ОҚО-дан  5 спортшы қысқы Олимпиадаға барады

ОҚО-дан  5 спортшы қысқы Олимпиадаға барады

ОҚО-дан  5 спортшы қысқы Олимпиадаға барады
ашық дереккөзі

Биыл ақпан айының 9-25 аралығында Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында XXIII қысқы Олимпиада ойындары өтеді. Байрақты бәскеге қатысуға Оңтүстік Қазақстан облысынан 8 спортшы үміткер болып, оның 5-еуі лицензияға қол жеткізді. Бұл туралы Өңірлік коммуникация орталығында өткен баспасөз жиынында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев мәлімдеді.

Аталған спорттық жарыста халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы, 2012 жылы Ресей Федерациясының Сочи қаласында өткен 22-ші қысқы Олимпиада ойындарының 6-шы орын иегері, 2017 жылы өткен Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың жеңімпазы Жанбота Алдабергенова, Қазақстан Республикасының спорт шеберлері Маржан Ақжігіт, Ақмаржан Қалмұрзаева, Ильдар Бадрутдинов, Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер Аяна Жолдас ел намысын қорғайтын болады.

«Қазіргі таңда спортшыларымыз Мәдениет және спорт министрілігі тарапынан бекітілген жоспарға сәйкес, оқу-жаттығу жиындарына қатысуда. Облыс тарапынан жоғарыда аталған үміткер спортшылардың елде және шет мемлекеттерде өткізілетін халықаралық деңгейдегі оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарға қатысуына толық мүмкіндік жасалынып отыр.», - деді Әлібек Нұртаев.

Айта кетейік, бүгінде өңірімізде спорттың қысқы түрлерін дамыту мақсатында «Оңтүстік Қазақстан облысының қысқы спорт түрінен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» жұмыс істеп келеді. Аталған мекеме шәкірттерді спорттың 6 түріне, яғни фристайл, шорт-трек, конькимен мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей, әмбебап жекпе-жек және жазғы биатлонға  баулуда.