Корпоративті ережелер қалыптаса ма?
Корпоративті ережелер қалыптаса ма?
Экономиканың жаһандануы мен оған қоса жүретін сыртқы сауда айналымының кеңею үдерістері, Қазақстанның транзиттік әлеуетін жүзеге асыру ҚР аумағында көлікті дамытудың жаңа үдерісін , көліктік қызмет көрсетудің жоғары технологияларын талап етеді. 2014 жылғы 11 қарашада мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты елдің жаңа экономикалық саясатын жариялады. Елбасы Қазақстанның көліктік-логистикалық инфрақұрылымын дамытудың маңыздылығына ерекше көңіл бөлгені аян. Логистиканың бірінші кезектегі міндеттеріне көліктің әр алуан түрлерінің өзара әрекеттесуін оңтайландыру, логистикалық қызметтердің сапасын арттыру т.б. жатқызуға болады.
Бірыңғай ақпараттық-технологиялық кеңістікті қалыптастыру мақсатында қолданылған көліктік-логистикалық үдерістер қатысушыларының ақпараттар базасы, технологиялар мен ақпараттық жүйелерін интеграциялау талпыныстары сәтті бола ма? Ұлттық және аймақтық көліктік логистика жұмысының нормативтік-құқықтық негіздерінің болмауы кедергі жасайтынына куә болып жүрміз, ал оның салдарынан үйлестірілген, тиімді қызмет ететін көліктік-логистикалық ресурстарды басқару механизмінің жоқтығы байқалады.
Қазақстанда осындай интеграциялық тәжірибелік кешенді шешу мемлекеттің көліктік саясатын жүзеге асыру шеңберінде ірі әрі ұзақ жұмысты қажет ете отырып, қолданыстағы отандық және халықаралық заңнамаларға, отандық зерттеушілердің жеткізілімдер тізбегін басқару саласында ғылыми-әдістемелік зерттелімдеріне негізделетін бірыңғай корпоративті ережелерді қалыптастыру қажеттілігімен байланысты. Бүгінгі күні отандық логистиканың дамуын тежейтін көптеген кедергілер бар. Негізгі мәселелер: кәсіби білім берудің тұрақсыз жүйесі мен білікті кадрлардың жетіспеушілігі.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетінде бұл бағытта сабақ жүргізу үшін қажетті кадрлық әлеует жеткілікті: халықаралық логистика мен геосаясаттың экономикалық және құқықтық аспектілері бойынша белгілі зерттелімдері бар тәжірибелі профессорлар мен жас ғалымдар білім беруде. Сол себепті «Әлемдік экономика» мамандығында «Халықаралық логистика және сыртқыэкономикалық қызмет» жаңа мамандандыру ашылуда. «Халықаралық логистика және СЭҚ» мамандандыруы ашылуының мақсаты – жалпы СЭҚ нарығын, жеке алғанда көліктік кешенді ақпараттық қамтамасыз етуді модернизациялаудың инновациялық стратегиясын құрудың, «Қазақстан-2050» Стратегиясының талаптарына бейімделе алатын Қазақстанның логистикалық саясатын жасауға бағыт алу. Халықаралық байланыстар үздіксіз өзгерістерді талап етеді, алайда заңдарды жетілдіру жүйелі сипатта болуы тиіс. Қазақстанды әр түрлі елдер жүктерінің транзиті үшін ыңғайлы етуге бағытталған талпыныстар оң нәтижелер бермеді. Мемлекетіміздің 47 жоғарғы оқу орны логистикалық сала үшін мамандарды даярлағанымен, білім беру жүйесі нақты өмірден артта қалған, ал «Халықаралық логистика» пәні оқу бағдарламаларында мүлдем жоқ. Сонымен қатар, қазақстандық ЖОО-ның ешқайсысында СЭҚ саласында логистикалық қызметтер нарығының қажеттіліктерін зерттейтін «Халықаралық логистика және СЭҚ» мамандандыруының аналогы жоқ. Сондықтан, берілген мамандандыруды ашу отандық логистиканы дамытудағы үлкен қадам болып табылады.
Факультеттің оқытушылық-профессорлық құрамы ақпараттық және ғылыми орталықтарды құру мен қызмет етуінің бай тәжірибесіне ие. Осылайша, профессор Байзақова Құралай Ертісқызының ықпалдастығымен 2014 жылдың 28 желтоқсанынан факультетте «Халықаралық логистика және геосаясат» Орталығы қызмет етеді. Оның мақсаты – еуропалық және қазақстандық нарықтарда халықаралық көлік пен логистиканың сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін жоғарылату мақсатында логистика мен жеткізілімдер тізбегін басқару саласында білім беру бағдарламалары және ғылыми зерттеулерді дамыту болып табылады. Орталықты тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, «Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика» кафедрасының меңгерушісі Ермек Чукубаев басқарады, Орталық координаторы – экономикалық ғылымдар кандидаты Бекмұхаметова Әсемгүл Бауыржанқызы.
Орталық Қазақ-неміс университетімен өзара ықпалдастық Фрахталық компания «ТрансАл» ЖШС-мен еуропалық және қазақстандық нарықтарда халықаралық көлік пен логистиканың сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін жоғарылату мақсатында логистика мен жеткізілімдер тізбегін басқару саласында ықпалдастық жөніндегі келісіміне қол қойды.
Оған қоса ГФР мен ҚР Білім министрліктерінің Жобасына еніп, «ЛогЦентр» халықаралық жобасының ҚР логистика операторларының әлеуетті мүшесі болды.
2015 жылғы 15 мамырда LogCentre жобасын дамыту шеңберінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің негізінде жобаның әлеуетті қатысушылары үшін «Дағдарыс уақытында логистикада қалай үнемдеуге болады?» тақырыбында халықаралық ғылыми семинар өтті.
Халықаралық қатынастар факультеті шетелдік ЖОО мен ғылыми орталықтарымен ықпалдастықтың жемісті тәжірибесіне, шетелдік жоғары оқу орындары және ғылыми орталықтармен біріккен білім беру бағдарламалары мен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру тәжірибесіне, әр түрлі ғылыми форумдарды (халықаралық конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер), ғылыми семинарлар, тренингтер, жаздық мектептер, имитациялық ойындар, оқытудың онлайн-курстары мен видео-конференцияларды өткізудің тәжірибесіне ие. Сонымен қатар, болашақ мамандарды даярлау үшін қажетті кәсіби білімді, сапалы шет тілдерді, кәсіби келіссөздерді жүргізу техникасын үйрететін қажетті кадрлар баршылық.
«Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика» кафедрасының оқу және өндірістік тәжірибе орындарын және болашақта түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында жұмыс берушілерімен тиісті келісімдерді бекітудің ірі мүмкіндіктері бар. Түлектердің маңызды артықшылығы – шет тілдерін меңгеруі. Себебі сәтті келіссөздер жүргізе алатын, тендерлерді өткізу дағдыларына ие және халықаралық сауда ережелерін білетін кандидаттарға ерекше ілтипат беріледі. ҚазҰУ кітапханасы мен «Халықаралық логистика және геосаясат» Орталығында бар әр түрлі ақпараттық базалар факультеттің қосқан үлесі екендігіне еш күмән жоқ.
Әсемгүл Бекмұхаметова, экономика ғылымдарының кандидаты