«Жас сарбаз» балалар студиясының тәрбиеленушісі «Голос. Дети» байқауының финалына өтті

/
«Жас сарбаз» балалар студиясының тәрбиеленушісі «Голос. Дети» байқауының финалына өтті
Қорғаныс министрлігі

Таланты, жігері, табандылығы және жаңа белестерге деген ұмтылысының арқасында «Жас сарбаз» шығармашылық студиясының солисі Жасмина Түзелова ресейлік «Голос. Дети» шоуының 12-маусымының финалына өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жобаға ол үлкен дайындықпен келді. Алғашқы әнін орындағаннан кейін-ақ үш бірдей тәлімгердің назарын өзіне аудартты.

– Қазақстанды үлкен сахнада таныстыру – мен үшін үлкен мәртебе. Әр әнімді жүрегіммен орындаймын, адамдар менің Отанға деген сүйіспеншілігімді сезінсе деймін, – деді жас әнші.

12 жастағы алматылық Жасмина Түзелова Ауған соғысының ардагері Мұратбек Өтеевтің отбасында дүниеге келген. Вокалмен бес жасынан бастап айналысады. Жасына қарамастан, Жасминаның жетістіктері әсерлі.

Сегіз жасында ол ұлттық «Бала дауысы» байқауында бас жүлдені жеңіп алды. 2023 жылы Жасмина халықаралық «Балалардың Жаңа толқыны» фестивалінің финалында тамаша өнер көрсетті. Ал 2025 жылы Орталық әскери оркестр мен Орталық ансамбль ұжымымен бірге Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Спасск мұнарасы» XVII Халықаралық әскери-музыкалық фестиваліне қатысты. Қызыл алаңда ол аңызға айналған «Әлия» әнін орындап, өзінің энергиясы мен шынайылығымен көрермендерді тамсандырды.

– Жасмина кішкентайынан шығармашылыққа жақын. Оның әрбір жеңісі – үлкен еңбектің нәтижесі. Қызымыздың басқа балаларға шабыт беріп, өзіне сенуге үйретіп жүргеніне қуаныштымыз, – деп анасы Гүлзия Өтеева жылы лебізін білдірді.

Өткен жексенбі күні елорда халықаралық әуежайында «Жас сарбаз» жасөспірімдер қозғалысының басшылығы, ҚР Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Орталық оркестрінің музыканттары және туған-туыстары Жасмина Түзелованы Мәскеуде өтетін байқауға салтанатты түрде шығарып салды. Қатысушылар оған сәттілік пен шығармашылық шабыт тіледі.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары