__Редакция таңдауы

Отандық көлік «онша емес» деп…

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік орган басшыларына бюджет қаражатын үнемдеу үшін шетелдің қымбат көліктерін сатып алуды доғарып, отандық автокөліктерге мінуді міндеттеген болатын. 2012 жылы Астанада өткен «Қуатты Қазақстанды бірге көркейтеміз!» атты индустриялық форумда Мемлекет басшысы: «Мен ұлттық компанияларға отандық автокөліктерді сатып алу туралы тиісті тапсырмалар бердім. Әнеки, олар көрмеде тұр. Жеңіл, жүк машинасы, полиция көлігі, шенеунікке арналғаны – бәрі бар», ‒ – деген болатын. Шенділердің қымбат көлікке әуестігін сынға алған тағы бір сөзінде: «Біздің қазақтар ең үлкен машина мінгенге құмар, егер танк сияқты машина болса, оны да алар еді», – деді.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында да Президент қоғамда прагматизм принциптерін енгізу, яғни Абай қашық болуға шақырған мақтаншақтық пен бекер малшашпақтықтан арылу жайлы баса айтқан болатын. Десе де, жылы-жұмсаққа еті үйренген шенеуніктер S-класты көліктерден бас тартуға асығар емес. Өткен жылы мемлекеттік мекемелер жаңа көлік сатып алуға 14,3 млрд теңге жұмсаған.

Жат елдің жүйрігіне құмарлар көп

Шенеуніктер автопарктерді импорттық темір тұлпарларға толтырғанын, отандық автокөліктерді менсінбейтіндерді жазалау керегін халық қалаулылары да бірнеше мәрте көтерген. Өткен жылдың соңында Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдаған «Ақ жол» партиясының депутаттары: «Жекелеген шенеуніктер (Денис ауданы әкімі аппаратының жетекшісі Әлия Исмағамбетова, Сарыкөл ауданы әкімі аппаратының жетекшісі қызметін атқарушы Ораз Өтетілеуов және басқалар) шетелдік қымбат көліктер жолдардың нашарлығына байланысты сатып алынды деп ақталды. Жолдың сапалы салынып, дер кезінде жөндеу жұмыстары жүргізілуіне сол мекемелердің өздері жауапты емес пе?» деген болатын.

Өз жауабында Үкімет басшысы бұған дейін мәжілісмендердің 2017 жылдың 18 мамырындағы № ДЗ-138 депутаттық сауалының аясында барлық орталық және жергілікті атқарушы органдар мен олардың ведомствоаралық ұйымдарына ескерту жасалып, қымбат көлік сатып алғанда талаптарды орындау қажеттігі ескертілгенін айтты. «Бірақ осы тапсырмалар орындалмаған жағдайлар болды. Осыған байланысты шетелден әкелінген қымбат көліктерді сатып алған жауапты лауазымды тұлғаларға қатысты қолданылған шараларды Қаржы министрлігінің өкілдері айтатын болады», ‒ деді Сағынтаев.

Министрлік талапқа бағынбағаны үшін жазаланған мемлекеттік қызметкерлер жайлы ақпаратты әзірге жария еткен жоқ. Бізге белгілісі біреу ғана – 55 млн теңгеге Mercedes Benz S500 көлігі сатып алынғаны үшін «Астана автошаруашылығы» ЖШС директорының орынбасарына тәртіптік жаза тағайындалған. Алайда гараждағылар жауапқа тартылғанымен, көлікке тапсырыс берген шенеуніктер сән-салтанаты жарасқан тұлпарларымен емін-еркін сайран құрып жүр.

Өткен жылы мемлекеттік мекемелер үшін сатып алынған көліктерге жұмсалған 14,3 млрд теңгенің қаншасы қай өңірдің үлесі екенін білу үшін мемлекеттік сатып алулар сайтындағы деректерді жинақтадық. Нәтижесінде шенділерге автокөлік сатып алуға жұмсалған шығын көлемі бойынша Астана қаласы көш бастап тұрғаны белгілі болды. Ал үнемділік пен қарапайымдылықтың үлгісін Маңғыстау облысы көрсетті. Астана қаласындағы мемлекеттік мекемелер 2 млрд 182 млн теңгеге 270 автокөлік сатып алса, алматылық шенділер 311 жаңа көлікке 1 млрд 989 млн теңге жұмсаған. Үшінші орынға 1 млрд 292 млн теңгеге 246 темір тұлпар сатып алған атыраулық шенеуніктер жайғасты. Батыс Қазақстан облысы мен Қарағанды облысының мемлекеттік қызметкерлері де қымбат көлік мінуге құмар екен. Өткен жылы батысқазақстандық шенділер 1 млрд 54 млн теңгеге 213 автокөлік сатып алса, қарағандылық шенеуніктер мінетін 228 көлікке 855 млн теңге жұмсалған. Ал Маңғыстау облысының мемлекеттік қызметкерлері бюджет қаржысын барынша үнемдеп, жалпы құны 145,3 млн теңгені құрайтын 32 көлікті місе тұтқан.

Нарық заңдары мен мемлекет мүддесі: Қайсысы қымбат?

2016 жылы еліміздің шенеуніктері шетелдің кемедей көлігінен алпыс жетісін тақымдаса, 2017 жылдың 9 айында мемлекеттік органдар мен холдингтер 508 шетелдік қымбат көлік мінген. Шенеуніктердің импорттық көліктерге тапсырысты үдетуі отандық көліктердің нарықтағы үлесін тарылтып отыр. Алайда көптеген мемлекеттік мекеме басшылары қызметтік көлік алуда басымдықтың жергілікті өнімге емес, шетелдік өнімге берілуін Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптарымен байланыстырып, өз бастарын арашалап әлек. Нарық заңдарына адалдық танытқансып, жаттың жүйрігін тізгіндеуге асыққандар өздерінің мемлекеттік қызметкер екенін, демек ең әуелі мемлекеттің мүддесі үшін жұмыс істеуі тиіс екенін қаперіне де алмайды. «Қазавтоөндіріс» автомобиль саласы кәсіпорындары одағы ұйымының басқарма төрағасы Олег Алферовты қынжылтатын – осы. «Отандық автокөліктердің сапасы «онша емес», жолдар ойқы-шойқы деп, ұзақ жылдар пайдалануға болатын шетелдік көлік алғанның өзінде неге құны 22 млн теңгеден жоғары тұратын Toyota Land Cruiser көліктері, одан да қымбат тұратын S-класты Mercedes Benz алынуы керек? Екіншіден, бұл тіпті басты сауал – отандық көліктердің «онша емес», республика жолдарының ойқы-шойқы болуына кім кінәлі?», ‒ дейді ол.

Алферовтың айтуынша, құны 22 млн теңгеден асып жығылатын Toyota Land Cruiser көлігін тақымдағандардың қатарында Ақмола, Қостанай, СҚО әкімдіктері, Сарыкөл, Әулиекөл және Қамысты аудан әкімдіктері мен Зеленовский мәдениет бөлімінің тілдерді дамыту басқармасы мен дене тәрбиесі басқарма басшылары бар.

Қымбат көлік мініп, сайран салған шенділер жайлы деректер депутаттардың алдында да қаттаулы жатыр. ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Кеңес Абсатировтың айтуынша, Алматы онкологиялық орталығы Toyota Camry көлігін 7,5 млн теңгеге алған. Ал Талдықорған әкімдігі сол маркадағы көлікке 23 млн теңге жұмсаса, Қостанай облысының Әулиекөл ауданының әкімдігі 25 млн теңгеге сатып алған. Халық қалаулысы әкімдіктердің автотұрағынан кейін төтенше жағдайлар немесе жедел жәрдем көліктерінің тұрағына қарауға қысылатынын айтты. Себебі ондағы көліктердің басым көбі әлі де сонау 1970-1990 жылдар аралығында шыққан көліктер.

Жалға алу бюджет қаржысын үнемдей ме?

Өткен жылдың наурызында жергілікті шенеуніктердің қандай көлікпен жүретінін анықтау үшін зерттеу жүргізген Батыс Қазақстан облысы журналистері де біраз құпияның бетін ашты. Бастаманы көтерген «Уральская неделя» газетінің журналисі Лұқпан Ахмедияров құны 56 миллион теңге (180 мың доллардан көп) тұратын, бизнес-класқа жататын соңғы үлгідегі Audi A8 Long көлігі Оралға жіберілгенін ресми дилерлер арқылы анықтаған. Біраз уақыттан кейін 001 WK 07 мемлекеттік нөмірін жапсырған әлгі көлікті мініп жүрген Батыс Қазақстан облысының (БҚО) әкімі Алтай Көлгінов көзге түскен. Жетілдірілген үлгідегі көлік салоны сирек кездесетін ағаштан жасалған материалдармен әрленіп, ашық түсті былғарымен қапталған және қымбат бағалы мультимедиалық жүйемен жабдықталған көрінеді.

Лұқпан Ахмедияров қымбат көлік сатып алуға қатысты деректерді жариялауды сұрап, облыс әкімі Алтай Көлгіновтің жеке блогына сауал жолдаған. Мысалы, журналист әкімнің бұрын қызмет бабында пайдаланған S класына жататын Mercedes-Benz көлігі қайда екенін сұраған. Алтай Көлгінов журналиске берген жауабында Audi көлігін әкімдік «айына 50 мың теңге төлеп тест-драйвтан өткізу шартымен және оны ұзарту және келесі айдан бастап айына 250 мың теңге төлеу құқығымен» жалға алғаны туралы хабарлаған. Әкімнің жазуынша, айына 50-250 мың теңге төлеп жалға алған кезде көлікті жалға алудың жылдық бюджеті 600 мыңнан үш миллион теңгеге дейінгі соманы құрамақ. Бес жылға жалға алу ақысы үш миллионнан 15 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін. Яғни, әкімнің айтуынша, бұл жаңа автомобиль сатып алуға кететін шығыннан бірнеше есе арзанға түседі екен.

Әкім бұған дейінгі Mercedes-Benz қызметтік көлігін де 2012 жылдан бері жалға пайдаланылғанын айтты. Жалға алу ақысы – айына жеті мың теңге болған. Жалға алу мерзімі 2016 жылғы желтоқсанның 31-інде біткен.

Сондай-ақ, жергілікті журналистер 24,5 миллион теңге тұратын ең қымбат қызметтік көлікті БҚО мемлекеттік қызметшілері арасында биыл Зеленов ауданының әкімі Кәрім Жақыпов сатып алғалы жатқанын tenderplus.kz мемлекеттік сатып алулар сайты арқылы анықтаған. Аудандық әкімдік тапсырыс берген автомобильдің техникалық сипаттамасы жол талғамайтын Toyota Land Cruiser 200 көлігі сипаттамасына дәлме-дәл келеді.

«Біреу тойып, біреу тоңып секіреді»

Шымкенттік шенділер де сән-салтанаты жарасқан қымбат көліктермен жүруді әдетке айналдырған. Мемлекеттік сатып алулар сайтындағы деректерге сүйенсек, 2017 жылы облыстағы мемлекеттік мекемелер 775 млн теңгеге 141 автокөлік сатып алған. Аймақта шешімін күткен әлеуметтік мәселелер шаш-етектен бола тұра, шенеуніктердің шетелден шертіп таңдап алған көліктерімен көше кезгеніне қынжылған мүмкіндігі шектеулі жандар шеруге шығып, наразылық танытқаны есте. Шымкенттегі қоларбаға таңылған жастар жиналып, қала көшелерінде ерсілі-қарсылы ағылған автокөліктермен қатарласа сап түзеген-тін. Олар облыс орталығындағы инва-такси қызметі өздерін тасымалдамайтынына, тротуарлардың қоларбамен жүруге лайықталып жасалмағанына қарсылық білдірді.

«Құрметті достар, Шымкент қаласының мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тасымалдайтын инватакси қызметі мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен азаматшаларды баратын жерлеріне апармағандықтан біз жаяу журуге мəжбүрміз», ‒ деп жазды наразылық акциясының видеосын өзінің Facebook-тегі парақшасында жариялаған Мақсат Сәрсембаев есімді жарымжан. Видеодан мүгедектердің Шымкент қалалық əкімдігінен №8 арнаулы əлеуметтік оңалту орталығына жаяу бара жатқанын, бағдаршамда көліктермен қатар тұрғанын көруге болады.

«Əділдік қайда? Неге әкімдер мен басшылар мемлекеттің берген көлігі мен бензинімен жүреді? Неге мүмкіндігі шектеулі азаматтарға келгенде бюджетте ақша жетпейді? Неге біз қоларбада жаяу жүреміз?», ‒ (автор орфографиясы сақталды – ред.) дей келе, мүмкіндігі шектеулі жігіт өмірлеріне қауіп төнсе де амалдың жоғынан жолға шығып кеткендерін айтады.

Астаналық шенділер таксиге көшпек

Аймақтағы әріптестеріне тағылған сын бір күні өзіне де айтыларын түсінді ме, өткен жылдың соңында Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев тың бастама көтеріп, қарамағындағыларды қызметтік көліктен түсіріп, таксиге отырғызуға уәде берді.

Елорда басшысының идеясы іске асса, әкімдіктің алдында қаз-қатар тізілген қымбат көліктер болмайды. Басқарма басшылары да, әкімнің орынбасарлары да қызметтік темір тұлпарымен қош айтысып, жұмысқа таксимен қатынайды. Алайда бастама авторының өзі немістің қымбат көлігінен бас тартып, такси қызметіне жүгіне ме – ол жағы әзірге белгісіз.

«Келесі жылдан бастап әкімдіктегілер мемлекеттік көліктен бас тартып, таксимен жол жүреді. Осылайша біздің көлік компанияларымызға жақсы мүмкіндік туады. Біз нарыққа мықты «ойыншылардың» келгенін қалаймыз. Қалада бірнеше автопарк бар. Бірақ әзірге олар жауапкершілікті толықтай өз мойындарына алуға дайын емес. Ең үлкен коммуналдық автопаркті жекеменшік автопарк иесіне беруге дайынбыз», – деген болатын Әсет Исекешев.

Қала әкімінің айтуынша, шенеуніктердің таксиге отыруы бюджет үшін әлдеқайда тиімді. Өйткені әкімдік жылда қымбат көліктер сатып алып, жүргізушілерге ай сайын жалақы төлейді. Бұдан бөлек, темір тұлпарлардың күтімі мен салығы бар. Бұлардың барлығына жұмсалатын шығын ондаған миллион теңгеден асып жығылады. Сондықтан шаһар басшысы қызметтік машинадан түсіп, таксиге міну шығынды екі есеге дейін азайтады деген сенімде. Әрі таксопарктерге де мол пайда әкеледі. Сондықтан әкімдікке қызмет көрсететін бизнесмендер табысты келісімге қол жеткізу үшін қосымша көлік сатып алуға қамдана бастады.

Жоба әзірге сынақ ретінде іске аспақшы. Егер оң нәтиже берсе, әкімдікке тиесілі қымбат көліктер жаппай аукцион арқылы сатылады немесе таксопарктерге төмен пайызбен несиеге беріледі. Ал жұмыстан қысқартылатын әкімдіктің жүргізушілерін кәсіпкерлер такси көлігін айдауға шақырмақшы.

Бастаманың басы тәуір-ақ, соңы сиырқұйымшақтанып кетпесе болғаны. Шетелдің көлігін мініп, шіренген шенділер жылы-жұмсақтан айырылып қаламыз деп қорқып, жобаны жылы жауып қоя салмас па екен деген күдік бар көптің көкейінде. Астаналық шенеуніктер жаппай таксиге көшсе, өзге өңірлер де көп ұзамай елорданың соңынан ерер деген үміт те сығыраяды…

 

Back to top button