Сарышұнақ аяздың салған лаңы

Сарышұнақ аяздың салған лаңы

Сарышұнақ аяздың салған лаңы
ашық дереккөзі
1562
Қыс қаһарына мінді. Еліміздің барлық өңірінде төменгі температура сақталып, республикалық маңызы бар көптеген жолдар уақытша жабылды. Ал Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Қостанай облысы мен Астана қалаларында төменгі сынып оқушылары мен колледж студенттері сабақтан босатылды.  Бұдан бұрын синоптиктер Қара теңіз арқылы қалыптасқан ауқымды және өте суық антициклонның өтуіне байланысты еліміздің басым бөлігінде сарышұнақ аяз болатынын хабарлаған еді. Тіпті, жаз мезгілінде де алда қытымыр қыстың күтіп тұрғаны ескертілген. Айтқандай-ақ, мамандар соңғы рет мұндай аяз 1940 жылы болған дегенді тілге тиек етуде. Күн райының тосын мінез танытуы әсіресе теміртаулықтар үшін қиын тиіп тұр. Өйткені мұнда жылу қазандығы істен шығып, жұрт үйінде бүрсең қағып отыр. Қатты аяз Астана, Павлодар, Петропавл және Семей қалаларының тұрғындарын да әбіргерге салуда. Қазір бұл өңірлерде сынап бағанасы минус 45 градусқа жақындаған. Синоптиктер болса, үскірік аяздың беті тек апта соңына қарай қайтады деген болжам айтуда. Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Теміртаудан басқа қалаларда жылу станциялары дұрыс жұмыс істеуде. Тіпті, Шығыс пен Солтүстік өңірлерде қазандықтар күшейтілген жұмыс тәртібіне көшкен. Ал істен шыққан теміртаулық қазандықты қалпына келтіру үшін күні-түні жұмыс жүріп жатқан көрінеді. Ал Павлодар облысында қазір аяз минус 40 градусқа жақындаған. Алдағы күндері 51 градусқа дейін жетеді деген болжам бар. Қатты аязға байланысты Павлодардан шығатын барлық жолдар жабық. Десе де, құтқарушылар Екібастұз ауданында жолаушыларға лық толы Шымкент-Новосібір бағытындағы автобусты тоқтатқан. Ондағы 52 азаматты жылы жерге орналастыру мәселесі қарастырылды. Дәл осындай автобус Успенка ауданында да тіркелген. Павлодар қаласы №34 мектеп директоры Болат Айғожиннің айтуынша, барлық сыныптарда сабақ тоқтатылғанымен, бұл аяздың пайдасы да жоқ емес. «Қазір тұмаудың өршитін кезеңі ғой. Аяз бұл вирустың тарамауына кедергі жасайды. Ал алдағы күндері суық басылмаса, оқушыларымыз «Күнделік» жүйесі арқылы сабақ оқиды. Сондықтан бағдарламадан қатты қалып қоймаймыз», – дейді мектеп директоры. Сарышұнақ аяз Шығыс Қазақстан облысын да қыспаққа алды. Бұл өңірдің кей аудандарында ауа температурасы аяқ астынан күрт төмендеп кеткен. Соның салдарынан мұндағы мектептерде де сабақ тоқтатылды. Ал Бородулиха ауданында аяздың рекордттық көрсеткіші тіркелді. Онда сынап бағанасы 45 градусқа бір-ақ жеткен. Қырық градустан асатын аяз Елорда тұрғындарын да тығырыққа тіреді. Осыған байланысты астаналық он мың оқушы сабаққа барған жоқ. Ал синоптиктердің айтуынша, солтүстік аймақтағы аяздың беті тек апта соңына қарай қайтады. Сондықтан мамандар жұртқа алыс сапарға шықпай, айналадағы адамдарға да бас-көз болуды ескертуде. Айтпақшы, Үкімет отырысы алдында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев қатты аязға байланысты бірқатар міндеттерді жүктеді. «Кешеден бері еліміздің бірқатар өңірінде күн райы қатты суып кетті. Синоптиктердің болжамы бойынша, аяз күші тағы да бірнеше тәулікке созылады. Қазірдің өзінде еліміздің алты өңірінде ауа температурасы -30 бен -40 арасында. Осындай үскірік аяз еліміздің оңтүстігіндегі төрт өңірінде болады деген болжам бар», – деп атап өтті. Осыған байланысты Үкімет басшысы облыс әкімдеріне жылу орталықтарының жұмысын, соның ішінде шағын қалалардағы жылыту қазандықтарының жұмысын қатаң бақылауға алуды тапсырды. Әсіресе, ауруxана, мектеп, балабақшалар сияқты әлеуметтік нысандарға ерекше назар аударылуы қажет. «Білім беру ұйымдарында сабақтың болмайтыны туралы xалықты дер кезінде xабардар етіңіздер. Қоғамдық көлік кесте бойынша жұмыс істеуі керек. Кезекшіліктің нақты тәртібі болуы шарт. Қазіргі жағдайға байланысты «102» диспетчерлік қызметі үздіксіз жұмыс істеуі тиіс. Ішкі істер министрлігі автожолдарды бақылап, керек кезде барлық көлік құралдарының қозғалысына шектеу қою туралы шешімді дер кезінде қабылдауы шарт», – деді Үкімет басшысы. Сондай-ақ, ол әкімдіктер көлік жүргізушілері мен жолаушыларды жылытуға арналған жылжымалы бекеттердің жұмысын ұйымдастыруы тиіс. Сол жерде ыстық тамақ берілуі шарт екенін ескертті. «Мемлекеттік органдар мен жеке­меншік ұйымдардың басшыларына ай­тарым, аязды күндері өз қызметкерле­ріңізді жұмыста ұзақ ұстамаңыздар. Мүмкін болса, барлық қызметкерлерді үйге дейін жеткізуді ұйымдастырыңыздар», – деп атап көрсетті Б.Сағынтаев.    

Серіктес жаңалықтары