205
Толғаныс кітабы – түрік тілінде
Толғаныс кітабы – түрік тілінде
Қазақстан мен Түркия дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығы аясында Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру мақсатында Қазақстанның Анкарадағы елшілігінде «Ел боламыз десек...» атты конференция өтті.
Конференцияға Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы, Түркияның Мәдениет министрі Намык Кемал Зейбек, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры Шәкір Ыбыраев, Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы Якуб Омароғлы, қоғам қайраткері Бектас Шірікпаев, түрік зиялы қауым өкілдері және Түркияда қоныстанған Қазақстанның азаматтары қатысты.
Шара барысында қазақтың атақты әдебиеттанушы ғалымы, түркі жұртына белгілі түрколог, көрнекті қаламгер, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, академик Рахманқұл Бердібаевтың Ulus Olmak İstersek (Ел боламыз десек...) атты замана, қоғам, ел, жер, руханият туралы толғаныс кітабының тұсауы кесілді.
Конференцияны құттықтау сөзімен ашқан елші Абзал Сапарбекұлы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы негізгі бағыттарын атап өтіп, академик Рахманқұл Бердібаевтың кітабында қозғалған тақырыптардың рухани жаңғыруға алып келетін маңызды да көкейтесті мәселелер екендігін жеткізді.
Өз кезегінде Түркия Мәдениет министрі Н.К. Зейбек Қожа Ахмет Ясауи атындағы университеттің Өкілетті кеңес төрағасы қызметін атқарып отырған кездегі естеліктері академик Р.Бердібайдың шығармашылығы мен ғалымдығы, адамгершілігі мен адалдығы туралы әңгімелеп берді. «Ел» атты ұғымның маңыздылығына тоқталған министр екі бауырлас ел арасындағы мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастардың қарқынмен дамып отырғандығын айтып, бұған Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қосқан зор үлесін атап өтті.
Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы Я.Омароғлы «ел» ұғымын талдап, академик Р.Бердібаевтың «Ел боламыз десек» атты кітабында айтылған бірқатар тұшымды ойлар мен толғаныстарды мысалға келтірді. Сонымен қатар, Қазақстанның «Мәңгілік ел» атты мұратқа жету жолында атқарып отырған шараларын, Елбасының жүргізіп отырған салиқалы саясаты жөнінде өз пікірін білдірсе, Қазақстаннан арнайы келген түрколог-ғалым Ш.Ыбыраев пен қоғам қайраткері Б.Шірікпаев бауырластық тамырының кеңейе беруіне тілектестігін білдірді.