Кітап басу ісінің олқы тұсы

Кітап басу ісінің олқы тұсы

Кітап басу ісінің олқы тұсы
ашық дереккөзі
1390
  Қазіргі кезде көпшілік әдеби кітапқа соншалықты   құмартпаса да, дүкен сөрелеріндегі өнімге сұраныс аз дей  алмаймыз. Бір өкініштісі,  отандық баспагерлердің тауарлары тұтынушыларға әлі де аздық етеді. Десе де, жарық көрген көптеген  баспа өнімдері оқырманын таппай, қоймаларды толтыратыны да жасырын емес. Олай болса, кітаптың өз оқырманын табуы үшін не істеу керек? Оқырман қауым нені оқиды?   ҚР Кітап палатасының мәліметіне жүгінсек, былтыр аталмыш мекемеге 4 мың 691 атаулы кітап түскен. Олардың жалпы таралымы – 16 миллион 364 мың 546 дана. 2015 жылмен салыстырғанда, кітап саны айтарлықтай кеміген. Айталық, екі жыл бұрын 5 мың 508 кітап басылған, оның таралымы бір миллионға артық болған. Кітап саны мен таралымының жылдан жылға кемуіне не себеп? Мәселен, мемлекеттік тапсырыс бойынша шығатын кітаптың таралымы небәрі – 2 мың дана болып келді. Қаламгер, драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың айтуынша, мұндай таралыммен шыққан өнім кітап дүкені тұрмақ, еліміздегі кітапханаларға да жеткіліксіз. Қазақ руханияты мен мәдениеті үшін аса маңызды «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көретін кітаптардың таралымы 2 мыңмен шектеледі. Еліміздегі кітапханалар 12 мыңнан асады. Демек, мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітап олардың екі мыңына ғана жетеді. Сонда қалған 10 мың кітапхана жаңа кітапты қайдан алады? Кітапханалардың өзіне жетпей жатқанда, кітап дүкендері жұртшылыққа не ұсынады?», – деп күйінеді ол. Елімізде былтыр басылған кітаптардың жан басына шаққандағы үлесі – 0,9 пайыз. Бір адамға бір кітаптан да келмейді. Ал көрші Ресейде жан басына шаққанда 3 кітаптан, Беларусьте 2,4 кітаптан келеді екен. Жазушы, «Баянжүрек» баспасының директоры Арасанбай Естенов: «Әлеуметтік маңызы бар әдебиетті басу, сатып алу және тарату» бағдарламасы бойынша 2018 жылдан бастап жаңа жүйе жұмыс істейді. Жазушылар қауымының үміті зор», – дейді. Шынтуайтында, 2018 жылдан бастап мемлекеттік тапсырыспен шығатын баспа өнімдерінің таралымы 2 мың данадан 5 мың данаға көбейтілмек. Ал «Меломан марвин» компаниясының кітап саудасы департаментінің жетекшісі Наталья Жирдың пікірінше, қазақстандықтар – кітап сүйетін халық. Оқырмандар тарапынан кітапқа сұраныс тұрақты. Қазақстандықтар – кітапты көп оқитын халық. 2016 жылы отандық әдебиеттің үлесі – 17 пайызды ғана құрады. Қалың жұртшылық кітапты сүйіп оқитын болса, неліктен кітапқа сұраныс жоқ деген сауал туындайтыны сөзсіз «Баспагерлердің бойкүйездігі кітап сөрелерін ресейлік ассортиментпен толтыруға әкеп соқтырады. Жергілікті өндіріс әлсіз болғандықтан, сөрені ресейлік өніммен толтыруға мәжбүрміз», – дейді маман. Республикадағы кітап өнімдерінің 83 пайызы шет елден келген, отандық баспалардың үлесі бар болғаны 17 пайыз. Сонымен қатар, Наталья Жир баспалардың өндіріс тәсілі дұрыс жолға қойылмағанын тілге тиек етті. «Баспалардың басшылығында шығармашылық адамдар – ақын-жазушылар отыр. Баспаны құрған да сол кісілер. Алайда олар өндірісті жүргізу, менеджмент, маркетинг, кітапты тауар ретінде сатуды жақсы меңгермеген. Осыдан кейін дайын өнімді тарата алмай, қол қусырып отырғаны», – дейді ол. Мәселе, баспада ғана болса, түйткілді тарқату оңай. Бірақ мемлекеттік тапсырыспен күн көріп отырған баспалар оқырман талабына сай кітап шығара ала ма? Өйткені баспада аудитория талабын, талғамын, жасын зерттейтін қаражат та, мамандар да жоқ. Баспаларға дайын өнімді басуға ғана қаражат берілетіні анық. «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бұрынырақ тек кітапты басып шығаруға ғана арналған еді. Өзге елдердегідей кітапты автордан сатып алу, жарық көрген соң оны таратып, саудаға шығару жұмысын назардан тыс қалдырып келді. Тіпті кім айналысуы керектігі де белгісіз. Баспалар тапсырыстан түскен қаражаттан өз үлесін алып, шығарманы басып қана шығарады. Яғни мемлекет қаржысына кітап шығару автордың да, оқырман қауымның да мүддесіне емес, жекеменшік баспалардың мүддесіне бағытталды дейді көптеген мамандар. «Қазақстанда кітап өткізетін 34 нүкте бар. Олар ауылдағы мектеп-клубтардың кітапханасына кітап апармайды. 34 нүктенің жертөлесінде шіріп қалады. Қазіргі жағдайда бізге керегі – нарықтық қарым-қатынас. Мұны әлі ешкім түсінбей жатыр. Мысалы, Америка мен Германияға барғанда нарықтық қатынасты көрдім. Кітабың сатылса – жазушысың, сатылмаса – жазушы емессің. Жыл сайын кітап баспаларына 1 миллиард 600 мың теңге бөлінеді. Егер нарықтық қарым-қатынас орнаған болса, нәтиже шығаруға болады. Кітап дүкендеріне салық салмау керек, кітаптың бағасын барынша азайтып, жарнама жасау керек. Осындай жолмен ғана кітап өткізе аламыз», – дейді жазушы Серік Байхонов. Аталған мәселе төңірегінде шешілмеген түйткіл көп, түйінін тарқату жаңа бағдарламаға жүктеліп отыр. «Соңғы бес-алты жылда «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша қандай баспалар қанша қаржы алды, ол қаржының қаншасы кітапты басып шығару мен тасымалдауға жұмсалды, баспалардың өзіне қанша пайда түсті дегенді арнайы комиссия шығарып, тексеру керек. Сонда біраз жағдайдың беті ашылар еді. Бұл жерде мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін баспаларды ғана айтып отырмын. Бұлардан басқа, авторлармен тікелей байланыс жасап, кітап шығаратын баспалар да жетіп артылады. Бірақ олардың шығарған кітаптарының таралымы 100 данадан басталып, ең мықтағанда бес жүз дананың төңірегінде болады», – дейді Сұлтанәлі Балғабаев. Кітап палатасының директоры Жанат Сейдумановтың айтуынша, палатаға республикалық 373 баспа мен кітап басатын ұйымдардың өнімі түскен. 2015 жылы баспа саны да артық болыпты, 394 баспа өнімін ұсынған. Әдеби басылымдарды басып шығаруда – «Фолиант» пен «Қазақпарат» баспасы алғашқы бестікті бастап тұр. Ал жалпы өнім бойынша, Қазақ Ұлттық университеті баспасы, екінші орында «Алматыкітап» пен ҚарМУ баспаханасы алдына жан салмайды. Әлбетте, баспалардың басым бөлігі – Алматыда. Республикадағы баспалардың 60 пайызы 222 баспа осында. Екінші орында – Астана, Қарағанды қалалары. Баспа өнімдерінің басым бөлігі қазақ және орыс тілінде. Қазақ тілінде – 2268, орыс тілінде – 1639 кітап басылады екен. Электронды кітап басылымы да 32 данаға жеткен, алдыңғы жылғы көрсеткіштен 53 пайызға артық. Алматы қалалық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, қала мектептері 17 баспамен келісім жасаған. Оның ірілері – «Алматыкітап», «Мектеп» және «Атамұра». Ал жеке пәндерді әртүрлі баспалар дайындайды. Мысалы, «Өзін-өзі тану» оқулығы «Бөбек» баспасында, ал ағылшын тілі оқулықтары «Кембридж» бен «Оксфорд» баспаларынан жарық көреді. Бұл дегеніңіз, елімізде ағылшын тілінде оқулық, нұсқаулық дайындайтын баспаның жоқтығын әйгілеп тұр.

Көркем әдебиеттің  үлесі – 13 пайыз

Жалпы, халықтың талабы не, нені оқып жүр? Елімізде басылған өнімнің басым бөлігі – білім саласы, тәрбие беру мен оқыту саласының үлесі – 14 миллион дана. Қалғандары тіл білімі мен филология саласы, медицина мен денсаулық сақтау, құқық және заң, экономика және экономика ғылымдары саласындағы кітаптар. Ал көркем әдебиетке келер болсақ, былтыр 635 атаулы кітап басылған, бұл жарық көрген кітаптардың 13 пайызы ғана екен. «Кеңестер дәуіріндегі кітап саудасы мен қазіргі кітап саудасын салыстыруға болмайды. Өйткені ол кезде ғаламтор, әлеуметтік желі, ұялы телефондар болған жоқ. «Жұлдыз» журналы 280 мың тиражбен, «Жалын» журналы 180 мың тиражбен жарық көрді. Менің ең алғашқы повесім – «Жалғасым, менің – жалғасым» 1973 жылы жарық көргенде 180 мың таралыммен шыққан. Бір ғана повеспен бүкіл Қазақстанға танымал болдым. Одан кейін он том кітап жаздым. Кеңестер Одағында миллионер он жазушы мен жеті режиссер болды. Ал Қазақстанда 200-300 мың рублі бар он шақты жазушы болды. Кеңестер дәуірінде 164 роман жарық көрді. Өйткені жазушылар қызметін тастап, біржола жазуға көшті. Қабдеш Жұмаділов қызметін тастап, біржола жазуға кетті. «Соңғы көш» романының бірінші томына 17 мың рубль алды, бұл сол кездегі орташа жұмысшының жиырма жылдық табысы. Қазір төрт-бес жерге жазып тұрамын, қаламақы алмағаныма он бес жыл болды. Бес томдық кітабым дайын тұр, оны теру үшін бір жарым миллион теңге керек», – дейді белгілі жазушы Серік Байхонов. Елімізде ең көп оқылатын кітап – оқулық, әрине. Таралымы да, сауалнама берушілердің де айтары осы.

Жазушының қаламақысын  кім төлейді?

Жылдың алғашқы жартысында бүкіл жазушы қауымды қуантқан сүйінші хабар тарады. Көпшілік кітап басу ісіндегі жаңа жүйеге қуанса, енді бірі жүйенің әлі шикілеу екенін тілге тиек етті. Тамыз айында Алматыдағы Ұлттық кітапханада «Әлеуметтік маңызы бар әдебиетті сатып алу, басып шығару және тарату» мәселелері бойынша зиялы қауым өкілдерімен кездесу өтті. Шара барысында «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасы заңына енгізілген өзгерістер жан-жақты талқыланды. Енгізілген өзгерістерге сәйкес, қоғамдық маңызы бар кітаптарды сатып алу мен тарату да Мәдениет және спорт министрлігінің мойнында болмақ. Қоғамдық маңызы бар әдебиетті іріктеу бойынша жыл сайын республикалық конкурс ұйымдастырады. Яғни, авторлар сараптамалық комиссияға еш жерде жарияланбаған шығармасын 1 маусым мен 1 қазан аралығында өткізуі тиіс. Бұдан ары шығармалар іріктеліп, қаңтар айында алғашқы басылатын кітаптар анықталады. Министрлік іріктелген шығармаларды басу үшін баспамен келіссөз жүргізіп, авторға қаламақы төлейді. Прозалық мәтіннің бір баспа табағына – 100-150 мың теңгеден төленетін болады. Сонда бір кітаптың қалам­ақысы – 1-1,5 миллион теңге болмақ. Бірақ басылатын кітап министрлік меншігінде болады. Министрлік қашан басып шығарғанша, күтуге тура келеді. Бұл кейбір авторларға қолайсыз. Ал жазушы Серік Байхоновтың айтуынша, бұрын жарық көрген кітаптарға да қаламақы төленуі тиіс. «Жаңа айтқанымдай, жазып жүрген жиырма жазушы бар. Ескі кітаптарды, керек емес кітаптарды қайта басып жүрген жоқпыз ба? Комиссия қарауына беріледі деді. Комиссияда кім бар? Ешкім білмейді. Кәдеге жарайтын кітапты ғана шығару керек. Шығарма авторының атағына, таныс-тамырына қарамау керек, кітап сатылса ғана басу керек. Мысалы, Кеңестер Одағы тұсындағы жасық әдебиетті қайта басудың не қажеті бар? Оқығысы келсе, кітапханада тұр. Ең бастысы, «Әлеуметтік маңызы бар кітаптарды басып шығару» бағдарламасы бойынша еш жерде жарық көрмеген кітап болуы керек екен. Осы күнге дейін жазып келген, кітабы шыққан жазушылар бар. Олар қаламақы алмаған. Соларға қаламақы төлемейтін болса, обал емес пе? Жазушылар осындай қиын жағдайда тұр. Меніңше, жаңа заң бойынша, жарық көрген кітаптың 25 пайызы бұрын еш жерде басылмаған жаңа шығарма болса, қаламақы толық төленуі тиіс. Жазып жүрген Рахымжан Отарбаев, Мархабат Байғұт, Қуандық Түменбай, Жүсіпбек Қорғасбек сияқты жазушылардың ары кеткенде 2-3 том кітаптары бар, бұрынғы еңбектеріне қаламақы алған емес. Сол жазушыларға қаламақы төленуі тиіс», – дейді жазушы. Осыған дейін азын-аулақ қаламақыны қанағат тұтқан авторлар шығармасын өткізіп, келер жылды күтуде. Сондай-ақ, тың дүниесін аз ғана таралыммен өз қаражатына бастырған авторлардың да еңбегі жерде қалмас. Сұлтанәлі Балғабаев, Марал Ысқақбай, Тұрысбек Сәукетаев, Исраил Сапарбай сынды бірқатар әдебиет жанашырлары әдебиеттегі ұрпақ сабақтастығы үшін жасалып жатқан бұл қадамды жылы қабылдады. Ең бастысы, жылына бір шығарма жазуды мақсат тұтқан авторлар мазмұн мен сапаны естен шығармаса болғаны. Қалай десек те, республикада жақсы авторлардың жоқтығын сылтаурату – қате пікір. Сол сияқты электронды басылымның дамуы, ақпараттық техниканың жетілуі дәстүрлі кітапты ығыстырғаны да өтпелі кезең. Бір анығы, жақсы кітап, жақсы автор қашан да сұраныста. Ал қалғаны осылардан кейінгі мәселе.

Серіктес жаңалықтары