990
Іргелі ел – ізгі істерімен ірі
Іргелі ел – ізгі істерімен ірі
Ішкі, сыртқы саясатта да «Кең болсаң, кем болмайсың» деген халық даналығын ұстанатын Қазақстан қысылғанға көмек қолын созып, тарыққанды тығырықта қалдырмауға тырысып келеді. Әсіресе, айтып келмейтін табиғи апаттардан, тұтқиылдан төнген қауіп-қатерлерден жапа шеккен, экономикалық қиындықтардан еңсесі езілген көршілерге көмектесуге әркез дайын. Тәжікстанға жіберілген кезекті гуманитарлық көмек сөзімізге дәлел.
ҚР үкіметінің шешімімен Тәжікстанға 10 мың тонна, жалпы 167 цистерна мазут түрінде гуманитарлық көмек көрсету үшін 3,9 млн доллар қаржы бөлінді. ҚР Тәжікстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Сейтімов жүкке арналған сертификатты Тәжікстан Республикасы үкіметі жанындағы мемлекеттік материалдық резерв бойынша Тәжікстан агенттігі директорының орынбасары Сохибджон Зиедуллоевқа тапсырды.
Қазақстан бауырлас тәжік еліне жыл сайын қолынан келгенше көмек беріп келеді. Мәселен, өткен жылдың тамыз айында да еліміз табиғи апаттан зардап шеккен Тәжікстан Республикасының халқына гуманитарлық көмек көрсету үшін 21 вагон жүк жіберді. 27 тамызда Душанбе қаласына келіп жеткен вагондар көмекке зәру тәжікстандықтарға 564 тонна жоғары сұрыпты ұн, 500 тонна 2-сұрыпты ұн, 240 мың банкі ет консервісі мен 240 мың банкі сүт консервісін жеткізді. Сондай-ақ, 2017 жылғы 8 қарашада Тәжікстан тарапының өтінішіне сәйкес, Қазақстан Үкіметі гуманитарлық көмек көрсету үшін 1 мың тонна көлемінде мазут сатып алу үшін 128,7 млн теңге (386,6 мың АҚШ доллары) қаржы бөлді. Жалпы, 2006 жылдан бері елімізден Тәжікстанға жөнелтілген ізгілік жәрдемнің жалпы көлемі 64,5 млн доллардан асқан.
Қазақстан мен Тәжікстан – тәуелсіздікті қатар еншілеген бауырлас елдер. Екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қатынастар 1993 жылғы 7 қаңтардан басталды. Бүгінгі күнге дейін екіжақты ынтымақтастықтың шарт-құқықтық негізін қарым-қатынастардың барлық салаларын қамтитын 80-нен астам құжаттар құрайды.
Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың 2007 жылғы 12-13 қыркүйектегі Тәжікстанға ресми сапарының барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салаларда ынтымақтастығын дамыту мүмкіншіліктерін талқылады. Тәжікстан Республикасы президенті Э.Ш. Рахмоновтың 2008 жылғы 12-13 мамырдағы Қазақстанға ресми сапары да мемлекеттер арасындағы әріптестікті нығайтудың мықты импульсы болды. Сапар нәтижесінде екіжақты ынтымақтастықтың маңызды мәслелелерін жоғары деңгейде үйлестіріп, шешуге және оның басымды бағыттарын анықтауға мүмкіндік беретін ҚР мен ТР Мемлекетаралық Үйлестіруші Кеңесі және Сыртқы істер министрлері кеңесін құру туралы меморандумға қол қойылды.
Душанбе қаласында «Байтерек» қазақ ұлттық мәдени орталығы жұмыс істейді. 2016 жылғы 26 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі делегациясының Тәжікстанға сапары барысында «Бәйтерек» мәдени орталығына сыйлық ретінде қазақ киіз үйі, ұлттық киімдер, музыкалық аспаптар мен кітаптар берілді. Сондай-ақ, сапар шеңберінде Душанбе қаласындағы Айни атындағы Мемлекеттік опера және балет театрында қазақстандық өнер шеберлерінің концерті өтті, оны көрермендер мен шақырылған қонақтар жоғары деңгейде қабылдады.
Білім саласында өзара іс-қимыл дамуда. Жыл сайын Тәжікстанның азаматтарына ҚР Жоғары оқу орындарына түсу үшін 50 мемлекеттік білім гранттары бөлініп отырады, сондай-ақ, Тәжікстанның жоғары оқу орындарына да қазақ жастары (негізінен этникалық тәжіктер) үшін гранттық 50 орын бөлінген. Қазақстанның Тәжікстандағы елшілігінің жәрдемдесуімен және «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ мен Тәжікстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен 2017 жылғы 15-16 мамырда Душанбе қаласында алғаш рет «Қазақстандық білім беру күндері» өтті. Оған Қазақстанның «Назарбаев университеті», Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, «Нархоз университеті», М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясы секілді 20-дан астам жетекші оқу орындары қатысты.