақсы көрем. Егер менен депутат ретінде көп көмек керек болып жатса, әрине, онда барар едім. Бірақ депутат болып, бизнесімді жасаймын деуге бара алмаймын. Өз жерімді, өз ұлтымды жақсы көрем. Өмірбойы ғұмыр кешпейміз ғой, қолымнан келгенінше, жақсылық жасап отырғанға не жетсін?! Әр адам өзінің қолынан келетін жұмысты жасау керек. – Жуырда Марат Мәзімбаевтың жекпе-жегіне демеушілік таныттыңыздар. Мараттың өзі арнайы демеуші болуыңызды өтінді ме, әлде спортқа өзіңіздің ықыласыңыз ауды ма? – Жоқ. Көбі жарнама үшін жасады деп ойлайды. Марат осыдан бірнеше жыл бұрын боксты тастайын деп тұрған кезінде, кездескенбіз. Қазақтың қарапайым баласының мүмкіндігі бар екен, көмектесейін деп ойлағаным рас. «Мүмкіндігіңді көр» деп ылғи жарыстарына көмектесіп жүрдім. Бірінен соң, біріне қатысып, жарыстарда үнемі жеңістерге жете бастады. Жалғыз өзі бара сап, жеңіске жетіп қайтып келіп жүр. Марат менің туысым емес, жерлесім емес, қазақтың қара баласы. «Әлем чемпиондығына жете алатын болсаң, оны Қазақстанда өткізейік»,– деген едім. «Сайлау алдында жақсылап өткізейік, қазақтардың барлығының ауызбіршілігі бар екенін білсін, «Менің Қазақстанымды» айтайық» дедім. Сол мақсатта өткіздік. Сценарийді қазақша жасадық. Шет елдегідей жалаңаш жүргізбей, қыздарымызға қазақтың ұлттық киімін кигіздік. Бизнесмен ретінде қарайтын болсам, ақша табу үшін шоу қып өткізуімізге де болар еді. Бірақ, мен олай жасағам жоқ. «Қазақтың ұлттық музыкасы қойылсын» дедім. Бәрі соншалықты сәтті де болмаған шығар. Өйткені, мен шоумен емеспін ғой. Байқайсыз ба, біздің қазақтың жігіттері ұсақ боп барады. Сөйте тұра «Қазақтың қыздары басқа ұлттың азаматтарына шығып жатыр» деп ренжиді. «Өздерің нашарсыңдар, мықты болсаңдар, неге сендерге тұрмысқа шықпайды?» деймін. Сондықтан, қазақтың жігіттері алдымен білімді, сосын спортпен айналысу керек. Тым болмаса, тәрбиесі мен намысы бар боп шығады. Намысы бар адам жер қазса да отбасын асырайды. Намысы жоқ адамның не отбасына, не мемлекетке пайдасы жоқ.
Қысқа да нұсқа
– Бауыржан Оспановтың есімі кәсіпкер ретінде қалың жұртшылыққа жақсы таныс. Ал ол қандай отбасынан шықты? – Мақтанатыным ауылдан шықтым. Қарапайым отбасында дүниеге келдім. Әкем – машина жүргізушісі, анам –бухгалтер болып қызмет істеді. Екеуі де бір жұмыспен зейнеткерлікке шықты ғой. Әкем үйінің кенжесі екен. Қаржыгер боламын деп оқуға түскен екен, үйде әжем жалғыз қалды деп, оқуды тастап кетіпті. Әкемнің орындалмаған арманына біз жеткен шығармыз. Қолымыздан келгенімізше білім алуға тырыстық. Кішкене кезімізде бір велосипед мінсек, бөркімізді аспанға ататынбыз. Қазіргілер космосқа ұшса да, олай қуанбайтын шығар. – Өз отбасыңыз жайлы?.. – Екі қыз, бір ұлым бар. Жолдасым – мұғалім.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары