525
Олимпиадада Қазақстан туын шорттрекші Абзал Әжіғалиев алып шығады
Олимпиадада Қазақстан туын шорттрекші Абзал Әжіғалиев алып шығады
Олимпиадада Қазақстан туын шорттрекші Абзал Әжіғалиев алып шығады. Пхенчхан қаласында өтетін қысқы Олимпиадада Қазақстан туын шорттрекші Абзал Әжіғалиев алып шықпақшы, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт істері және дене тәрбиесі комитеті төрағасының орынбасары Серік Жарасбаевтың мәлім еткеніндей, шорт-тректен Қазақстан ұлттық құрамасы әлем кубогы кезеңдеріне қатысып, жақсы нәтиже көрсетті. Сөйтіп, шорттрекшілер өз тарихында алғаш рет Олимпиаданың он жолдамасына ие болды. Сондықтан ту көтеруші ретінде шорт-трекші Абзал Әжіғалиевтің таңдап алынуы тегін емес. Айта кетейік, Абзал Әжіғалиев Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында 1992 жылы дүниеге келген. Оралда 2001 жылы жабық мұз айдыны сарайы ашылғаннан кейін шорт-тректен Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мәдіғали Қарсыбеков дайындаған шәкірттерінің бірі.
Ол Сочи Олимпиадасында негізін батысқазақстандық шорттрекшілер құраған ҚР ұлттық құрамасы сапында 5 мың метрлік эстафетада бесінші орынға табан тіреді. Ал 2016 жылы қарашада АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында шорт-тректен әлем кубогы кезеңінде 500 метр қашықтықта айды аспанға шығарып, жеңімпаз атанды. Ол мұндай табысқа қазақстандықтар арасынан тұңғыш рет қол жеткізді. Одан кейін өткен жылы Алматы қаласында ХХVІІІ дүниежүзілік қысқы универсиадада және Минскіде әлем кубогы кезеңінде дәл сол қашықтықта күміс жүлдеге ие болды. А.Әжіғалиев қазіргі таңда командаластарымен бірге Голландияда жаттығуда. Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері М.Қарсыбековтің сөзіне қарағанда, Абзал Олимпиадада өзінің оң жамбасына келетін 500 метр қашықтықта сынға түседі.