СҚО-да браконьерлерден 1,7 тонна балық тәркіленді

/
СҚО-да браконьерлерден 1,7 тонна балық тәркіленді
Polisia.kz

Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданында ГАЗель автокөлігінен шамамен 1 700 келі балық, екі моторлы қайық және балық аулауға арналған аулар табылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Рөлде отырған Ақмола облысының 49 жастағы тұрғыны интернеттегі хабарландыру арқылы жүк тасымалдауға тапсырыс алғанын түсіндірді. Оның айтуынша, ол Ақжар ауданындағы ауылдардың бірінен Көкшетау қаласына дейін жүкті 70 мың теңгеге жеткізуге келіскен.

Тапсырыс берушілер тасымалдың заңдылығын растайтын құжаттарды ұсынуға уәде берген. Алайда тиісті құжаттарды алмағанына қарамастан, жүргізуші жолға шыққан. Осы жағдайға байланысты ол аудандық полиция бөлімінде түсініктеме берді.

Заңсыз балық аулау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта күдікке ілінген екі адам анықталды. Олар — Түркістан облысының 33 және 32 жастағы тұрғындары. Күдіктілердің айтуынша, балық Майское ауылының маңындағы көлден ауланған.

Қазір полицейлер заңсыз балық аулауға қатысы бар өзге де адамдарды анықтап, браконьерліктің басқа да деректерін тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Полиция қызметкерлері басқа бөлімшелермен бірлесіп, "Таза Қазақстан" жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында табиғатты қорғауға бағытталған іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп келеді.

Тоғыз айдың қорытындысы бойынша облыста заңсыз балық аулаудың 11 дерегі және заңсыз аң аулаудың 4 дерегі тіркелген.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары