Қазақстан халықтарының сызба шежіресі

Қазақстан халықтарының сызба шежіресі

Қазақстан халықтарының сызба шежіресі
ашық дереккөзі
«Қазақстан халқы» ғылыми интерактивті тарихи картасының бір бөлімі «Ұлы дала» тарихы деп аталады. Бұл бөлімде Қазақстан жеріндегі барлық этностардың бір халыққа бірігуіндегі мемлекет құрушы, яғни қазақ ұлысының миссиясы, оның әлемдік өркениетке қосқан үлесі, ұлттық болмысын сақтаудағы – ұлттық кодтың рөлі этномәдени мәліметтер арқылы көрсетіледі. Қазақ жері мен елі – жылқының Отаны, осыдан алты, алты жарым мың жыл бұрын Алаштың ата-бабалары әлемде тұңғыш рет жылқыны қолға үйретті. Жылқының етін жеп, сүтін ішті, демек қазақтар тарих сахнасына салт атпен шықты, тарихын тұлпар тұяғымен жазды, шекарасын аттың ізі арқылы белгіледі. Әлемдегі ең алғашқы империялардың бірі – Ғұн ордасы. Осыдан жиырма екі ғасыр бұрын ғұндар Еуразияның апайтөс далаларында тұңғыш қаһарлы әскери империя құрып, Қытай мен Орталық Азияның басқа елдеріне үнемі қауіп төндіріп, сандаған соғыстар жүргізіп отырды. Ғұндар мен қытай халықтарының саны қандай болды деген сұраққа қытай деректерінде нақты жауап табуға болады. «Ғұндардың (сюну) саны қытайдың бір облысының санына жетпейді, бірақ олардың киімі мен тамағы күшті, бұл жағынан Қытайға тәуелді емес». Бұрынғы ақпарлар мен соңғы зерттеулерді қарастыратын болсақ, ғұндардың саны ең көп дегенде 1,5 млн жаннан артық болмаған, қытайлардың саны 6 млн-ға жетіп тұрған. «Ғұндар өздерінің салттары бойынша тәкаппарлық пен күшті бәрінен жоғары қояды, біреуге міндеттенуді, борышқорлықты намыс көреді, олар ат жалында мемлекет құрды, сондықтан басқа халықтардың арасында беделді, даңқы зор». Бұған ешқандай түсініктеменің қажеті жоқ шығар. «Қытайдың солтүстігінен әрі қарай өмір сүреді, бір жайылымнан екіншісіне малдарымен көшіп жүреді. Төрт түлік малдан ең көп өсіретіндері жылқы, ірілі-ұсақты мүйізді малдар, әрәдік түйе, есек, қашыр және асыл тұқымды жылқылар. Бір жерден екінші жерге көшу шөп пен судың молдығына орай. Қаласы жоқ, егіншілік, отырықшылық дегенді білмейді, бірақ әлдебіреуінің жеке жері бар. Жазуы жоқ, заңдары ауызша айтылады. Бала кішкентайынан қойға мініп, садақпен саршұнақтар мен кішкентай құстарды атады, өсе келе түлкі мен қоян аулап азық етеді. Садақты жақсы тартатындар сауытты атты әскерге алынады. Мал жаюға шыққанда аңшылықпен қоса әрекеттеніп, оны азық қылады. Қажет болғанда әркім шапқыншылық жасау үшін әскери жаттығумен айналысады. Туғандарынан олардың қасиеттері сол. Ұзын қарулары – (алыстан ататын – А.Т.) садақ пен жебе, қысқа қарулары – (қоян-қолтық соғысқанда – А.Т.) семсер мен найза. Шабуыл сәтті болса, алға ұмтылады, сәтсіздік болса, шегінеді, шегіністі ұят санамайды. Көсемдерінен бастап барлығы малдың етін жейді, терісін киімге жаратады, тері және жүннен киімдер киеді». (Қытай жылнамаларынан). Енді осы деректерді интерактивті тарихи картада қалай көрсетуге болады? Кез келген картаның басты мәселесі – шекара. Соңғы ашылған сенсациялық жаңалық Моңғолияның Баян-Өлгей аймағы, Сақсай сумынының аумағынан табылған аттың ізі арқылы салынған шекара сызығы ондаған шақырымға созылып жатыр. Ғұн заманында шекара бөлгенде бір адам атпен жүріп отырған, артынан бірнеше адам аттың тұяғы түскен іздерді қазып отырған. Сонда тереңдігі 20 см-ден 30-40 см-ге дейін жететін шұңқырлар пайда болған. Бүйтіп шекара бөлу тек қана ат үстінде өмір кешкен халықтың харекеті. Ғұн империясының картасы бар. Бұны Қытай, Еуропа, орыс мамандары ХІХ ғасырдан бастап жасаған. Империяның шекарасы қалай белгіленді деген сұраққа келсек, осы баға жетпес мұраның суретін және аэросуретін береміз. Сонымен қатар ғұндар ойлап тапқан әлемдегі ең алғашқы ағаш сүйекті құрама ер-тұрман, ысқырма оқтары бар ғұн садағы, зергерлік өнердегі үлен жаңалық, алтын, күміс металлға асыл тастардан көз орнату арқылы жасалған әшекейлердің (ғылымда бұны полихромдық стиль деп атайды) суреттері қойылады. Сондай-ақ, Қытай, Еуропа суретшілері кескіндеген ғұн жауынгерлері, Мөде мен Аттилланың портреттері толықтыра түседі. Түркі заманындағы Батыс және Шығыс Түрік қағанаттарының саяси карталары түркілердің ауыр сауытты және жеңіл атты әскерлерінің суреттерімен айшықталады. Түркі империяларының қиыр шығыстан бастап Дунайға дейінгі алып территорияны иемденуінің негізгі себептерінің бірі – болат қорытып, теміршілдікпен шұғылануында. Түркілер әлемде бірінші болып, темір үзеңгіні ойлап тапты. Мұндай үзеңгілер бүкіл атты әскердің тарихында революция жасады. Сондықтан бұл бөлімде түркілер жасап пайдаланған ондаған үзеңгінің галереясы көрсетіледі. Қосымша материал ретінде қайқы қылыш, түркінің саптама етігі, атқа жабатын сауыт т.б. жәдігерлер пайдаланылады. Орта ғасырларда Еуразияның сайын даласының ортасынан ойып тұрып орын алған Қазақ хандығы ғұн және түркі империяларының тікелей мирасқоры. Қасым хан «...Біздің асыл дүниеміз бір ғана жылқымыз, ләззат алатын асымыз – ет, сүйетін сусынымыз – қымыз... Қызық көретініміз – өрістегі жылқымыз...» (М.Х. Дулати. «Тарих-и Рашиди»). Қазақтың жылқы мәдениетінің ерекше бай екеніне дәлел, қазақ тіліндегі жылқыға байланысты сөздердің көптігі. Этнограф-тарихшы А.У. Тоқтабай ұзақ жылдар бойы бүкіл Қазақстанды, шетелдегі қазақ диаспорасын (Қытай, Моңғолия, Түркіменстан, Ресей, т.б.) аралап, бір ғана жылқы түстерін, реңін бейнелейтін 400-ге жуық сөз жинаған. Әлемде бір де бір халықта мұндай сөз қоры жоқ. Жылқы түсіне байланысты сөздер: Бүкіл роман-герман тілдерінде – 60; Орыс тілінде – 20; Хакас тілінде – 90; Якут тілінде – 60. ХІХ ғасырдың аяғында Торғай облысында мал дәрігерлері болып істеген М.Преоброженский, А.Добросмыслов қазақтың жылқы түстерін білдіретін сөздердің көптігі сонша, орыс, еуропа тілдеріне аудару мүмкін еместігін айта келе, арнайы зерттеу қажеттігін сөз еткен! Түркі-моңғол халықтары тарихы мен этнографиясының белгілі маманы Л.П. Потапов: «жылқының түстері мен олардың ұсақ реңдерін білдіретін сөздер қазақтардың тілінде өте көп» деген. Сонымен қатар қазақ тілінде жылқының сыртқы мүшелерінің атаулары – 90. Аттың сынына қатысты сөздер – 200. Ер-тұрман жабдықтары – 100. Жылқының әртүрлі қасиеттеріне, мінезіне, бағу, төлдеу, т.б. жағдайларына байланысты сөздер – 100-ге жуық. Демек, қазақ тілінде жылқы мәдениетіне байланысты – 800-ден астам атау мен термин бар. Көшпенді халықтардың (қазақ, қырғыз, моңғол, т.б.) адамзаттың құрылыс өнеріне қосқан үлесі – жиналмалы, көші-қонда алып жүріп, кез келген уақытта тіге салатын, қоршаған ортаға ешқандай зиян келтірмейтін киіз үй. Ибн Рузбехан қазақтардың XVI ғасырда арба үстіндегі үйлерінің құрылысын дәлірек сипаттап жазған. «Олардың (қазақтардың) ағаштан жасалған үйлері сарайлар секілді аспанмен астасқан. Және өз кеңдігі жағынан бүкіл әлеммен бірдей. Ақ теректен жасалған қабырғалары өте мықты, олардың құрылымы өте сапалы. Үйдің үстін әртүрлі және ерекше әшекейленген киізбен немесе қойдың терісімен қаптайды. Ол үйлерде сұлтандар мен атақты қазақтар тұрады. Бұл үйлер өте әсем, әрқайсысына 20-дан астам адам оп-оңай жайғаса алады. Үйлер арбалардың үстіне орналасқан және ол арбалар көп түйеге жегіледі. Мен олардың құрылымына қатты таңғалдым, өйткені арбаға орналасқан олар үлкен және сыйымды, сонымен қатар жан-жағында киізбен жабылған терезелері бар. Бұл үйлердің іші әмірлер мен сұлтандардың үйлері секілді өте әсем». Орта Азия халықтарының мәдениетін зерттеушілердің бірі В.А. Чупелов киіз үйдің ішкі көрінісін былайша сипаттайды: «Үйдің ішіне кірген адам оның ішкі көрінісінің әдемілігіне қатты таңғалады. Безендірілмеген сұр түсті киізбен жабылған ағаштарды жіңішке бау бір-бірімен байланыстырып тұр. Барлық жерде оюлар бар. Әр ою тұрмыспен, халық өміріндегі әрбір оқиғамен тығыз байланысады. Осы оюлар әлемінде немесе ана, немесе мына жерде өмірдегі бейнелерге, нақты заттарға тұспал білінеді. Көшпенділердің айналасындағы әлемнің өзіндік позициясы бар». Киіз үй жазда салқын, қыста жылы, жазда жаңбыр мен ыстық өткізбейді, қыста суық өткізбейді, үй ішіндегі жылуды сыртқа шығармайды. «Қазақтар отырықшы халықтардай жүрек, ентікпе, т.б. ауруларды білмейді, себебі олардың киіз үйлерінде ішкі ауа мен сыртқы ауа бірдей» деген ХІХ ғ. орыс саяхатшылары. Киіз үйлер керегенің санына байланысты төрт қанат, алты қанат, сегіз қанат, он екі қанат, он сегіз қанат болып бөлінеді. Киіз үй үш бөліктен тұрады: шаңырақ, уық, кереге. Әр керегеде 13 бас болады, керегенің басына уық байланады. Кереге басы қанша болса, шаңырақта сонша уық шаншылатын көз болады. Төрт қанатты үйдің шаңырағының 50 көзі болады, яғни 50 уық шаншылады. Он екі қанат үйдің керегесінің басы 160 бас, шаңырағында 160 көз болады. Он сегіз қанат үйде керегенің басы 210-220 болады. Уықтың ұзындығы – 15 қарыс немесе 3 метр. Он екі, он сегіз қанат үйлердің уығының ұзындығы – 20 қарыс немесе 4 метр. Кереге – киіз үйдің ең мықты негізгі мүшесі, уық пен шаңырақты көтеріп тұрады, сондықтан керегенің құрылысы күрделі, жасалуы әжептәуір қиын. Кереге сағанақтарын (ағаштарын) айқастыра тесіп, түйенің шылғи терісімен бекітеді – оны керегенің көгі дейді. Көк санына орай, жел көз, әр көз, дәл көз, тор көз деп бөлінеді. Интерактивті тарихи картаға қазақ этномәдениетінің айрықша үлгілерін мейлінше айшықтап, жарқырата көрсетсек, мазмұны мен сапасы арта түседі. Көрермен қазақ тарихының белгілі оқиғаларымен қатар тұрмысы мен өнерінің інжу-маржандарымен таныса алады.  

Ахмет Тоқтабай,

тарих ғылымдарының докторы