Салған әні қыр асып...

Салған әні қыр асып...

Салған әні қыр асып...
ашық дереккөзі
Осынау әні мен сәні келіскен қырғыз қызы жайлы, оның шығармашылығы жайлы жазу көптен ойымызда жүретін-ді. Оның сахнадағы сәнді жүріс-тұрысы, қырғыз халқының  етегі желбіреген қос етек көйлегі мен салтанатты сәукелесін киіп, сахнаға шыға келгенде,  туған халқының боямасыз ұлттық әдет-ғұрпын көз алдыңызға әкелері сөзсіз. Сахна мәдениеті деген де осы болар, бәлкім, өзінің репертуарындағы  шынайы лиризмге толы әндері секілді үні мен жүзі үндесіп, үзілдіріп салған әуенімен толқи тербеліп, жарасып-ақ тұрады. «Қазақ-қырғыз бір туған» демекші,  екі ұлттың мәдени байланысын да бекемдеп тұрған осындай дарынды жандар екенін ескеріп, Саламат Момынқызын телефон арқылы сұхбаттасуға шақырдық. Ол кісі де құп көріп, қуана келісті. – Өнерге қалай келдіңіз?  Әңгімені ата-ана, өскен  ортаңыздан бастасақ... – Көптеген  әріптестерім секілді мен де әншілікті бала кезімнен армандадым. Қырғызстанның оңтүстік өңірінде, шағын ғана ауылда дүние есігін ашсам керек. Әке-шешем бірінен кейін бірі қайтыс болып кетті де, ауылдағы көз көргендердің үйінде жүріп өстім.  Әкемнің бейнесі еміс-еміс есімде қалыпты. Ал  тоғыз жасқа толғанда анам қайтыс болып кетті. Жетімдік деген пенденің басына бермейтін қасірет, әсіресе, қыз баланың ата-анасыз, әркімнің қолында, әр босағада өскені... балғын балалығымның қиын тағдыры осылай басталды. Осылай мектеп табалдырығын аттадым. Бүкіл мектептердегі сияқты біздің мектептің де көркем өнерпаздар мен әдебиет үйірмесі болды. Ақын-жазушылардың Отан, туған жер, ата-ана, махаббат туралы шығармаларын жаттап, мектеп сахнасында оқушылар ұйымдастыратын интермедияларға қатысып жүріп,  балалықтың бал дәмін, перзенттік еркеліктің  еркіндігін сезіне алмаған тағдырыма деген өкпе-назымды осылай көркем шығармалардан таптым. Сол жылдары Шыңғыс Айтматовтың «Алғашқы мұғаліміндегі» Ажары, талайды тебіренткен   Толғанай сынды кейіпкерлерімен бірге күліп, бірге жылап оқитынмын. Қазіргідей интернет түгілі, ол кезде тіпті телефондардың да енді-енді қолданысқа ене бастаған шағы ғой. Сондықтан да көбіне кітап оқимыз. Әсіресе, аңыз әңгімелер, этножырларды, ертегілерді қызыға оқитынмын. Семетей, Сейтек, Манас, Құрманбек, Ер Төстік сынды батырлар жырын да қызыға оқып, бір-бірімізге жарыса айтып жүруші едік. Бір ғана «Манас» жырының өзі – бір халықтың тұтас тарихы. Бұл жыр  қырғыз халқы Енисей мен Алатаудың арасында көшіп-қонып жүрген айбарлы ел болғандығын дәлелдейтін, сол бір ғажап ел тарихынан мағлұмат беретін шығарма десек, қателеспейміз. «Ана туралы баллада» – ең бірінші салған әнім, марқұм анама арналды. Содан бастап аудандық, облыстық ән байқауларына қатыстым.  Осылай ән әлеміне ене бастадым. «Ән айтсаң жаныңды жеп айтасың» деген қазақ халқының мақалы менің де жаныма жақын. Өнер әлеміне сүйреген күш – күрделі тағдырым дер едім, ауыр да қиын балалық шағым, желкілдеп  бойжете бастаған шағымда асыл анамның да мәңгілікке асыға аттанып кеткені, сыр ашып сырласар шағымда жаным анамның қайтпас сапарға аттанғаны, оның кіршіксіз әппақ сүтінің иісі аңқып тұратын құшағын аңсаған сәттерімде үнемі қырғыз композиторларының шығармалары жаныма жалау болды. – Бүгінде өзіңізді  ел жақсы біледі, таниды. Елдің ыстық ықыласы мен құрметі сол бір ауыртпалықтарды жеңген шығар деп ойлаймын... – Әрине! Ата-анаға деген шексіз махаббат өнерге құштарлыққа, ал өнер деп өмір сүріп жүрген кез отбасы, ошақ қасының тірлігіне ауысқан кезеңде, ал өзің  ана атанғаннан кейін мүлдем басқаша күйге енетіні жасырын емес. Өнердегі ғұмырым  «Қамбархан» фольклорлық ансамблімен тығыз байланысты болды. 1987 жылы «Тогуз-кайрык» деп аталатын республикалық телебайқауға қатысып, комузбен «Кыздын ырын» орындадым. Әділқазылар өңкей белгілі, талғамы биік композиторлар, олар осы ансамбльді қайта жарақтап, жаңаша құру барысында  кастинг жасап, әншілерді  іріктейді екен. Содан менің үстімдегі ұлттық киімім, басымдағы сәнді сәукелем, әсіресе комузбен, әрине, жанды дауыста шырқаған әнім ұнаса керек. «Ішкі жан-дүниесіне сырт келбеті жарасып тұр екен» деп, бірауыздан  маған тоқталыпты. Содан бастап, ансамбль құрамында келемін. Осы ұжымда жүргенде Халық әртісі атағын алдым. Әлбетте, ел-жұртым да менен қошеметін аяған жоқ. Барлық жастық жігерімді, санамды сарп еткен өнер жолымда туған елім алақандарына салып келеді, ол жағынан Жаратқанға сансыз шүкіршілік жасаймын. – Қырғыз-қазақ мәдени байланысы жайлы не айтар едіңіз? – Қырғыз халқы – тілі мен түрі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тіпті өнері мен музыкалық аспаптары жағынан да қазақ халқына ең жақын халық. Сондықтан да музыкалық өнерінің ежелгі тарихы, өте бай репертуары жағынан да алыс кете алмайды. Қазақтың жыршы сөзі бізде ыршы, күйшісі – комузшы. Комуз қырғыз халқының ең көп тараған музыка аспабы, домбырадан айырмашылығы үш ішекті. Қазақтың көрнекті композиторларының шығармалары да жаныма жақын, жүрекке жылы. Негізі қазақ елін жүрегіммен құрметтейтін адаммын. Қазақ өнерін, қазақ әдебиетін, мәдениетін жанымдай жақсы көремін. Қазақ халқының ән қоржыны өте ауқымды, шексіз. Кешегі күні өмірден өткен Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаев, Сыдық Мұхамеджанов сынды біртуар композиторларының шығармалары әлі күнге дейін әншілердің репертуарынан түспей келе жатқанының өзі қандай ғажап! Одан кейінгі толқынның ақын-композиторлары жайлы да осындай пікірдемін. Он алты жасымда сахнада Ескендір аға Хасанғалиевтің «Алатау» әнін шырқадым. Осынау іргелес жатқан екі елге ортақ Алатауымыз жайлы жазылған әндер баршылық, дегенмен бұл әннің жөні өте бөлек. Тіпті эстрада жанрындағы орындаған алғашқы әнім десем де қателеспеймін. Бертін келе композитордың «Әдемі-ау», қазақ-қырғыз өнерін көзінің қарашығындай сақтап, өзіндік үлесін қосып келе жатқан    Ілия Жақановтың «Әселім», «Алтыным»,  К.Салықовтың сөзіне жазылған Ш.Әбілтаевтың  «Бір ауыз сөзі», М.Мақатаевтың сөзіне жазылған Т.Рахимовтың  «Сәби болғым келеді», екі ел мәдениетіне өзіндік үлесін қосып жүрген, екі елдің еркесі М.Шахановтың «Ер Манастың елінде»,  «Махаббаттың жазылмаған дастаны», «Өмір-өзен», сондай-ақ, А.Қоразбаевтың «Сағындым Алматым» әндері менің репертуарымнан ешқашан түскен емес. Осындай байланыс қазақтың белгілі әншілерімен сыйластыққа бастады. Қазақтың Майрасы атанған Майра Ілиясова мен Бағдат Сәмединованың шығармашылық кештеріне шақырту алып,  қазақ елінің тыңдарманымен қауышып қайттым. Роза Рымбаева, Майра Мұхамеджанова,  Мақпал Жүнісова, Медеу Арынбаев, Мейрамбек Беспаевтың өнердегі жетістіктеріне қуана, қызығып отырамын. Үнемі тыңдаймын. Менің өмірім – сахна! Өзімнің жан-дүниемді, болмыс-бітімімді ән өнерінен, сахнадан алшақ қарай алмас едім. Жаратылысымнан  мінезім  томаға-тұйық, ол мүмкін ата-ана махаббатын, жылы құшағын, аялы мейірімін көрмегендіктен де болар, сол бір баға жетпес мейірім-қамқорлыққа шөліркеп өскендіктен болар, менің жаныма да осындай ырғақтар жақын. Мұңды, жан-дүниеңді толқытатын сиқырлы әуендерге құмар болдым. Әсіресе, репертуарымда қырғыздың сыршыл сазгері Рысбай Әбдіқадыровтың шынайы лиризмге толы, үлкен сезімтал жүрекпен жазылған әндері көптеп орын алады. «Жолығалық гүлім, жолығалық» деген тәрізді әндері жанымды тербейді. Сол сияқты «Жамгыр төктүү» әні де ерекше, тыңдарман ықыласына бөленген әуен. Әннің авторы Туголбай Казаковтың «Насыйхат», «Суйуу жазы», «Элегия» сынды туындылары да ел арасында кең тараған. – Қырғыз эстрадасы жайында пікіріңізді білгіміз келеді. Қырғыз мәдениеті мен өнеріндегі жетістіктер жайлы айтпай кету айып болар... – Қазіргі эстрада біркелкі, әуені мен сөзі де ұқсас. Мұңлы, жүрек қылын шертетін әуендердің өзін орындағанда келіссін-келіспесін сахнада биге көбірек кетіп қалып жатады. Егер арнайы мамандар дайындаған болса, құба-құп. Орындаушының артында тұрып алып, әуенге-ырғаққа бірде ілесіп, бірде қалыс қалып жататын «тобырды» толқытып қою сәнге айналды. Ол енді батыстықтарға тән шығар, биге арнайы жазылған шығармалар болмаса, біздің эстрадаға сәйкес келе бермейді. Көп ретте әннің сөзін бұрмалауға да барып жатады. Әр әннің орындалуы әртүрлі, орындаушылары да солай. Біреулер табиғатына жақын қоңыр үнді, бәсең ырғақты таңдаса, енді біреулері жеңіл, толқынды әуендерді шырқап жатады.  Сәні мен әні келіскен жастар баршылық. Бірақ, қазір технологияның дамыған заманы ғой, кішкене дарындылардың өзін дауыс күшейткіш аппаратуралар арқылы өңдеп, қиюластырып жатады. «Заманына қарай адамы» деуші ме еді қазақ елі?!.  «Фольклорлық музыканың еш қызығы жоқ, оны көпшілік те ықыластанып тыңдамайды, олар қазіргі заманғы ырғақты, сазды ұнатады» деген пікірлерді құлағымыз шалып қалады. Десе де көңілге бір медеу болатыны – осындай көзқарастарға қарамастан біздің музыкамыз әлі де сұранысқа ие, тыңдаушылары әлі де баршылық. Жасыратыны жоқ, менің тұстастарым өзге «жұлдыздар» секілді ақша, қаражат сұрай алмаймыз. Бұл біз үшін өте жат қылық, өнерді саудаламаймыз. – Қырғыз-қазақтың мәдени байланысын жалғастырып, «Тонның ішкі бауындай» болып келе жатқан әнші, ел әртісі Саламат Момынқызы қандай жар, қандай ана? – Он сегіз жасымда Таластың Кара-Буура  ауданындағы Сулуу-Маймак дейтін көрікті ауылына келін болып түстім. Жанымды жадырататын бір жәйт,  өкіл әке-шешем – қазақтар болды. Жас кезімде Тараз қаласына жиі баратынмын. Әсіресе, базарына. Жолдасым Тургунбек – өзімді, өнерімді қадірлейтін өте парасатты жігіт.  Оқығаны көп, аса мәдениетті. Өмірге екі қыз әкеліп, тәрбиеледік. Өте мейірімді, балажан. Қыздарын ештеңеден тарықтырмай, еркін де ерке өсірді. Өзім  әке-шешеге еркелік қылығымды, назымды білдіре алмай өскендіктен, қыздарым өзімнің құрбыларымдай еркін-ерке өскенін қаладым. Пікірлерін үнемі ашық айтатын, өз көзқарастарын білдіріп отыратын ақылды, пайымы жоғары қыздарым – мақтанышым. Кейбір ата-аналардың «балаларымды ұрыспай, ұрмай өсірдім» деп жататыны бар. Қай ата-ана баласын жаман болсын деп ойлайды дейсің,  әрине, ұрысқан кездеріміз де  болды. Жалғыздықтан, жетімдіктен  қатал болып өстім. Сондықтан қыздарға да қатты сөйлеген кездерім болмады емес, болды. Одан олар жаман болған жоқ. Екеуі де жоғары білімді маман. Тұрмыста. Күйеубалаларым да, құда-жекжаттарым да көңілімнен шығады, араласып, хабарласып отырамыз. Тұңғышымыз Құндыз – журналист-түрколог. Күйеубалам Кубаныч – қырғыз еліне танымал әнші, таяуда шығармашылық кешін ұйымдастырып жатыр. Ал бас құдам Чубак Сатаев та өнерден құр алақан емес, осы күні «МузАрт» тобы орындап жүрген «Арман-ай» әнінің авторы. Тағы да бірнеше әндерін ел біледі, сүйсіне тыңдайды. Кубанч пен Құндыз үш ұл тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы. Кіші қызым Махаббат ағылшын тілінің маманы. Қызмет бабымен Тайландта тұрады. Құдайға шүкір, жиен немерелер өсіп келеді. Мына тірліктен шаршаған, қажыған, тіпті қиналған сәттерімде соларға асығамын... Жаны нәзік, таңдайына бұлбұл құс ұя салған бауырлас қырғыз халқының ел әншісі Саламат Момынқызы Садықованың  репертуарындағы әуендері қандай мазмұнды-мағыналы болса, қаншалықты сырлы да сыршыл болса, өзі де сондай жан екенін телефондағы үнінен, ән өнері жайлы қызу әңгімедегі дауыс ырғағынан-ақ сезініп, қуандық. Қуандық та, іштей сол бір жан сұлулығы жүзінде ойнайтын әсем әншінің  амандығын ойлаған жүрекжарды тілегімізді Алатаудың бер жағынан газет арқылы жеткізуді жөн санадық.  

Әңгімелескен

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ