305
Қазақстандық шенеуніктер қанша айлық алады
Қазақстандық шенеуніктер қанша айлық алады
Қазақстанның аймақтарында мемлекеттік қызметшілердің айлығы қалай өзгереді? Еңбекақыны төлеудің жаңа жүйесін енгізу туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшінің айлығы екі критерий, яғни еңбек өтілі мен лауазым санаттары бойынша беріледі. Сыйлықақы секілді ынталандырылатын төлемдер ереже бойынша бірдей мөлшерде тағайындалады. Бұл жүйе 14 жыл бұрын енгізіліп, содан бері өзгертілмеген», - дейді аталған агенттіктің өкілі. Айгүл Шайымова өз сөзінде, еңбекақыны төлеудің жаңа жүйесі орталық пен өңірлердің еңбекақысының үйлесіміне оң әсірін тигізетінін атап өтті. «Өңірлердегі мемлекеттік қызметкерлердің айлығы министрлікте еңбек ететіндерге қарағанда айырмашылығы бар. Мәселен, облыс әкімдігі аппаратының бас маманы орталықтағы басты сарапшыдан 70 пайызға төмен айлық алады. Жаңа жүйені енгізе отырып, біз бұл айырмашылықтарды 10 пайызға қысқартамыз», - дейді ол. Сондай-ақ, жаңа жүйенің тағы бір ерекшелігі жайлы айтылды. Нақтырақ айтқанда, енгізілгелі жатқан тың жүйе мемлекеттік қызметтегі жалпы өтіл мен нақты лауазымдағы жұмыстың тәжірибесін есепке алмақ. Жалпы еңбек өтілі мемлекеттік қызметке кіріскен уақытта есептеле бастаса, нақты лауазымда еңбек ету жалақы белгілеу барысына әсер ететін болады. «Егер кеңсенің бас маманы бір мемлекеттік органнан екіншісіне ауысып жатса, оның алдыңғы жұмыстағы еңбек өтілі жаңа жұмыс орнындағы айлығын белгілеуде де есепке алынатын болады», - дейді ол.
Айгүл Шайымованың айтуына қарағанда, аталған жоба пилоттық тәртіпте жүргізіліп жатыр. Жобаның сынағына Мемлекеттік қызмет істері және және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігі, Әділет министрлігі, Астана қаласы мен Маңғыстау облысының әкімдігі қатысуда. Аталған ведомстволар мен әкімдіктер қаңтар айынан бастап жаңа жүйе бойынша еңбекақы ала бастайды. «Жаңа схема бойынша өңірлердегі мемлекеттік қызметшілердің айлығы өсетін болады. Мәселен, облыстық деңгейде айлықтың ең төменгі мөлшері - 62 мыңнан 17 мыңға дейін болып отыр. Бұл жерде сөз облыс әкімдіктерінің жетекші мамандары туралы айтылып тұрғанын жеткізгім келеді. Орталықта айлық - 84-136 мың шамасында. Пилоттық жобаның соңына қарай, бұл жүйені республикалық деңгейде енгізу туралы шешім қабылданады», - дейді Айгүл Шайымова.