7 Наурыз 2018, 22:04 735 0 Әлеумет Әсел ӘНУАРБЕК

Әр отбасы баспаналы болмақ

 

«Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру жайы, 2013-2017 жылдарға арналған Қазақстанда діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның орындалу барысы, 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның жобасы ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында талқыланды.

Бұл жолғы жиын Премьер-министрдің Мемлекет басшысы жариялаған 5 әлеуметтік бастама бойынша мемлекеттік органдарға тапсырма беруімен басталды. Үкімет басшысы өз сөзінде: «Мемлекет басшысының өз бастамаларын арнайы Үндеу арқылы жариялап, онда қазақстандықтарға шынайы алғысын білдіруі оның маңыздылығын арттыра түседі. Бұл – Елбасының халқына ұсынған президенттік әрі перзенттік сыйы. Ол бастамалардың әрқайсысы бүгінгі таңда халықтың көкейінде жүрген ең маңызды мәселелерді қамтиды», – деп атап өтті. Үкімет басшысының айтуынша, халықтың әлеуметтік ахуалын жақсарту мақсатында бірыңғай жол картасы әзірленбек. Жол картасының жұмысы бойынша Бақытжан Әбдірұлы тиісті министрліктерге нақты тапсырмалар жүктеді.

Үкімет басшысы Президенттің халықты қолжетімді баспанамен қамту, салық жүктемесін азайту, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру, шағын несиені көбейту және елді газбен қамтамасыз етуді ұсынғанын атап өтті. Бұл ретте әрбір отбасыға баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін ұсыну мақсатында Ұлттық банк арнайы ұйым құратыны мәлім болды. Жаңа компания «7-20-25 жаңа ипотекалық бағдарламасын» жүзеге асырады. Оның негізгі шартына сәйкес, ипотека ставкасы жылына 7 пайыз, ал бастапқы жарнасы 20 пайыздан аспауға тиіс. Несиелендіру мерзімі – 25 жылға дейін. «Қашанда халқының жан дүниесіне терең бойлап, елінің жүрегіндегі арманын дөп басатын Елбасының бастамаларын мүлтіксіз жүзеге асырып, тиянақты орындау – бәрімізге сын! Сондықтан біз барлық күш-жігерімізді жұмылдырып, Елбасы жүктеген, ел күткен үдеден шыға білуге тиіспіз», – деді Премьер-министр.

Одан кейінгі талқыға түскен тақырып – «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы. Бұл мәселе бойынша Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек пен бірқатар облыс басшылары баяндама жасады.

Жиында белгілі болғандай, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының алғашқы бағыты (автожол саласын дамыту) бойынша өткен жылы 4,4 мың шақырым автомобиль жолы жөнделіп, 22 автомобиль жолдарының жобаларында 60 шақырым автожол қайта жаңғыртылды.

Логистикалық жобаларды жүзеге асыру көзделген екінші бағыт бойынша Құрық теміржол паром терминалы іске қосылды. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, аталмыш жоба бойынша жүкті ауыстырып тиеудің жоспарлы көрсеткіші 50 пайызға артығымен орындалып, 1,5 миллион тоннаны құраған. Айта кетейік, автокөлік паром терминалының толық құрылысы 2018 жылы аяқталады деп жоспарланған. Жобаның жалпы қуаттылығы жылына 6 млн тоннаны құрайды.

Ал мемлекеттік бағдарламаның үшінші бағыты – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту болатын. Аталмыш бағыт бойынша 2017 жылы 765 шақырым инженерлік жүйе жаңғыртылды. Бағдарлама аясында биылғы жылы шамамен 800 шақырым инженерлік желілерді салу және қайта жаңғырту жоспарланып отыр.

Апатты мектептерді және үш ауысымдық оқытуды жою – «Нұрлы жол» бағдарламасының төртінші бағыты. Бұл мәселе бойынша өткен жылы жоспарланған 76 мектептің 73-і салынды. Білім және ғылым министрлігі ұсынған деректерге назар салсақ, қалған білім ордалары 2018 жылдың І тоқсанының соңына дейін қолданысқа берілмек.

Бағдарламаның бесінші бағыты – шағын және орта бизнесті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету. Аталмыш міндетті жүзеге асыру мақсатында 2017 жылы 20 шағын және орта бизнес жобасы қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді. Жобалардың қатарында Қостанай және Алматы облыстарындағы 2 индустриялық аймақ бар.

Алтыншы бағыт бойынша өткен жылы Халықаралық қаржы ұйымдарымен әріптестік туралы негіздемелік келісім аясында 15 жобаны бірлесіп қаржыландыруға қаржы бөлінді. Сонымен қатар, 2017 жылы жалпы сомасы 366,4 млн АҚШ долларын құрайтын екі үкіметтік несие жобасы жүзеге асырылса, мемлекеттік кепілдік беру арқылы іске қосылатын екі жобаның жұмысы басталды. Үкімет отырысында белгілі болғандай, «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруға 75 мың адам тартылып, пайдаланылған жол-құрылыс материалдарының 93 пайызы отандық өнімдер болған.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов 2018 жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға 488,5 млрд теңге қарастырылғанын хабарлады. Соның ішінде, биылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша орталық мемлекеттік органдар 208,3 млрд теңге сомасына міндеттемелер қабылдады, бұл – жылдық жоспардың 49,6 пайызы.

Келелі кеңесте қаралған келесі мәселе – Қазақстанда 2013-2017 жылдарға арналған діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның орындалу барысы және 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама жобасы. Аталмыш тақырып бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, генерал-майор Нұрғали Білісбеков сөз сөйледі. Ол өз сөзінде Елбасы тапсырмасы бойынша әзірленген жаңа мемлекеттік бағдарламаның мақсаты діни экстремизм көріністерін ескеру, терроризм қаупін болдырмау арқылы қоғамның, мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету екендігін тілге тиек етті. Жаңа жобаны дайындау барысында 2013-2017 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру нәтижелері, экстремизм мен терроризм қаупін тудыратын жағдайлар мен факторларды талдау, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың ұсыныс-тілектері ескерілген.

Айта кетейік, Қазақстанда 2013 жылдан бастап экстремизм мен терроризм идеологиясын таратудың себептері мен жағдайларын жою және ақпараттық түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру бойынша 202 комиссия жұмысын жалғастырып келеді. Сондай-ақ, осы бағытта 96,6 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылып, соның нәтижесінде 755 «жиһадшы» қалыпты жолға көшірілген. Бұл мәселеге қатысты сөз алған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының талаптарына сай Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуының тиімділігіне бағалау жүргізілді. Бағалау нысаналы индикаторлар мен нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізу дәрежесі, іс-шараларды орындау толықтығы, бюджет қаражатын игеру деңгейі, нысаналы индикаторларды және нәтижелер көрсеткіштерін жоспарлау сынды 4 критерий бойынша жүзеге асырылған.

Ұлттық экономика министрі ұсынған деректерге иек артсақ, бюджет қаражатын игеру деңгейі 95,8 пайызды құрап отыр. «Нысаналы индикаторларды және нәтижелер көрсеткіштерін жоспарлау сапасы бойынша мемлекеттік бағдарлама қабылданған сәттен бастап индикаторлар мен көрсеткіштердің мәндері, іс-шараларды орындау мерзімдері түзетілмегенін атап өтемін», – дейді Тимур Сүлейменов.

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша, талқыға түскен 2018-2022 жылдарға арналған Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның жобасы қабылданды.

Соңғы жаңалықтар