Қаламсап Дидағаңсыз қалды жетім...
Қаламсап Дидағаңсыз қалды жетім...
Жарық дүние – жалған. Арамызда кеше бар адам бүгін жоқ. Өмір осы бір бұзылмас заңдылығымен қатал және оны өзгертетіндей ешбір күш табылмас. Адам тек еріксіз мойынсұнады, амалсыз көнеді. Арамызда жарқылдап, жайнап жүрген жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер Дидахмет Әшімханұлы да қайтпас сапарға аттанып, мәңгіліктің қойнауынан орын алды.
Тіршілігінде өзі туған өр Алтайға табынып өткен жайсаң жан, қазақ әдебиетінің алтын сандығына талай-талай сыршыл да сүбелі, жан тербеген туындылар салған көрнекті қаламгер бар ғұмырын қазақ әдебиеті һәм мәдениетінің өсуі мен өркендеуіне, көпшіліктің жүрегіне ізгілік пен жақсылықтың дәнін себуге арнады. Кіндік кесіп, кір жуған атамекенді қалтқысыз сүюдің үлгісін көрсеткен көрнекті қаламгер қазақ сөзіне құрметпен қарады. Жан жүрегімен беріле, көсіле жазған, көбіне ақ өлең үлгісінде сөз кестелеген Дидағаң қасиетті қаламды қастер тұтты. «Біздің ұрпақтың жаман жазуға қақы жоқ», – дейтін ол. Жайдақтық, қарабайырлыққа, тірліктегі ұсақтыққа қаны қас еді. Ол жарық дүниені сүйді, оптимистік ұстаныммен өмір кешті. Жас қаламгерлердің көбіне қамқор болды, қолтығынан демеді. Олардың қаламынан туған әрбір сәтті шығармаға шын жүрегімен қуана білді.
Енді Дидағаң арамызда жоқ. Артында аяулы жары, сүйікті ұлы мен қызы қалды. Тұлымшағы желбіреген сүйікті немерелері аңсайды енді оны. Қалың елі – қазағы сағынады енді оны. Аяқталмай қалған шығармаларының сиясы кеппей қалды. Бақұл бол, Дидаға! Жатқан жерің жайлы болсын, қымбатты аға, қадірлі әріптес!
Редакциядан