Мақтау қағазын алу үшін жүргендер

Мақтау қағазын алу үшін жүргендер

Мақтау қағазын алу үшін жүргендер
ашық дереккөзі
Бүкіләлемдік банктің бизнесті жүргізу рейтингісі бойынша, 2017 жылы Қазақстан сот ісін жүргізудің сапасы жөнінен 190 мемлекет арасынан 5-орынды иемденіпті. Бұл тізімде еліміз соңғы үш жыл ішінде әлемдегі үздік елдер қатарынан көрініп келеді. Бұл, әрине, көңіл қуантарлық көрсеткіш. Бірақ еліміздің сот ісін жүргізу саласында түйіні тарқатылмай келе жатқан мәселелер де шаш етектен. Бұл туралы ҚР Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановтың өзі мәлімдеді. Жақып Асановтың мәліметтеріне сүйенсек, былтыр соттарға 1 миллион 350 іс түскен. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 11 пайызға артық. Сондай-ақ, соттар тараптарды татуластыру рәсімдерін жиі қолдана бастады. Соның нәтижесінде, медиация арқылы аяқталған азаматтық іс 46,4 пайызға артқан. Дегенмен Жоғарғы Сот төрағасы сот саласында былықтың көп екенін де жасырып қалмады. Аталмыш қызметке тағайындалғалы бері алғашқы мәлімдемесін жасаған Жақып Асанов ең алдымен судьялар арасында жаппай кадрлық тазартуды бастайтындығын айтты. Қазыларды жұмысқа таныс-тамыр арқылы емес, қатаң іріктеу арқылы алуға аса мән берілмек. Ал сауатсыз соттарды төраға бұл саладан аластатып, жаппай жұмыстан қуатынын нақтылады. Себебі бүгінгі судьялар арасында адам тағдырына атүсті қарап, қате үкім шығаратындар көбейген. Тіпті, елден алған «теңгесі» үшін ардан аттайтындар да бар. Соттағылардың халықты сенделтіп қоятын әдеті де әлі тоқтамаған. Мұның бәрін төраға жіпке тізіп санамалап шықты. Әсіресе, соттардың бюрократияға белшеден батқанына баса назар аударылды. Төрағаның сөзінше, мұндағылар қарапайым сот актісін түсінікті етіп жаза алмайды. «Көптеген актілер көлемді, күрделі сөйлемдермен жазылған. Оны оқыған адам ештеңе түсінбейді. Тіпті, біз де судьяның не айтпақ болғанын, неге мұндай шешімге келгенін білмей дал боламыз. Егер өзіміз оқығанда осылай қиналсақ, қарапайым адам жайлы не айтуға болады? Сот актілері халық үшін жасалады. Сондықтан, ең бірінші соларға ұғынықты болуы керек», – деп атап өтті. Осы мәселені шешу барысында сот саласында электронды жүйеге көшу ісі қолға алынуда. Мәселен, жуырда Шымкент қаласының судьялары республикада алғаш болып, қылмыстық істі электронды түрде қарады. Абай аудандық сотында жүзеге асқан жоба қорғаушы мен прокурорға істі онлайн түрде зерделеуге мүмкіндік берді. Бұл күдікті мен жәбірленушінің де уақытын үнемдеп, қылмыстық істің сапалы қаралуына ықпал етті. Абай аудандық сотының судьясы Элеонора Бакирова бауырлар арасындағы текетіресті шешуде онлайн әдісті қолданды. Жәбірленуші арызын сотқа сабылмай, электронды түрде тапсырған. Оның айтуынша, туысы үйде жоқ кезін пайдаланып, құнды заттарын ұрлап кеткен. Ағайынының арам пиғылына ашынған ана арыз жазады. Бірақ келтірілген залал өтелуіне байланысты әпкесі кешірім беріп, қылмыскер жазадан босатылды. Осы ретте Жоғарғы Сот төрағасының дауды сотсыз шешетін ұйымдарды жетілдіру қажеттігін тапсырғанын айта кетейік. Тарқатып айтар болсақ, бүгінде елімізде сотта қаралатын әкімшілік, қылмыстық істердің саны тым көбейіп кеткен. Дәл қазір республика бойынша 1 миллионға жуық іс қаралып жатыр. Ал оны қысқартып, жұмыстың тиімділігін арттыру үшін төрағаның тапсырмасын жүзеге асыру керек. «Кемінде екі миллиондай адам сот әуресімен жүр. Сот аппараты бар, прокурорлар бар, эксперттерді, сот орындаушыларды қосыңыз, бұл жалпы бюджетке үлкен салмақ. Әрине, даулар кез келген қоғамда бар. Бірақ олардың барлығын сотта шешу мүмкін емес. Сот екі жақты бірдей қанағаттандыра алмайды. Ең тиімді жол дауды сотсыз шешетін институттарды дамыту», – деді Жақып Асанов.

Статистикада жалғандық көп

Сондай-ақ, дауды бітіммен бітіруді сылтауратып, жалған деректерді жариялайтындар да бар екен. Яғни, облыстық соттардың Жоғарғы Сотқа жіберетін статистикаларында жалған деректер көп. Мұны да Жақып Қажманұлы мәлімдеді. «2017 жылы бітіммен аяқталған даулардың үлесі 4 пайыз. Шындығын айтсам, бұл цифрға мен сенбеймін. Өйткені оның ішінде өтірік көп. Не үшін істеп жүрсіздер сонда? Мына жерде мақтау қағазын алу үшін бе? Сонда халықтың пікірі Сіздерге маңызды емес қой? Статистикада жалғандық көп», – деп сыбап алды қарамағындағыларды Жоғарғы Сот төрағасы. Жалпы алғанда, тараптарды бітімге келтіру қазақ халқы үшін тосын жаңалық емес. Бұған дейін де билер сотының түпкі мақсаты екі жақты татуластыру, табыстыру болған. Қазақтың «дау мұраты – біту» деген сөзі тегін айтылмаса керек. Жоғарғы сот төрағасы қит етсе сотқа жүгіретін тұрғындар көп екенін айтып қаймықты. Әсіресе, ағасы інісін, әкесі баласының үстінен арыз жазатын оқиғалар саны артуда. Бұл қағазға көміліп жүрген судьялардың да жұмысын жеңілдетпейтіні белгілі. Оның үстіне, қаралған істің тек 0,2 пайызы ғана ақталады. Сондықтан медиация саласына екпін түсіріп, соған ұқсас өзге де ұйымдар құру қажет. Мәселен, Еуропа елдерінде телефон арқылы небәрі жарты сағатта мәселені дау-дамайсыз шешетін органдар бар. Екінші жағынан, екі тарапты бітімге келтіру әлемдік тренд деуге де болады. Себебі дамыған мемлекеттерде тараптар арасындағы тартысты шешетін соттан бөлек балама институттар көп. АҚШ сынды алдыңғы қатарлы елдерде даудың көбі соттан тыс жерде шешіледі екен. Ал Қытайда тартыстардың 30 пайызы, Словенияда 40 пайызы сотта бітіммен аяқталатын көрінеді. «Олардағы соттың мақсаты не екенін көрдіңіздер ме, олар неге ұмтылады?! Ал біз мүмкіндігінше біреуі жеңсін, екіншісі жеңілсін дегенге ұмтыламыз. Бізде дауды тек сот шешеді деген көзқарас қатып қалған. Кейде басында ашуға беріліп, сотқа жүгініп, кейін басылып, «қатты кеткен жоқпын ба, алдыма келсе, басқа шешу жолын іздер едім ғой» деп өкініп жатамыз. Соттар осындай бейбіт жолды көрсететін, ұрыс-керіссіз, бірін-бірі тыңдайтын, бір мәмілеге келуіне жағдай жасайтын алтын көпір болуы тиіс. Сот, әкімдер, ассамблеялар, партиялар болып осыны қолға алсақ», – деді Жақып Асанов. Жоғарғы Сот төрағасы сот саласындағы талай былықтың бетін ашқанымен, салада ауқымды реформалардың болмайтындығын ескертті. Шынын айтқанда, басшылыққа келген лауазымды тұлғалардың өз жұмысын пайдасы жоқ жаңа реформа енгізуден бастайтындығына үйренген біздің қоғам үшін Асановтың айтқаны жаңалық болған секілді. Жаңа реформа енгізудің орнына бұрыннан қордаланған мәселелерді шешуге тырысу оң бастама екенін айта кеткен абзал. Сөйтіп, төраға шешімі бойынша сот саласындағы жұмыс бұрынғыдай жалғаса бермек. Тек ендігі уақытта талап қатаң болады. Сондай-ақ, Жоғарғы Сот төрағасы сот ісі ашық түрде жүргізілуі қажеттігін тілге тиек етті. Өйткені соттың ашықтығы оның қызметін жақсартуға мүмкіндік береді. «Судьялардың жұмысын жақсартудың жолына келсек, менің ойымша, біз өзіміздің проблемаларымызды, кемшіліктерімізді қоғамға жасырмай жеткізе білсек, түсіндіре білсек, қоғам қызметіміз жайлы жақсы білетін болады. Содан барып, судьяларға деген талап одан ары күшейеді. Әр сөзі, әр қадамы жұрттың бақылауында болғаннан кейін әрбір судья, соттың әрбір төрағасы өзінің жұмысын жақсартуға, кемшілігін жоюға ұмтылады», – деді Жоғарғы сот төрағасы.

Өз елінің сотына сенбейтін жұрттан ұйқы қашады

Сот саласындағыларға қойылатын ендігі міндет – мантия кигендер ең алдымен халықтың сенімін ақтауы тиіс. Жоғарғы Сот төрағасының айтуынша, өз елінің сотына сенбейтін жұрттың ұйқысы тыныш болмайды. Себебі кез келген азамат заңы үстемдік құрған елде өмір сүргісі келеді. Сотына сенген ел өзінің келешегіне сенеді, балаларына алаңдамайды, мемлекетті сыйлайды, кәсібін уайымсыз жасайды, тәртіпке бас иеді. Адамдар сотқа соңғы үмітімен келіп, әділдік күтеді, одан көңілі қалса, сотқа ғана емес, бүкіл мемлекеттік билікке өкпелейді. Сондықтан, сотқа сенгенде көпшіліктің келешекке деген сенімі мықты болмақ. Ал халықтың сеніміне ие болу үшін қазылар тек заңға ғана бағынып, әділ үкім шығаруы керек. Өйткені адам тағдыры ойыншық емес.