«Кремль баяндамасына» кімдер кірді?

«Кремль баяндамасына» кімдер кірді?

«Кремль баяндамасына» кімдер кірді?
ашық дереккөзі
АҚШ Қаржы министрлігі «Кремль баяндамасы» атты тізімді жариялады. Бұл тізімге 210 адамның есімі енгізілген. Оның ішінде 114 ресейлік ірі шенеуніктер мен мемлекеттік компаниялардың жетекшілері, сондай-ақ, құжатта «олигарх» деп көрсетілген 96 кәсіпкердің есімі аталады. Бірақ оларды Вашингтонның қандай принципке сүйеніп тізімге қосқаны белгісіз. «Кремль баяндамасы» төрт бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімге президент әкімшілігінің 43 қызметкері енген. Олардың ішінде президент әкімшілігінің жетекшісі Анатолий Вайно мен Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бар. Екінші бөлімінде премьер-министр Дмитрий Медведев, вице-премьерлер Дмитрий Козак пен Дмитрий Рогозин бастаған ресейлік үкімет және министрлер кабинеті мүшелерінің есімі жарияланған. Тізімнің үшінші бөлігі «өзге жоғары лауазымды саяси қайраткерлерге» арналған. Мұнда Мемлекеттік дума спикері Вячеслав Володин, Федерация кеңесінің басшысы Валентина Матвиенко, Мәскеу мэрі Сергей Собянин, ФҚҰ жетекшісі Александр Бортников, Сбербанк басшысы Герман Греф, ВТБ жетекшісі Андрей Костиндердің есімі аталыпты. Соңғы төртінші топ жоғарыда айтқан кәсіпкерлердің есімімен толыққан. Тізімге енген 96 адам Forbes қорытындысы бойынша миллиардер санатына енгендер. Дегенмен, ресейлік ақпарат құралдары бұл тізімге кейбір күдік тудыратын шенділердің енбей қалғандығы көпшілікке түсініксіз болып қалғандығын жазуда. Мұндай азаматтардың қатарында «Роснано» басқарма төрағасы Анатолий Чубайс, «Стратегиялық өңдеу орталығы» қоры кеңесінің басшысы, Ресейдің бұрынғы қаржы министрі Алексей Кудрин бар. Ал АҚШ дайындаған «Кремль баяндамасында» «Газпром», «Роснефть», «Сбербанк», «Ростех», «Росатом», «Транснефть», «Газ­­пром­банк» сынды 19 мемлекеттік компанияның атауы жарияланды. «Кремль баяндамасы» жарияланысымен-ақ, АҚШ Қаржы министрлігі тізімге енгендердің бәріне бірдей жеке санкция қолданылмайтындығын айтты. Бірақ Вашингтон Ресеймен сауда байланысын орнатқан компаниялар мен үкіметке оларға қарсы американдық санкция қолданылуы мүмкін екендігін ескертті. Әзірге бұл санкциялық тізім болып саналмайтындықтан, ешқандай шектеулер қойылмайды. Егер олар әлі де санкцияға ілінбеген болса, онда олармен байланыс орнатушылар да жазаға тартылмауы тиіс. Десек те, «Кремль баяндамасына» есімі енгізілгендермен бизнес-серіктес болуға көпшілігі тәуекел етпейді. Өйткені тізімге енгендер түбінде санкцияға ілінуі әбден ықтимал. АҚШ Қаржы министрлігінің жаңа санкция енгізу қажеттілігі неден туындағаны белгілі. Вашингтон билігі Ресейге осылай қысым жасау арқылы Минск келісімінің орындалуына қол жеткізбек. Айта кетейік, бұл келісімде Донбасстағы әскери әрекеттерді тоқтату мәселесі қарастырылған. Ал Ресейге, Солтүстік Корея және Иранға қарсы санкция туралы жаңа заң АҚШ-та 2017 жылдың тамыз айында қабылданған болатын. Аталмыш заң талаптары бойынша АҚШ Қаржы министрлігі 180 күн ішінде санкция салуға болатын шенеуніктер, олиграхтар мен мемлекеттік компаниялардың тізімін жариялауы керек. Бұл тізімге президент Владимир Путинмен жақын араласатын және Ресей экономикасына ықпал ете алатындар енгізіледі. Қазіргі уақытта жария болған 210 адамның тізімі баяндаманың ашық бөлігі. Ал оның құпия бөлігінде мемлекеттік компаниялар мен жоғары лауазымды шенеунік, ірі кәсіпкер емес физикалық тұлғалардың есімдері жазылған. Ресей президенті Владимир Путин бұл баяндаманы Ресей мен АҚШ қарым-қатынасына кесірін тигізетін акт деп бағалады. Дәл қазір Мәскеу Вашингтонмен ара қатынасты оңалтуға ниетті. Сондықтан, олар әзір ешқандай қарымта қадам жасамай, жағдайдың соңын күтеді.