195
Франция БҰҰ ҚК шұғыл отырысын шақыруды талап етті
Франция БҰҰ ҚК шұғыл отырысын шақыруды талап етті
Франция Түркияның әрекетіне байланысты БҰҰ ҚК шұғыл отырысын шақыруды талап етті. Франция Түркияның Сириядағы күрд ауданында жүргізген әскери қимылдарына байланысты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл жиынын шақыруды талап етеді. Бұл туралы француз сыртқы істер мекемесінің басшысы Жан-Ив Ле Дриан хабарлады.
Сенбі күні Түркия қарулы күштерінің бас штабы Африн аумағындағы күрд жасағына қарсы операция бастағанын жариялады. Бұл аймақ Сирия мен Түркия шекарасына жақын маңда орналасқан. Түркия премьер-министрі Бинали Йылдырым 21 қаңтарда авиация және бронды техниканың қатысуымен әскери операция басталғанын растады.
АҚШ-тың әскери операция аймақтағы жағдайды қиындатып жібереді деген ескертуіне қарамастан, Түркия осындай қадамға барған. Түрік мемлекеттік Анадолу агенттігінің хабарлауынша, күрдтердің "Халық қорғанысы жасағына" (YPG) қарсы "Зәйтүн бұтағы" әскери операциясын Дамаск билігіне оппозиция саналатын "Сириялық еркін әскер" қолдап отыр.
Түркия күрд милициясын тыйым салынған Күрдістан жұмысшы партиясымен (PKK) байланысы бар деп айыптады. PKK 30 жылдан бері Түркияның оңтүстік-шығысында бүлік жүргізіп отыр. Бұл ұйымды Түркия, АҚШ және Еуропалық одақ террористік топ деп есептейді.