Бұрынғы қызметiне қайта оралды...бiрақ
Бұрынғы қызметiне қайта оралды...бiрақ
Сотпен емес, қоғамдық пiкiрге иек арта отырып, өз дегенiне жеткен белгiлi журналист Несiп Жүнiсбайұлы жұмыссыз жүрген үш-төрт ай көлемiнен соң бас редакторлық қызметiне қайта тағайындалды. Жұмыссыз жүрген осы уақытта жалақысы өндiрiлiп берiлдi…
Алайда, журналистер қауымымен Ұлттық баспасөз клубында тағы да бас қосқан журналист Н.Жүнiсбайұлының бұдан әрi қарай сол баяғы қызметiне оралуға аса құлқы болмайтынын айтып мәлiмдеме жасады.
— Иә, «Sport and KS» спорт газетiнiң бас редакторлығы қызметiнен заңсыз босатылған сәттен мен оның нақ себебiн анықтауды басты мақсат еттiм. Басқа БАҚ әрiптестерiмнiң, «Әдiл сөз» сөз бостандығын қорғау Халықаралық қорының, «Журналисты в беде» қорының, депутаттық корпустың, сенатор Сұлтановтың және премьер-министр Д.Ахметовтiң араласуымен туризм және спорт Агенттiгi басшылығы iс-әрекеттерiнiң заңсыздығы дәлелдендi.
Рас, қызметiм қалпына келтiрiлдi, жалақым да қайтарылып берiлдi, бiрақ бұрынғы жұмысымды онан әрi жалғастыруға келiсе алмай, және оның ешбiр мүмкiн еместiгiн сезiп, мен өз еркiммен жұмыстан босату жөнiнде арыз жаздым. Сондықтан, Туризм және спорт агенттiгiнiң басшысы Д.Тұрлыхановтың маған көрсеткен заңсыз әрекеттерiне наразылық ретiнде мен өзiмнiң бүкiл саналы ғұмырымды арнаған спорт журналистикасынан кететiнiмдi мәлiмдеймiн».Спорт саласынан да, журналистика саласынан да атақ-дәрежесi жетiп артылатын Несiп Жүнiсбайұлы сөйтiп, өзiнiң сүйiктi кәсiбiнен ығыстырылып, кете барды.
Журналистермен болған баспасөз мәслихатында ол әрiптестерiнiң бiраз сауалдарына жауап қайтарғанымен, агенттiк төрағасымен екеуара болған әңгiмесi бiзге жұмбақ күйiнде қалды. Тек бiздiң «Спорт журналистикасына қайта оралуыңыз мүмкiн бе?» деген сауалға Н.Жүнiсбайұлы:
— Мүмкiн… Бәрi мүмкiн. Туризм және спорт агенттiгiнiң қазiргi басшылығы өзгерсе, сол күнi келемiн, — дедi де, әрiптестерiнiң жасаған қолдауына тағы да риясыз ризашылығын бiлдiрдi.
Гүлнәр Мұқанова