Трамп тәнті болған Қазақстан

Трамп тәнті болған Қазақстан

Трамп тәнті болған Қазақстан
ашық дереккөзі
259
Биыл еліміз үшін – тарихи жыл. Елбасы Н.Назарбаев араға 11 жыл салып АҚШ-қа ресми сапармен келді. Сондай-ақ, 2018 жылдың алғашқы айына тұспа-тұс келген Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуі де сапардың салмағын еселей түскен. Айта кету керек, алпауыт АҚШ-тың өзі де сыртқы саясатындағы екіжақты қарым-қатынастарын Қазақстан мемлекетінің басшысымен кездесуден бастады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кәрі Буштан басталған екі ел арасындағы қарым-қатынас бүгінде жоғары деңгейге жеткені белгілі. Қазақстан Республикасының Президенті 2018 жылы Ақ үйге барған алғашқы қонақ. Бұл Вашингтонның біздің елмен арадағы байланысқа ерекше көңіл бөліп отырғандығын көрсетсе керек. АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ пен Қазақстан арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестікті талқылау үшін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Ақ үйде қабылдады. Салтанатты қарсы алу рәсімі аяқталған соң, Нұрсұлтан Назарбаев Ақ үйдің Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды. Бұдан соң Қазақстан мен АҚШ президенттері келіссөз жүргізіп, екіжақты қарым-қатынастың және халықаралық күн тәртібінің мейлінше өзекті мәселелерін талқылады. Дональд Трамп ресми сапармен келгені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа ризалығын білдіріп, Қазақстан мен АҚШ арасында қалыптасқан қатынастарға жоғары баға берді. – Сіздің осында келгеніңізге қуаныштымын. Сізге барлығы зор құрметпен қарайды. Екі ел арасындағы қарым-қатынас жақсы жолға қойылған. Қазір Қазақстанның жағдайы өте жақсы. Біз үшін сізді қабылдау зор мәртебе. Сіздің еліңіз үшін жасаған ісіңіз, шынында да, тамаша, – деді АҚШ президенті. Сондай-ақ, Дональд Трамп АҚШ тарапы Қазақстанды Орталық Азия өңіріндегі болашағы зор, стратегиялық әріптес деп есептейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстан мен АҚШ арасындағы дипломатиялық, сауда-экономикалық қарым-қатынас жаңа сапаға ие. Ақ үй басшысы Қазақстанды өңірлік бейбітшілік пен қауіпсіздіктің шешуші факторы ретінде бағалайтынын жеткізді. «Ақ үйде Сізді қабылдау мен үшін үлкен абырой. Бұған дейін де Сауд Арабиясында бірқатар мәселелерді талқыладық. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Қазіргі таңда АҚШ экономикасы үлкен бір белесті бағындырды. Афро-америкалықтар арасындағы жұмыссыздық бұған дейін болмаған төмен деңгейге төмендеді», – деді. Ал өз кезегінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен келуге шақырғаны үшін Дональд Трампқа алғыс айтып, оны АҚШ президенті лауазымына сайлануының бір жылдығымен құттықтады. – Сізді президенттік қызметіңіздің бір жылдығымен және экономикадағы зор жетістіктеріңізбен құттықтаймын. Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына АҚШ-тың саяси қолдау көрсеткенін біздің ел жоғары бағалайды. Осы 26 жыл бойы Қазақстан АҚШ-пен достық қарым-қатынасты берік ұстанып келеді. Бүгінгі сапар сол серіктестіктің дәлелі болып саналады, – деді Мемлекет басшысы. Екіжақты қарым-қатынастағы экономикалық байланыстың маңызына тоқталған Елбасы Н.Назарбаев: «Бүгінгі дөңгелек үстелде 7 миллиард доллар көлеміндегі 20 келісімшартқа қол қоюды жоспарлап отырмыз. Бұл ‒ бизнес өкілдері арасындағы өзара байланыстың жоғары деңгейін көрсетеді. Біз «Боинг ұшақтарын сатып алуды, Қазақстанда 900 электровоз салуды және ауыл шаруашылығы саласындағы байланысты арттыруды көздейміз», ‒ деді. Қазақстандағы америкалық компаниялар ел экономикасына 50 миллиард доллардан астам қаржы құйып, бес мыңға жуық жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік жасады. Елімізге келетін АҚШ азаматтарына визасыз режим енгізілген. Елбасы визаға қатысты ендігі қадамды АҚШ тарапынан күтетінін мәлімдеді. Сонымен қатар, алдағы уақытта екі ел арасында тікелей әуе қатынасы орнатылмақ. Ақ үй басшысы АҚШ-тың Қазақстан экономикасының ең ірі инвесторы және негізгі сауда-саттық әріптестерінің бірі екеніне тоқталды. Ал Қазақстанды Орталық Азия өңіріндегі табысты дамудың моделі ретінде танитынын атаған Д.Трамп: «Біз алдағы уақытта Қазақстанға салынатын инвестиция көлемін арттыруды көздеп отырмыз. Әсіресе, энергетика секторына маңыз беру жоспарда бар. Қазіргі таңда Қазақстанмен стратегиялық әріптестігіміз алға жылжып келеді. АҚШ пен Орталық Азия арасындағы әріптестік көпшіліктің күткенінен әлдеқайда жедел жүріп отыр», – деді. АҚШ президенті екі арадағы әріптестіктің Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі төрағасы қызметіне кірісуімен одан әрі нығайғанын атап өтті. Елбасы мұхиттың арғы бетіндегі стратегиялық серіктес елмен ынтымақтастықты күшейтіп, дүниежүзілік мінберден ядролық қарудан азат ғалам құру идеясын қайта қозғамақ. Қазақстанның Қауіпсіздік кеңеске төраға ретінде күн тәртібіне жаппай-қырып жою қаруынан бас тартуды ұсынуы кездейсоқтық емес. Нью-Йоркте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» тақырыбында пікірталас ұйымдастыру жоспарланған.  

Серіктес жаңалықтары