6 Ақпан 2018, 00:19 568 0 Білім Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Сапарбаев: "Балаларды демалыста ата-әжесіне жіберу керек"

Балаларды мектеп жанындағы лагерьге емес, ауылдағы ата-әжесіне жіберу керек. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мектеп жанындағы лагерьге қарсылық білдіріп, осылай деді.

Ақтөбе қаласында «Әсем» лагерінің оқу ғимараты салынады. Жыл бойы жұмыс істейтін лагерьді салу жұмысына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қолдау көрсетті. «Ақтөбеде жыл бойы үздіксіз жұмыс істейтін 4-5 лагерь болуы керек. Ақтөбе қаласы, Алға, Хромтау, Қобда аудандарында ашу жоспарда бар. Біз балаларды демалыспен қамтыдық деп есеп береміз, бірақ көбі өтірік. Мен мектеп жанындағы лагерьге қарсымын. Бұл - алдау. Бала 9 ай бойы оқыды, сол мектепте демалу мүмкін бе? Ол мектептен шаршады, біз тағы сол жерге демалуға міндеттейміз. Ең болмағанда атасының ауылына жіберіңдер»,- деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев. Айта кетейік, балалар оқу жүйесін бұзбайды. Олар аудан, ауылда алған білімін, лагерьде жалғастыра алады. Әрі дос табады, замандастарымен танысады. «Аудан әкімдері ынталуы болуы керек. Табиғаты керемет аудандар бар, бірақ әкімдері селсақ. Балалардың демалысын қамтамасыз ету кезінде бірігу керек»,- деді Б.Сапарбаев. Ақтөбе облысында 136 мыңнан астам оқушы, 400-ден астам мектеп бар. Оқушыларды лагерьмен қамту кезінде мүмкіндігі шектеулі балалар да назардан тыс қалмады. Мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында Алға ауданының Бестамақ ауылында «Ақбөбек» лагері ашылады.

Соңғы жаңалықтар