"Әншілердің бірдей болып кетуінен қорқамын"

"Әншілердің бірдей болып кетуінен қорқамын"

"Әншілердің бірдей болып кетуінен қорқамын"
ашық дереккөзі
842
 Стив Уандер «Сіз неден қорқасыз?»  деп сұрағандарға "Әншілердің бірдей болып кетуінен қорқамын" депті. Қанша жыл бұрын айтылған бұл пікір бүгін де өзектілігін жойған жоқ. Алматы түнін тағы да әдемі әуен тербеді. Әсем ғимарат ішінде шырқалып жатқан әуен сыртқа лақылдай төгіліп, қала да ән тыңдап тұрғандай әсер аласыз. Қазақтың халық әндері мен дәстүрлі әндерін кеңінен насихаттап келе жатқан жезтаңдай әнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев өзінің өмірде де, өнердегі де қанаттасы Ұлту Қабаевамен бірлесе ұйымдастырған «Күзгі әуен» ән кеші талай жүректі тербеді. «Біз жалпы қазақты даңғаза мәдениетпен улап тастадық. Мәдениеттің өлшемін эстрададағы селтеңбай әншілермен өлшейтін болды...»,– деп әншінің өзі айтқандай, соңғы жылдардағы көптеген «селтеңбай әншілерден» жалыққан жұрт әдемі бір кештің куәсі болғанын айтуға тиіспіз. Шыны керек, кейінгі жылдары кейде өзіңді Республика сарайында концерт тамашалап отырсың ба, жоқ тойда отырсың ба, айыра алмайтын жағдайға жеткеніміз өтірік емес. Қасиетті сахнада тұрып ән орындаушы да, оны кейбір тыңдаушы да ортаға шығып алып, залдың шаңын шығарып, ал кеп биле! Кәдімгі би алаңында жүргендей құдды бір. Бұл не сонда, өнерге құштарлық, құмарлық па, әлде... «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деген Абай бабамыз әнді шырқап қана қоймай, тыңдай білуді де меңзеген болар, сірә?! Құлағыңның құрышын қандырар әндер, міне, Рамазанның орындауындағы әндер десе, орынды болар еді. «Аңшының әні», «Жиырма бес» сынды халық әндерін айтпағанда, «Қайран, жастық», « Дариға-дәурен», «Арман» тәрізді лирикалық жанрдағы әндерін жан-дүниеңмен елітіп отырып тыңдайсың. Құлаққа да, жүрекке де жақын, жағымды. Ұлту екеуінің орындауындағы «Күзгі әуен» атты жаңа ән де өзгеше! « Қайран, Қарасазым» қандай?! Қазақ мәдениеті мен өнеріне өлшеусіз еңбек сіңіріп келе жатқан Рамазан мен Ұлтудың шәкірттері де ән кешінен қалыс қалмапты. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» демекші, ән-ғұмырға енді ғана аяқ басып жатқан шәкірт-студенттерінің де алымы жаман емес, көрермендерді қуантты. Осындай салмақты да салиқалы ән кешінен кейін, ойымызға сан түрлі сұрақтар келіп-кетіп жатқаны да бекер емес, өйткені көптеген концерттен дем алмақ түгілі, көңілің құлазып қайтатын кездер де аз болмайды. Содан болар, қолымызға қалам алуға тура келді. Әр жылдардағы жарыққа шыққан газет-журналдарды ақтара отырып, соңғы кездері әншілеріміздің өздері де ашына айтқан пікірлерін қайта қарап шықтық. Қазақтың біртуар әнші қызы, ерекше дауысты, бір қалыптан шықпайтын дара әнші Роза Рымбаева бірде: «Радио мен теледидарды қосып қалсаң, бір-біріне ұқсас дауыстар... «Мен» деп, көзге оттай басылып, тыңдағанда таңданыс тудыратын әншіні атау қиын. Бәрі де фонограммамен «өнер көрсетіп», бір әнді концертте де, тойда да орындағанына мәз. Ондайларды әншілердің қатарына жатқызбаймын, «фонерщиктер» ғой»,– дейді ағынан жарыла. Осы ретте, өзіміз куә болған бір жағдай есімізге түсіп отырғаны. Белгілі бір әнші келіншектің тойға шақырылғаны, дәл сол кезде билеп жүріп бір әйелдің біз өкшесі электр сымды үзіп кетіп, музыканың тоқтап қалғаны... Содан елдің бәрінің көзі әлгі әншіде, дауыс күшейткіш музыкалық аппаратқа салып қойған ән-дискісін не ала алмай, не бірауыз жанды дауыста ән сала алмай қысылған әншіміз той иесінен кешірім сұрап, жиыннан шығып кетті. Бір ғажабы, «Кешіріңіздер, фонограмма болмаса ән сала алмаймыз ғой. Келіңіздер, бірауыз халық әндерін бірге айтайық» десе де, тойда отырған көңілді орта қабылдай салар еді-ау... Өйтпеді. Жоғары бағалап, сырттай жақсы көріп жүрген әншінің бұл қылығын түсіне алмай ел қалды. Тағы бірде: «Менің ойымша, Тәуелсіз Қазақстанның эстрадасын екі кезеңге бөлуге болады: Біріншісі шамамен 2000 жылға дейін созылды. Бұл «Азия даусы» және «Жас қанат» байқауларына үлкен әсер етті. «Азия даусы» фестивалі қатарынан он екі жыл өткізілді, кейін түсініксіз себептермен, өкінішке қарай, жабылды. Бұл музыка мерекесі болды десек те аздық етеді. Осы сайысты өткізген кезде қаншама туристер елімізге келді, әлемнің әртүрлі тілдерінде ән шырқалды, бір апта бойы "Медеудің" үстінде ән қалықтады. Содан кейін екінші бір кезеңге ауыстық. Нақты қай уақыт екенін айту қиын, бірақ дәл осы кезеңде музыканың сапасына мән беруден қалдық»,– дейді қазақтың тағы бір таңдаулы әншісі Медеу Арынбаев. Бұл пікірмен де келіспеуге шараңыз жоқ. Бізге жеткен әндердің өміршеңдігі де сонда, осындай талғампаз ән байқаулары көптеп өтетін-ді. Ән өнерінде талғамы биік әнші, таңдауы бөлек сазгер-композитор, сөздің мән-мағынасын терең түсінетін, алқалы ақыннан құралған үштік сүзгісінен өтіп барып, тыңдарманға жол тартушы еді. Бәлкім, сондықтан да болар орындаушы да, ән де үйлесім тауып жататын. «Қазіргі қазақ эстрада әншілері шетелдің, қырғыз ағайындардың әндерін ұрлайды. Тіпті әннің сөзін өзі жазатын әншілер де бар. Олар әннің мәтініне, мағынасына мән бермейді, керемет музыкамен әрлеп, халыққа жеткіземіз деп ойлайды. Алайда мұндай әннің ғұмыры қысқа», – дегенді қазақтың танымал, ешкімге ұқсамайтын әнші-композиторы Лұқпан Жолдасов айтса, «Классикалық бағыттың санатындағы дәстүрлі әннің тыңдаушысы көбіне зиялы қауым өкілдері», – дейді бір сұхбатында дәстүрлі әннің дамуына өзіндік үлес қосып, термені бүгінгі заман талабына сай эстрадаға орайластырып, халыққа жеткізуші Өмірқұл Айниязов. Бағамдап отырсаңыз, бәрінің түптеп келгендегі ойлары ән, музыка өнерінің тазалығы, құдіреттілігі, халықтың өз қазынасы ретінде тап-таза күйінде жеткізілуі, яғни орындалуы дегенге саяды. Ал қазір ше? Бүгінде шығармашылық мәселесі әннің өміршеңдігі, оның тазалығы, халыққа жетуі, шегіне жете орындалуы емес, әншінің ғана төңірегіндегі өсек-аяңмен астасып жатқаны, әрине, жасырын емес. Қазақтың аңызға айналған әншісі Ескендір Хасанғалиевтің алғаш өнерге келген тұста не істеп, не ішіп, не киіп жүргенін ешкім сөз етпепті. Жарымен қалай кездесіп, қандай той жасағаны, тойға қаншалықты қымбат көйлек кигені ешкімді қызықтырған емес. Сонда қазіргілер шығармашылық деңгейді өсек-аяңмен өлшейтін болғаны ма?! Сол сияқты тоқсаныншы жылдары «Алтайдың ар жағынан келген ару» әнімен елді дүр сілкіндірген, тыңдарман жүрегін жаулап алған әнші Сәкен Қалымов «Соңғы кездері көп көрінбейсіз» деген сұраққа: «Шынында да, сахнадан алыстап қалдым. Адамның жан-дүниесі ән салып тұрмағаннан кейін, жасанды тірлікті қаламадым. Себебі көңіл-күйім болмады, ет пен сүйектен жаралған адамбыз ғой»,– деп жауап берген екен. Халықтың, өз тыңдармандарының алдына шығудың өзі үлкен дайындықты, ұқыптылықты, тіпті жауапкершілікті талап ететінін түсінудің өзі өнерге құрмет. Сол секілді «Аққу арман» әнімен танымал болған белгілі әнші Шахизада, «Аяулыммен» танылып, өзінің қоңыр даусы, сахнадағы салмақтылығымен көпшіліктің көңілінде жүрген Бауыржан Исаев, «Муз­Арт», «Каспий», «Қоңыр» тобы мен «Жігіттер» квартеті, Тоқтар мен Бейбіт, Мирас пен Құралай, Жанболат пен Жазира, тіпті орта буын өкілдері болып қалған Тамара Асар, Айгүл Қосанова, Гүлнұр Оразымбетова, Саят Медеуов, Еркін Нұржан, Әйгерім Қалаубаева, Роза Әлқожа, көптеген тыңдармандары іздеп жүріп тыңдайтын өнер иелері аспанға да секірмей, жұлдыздармен де таласпай келе жатыр емес пе?! Ел осы аталған әншілердің орындауындағы әндерді ғана біледі, қанша жерден орындаушының өміріне, тірлігіне қызығып тұрса да, олардың жеке өміріне ешкімнің араласып көргенін естіген де, көрген де емеспіз. Бұл ән орындаушы мен тыңдарманның арасындағы әдемі бір сыйластық, мәдени қарым-қатынас деп ұққан жөн. Ал жастарға жол болсын?! Шаңырақ көтергені, әке атанғаны немесе әйелімен ажырасып, қайта қосылғаны, осының бәрі көпшіліктің көз алдында немесе жұрттың аузында. Қазақстандық шоу-бизнестегі әншілердің өнерінен гөрі, жеке өмірі танымал болып кетті. Халыққа оның өнері, әншілігі ғана ғой керегі. Қазақ «кім кіммен жүріп қойды» деген өсек-аяңнан шаршады. Мұндай жел сөз белгілі бір топқа, әрине, қызық болуы мүмкін. Осыған қарап, біз өсекшіл, сөзқұмар ұрпақ тәрбиелеп жатқанымызды қашан сезінер екенбіз деген ой мазалайды. Мүмкін базбіреулерді жақсы көретін әншілерінің өмірбаяны, тіршілігі қызықтыратын болар, бірақ оның ішкі жан-дүниесіне осыншалықты құштарлық қайдан шыққан қасиет?.. Заман жариялылықты қанша жаңалық деп қабылдаса да, не болса соны әңгімеге арқау ете бермейікші, ағайын. Жастар алып-ұшып, албырттықпен жасайтын тірлікті, естиярлар ақылға салып, бақылап отырса, өнеріміз даңғазалықтан гөрі даналыққа бет бұрар ма еді?!. Өнер сүйер халқына жағымды қоңыр ән кешін сыйлап қана қоймай, осындай ойларға жетелеген Рамазан мен Ұлтуға шығармашылық табыс тілейік...      

Серіктес жаңалықтары