ТОҚАЕВ АШУЛАНА БАСТАДЫ

ТОҚАЕВ АШУЛАНА БАСТАДЫ

ТОҚАЕВ АШУЛАНА БАСТАДЫ
ашық дереккөзі
275
Сыртқы істер министрлігінде таяудан бері бір жақсы үрдіс пайда болды. Әр аптаның басында баспасөз қызметінің ұйымдастыруымен брифинг өтеді. Онда министрліктің арнайы өкілі журналистер алдына шығып, елдің сыртқы істер ведомствосының әр түрлі оқиғаларға деген позициясынан хабар береді. Сыртқы саясатқа қатысы бар жаңалықтармен бөліседі. Бұл сыртқы саясат ведомствосы мен қоғам арасындағы пердені ысырып тастауға септігін тигізер шара екені анық. Осыдан бірер жыл бұрын «Түркістан» газеті Сыртқы істер министрінен «Көп мәселелерде Сіздің министрлік үнсіз қалып отырады?», «Әлемдік кеңістіктегі басты оқиғаларға Қазақстан ашық позиция танытпайды? НЕГЕ?» деп сұраған еді. Енді министрлікке бұл тектес сұраулар қойылмайтын шығар. Сонымен, Сыртқы істер министрлігінің арнайы өкілі Ержан Ашықбаев жақында ғана Сыртқы істер министрлігіне Президент тарапынан айтылған сыннан кейін қолданылған шаралар жайында хабардар етті. Естеріңізге сала кетсек, өткен айдың 23 жұлдызында Президент Назарбаев Тоқаевқа қарата, «Өзбекстандағы елші бір жылдағы 112 күнін өзі қызмет етіп жүрген елінен тысқары өткізген, Санкт-Петербургтағы бас консул 150 күн бойы Ресейде болмаған. Қасымжомарт Кемелұлы, бір рет болса да, ашулансаңшы. Жұмыстан шығарып жібер ондай елшілерді» деген еді. Әрі жұмысына жауапсыз қарайтын елшілер тізімінің алдында жатқанын айтқан еді. Мұнан кейін-ақ, Сыртқы істер министрлігінде осы елшілердің жұмысын тексеретін комиссия құрылған. Енді, СIМ арнайы өкілі Ержан Ашықбаевтың айтуынша, Қазақстанның шет елдердегі 7 Төтенше және өкілетті елшісіне, 2 сенімді өкіліне, 1 Бас консулға, 1 консулға сөгіс жарияланған. Бірақ, бұл дипломаттардың аты-жөндерін сұрағанымызбен, арнайы өкіл атаған жоқ. «Ақпаратты кейіннен береміз» дейді Ашықбаев. Ашықбаевты кейіннен сөзге тартып, елшілердің аты-жөндерін атамаудың нақты себебін сұрағанбыз. Ержан Ашықбаев: Жаңа брифингте шет мемлекеттердің дипломаттары да қатысып отырды. Солардың алдында ақпаратты толық айтқым келмеді. «Түркістан» газеті: «Қазір жанымызда шет елдердің дипломаттары жоқ. Енді айта берсеңіз болады ғой! Ержан Ашықбаев: Негізінен, ол елшілердің атын атағанның өзінде олар қызмет ететін мемлекеттердің саяси қоғамында біздің мемлекетке деген жағымсыз көзқарас қалыптасатыны жөнінде ойладық. Бізге қандай елшіні жіберген деген пікір тууы мүмкін ғой. Олардың көз алдында елдің жағымсыз имиджін қалыптастырғымыз келмеді. «Түркістан» газеті: Сіздер олардың атын атағанда мемлекетке тиетін жағымсыз әсерін ойлап отырғанда, елшілердің істеп жүргені анау. Онан да аты-жөндерін толық атап, жауапкершілігін арттырмайсыздар ма? Ержан Ашықбаев: Біз Президенттің айтқанын толық қабылдадық. Ол кісінің берген бағыты бойынша жұмыс істейміз. Бірақ, елшілердің аты-жөндеріне келсек, мұны министрліктің ішкі мәселесі ретінде жауып қойдық. Президент бұрын Сыртқы істер министрлігіне қараған ғимараттың (Алматыдағы Абай мен Желтоқсан көшелерінің бойында орналасқан)өзге қолға өтіп кеткені жайлы да мәселе көтерген еді. Ал министрлік болса, ол ғимаратқа Сыртқы істер министрлігінің көптен бері қатысы жоқтығын, ғимараттың қала әкімшілігіне берілгендігінен ғана хабардар екендігін айтады. Айтпақшы, Лондонда Ауғанстан мәселелеріне қатысты өткен конференцияға қатысқан Сыртқы істер министрі Тоқаев «Есірткілерге қарсы күрес» бойынша сөз сөйлеген. «Орталық Азия аумағы бойынша есірткі тасымалын жою жөніндегі іс-қимылдарды үйлестіру шаралары есірткі бизнесіне қарсы күресте табысқа жетудің негізгі шарты болып табылады» деген ол. Тоқаев есірткі мәселесімен «күресуде» тек Лондонмен шектелмейтін секілді. Ол 7-8 ақпанда Ташкентте өтетін «Есірткі құралдарын, психотропты заттарды және прекурсорлардың заңсыз айналымын, теріс пайдалануын бақылау саласындағы Ынтымақтастық туралы өзара түсіністік меморандумына қатысушы мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің мәжілісіне» қатысады. Бет қатталып жатқанда:  
Бізге түскен кейбір ақпараттарға қарағанда, Елбасының қатаң ескертуі зая кетпепті. Египеттегі елші Әміреев Бағдат, Кореядағы елші Бердалиев Дархан, Венгриядағы елші Тұрсынов Сағымбек, Ирандағы елші Таиров Сәбит жүктерін буып-түйіп, елге қайтуға дайындалып жатқанға ұқсайды. Жаздым-жаңылдым деп, сөгіс алумен шектелген Петербургтегі Сергей Абықаев, Ұлыбританиядағы Ерлан Ыдырысов, Өзбекстандағы Төлеухан Қабдрахманов, Малайзиядағы Мұхтар Тілеубердінің тәртібі түзелмесе, жылы орындарын Астананың қоңыр салқынына ауыстыруы ғажап емес. Қаржы мәселесін тексеруден басталған Сыртқы істер ведомствосының дауы әлі жалғаса бермек көрінеді.
 

Гүлнәр Мұқанова

Серіктес жаңалықтары