Леонардо да Винчидің картинасы 400 млн долларға сатылды

Леонардо да Винчидің картинасы 400 млн долларға сатылды. Леонардо да Винчидің әйгілі «Әлем құтқарушысы» (Salvator Mundi) туындысы сәрсенбі күні Нью-Йорктегі Christie’s аукционында 400 млн долларға сатылды.

Аукциондық үй өзінің ресми сайтында сауданың тікелей трансляциясын жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап. Аукцион алдында әйгілі суретшінің туындысы 100 миллион долларға бағаланған болатын. Леонардо да Винчидің шығармашылығы бойынша сарапшы Люк Сэйсонның пайымынша, картина Франция королінің отбасының тапсырысымен салынған. Кейін Англия королі І Карл 1625 жылы Франция королі ІV Генрихтің қызына үйленгеннен кейін Англияға жеткізілген. Сурет 1649 жылы І Карлға қатысты өлім жазасы орындалғаннан кейін құрастырылған корольдік коллекция тізілімінде болды. 1651 жылы аукционда сатылып, 1666 жылы ІІ Карл тұсында корольдік коллекцияға қайтарылды. Кейбір мәліметтерге қарағанда, сурет корольдің жеке кабинетінде сақталып келген. Картинаның 1763 жылдан арғы тағдыры беймәлім. Тек 1900 жылы оны әбден тозған күйі королева Виктория тұсындағы беделді адамдардың бірі жеке коллекция үшін сатып алады.

Back to top button