2026 жылғы егін жинау науқанының қорытындысы бойынша қазақстандық шаруалар 24,3 млн тонна астық бастырды. Бұл көрсеткіш соңғы 15 жылдағы ең жоғары үш нәтиженің қатарына енді. Аталған кезеңде бұдан жоғары көрсеткіш тек екі рет болған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, биылғы егін жинау науқанының маңызды нәтижесі тек жиналған өнім көлемі ғана емес, оның сапасы да болды.
– Алдын ала мәліметтер бойынша, элеваторларға жеткізілген жұмсақ бидайдың шамамен 72 пайызы үшінші класқа жатады. Зерттелген сынамалардың 48 пайызында клейковина мөлшері 28 пайыздан асады. Ақмола облысында үшінші санаттағы бидайдың үлесі 90 пайызға, ал Hi-Pro санатындағы бидайдың үлесі 70 пайызға жетті, – делінген министрлік хабарламасында.
Экспорт бағытында да оң динамика байқалады.
– Соңғы екі маркетингтік жылда Қазақстан астық пен ұнды астық баламасында тиісінше 15,5 млн және 16 млн тонна көлемінде экспорттады. Бұл – ел тәуелсіздік алған жылдардан бергі рекордтық көрсеткіштер. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ деректеріне сәйкес, 2026 жылғы қыркүйектен 19 қазанға дейін астық экспорты 1,657 млн тоннаны құрап, 9 пайызға өсті, – деп атап өтті ведомствода.
Сонымен қатар соңғы үш жылда минералды тыңайтқыштарды қолдану көлемі үш есеге жуық артып, 2025 жылы 1,8 млн тоннаға жеткен. Ал 2026 жылы жоспарланған 2,3 млн тоннаның 2,1 млн тоннасы топыраққа енгізілген. Элиталық тұқымдардың үлесі 12 пайызға жетті. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерінің түсімі мен сапасын одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.
– 2026 жылғы егін жинау жұмыстарына 130 мыңнан астам трактор, 29 мың астық жинайтын комбайн, 17 мың жатка және ауыл шаруашылығына арналған басқа да 130 мыңға жуық техника жұмылдырылды. Машина-трактор паркін жүйелі түрде жаңарту нәтижесінде 2023–2025 жылдары ауыл шаруашылығы техникасының тозу деңгейі 85 пайыздан 65 пайызға дейін төмендеді. 2026 жылдың қорытындысы бойынша техниканы жаңарту қарқынын 8 пайызға жеткізу жоспарланып отыр, – деп толықтырды Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға жеңілдетілген лизинг бағдарламасы да ықпал етіп отыр. Бағдарлама іске қосылғалы бері қазақстандық шаруалар 12,7 мыңнан астам трактор мен 2 340 астық жинайтын комбайн сатып алған. Осылайша, аталған бағдарлама аясында алынған техника еліміздегі тракторлар мен астық жинайтын комбайндардың жалпы паркінің шамамен 10 пайызын құрайды.