ЖаһанСаясат

Тарихи тамыры бір туысқандар

Түркия – Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқы болып таныған ел. Бүгінгі күні екі ел арасындағы түрлі саладағы қарым-қатынас қарқынды   дамып келеді.  Сондай-ақ, екі мемлекет арасында саяси, экономикалық, білім және ғылым саласындағы әріптестік, мәдени байланыстар үзілген емес. Ертеден жалғасын тапқан айнымас достық қатынастың дәлелі ретінде Анкара қаласында Қазақстан Тәуелсіздігінің 26 жылдығы және Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығына орай халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Сондай-ақ, жиын барысында Қазақстан Республикасының Түркиядағы елшілігі түрік тіліне аударылған 4 кітаптың тұсауын кесті.

Анкарадағы алқалы басқосуға Қазақстанның Төтенше және Өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы, Түркияның 11-ші президенті Абдулла Гүл, президент Режеп Тайып Ердоғанның бас кеңесшісі Ялчын Топчу, Ұлы Бірлік партиясының төрағасы Мұстафа Дестиджи, Түркия мәжілісіндегі Қазақстан-Түркия Достық тобының төрағасы, депутат Халык Ипек, Түркияның тұңғыш Сыртқы істер министрі, Түркия мәжілісінің 20-шақырылымындағы төрағасы Хикмет Четин, бұрынғы Мәдениет министрі Намык Кемал Зейбек, Түрік кеңесінің бұрынғы бас хатшысы Халил Акынджы қатысты.

Әуелі Қазақстан мен Түркия дипломатиялық байланыстарының 25 жылдығына арналған деректі фильм көрсетілді. Онда Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан алғаш тәуелсіздік жариялаған кезде бауырлас ел – Түркияның сол кездегі президенті Тұрғыт Өзалдың телефон соғып, құттықтағанын еш уақытта ұмытуға болмайтыны жайында, сондай-ақ, түбі бір, тарихы бір, діні мен ділі, әдебиеті мен мәдениеті бір екі мемлекеттің достық қатынасы жандана беретіні туралы жүрекжарды пікірі жиналған көпшілікті бір серпілтіп тастады.

Бұдан соң Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы құттықтау сөз сөйлеп, екі елдің өзара ынтымақтастығына тоқталды. «Қазақстан Тәуелсіздігін алғаш таныған ел – Түркия болды. 1992 жылы екі мемлекет арасында дипломатиялық қарым-қатынас бастау алды. Түркі дүниесінің дамуы мен екі мемлекеттің қарым-қатынасының қарқын алуында Елбасы Н.Назарбаевтың еңбегі зор. 2050 стратегиясында айтылғандай, еліміз әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіруге әрекет етуде. Бүгінде экономикалық даму бағытына бет бұрған Қазақстан ЭКСПО-2017 көрмесін абыроймен өткізді. 3 млн-нан астам адам тамашалаған көрмеде Түркияның павильоны ерекше ықыласқа ие болды. Ал оның ашылуына Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның қатысуы қазақ халқына қуаныш сыйлады. Екі ел президентінің жиі кездесіп, диалог құруы достығымызды арттыра түсетіні анық. Қазақстан мен Түркияның тарихи, мәдени тамыры ортақ. «ТҮРКСОЙ» ұйымы, Түрік ПА, Түрік кеңесі, т.б. ұйымдар ынтымақтастықты арттыруда. Түркия Қазақстанның халықаралық бастамаларына әрқашан да қолдау көрсетіп келеді. Екі елдің қарым-қатынасы тек екіжақты байланыстың күшеюіне ғана емес, бүкіл аймақтың қауіпсіздігіне қызмет етеді. Осы достығымыз мәңгілік болсын», – деді Абзал Сапарбекұлы.

Сондай-ақ, мерекелік шараға қатысқан Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның бас кеңесшісі Ялчын Топчу екі елдің маңызды рухани байланысына көпшіліктің назарын аударды. «Сіздерді Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның атынан құттықтай отырып, бұл қарым-қатынастар ары қарай дами беретініне сенім артамын. Әлем картасында алшақ болсақ та, ашық аспанның аясында Анадолы мен Қазақстанды ортақ тарих жақындастырады. Біз бір ортақ мақсатта келе жатқан бауырлас, қандас елміз. Түркістанда жатқан Қожа Ахмет Ясауи – ортақ құндылығымыз. Біздің ата-бабамыз – бір, тарихымыз – бір, тіліміз – бір. Қазақстан мен Түркия екі мықты ел ретінде танымал. Бұл екі ел Түркі әлемінің қайта жандануының көшбасшысы болды. Назарбаев пен Ердоғанның көреген саясатының арқасында біз екі ел қарым-қатынасының ең жарқын кезеңін басымыздан өткеріп жатырмыз. Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың: «Біз өзіміздің түрік екенімізді бүкіл жастарға сіңіруіміз керек» деген пікірін айта кетсем деймін. Ол сондай-ақ, Ислам конференциясында: «Сыртқы күштер біздің арамыздағы ынтымақтастықтың әлсіз тұсын пайдаланады. Мұны жоюымыз керек. Яғни, Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше 15 мемлекет үлкен жиырмалық сияқты ұйым құрып, Батыспен де ынтымақтастықта болуы қажет. Ислам әлемі мен Батыс елдері арасында ашық диалог керек. Сөз аяғында Балқаннан Қытай қорғанына дейінгі аралықта өмір сүріп жатқан 1 млрд 700 млн түркі халқының тілі де, пікірі де бір боларына мен сенемін», – деді Ялчын Топчу.

Ал мінберге көтерілген Түркияның 11-ші президенті Абдулла Гүл өз пікірін «Кеңес үкіметі құлап, посткеңестік елдер тәуелсіздік алған кезде оларға алғаш құшақ ашқан Түркия болды. Осы елдердің қайсысына барсам да, «Біздің егемендігімізді алғаш таныған Түркия» дегенді естісем, кеудемді мақтаныш сезімі кернейді» деп бастады.

«Түркі елдерінің ішінде Қазақстанның орны айрықша. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ең үлкен еңбегі – алпауыт елдермен көрші бола тұра, өз шекарасын шегендеуі. Бір жағында Ресей, бір жағында Қытай сынды алып елдердің ортасында отырып, өз шекарасын белгілеп алуы – зор табыс. Сонымен қатар, Тәуелсіз Қазақстанның болашақта жиі алдынан шығар мәселенің бірі – ядролық қаруы еді. Ядролық қару мәселесінде де Қазақстан өз еркімен бас тартып, дұрыс шешім қабылдады. Қазақстанда үлкен этникалық топтар бар, соларға құрмет көрсете отырып, өзінің дәстүрін жас буын санасына сіңіре білді. Назарбаевтың реалист саясаткер екенін баса айтқым келеді. Ол мемлекеттің астанасын Ақмолаға ауыстырып, көрікті Астанаға айналдырды. Президент болып тұрған кезімде Қазақстанға бірнеше рет бардым. Назарбаев та менің ресми қонағым болды. Өткен шақта бір-бірімізден алыстап кеткен олқылықтардың орнын толтыру үшін жұмыла жұмыс істедік. Назарбаевтың ерекше табысы – мықты ішкі саясатты қалыптастыруы және әлемдік алпауыттар арасында тепе-теңдікті сақтауға негізделген сыртқы саясаты», – деді Абдулла Гүл.

Түркияның экс-президенті өз сөзінде Елбасымен оңаша сұхбаттасқанын да еске түсірді. «Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болды. Қазақстанның әлемдік деңгейдегі үдерістерге бейбітшілік ұстанымымен үлес қосуы өз тыныштығына жол ашты. Қазақстан СИКА деп аталатын Орта Азиядағы ынтымақтастық ұйымның негізін қалады. Мұнда 30-дан астам мемлекет мүше. Аймақтық бейбітшілікке қосқан үлесі – тағы бір үлкен табысы. Кейде біздің өзара сұхбатымыз президенттік қалыптан шығып, дін, оқу, ахлақ (мораль-ред.) мәселесінде өрбитін. Бүгінгі табыстарымызды келешекке қалай аманат етеміз деген түйткілге көңіл бөлді. 2009 жылы Түрік кеңесінің құрылуы да – Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі. Нахичеванда өткен Түрік кеңесінің сол басқосуында Назарбаевты «Түркі әлемінің ақсақалы» деп атадым. Оған өзге түркі елдерінің басшылары бірауыздан қолдау білдірді. Шын мәнінде Назарбаев түркі әлемінің көшбасшысы», – деді Абдулла Гүл өз пікірінде.

Жиын барысында Түркияның экс-президенті Абдулла Гүл және Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы Түркияда жарық көрген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы дала ұлағаттары» кітабы, Қазақстан Республикасы Президенті кеңсесінің бастығы Махмұд Қасымбеков жазған «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» шығармасы, Қазақстан Президентінің көмекшісі Нұрлан Оңжановтың «Бітімгер: Сирия шешімі» еңбегінің және Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың «Жаңа көзқарас, жаңа өлшем, жаңа деңгей» кітаптарының тұсауын салтанатты түрде кесті.

Салтанатты шарада Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы Хикмет Четин, Намык Кемал Зейбек, Халык Ипек, Халил Акынджы, Али Акбаш, Якуп Өмероғлу, Күршат Зорлуға «Қазақстан дипломатиялық қызметіне – 25 жыл» естелік медальдарын тапсырды. Ал кешкісін Қазақстан Тәуелсіздігінің 26 жылдығына және Қазақстан-Түркия дипломатиялық қатынасының 25 жылдығына орай ұйымдастырылған мерекелік қабылдауда Қазақстанның елшісі Абзал Сапарбекұлы сөз сөйлеп, екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тоқтала кетті.

Жиынның арнайы қонағы Түркия Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Хакан Чавушоғлы қазақ елін Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

«Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаған кезде біз қазақ елімен бірге қуандық. Өйткені біздің тарихи және мәдени тамырымыз ортақ. Қазақстан Түркияға қолдау көрсетіп келеді. Әсіресе, Түркияда былтыр орын алған төңкеріс әрекетінен кейін ең бірінші Түркияға келіп, елге көңіл айтқан және қолдау білдірген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болатын. Қазақстанмен бірге лаңкестік ұйымдарға қарсы күресіміз жалғасып отыр. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғаннан бастап, барлық үкімет мүшелері және түрік халқы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты түркі әлемінің ақсақалы санайды. Осы уақытқа дейін Түркия тарапынан қазақстандық 4 938 студентке оқу гранты бөлінген. Қазіргі таңда осы бағдарлама арқылы 407 студент Түркияда білім алып жатыр. Білім және мәдениет саласындағы ынтымақтастығымызды ары қарай жалғастырып, дамытатынымызға сенім білдіремін», – деді Түркия Премьер-министрінің орынбасары Хакан Чавушоғлы.

Қабылдауда ТИКА (Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі) төрағасы Сердар Чамға және Түркиядағы Қазақстанның құрметті консулдары Қазақстан дипломатиялық қатынастарының 25 жылдығына арналған естелік медальмен марапатталды. Жоғары деңгейде өткен қабылдауға Түркияның Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, дипломатиялық миссия мүшелері, зиялы қауым мен Түркиядағы қазақ диаспорасының өкілдері құрметті қонақ болды. Мерекелік шараға жиналған сыйлы азаматтар арнайы әзірленген 1,5 метрлік ту іспеттес көк түсті торттың дәмін татты.

 Мұстафа Дестиджи, Ұлы Бірлік партиясының төрағасы:

– Қазақстан тәуел­сіздігінің 26 жылдығы және Қазақстан мен Түркияның дипломатиялық қарым-қатынасының 25 жылдығы құтты болсын! 25 жыл бұрын бодандықтағы біраз түркітілдес мемлекеттер егемендігіне қол жеткізді. Оның көбі жеке, қуатты мемлекетке айналды. Біз Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстан, т.б. мемлекеттерді бір-бірінен бөлмейміз. Соның ішінде Қазақстан мен Түркия қарым-қатынасы ерекше беделге ие. Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың түркі дүниесіне қатысты ұйымдардың негізін қалауы қазақ елінің атын асқақтатады. Анадолының түріктеніп, мұсылмандануына Қожа Ахмет Ясауидің қара шаңырағында жетілген, өскен тұлғалар біздің түрік, мұсылман болып қалуымыздың бірден-бір негізі болды. Біз де осы жолдың жолаушыларымыз. Кеудемізде жанымыз тұрғанша осы мақсат жолында жүреміз.

 Халык Ипек, Түркия мәжілісіндегі Қазақстан-Түркия Достық тобының төрағасы, депутат:

– Жас кезімізде Қазақстанның, басқа да түркі тілдес мемлекеттердің тәуелсіздік алғанын армандайтын едік. Аллаға шүкір, біз осы қуанышты көрдік. Осы мемлекеттердің егемендікке қол жеткен күніне куә болдық. Қазақстан 26 жылда үлкен даму жолынан өтті. Әлемдік деңгейдегі мемлекеттердің арасында өзінің орнын анықтады. Тарихта кез келген қиындыққа тап болған мемлекеттен көшбасшылар шығады. Осы тұрғыда Қазақстан Президенті Н.Назарбаевты үлгі ретінде айтуға болады. Қысқа уақытта Астана сияқты қаланы көтеру – оңай шаруа емес. Бұл Қазақстанның тарихы тереңде екендігін көрсететін қала. БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің Тұрақты емес мүшесі болуы да әлемдік саясаттағы беделін көрсетеді.

1991 жылы Қазақстан атом қаруынан бас тартты. ҚР Президентінің бұл шешімі бағалауға тұрарлық. Соңғы оқиғалар, Ресей мен Түркия арасындағы қарым-қатынастың реттелуіне Қазақстан Президенті үлес қосты. Астанада өтіп жатқан Сирияға қатысты жиын аймақтағы бейбітшілікті қалыптастыруға қосқан маңызды іс-қимыл болды. Қазақстан мен Түркия стратегиялық әріптес деңгейіне жетті. Әлемдегі саяси ойыншылар ойындарын жүргізіп жатыр. Бұл ретте түркі дүниесінің шығысында жатқан Қазақстанның маңызды фактор болуын тілейміз. Түркияда төңкеріс әрекеті жүзеге асқанда елімізге қысқа уақыт ішінде алғаш келген Қазақстан Президенті Н.Назарбаев болды. Ол: «Түркияның дұшпаны – біздің де дұшпанымыз» деген тарихи пікір айтты. Бүгінде Қазақстан халқы Елбасы Н.Назарбаевтың: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын қолдап, сондағы мақсат-мұратқа қол жеткізуді қолға алуда. Латын әліпбиіне көшу жөніндегі қарарды да қуанышпен қабылдадым. Қазақстан латынға көшсе, екі ел өзара ақпаратты жедел оқи алатын болады.

 

 

P.S.Біз екі елдің бауырмалдығын  ту еткен саясаткерлердің пікірінен Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастықтың жыл өткен сайын арта түсетініне көз жеткіздік. Себебі баяндама жасаған қайсыбір тұлғаны алсақ та, өз сөзін «Қазақстан мен Түркия қияметке дейін бір болады» деп қорытты. Екі мемлекетті жақындастыратын басты фактор – екі халықтың түбі бір туыстығы, өткен тарихының ортақтығы, этнолингвистикалық жақындығы, геосаяси және экономикалық алғышарттарының тұтастығы. Ең алдымен, Түркиямен ынтымақтастық Қазақстанның Азиялық аймақтық процестерге тереңдеп енуіне, Орталық Азия мемлекеттерінің көбіне ортақ түркі өркениетін қайта жаңғыртуына жәрдемдесті. Түркияның, Қазақстанның және басқа түркі тілдес мемлекеттердің арасындағы тығыз қарым-қатынастарды дамыту аймақтағы күштердің ара салмағына елеулі ықпал жасады. Мұның бәрі Қазақстан-Түркия қатынастарының тарихи бастауларының негізгі кепілі болып қала бермек.

Back to top button