Қазақстан мен Түркия қарым-қатынасының 25 жылдығы атап өтілді

Қазақстан мен Түркия қарым-қатынасының 25 жылдығы атап өтілді

Қазақстан мен Түркия қарым-қатынасының 25 жылдығы атап өтілді
ашық дереккөзі
498
Анкара қаласында Қазақстан Тәуелсіздігінің 26 жылдығы және Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығына орай халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Сондай-ақ, жиын барысында Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшілігі түрік тіліне аударылған 4 кітаптың тұсауын кесті. Анкарадағы алқалы басқосуға Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Түркияның 11-ші президенті Абдулла Гүл, Президент Режеп Тайып Ердоғанның бас кеңесшісі Ялчын Топчу, Ұлы Бірлік партиясының төрағасы Мұстафа Дестиджи, Түркия мәжілісіндегі Қазақстан-Түркия Достық тобының төрағасы, депутат Халык Ипек, Түркия мәжілісінің бұрынғы төрағасы Хикмет Четин, бұрынғы Мәдениет министрі Намык Кемал Зейбек, Түрік кеңесінің бұрынғы бас хатшысы Халил Акынджы қатысты.  width= Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы құттықтау сөз сөйлеп, екі елдің өзара ынтымақтастығына тоқталды. «Қазақстан мен Түркияның тығыз қарым-қатынасы тек екіжақты байланыстың күшеюіне ғана емес, бүкіл аймақтың қауіпсіздігіне қызмет етеді», - деді. Сондай-ақ, мерекелік шараға қатысқан Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның бас кеңесшісі Ялчын Топчу Президент сәлемін жеткізе отырып, екі елдің маңызды рухани байланыстарына тоқталды. «Түркия Президенті Режеп Тайып Эрдоғанның атынан сіздерді құттықтай отырып, бұл қарым-қатынастар ары қарай дами беретініне сенім артамын. Біз бір ортақ мақсатта келе жатқан бауырлас, қандас елміз. Түркістанда жатқан Қожа Ахмет Ясауи – ортақ құндылығымыз. Біздің ата-бабамыз – бір, тарихымыз – бір, тіліміз – бір. Қазақстан мен Түркия екі мықты ел ретінде танымал. Бұл екі ел Түркі әлемінің қайта жандануының көшбасшысы болды. Назарбаев пен Эрдоғанның көреген саясатының арқасында біз екі ел қарым-қатынасының ең жарқын кезеңін басымыздан өткеріп жатырмыз. Балқан елдерінен Қытай қорғанына дейін созылып жатқан түркі әлемінің тілі де, пікірі де бір боларына мен сенемін», – деді Ялчын Топчу. Түркияның экс-президенті Абдулла Гүл Нұрсұлтан Назарбаевтың Президент өкілеттігінің кейбір тармақтарын бөлісуі – үлкен саясаткердің қадамы деп атап өтті. «Түркі елдерінің ішінде Қазақстанның орны айрықша. Нұрсұлтан Назарбаевтың ең үлкен еңбегі – алпауыт елдермен көрші бола тұра, өз шекарасын шегендеуі. Бір жағында Ресей, бір жағында Қытай сынды елдердің ортасында отырып, өз шекарасын белгілеп алуы  – зор табыс. Сонымен қатар, Тәуелсіз Қазақстанның болашақта жиі алдынан шығар мәселенің бірі – ядролық қаруы еді. Ядролық қару мәселесінде де Қазақстан өз еркімен бас тартып, дұрыс шешім қабылдады. Қазақстанда үлкен этникалық топтар бар, соларға құрмет көрсете отырып, өзінің дәстүрін жас буын санасына сіңіре білді. Назарбаевтың реалист саясаткер екенін бас айтқым келіп отыр. Ол Ақмоланы Астанаға айналдырды. Мен президент болып тұрғанымда Қазақстанға бірнеше рет бардым. Назарбаев та менің ресми қонағым болды. Өткен шақта бір-бірімізден алыстап кеткен олқылықтардың орнын толтыру үшін жұмыла жұмыс жасадық. Назарбаевтың ерекше табысы – мықты ішкі саясатты қалыптастыруы және әлемдік алпауыттар арасында тепе-теңдікті сақтауға негізделген сыртқы саясаты», – деді Абдулла Гүл. Түркияның бұрынғы басшысы сөзінде Елбасымен оңаша сұхбаттасатынын еске түсірді. «Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болды. Қазақстанның әлемдік деңгейдегі үдерістерге бейбітшілік ұстанымымен үлес қосуы өз тыныштығына жол ашты. Аймақтық бейбітшілікке қосқан үлесі – тағы бір үлкен табысы. Біздің өзара сұхбатымыз кейде президенттік қалыптан шығып, дін, оқу, ахлақ (мораль-ред) мәселесінде өрбитін. 2009 жылы Түрік кеңесінің құрылуы да – Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі. Түрік кеңесінің сол басқосуында мен Назарбаевты «Түркі әлемінің ақсақалы» деп атадым. Оған өзге түркі елдерінің басшылары бірауыздан қолдау білдірді. Шын мәнінде Назарбаев түркі әлемінің көшбасшысы», – деді Абдулла Гүл өз пікірінде. Жиын барысында Түркияда жарық көрген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы дала ұлағаттары» кітабы, Қазақстан Республикасы Президенті кеңсесінің бастығы Махмұд Қасымбеков жазған «Нұрсұлтан Назарбаев.  Өмірбаян» шығармасы, Қазақстан Президентінің көмекшісі Нұрлан Оңжановтың «Бітімгер: Сирия шешімі» еңбегінің және Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың «Жаңа көзқарас, жаңа өлшем, жаңа деңгей» кітаптарының тұсауы кесілді. width=    width= Салтанатты жиында Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы Хикмет Четин, Намык Кемал Зейбек, Халык Ипек, Халил Акынджы, Али Акбаш, Якуп Өмероғлу, Күршат Зорлуға «Қазақстан дипломатиялық қызметіне 25 жыл» естелік медальдарын тапсырды. Кешкісін Қазақстанның Тәуелсіздік күніне және Қазақстан-Түркия дипломатиялық қатынасының 25 жылдығына орай қабылдау ұйымдастырылды. Салтанатты шара Анкарадағы «Марриот» қонақ үйінде өтті. Қабылдауда Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тоқтала кетті.
  •  width=
«Қазақстанның Тәуелсіздігін алғаш мойындаған Түркия Республикасы. Сонымен қатар, дипломатиялық қатынас орнатылған ең алғашқы мемлекеттің бірі де осы бауырлас түрік елі болатын. Екі ел арасындағы қарым-қатынастың орнығуына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан үлесі орасан зор. Елбасы Қазақстан Тәуелсіздігінің ширек ғасырында Түркиямен қарым-қатынасты дамытуға ұдайы мән беріп отырды. Бүгінгі таңда екі елдің саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық саладағы байланысы ынтымақтастықтан ыпалдастыққа жетті», - деді Қазақстан Елшісі. Жиынның арнайы қонағы Түркия Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Хакан Чавушоғлы қазақ елін Тәуелсіздік күнімен құттықтады. "Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаған кезде біз қазақ елімен бірге қуандық. Өйткені, біздің тарихи және мәдени тамырымыз ортақ. Қазақстан Түркияға қолдау көрсетіп келеді. Әсіресе, Түркияда былтыр орын алған төңкеріс әрекетінен кейін ең бірінші Түркияға келіп, елге көңіл айтқан және қолдау білдірген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болатын. Қазақстанмен бірге лаңкестік ұйымдарға қарсы күресіміз жалғасып отыр. Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғаннан бастап, барлық үкімет мүшелері және түрік халқы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты түркі әлемінің ақсақалы санайды. Осы уақытқа дейін Түркия тарапынан қазақстандық 4 938 студентке оқу гранты бөлінген. Қазіргі таңда осы бағдарлама арқылы 407 студент Түркияда білім алып жатыр. Білім және мәдениет саласындағы ынтымақтастығымызды ары қарай жалғастырып, дамытатынымызға сенім білдіремін», - деді Түркия Премьер-Министрінің орынбасары Хакан Чавушоғлы. Қабылдауда ТИКА (Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі) төрағасы Сердар Чамға және Түркиядағы Қазақстанның құрметті консулдары Қазақстан дипломатиялық қатынастарының 25 жылдығына арналған естелік медальмен марапатталды. Жоғары деңгейде өткен қабылдауға Түркияның Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, дипломатиялық миссия өкілдері, зиялы қауым мен Түркиядағы қазақ диаспорасы мен Қазақстан азаматтары қонақ болды. Салтанатты жиында қонақтардың құрметіне арнайы әзірленген 1,5 метрлік ту іспеттес көк түсті торт келушілерге ұсынылды.

Динара Мыңжасарқызы,

Анкара қаласы,

Түркия

Серіктес жаңалықтары