БҰҰ: Жасампаз елге – жаһандық мінбер

БҰҰ: Жасампаз елге – жаһандық мінбер

БҰҰ: Жасампаз елге – жаһандық мінбер
ашық дереккөзі
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде өтетін маңызды тақырыптық брифингте сөз сөйлейді. Келелі жиынға бірқатар елдердің басшылары мен министрлері қатысады. Ал брифингте талқыланатын басты мәселе – жаппай қырып-жою қаруын таратпау. Еліміздің тұңғыш рет 2017-2018 жылдардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі атанғаны белгілі. Қазақстан – Орталық Азия мемлекеттері арасында Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайланған алғашқы мемлекет. Тәуелсіздікке қол жеткізгеніне 26 жыл болған Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болуы еліміздің халықаралық аренадағы абырой-беделінің биіктігінің дәлелі. Ал 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан өз тарихында алғаш рет осы аталған беделді халықаралық ұйымға төрағалық етуде. Ұйымға төрағалық ету – жоғары халықаралық мәртебе. Себебі кеңес өз жиындарын өткізе отырып, мәжбүрлеу шараларына, экономикалық санкцияларға немесе ұжымдық әскери әрекеттерге қатысты шешімдер қабылдайды. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне сайлануына байланысты үндеуінде Мемлекет басшысы: «Біздің еліміз бейбітшілікті, қауіпсіздікті және орнықты дамуды жақтайтынын тәуелсіздік жылдарының бәрінде өзінің нақты істерімен дәлелдеп келеді. Оны баршаңыз білесіздер. Семей ядролық полигонын жабу  және қуаты жөнінен төртінші  зымырандық-ядролық арсеналдан бас тарту туралы шешімімізді бүкіл жер шары біледі және қолдайды. Бізге әлемдік қоғамдастықтың мұндай сенім көрсетуі мемлекетіміздің қарқынды дамуына және береке-бірлігімізге де байланысты. Бұл тек біздің еліміздің ғана емес, сондай-ақ, бұған дейін ешқашан халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке жауап беретін органда өкілеттілік етпеген бүкіл Орталық Азия субөңірінің де табысы», – деп атап өткен болатын. Қазақстан 1992 жылдан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше бола бастады. Сол кезде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен тәуелсіз елдің Біріккен Ұлттар Ұйымы құрамына кіру туралы баяндамасы әзірленген еді. Осы баяндамадан кейін-ақ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы Қазақстан Ұйымның қызметіне маңызды үлес қосатынына сенім білдірген болатын. Қазақстан БҰҰ-на мүшелік еткен 25 жыл ішінде ауыр да күрделі жолды жүріп өтті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сыртқы саясатының арқасында еліміз әлемдегі беделді ұйымның құрметті мүшесіне айналды. Айта кетейік, еліміз Қауіпсіздік Кеңесінің тізгінін ұстауға 2013 жылы ниет білдіріп, адамзатқа қауіп төндірген өзекті мәселелермен күресудің қазақстандық бағдарламасын ұсынған болатын. Ал бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сол бастамаларды БҰҰ-ның биік мінберінен әлем халқына жеткізетін болады. Елбасы жаппай жойғыш қаруларды таратпау турасында сөз қозғамақ. Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шиеленістің артуына және ядролық қарудың таралу қаупіне қарамастан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенім шаралары» атты брифингіне жеке қатысуы Қазақстанның аталған жаһандық мәселеге ерекше назар аударатындығын білдіреді. Астана БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы қызметіндегі басымдықтары ретінде ядролық қарусыз әлемді құру, жаһандық соғыс қатерін болдырмау және жергілікті жанжалдарды реттеу, аймақтық қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайтуда Орталық Азияның мүдделерін ілгерілету, терроризмге қарсы күрес және өзге мақсаттарды атап отыр. Әсіресе, Ауғанстанды дағдарыстан алып шығар жол ретінде аймақтық серіктестік идеясына баса мән береді. Қазақстан төрағалық ететін сессияда тағы екі мәселе – Таяу Шығыс жағдайы және Сирия шиеленісі талқыланбақ. Астана қаласында желтоқсан айында өткен Сирия жөніндегі соңғы кездесу БҰҰ-да жоғары бағаланғаны белгілі. Олай болса, бұл мәселені жоғары деңгейге көтеріп, шешімін табуға да еліміз көмектесетін болады. Мұның барлығы жаһандық үдерісте бастамашы және белсенді қатысушы ретінде әлемдік аренада еліміздің абыройын арттыратыны сөзсіз. Жалпы, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қауіпсіздік Кеңесіне жолдаған саяси Үндеуінде БҰҰ-ның 100 жылдық мерейтойына орай ядролық қарусыз әлем құру мақсатында халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту, сондай-ақ, бейбітшілік, қауіпсіздік және даму арасындағы ажырамас байланысты қамтамасыз ете отырып, ғаламшарды соғыстар мен шиеленістерден арылту ісінде күш-жігерді біріктіру және ынтымақтасу қажеттігіне баса назар аударғандығы белгілі. Қазіргі уақытта бүкіл әлемдік қауымдастық Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуіне үлкен үміт артып отыр. Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық міндетін атқару үшін ғана емес, ядролық қауіпсіздік идеяларына негізделген тұрақты әлемді бірізді ілгерілетуге келді десек, артық айта қоймаспыз. Біздің еліміз әлемдік қауіпсіздік жүйесіне әлемдік алып мемлекеттермен бірдей зор үлес қосты. Қазақстан өзінің жауапты бітімгер мәртебесін бекіте білді. Мемлекет басшысының жоғары абыройы арқасында Астана сирияаралық келіссөздердің өткізу орны болып табылды. Женева форматына толықтыру ретінде Астаналық үдеріс Сириядағы атысты тоқтатуға елеулі үлес қосқан тиімді диалог алаңына айналды. Астаналық формат қазіргі сириялық қақтығыстағы ең ұзақ атыстың тоқтауына сеп болды, «тұрақтандыру» деп аталатын 4 аймақтың құруына ыңғайлы жағдай тудырды. Атқарған шаралар халықаралық сарапшылар мен ұйымдардың тарапынан қызу қолдау тауып, қазақ елінің әлемдік деңгейдегі беделін көтеріп, танымалдылығын арттыра түсті. Бұл – тарихи оқиға. Бұл – Елбасы бастаған отандық дипломатияның тарихи жеңісі, бүкіл әлем таныған сыртқы саясаты сындарлы ел екеніміздің айқын көрінісі. Бүгінгі нәтиже – халықаралық деңгейдегі Қазақстанның ғаламдық және өңірлік мәселелерді реттеуге, ядролық қарусыздану мен таратпау мәселелерін ілгерілетуге қосқан бірегей үлесінің жарқын дәлелі.