ҚАЗАҚТЫҢ ШӘМШIСIН ҰМЫТЫП КЕТКЕН ЖОҚПЫЗ БА?!

ҚАЗАҚТЫҢ ШӘМШIСIН ҰМЫТЫП КЕТКЕН ЖОҚПЫЗ БА?!

ҚАЗАҚТЫҢ ШӘМШIСIН ҰМЫТЫП КЕТКЕН ЖОҚПЫЗ БА?!
ашық дереккөзі
451

Ән. Құдiретi күштi қазақтың әнi. Қазақтың әнi – қазақтың жаны. Қазақтың әнi мен жанын қазаққа арнаған Шәмшiнiң аты ұмытылар ма екен, сiрә. Былдырлаған тiлi бар iнiмнiң кiшкентай санасында «Шәмшi» боп қалған композитор есiмi жалғыз бiздiң шаңырағымызда ғана айтылып жүр ме? Қазақтың әрбiр шаңырағы Шәмшi әнiмен тербелiп жатыр. Әр шаңыраққа сәуле құйып, нұрын шашқан композитордың әнi бар да, өзi жоқ. Өзiн жылына бiр рет композитор Қалдыбек Құрманәлi өткiзетiн «Шәмшi әндерi» кешiнде еске аламыз. Одан қала бердi Шымкенттегi «Шәмшi Қалдаяқов атындағы фестивальда» ғана еске түсiремiз. Маңдайына бiрде-бiр ескерткiш те бұйырмаған қайран Шәмшi биыл тiрi болса жетпiс бес жасқа толмас па едi. Оны ескерiп жатқан бiреу бар ма? «Шәмшiнi бiлмейтiндер де жер басып жүр» дептi белгiлi қаламгер Қали Сәрсенбай. Шындығында да, бүгiн ұмытып жатырмыз, күнi ертең мүлдем естен шығарып жiбермесiмiзге кiм кепiлдiк бере алады? Ән ғұмырлық болуы мүмкiн, ал сол әндi дүниеге әкелген композитор неге ғұмырлық бола алмайды? «Өлi разы болмай, тiрi байымайтынын» жер басып жүргендердiң ұмытып кететiнi несi екен, осы?!

Осы орайда, Шәмшi атын қастерлеген, Шәмшiге еңбегi сiңген, Шәмшiнiң көзiн көрген азаматтардың пiкiрiн газетiмiзде ұсынып отыруды жөн деп таптық.

Амалбек ТШАНОВ, Мәжiлiс депутаты:

«ШӘМШI ФЕСТИВАЛI» – МЕНIҢ ОРЫНДАЛМАЙ ҚАЛҒАН АРМАНЫМ

Шәмшi туралы, оның жеке өмiрi туралы көп бiлемiн десем, қателескен болар едiм. Шәмшiмен таныстығым 1963 жылы басталды. Сол жылы бiрiншi рет көрдiм. Шымкентте Қасымхан Шанин деген әртiс болды. Марқұм Қасымханмен жас болсам да, жиi араластым. Театрда тұңғыш рет Шоқан Уәлихановтың ролiн ойнаған. Өмiрден ерте кеттi. Бiр күнi кешкiлiк, қасымда бiр топ жолдастарым бар, паркте келе жатқам. Қасымхан қарсы жолықты. Қасында бiраз адам бар. Шәмшiнi тұңғыш рет сонда көрдiм. Шәмшiнiң даңқы маған бұрыннан таныс. 9-10 класта оқып жүргенiмде, мектепте көркемөнерпаздар үйiрмесiн басқарғам. Әндерiн жақсы бiлем. Шындығында да бiздердi тәрбиелеген Шәмшi әндерi ғой. Шәмшi әнiмен алғаш рет махаббатты сезiне бастадық, бойымызда патриоттық сезiмнiң оянуына да себепкер болды. Сол күнi бәрiмiз жиылып, саябақ iшiндегi бiр кафеге барып отырдық. Шәкең мен Қасымханның бiр-бiрiмен шынайы қалжыңдасуы әлi күнге дейiн көз алдымда, құлағымда тұрады. Марқұм Қасымханның «Әлдилеп, аялап» деп айғайлап Шәкеңнiң әндерiн айтқаны да әлi күнге есiмде. Бiз бұдан кейiн де Шәкеңмен бiрнеше рет жүздестiк. Тiптi, стипендиямызды жинап, ресторанға қонақ еткен кездерiмiз де бар. Шәмшiнiң әрбiр сөзiнiң өзi қалжыңнан тұратын болған соң ба, iшек-сiлемiздi қатырып, күлкiден ес жия алмай кететiн едiк.

1992 жылы Шымкент қаласына әкiм боп келдiм. Ол жылдары «Азия дауысының» қылышынан қан тамып тұрған кезi. Содан маған неге бiз тәуелсiз ел бола отырып, «Азия дауысы» сияқты қазаққа «үш қайнатса, сорпасы қосылмайтын» шоу жасаймыз да, қазақтың өзiне тән ұлттық мәнi бар, ұлттық өрнегi бар фестиваль ұйымдастырмаймыз деген ой келдi. Және ол фестивальге бiреудiң атын беру керек ғой. «Неге фестивальдi Шәмшiнiң атымен атамасқа?». Дереу Еркеғали ағаға шықтым. Ол кiсi ол кезде министр. Сол кiсiге телефон соғып, «осындай ойым бар» деген едiм, ол кiсi бiрден қолдай кеттi. Сол жылы фестиваль тұңғыш рет өткiзiлдi. Фестивальге 365 адам қатысты. Әдiлқазының төрағасы өзiммiн. Барлығын бiрдей тыңдау мүмкiн емес. Бiрiншi шумағын айтқаннан кейiн, тоқтатып отырдық. Мүмкiн бұл қиянат та болған шығар. Әйтеуiр, барлығын бiрдей, соңына дейiн тыңдау мүмкiн емес едi. Әрi байқау екi номинация бойынша жүрдi. Бiрiншi – Шәмшiнiң, сосын өзiнiң таңдаған әнiн орындайды. Ал екiншiсi – сазгерлердiң сайысы. Сазгерлер Шәмшiге арнаған әндерiн орындайды және өзiнiң тағы бiр әнiн шырқайды. Фестиваль осылай дүрiлдеп өттi. Ал, сол жылы мен де жұмыстан кеттiм. Фестиваль сонымен басталмай жатып, тоқтады. Содан 1995 жылдың қазан айында Жамбыл облысына әкiм боп бардым. Фестиваль негiзгi өзiмнiң жұмысым болмағаннан кейiн ұмытып та кеткем. Жамбылға келген соң байқасам, Шәмшi Жамбылдың құрметтi азаматы екен. Әрi жетi жыл осында тұрыпты. Тiптi, дүнгендердiң ауылында тұрған үйi бар екен. Бiтпей қалыпты. Соның бәрiн көргеннен кейiн, менiң бойымда Шәмшi фестивалiне деген ықыласым қайта оянды. Оны әрi халықаралық деңгейде ұйымдастыру керек деген ой келдi маған. Идея келген соң, оны жүзеге асыру керек емес пе? Бiртiндеп, фестиваль туралы идеямызды жалғастыра бастадық. Сөйтiп, 1996 жылы араға бес жыл салып, Шәмшi фестивалi қайта жүзеге асты. Фестиваль тiптi дүркiреп өттi. Сенсеңiз, осы кезге дейiн Шәмшiнiң атын атаған бiрде-бiр жан болған жоқ. Атын атаса, мүмкiн мен оқымаған шығармын. Ал 1996 жылы фестиваль қалай өттi, солай Шәмшiге бауыр да, туыс та пайда бола бастады. Ие пайда болды. Тiптi, Шәмшi атындағы қор құрылды. Ол қор Шәмшiге арнап концерт те қоя бастады. Керек десеңiз, сол концертке фестивальдi ұйымдастырған бiздердi де, лауреаттарды да шақырған жоқ. Жай ғана Шәмшi әндерiн орындап жүрген әншiлермен ғана шектелiп қойды. Өткiзсiн, мен қызғанбаймын. Тек, Шәмшiнi еске алса, одан бұрын олар қайда болған? Бiр адамды толық қастерлей, тани алмай отырып, атын иемденуге асығатындар көп. Мүмкiн олардiкi де дұрыс шығар, бiрақ, мен дұрыс деп ойламаймын. Шәмшiнi бiрiншi рет көтерген, бiрiншi рет фестивальдi бастаған мен. Қазақта «дайын асқа тiк қасық» деген сөз бар. Сол айтқандай, дайынға ие боп шыға келдi. Сосын, тағы бiр қызығы, ие боп шыға келедi де, оны ұйымдастырып, басы-қасында болған адамдарды ығыстырып, шеттеткiсi келiп тұрады. Өйтпейiн десе, олардың аттары бiрiншi аталып кетедi. Егер 1992 жылы сол фестивальдi ұйымдастырмасам, кейiн оны 1996 жылы қайта жалғастырмасам, ешкiм де еске алмас едi ғой. Оған дейiн бiр рет те еске алмаған адамдар, сол халықаралық фестивальден кейiн ғана барып, қор құра бастады. Неге оған дейiн фестиваль жалғастырылмады? Фестивальдi 1996-97 жылы екi жыл қатарынан өткiздiм. 1998 жылы нағыз халықаралық деңгейге жеткiздiк. Шет елден әншiлер де шақырдық. Кейiн мен Жамбыл облысынан жұмыстан кеткеннен кейiн, Абдуллаевқа хабарластым. Абдуллаевтың Шымкентке облыстың әкiмi боп келген кезi. «Сен ендi не iстейсiң? Бұл фестивальдi жамбылдықтар ендi өткiзбейдi. Оларға Тшановтан қалған нәрсе қажет емес. Тшановтан қалған дүниенi бүгiнгi бастықтар жалғастырмайды. Сондықтан, сен осы фестивальдi жалғастыруды өз қолыңа ал» дедiм. Обалы не керек, ол тыңдады, онысына да рахмет! Бiрақ, бүгiнгi фестивальге көңiлiм толмайды. Бүгiнгi басшылар маған ренжiсе ренжитiн шығар. Фестиваль дегендi бiр күнде атап өту үшiн ғана жасап жатыр. Менiң ойым олай болған жоқ. Халықаралық, нағыз қазақтың ту ететiн фестивалi болса деген арман едi менiкi. Ондай орындалмай қалған талай арман менiң iшiмде жатыр ғой. Соның бiрi – осы Шәмшiнiң фестивалi. Биыл тiптi ол фестивальге менi шақырмады да. Жыл сайын алғашқы ұйымдастырушы ретiнде шақырып тұратын және менiң арнаулы сыйлығым да бар едi

Сайлау ПЕРНЕБАЙ, фототiлшi:

ШӘМШIНI ИЕМДЕНУШIЛЕР КӨБЕЙIП КЕТТI ҚАЗIР

– Шәмшiнiң көзi тiрiсiнде жанында көп жүрген адамның бiрi – марқұм Сабырхан Асанов едi ғой. Шәкеңмен менiң таныстығым ерте басталды. Ол кезде мен Пушкин көшесiнiң бойында жекеменшiк үйде тұрамын. Бүгiнгiдей көп қабатты үйлер деген жоқ қой. Тiптi, бүгiнгi Республика сарайыңыздың да салынбаған кезi. Барлығы сары үйлер. Жерлесiм деп үйге қонаққа жиi келедi. Бiр күнi үйге кешкiсiн қонаққа келдi. Қасында бiр жас бала бар. Сөйтсем, ол жас бала Әсет Бейсеуов екен. Әлi мектепте оқитын кезi. Кейiнiрек жақын таныстық қой. Айына, жылына бiр рет келедi. Таңға жақын есiктi тықылдатып тұрады. Атымды ешқашан да тура атаған емес. «Сакеш» дейтiн. «Сакеш» деп есiктi ақырын тықылдатып тұрады. Шәкеңнiң жанында жүрiп, қазақтың талай мықты азаматтарымен таныстым. Мұхит Айтқалиев деген керемет домбырашы кiсi болды. Күйшi болатын. Ол кiсi туралы қазiр бiреу бiлсе, бiреу бiлмейдi. Шәмшiнiң жанында жүрiп, нотасының бәрiн түсiрген адам сол. Оралға барып, сонда институтта сабақ берiп жүрiп, қайтыс болыпты. Таңертеңгiсiн келедi. Қонуға. Өйткенi, үйiне барайын десе, әйелi кiргiзбейдi. Сосын амал-жоқ, достарының, iнiлерiнiң үйiн жағалайтын. Бiр қызығы, Шәмшi таңертең ерте тұрып алып, жуынып-шайынып, төсек-орнын тап-тұйнақтай ғып жинап, сыртта серуендеп жүретiн. Үй иелерi оянғанша, далада жүре тұрайын дейтiн болуы керек. «Мынау шынымен Шәмшi ме, жоқ па?» деп оның бұл қылығына қонаққа барған үйдiң иелерi таң қалып жататын.

Шәмшiнiң алпыс жылдығында елi-жұрты келiп, дүрiлдетiп, Алматыда шығармашылық кешiн өткiздi. Қазiргi Жамбыл атындағы филармонияда өттi. Өзi дүниеге келген Отырар ауданынан бiраз адам келдi. Сенсеңiз, сол алпыс жылдыққа Мәдениет министрлiгiнен де, сол кездегi үкiметтен де бiр адам келiп, құттықтауға жарамады. Кештен соң, үйiне келiп, таңертеңгi алтыға дейiн, алпысын тойлағанымыз есiмде. Шәкеңнiң татып алмай жүрген кезi. Қапаланып, пианиносының жанына барып, сүйенiп ұзақ отырды. Суретке түсiрейiн деп, жақындап едiм. «Сакеш, керегi жоқ. Неге керегi жоқ екенiн кейiн айтам» дедi. Сөйтсем, алпысында елеп-ескерiп, Мәдениет министрлiгiнен бiр адамның келмегенi жанын жаралап отыр екен ғой, ол кезде бiз қайдан бiлейiк?!

Шәмшi өте қарапайым болатын. Ешкiмнiң көңiлiн қалдыруды бiлмейтiн едi. Бауырмал, көрiнген адаммен тiл-табысып кете беретiн. Шәмшiнi бiр рет көрмесе де «бiрге жүрiп едiм, бiрге iшiп едiм» деп естелiк жазып жүргендер көбейдi. Жақсыны иемденедi ғой, әрине. Жөнiмен иемдену керек. Бiр рет қана дастархандас болдым екен деп, дабырайтып, естелiк жазатындар табылды. Онда да, iшкен-жегенiн айтып сөз қылады. Қаншама күндер, қаншама түндерiмiздi бiрге өткiздiк. Қонаққа да бiрге бардық. Бiрақ, әлi күнге сонымызды айтып, мақтан тұтпаймыз. Шәмшiнiң қарапайымдылығы да осында едi ғой. «Мен кеше ананың үйiнде болдым, мынаны iштiм, жедiм» деп бiр ауыз мақтанғанын естiген емеспiн. Сыйлап, шақырған жердiң бәрiне баратын. Тiптi, Шәмшi өзiн «композитормын» деп мақтан тұтқан адам емес. Жай ғана «Шәмшi» деп қана танысатын. Сосын таңданған бiреулер «Қалдаяқовсыз ба?» десе, «Иә, Қалдаяқовпын» деп қоя салатын. Оның қарапайымдылығы сонда. Қонаев атамыз Әблақат Еспаев екеуiн бiлiм алсын деп, консерваторияға да түсiрдi. «Құрманғазы мен Тәттiмбет нота бiлiп, бiлiм алып па едi» деп мысқылдайтыны сол кезде ғой. Сөйтiп, ыңылдап «Қорланды» айтатын. Өзiнiң әндерiн ешуақытта орындаған емес.

Шәмшi туралы айта берсең, бiр роман жазуға болар едi. Шәмшiнiң әрбiр әнiнiң шығу тарихының өзi өте ұзақ оқиға. Нұрсұлтан Әлiмқұлов екеуi бiрге жазған «Қайықтаның» өзiн әзiрлеп шығарғанша он алты рет өзгертiптi. Бiр рет сөз жаза салып, ақын-сазгер болып жүргендер қаншама?!

Қазiр Шәмшiге жиi қиянат жасап жүрмiз. Бүгiнгi жастар әндерiн нақышына келтiрiп орындап жүрген жоқ. Бiз әннiң бәрiн құртып жатырмыз қазiр. Кезiнде өзiнiң көзi тiрiсiнде үнтаспаға басылған әндер қалай едi, шiркiн?! Өзiнiң үнтаспаға жазылған бiраз әндерiн Нұрғали Нүсiпжановқа қалдырған. Одан қалғанын Мәдениет министрлiгiне тапсырдым. Соның өзiнде әндерiнiң көбi жинақтаусыз, iздеусiз қалды ғой. Екi ұлы бар. Ақын-жазушыға күй керек, балам. Олар халықтың адамы болады. Iлуде бiреуi кездеседi. Шәкеңе де сондай күй керек едi. Шәмшiнi халық ұмытпайды. Халықтан басқа Шәмшiге жанашырлық танытып отырған бiр адамды көргем жоқ. Шәмшiнi қазiр «вальс королi» деп елдiң бәрi айтып жүр. Тiрi кезiнде солай бағаласа, қайда қалыпты?! Қарапайым халық сыйлады, партия, қоғам сыйлаған жоқ. Өзiмен-өзi, жалғыз ғұмыр кештi. Өмiрге сыймай жүрген адам екен ғой. Бiз оны кезiнде түсiнбеппiз.

P.S. Өмiрге ән болып келiп, ән болып ұшып кеткен Шәмшiнi бүгiн халқы «Сыр бойынан», «Арыс жағасынан», «Терiскейден», «Ақ жайықтан» iздейдi. Онысына да тәубе! Бiрақ, бiз көзi тiрiсiнде қадiрлей алмаған ән-Шәмшiнi бүгiн қадiрлей алып жүрмiз бе? Шәмшiнiң әндерi жазылған кешегi «Алтын қордағы» үнтаспалар бүгiн қайда? Оның жоқтаушысы бар ма? Бүгiнгi ұрпақ Шәмшiнi бiле ме? Ертең ше, бiздiң ұрпағымыз еске ала ма?

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары