Қара алтынға қол сұққандар

Қара алтынға қол сұққандар

Қара алтынға қол сұққандар
ашық дереккөзі
573
Қара алтын мен көгілдір отын – ел экономикасының негізгі қуат көзі. Бүгінгі күні Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібінің үлесі елдегі жалпы ішкі өнімнің 30 пайызын, ал экспорттан түсетін табыстың жартысынан астамын құрайды.  еліміз бүкіл әлемдегі жалпы мұнай өнімінің (күніне 90 млн баррельден астам) 1,8  пайызын (күніне 1,719 млн баррель) беріп отыр. Осы қарқыннан жаңылмаса, Қазақстан әлемдегі ең ірі өндірушілердің қатарына қосылмақ. Алайда мұнай мен газдың көлеңкелі айналымы тыйылмаса, ел байлығына қомағайлана қол сұғушылар азаймаса, жаһандық алпауыттармен иық тірестіру арман күйінде қалуы мүмкін. Соңғы 3 жылда елімізде мұнай мен газ ұрлығына қатысты 700 іс қозғалып, 11 қылмыстық топтың жолы кесілген. 2014 жылдан бері 1 млн тонна мұнай өнімі заңсыз айналымға шығарылып, мемлекетке 100 млрд теңге шығын келді. Қара алтын ұрлығы, әсіресе Ақтөбе облысында ушығып тұр. 2014-2016 жылдары өңірдегі ірі кен орындарынан 8 мың тонна мұнай ұрланған. Қылмысқа қатысы барлар тұтқындалып, тиісті жазасын алды. Алайда мұнай мен газдың көлеңкелі айналымы әлі де тыйылмай тұр. Бүгінде ішкі істер департаменті 17 қылмыстық істі тергеуде. Жуырда ғана 6 вагон мұнай өнімін Ауғанстан асырмақ болғандардың жолы кесілді. Ел экономикасына теріс әсерін тигізетін мұндай қылмыстың алдын алу үшін кешенді шаралар  қабылдануы тиіс. Бұл туралы Ақтөбеде өткен «Мұнай мен газдың көлеңкелі айналымы мәселелері» аймақаралық форумында айтылды. Форум жұмысына салалық министрліктердің, құқық қорғау, жергілікті атқарушы органдар, ассоциациялар және бизнес өкілдері, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, сондай-ақ, Ресей Федерациясының Орынбор облысының ресми делегациясы қатысты. Бүгінде Ақтөбе облысында жер қойнауын пайдаланушы 29 компания жемісті жұмыс жасауда. Биыл 5,9 млн тонна мұнай, 6,5 млрд текше метр газ өндіру жоспарда бар. Алдағы бес жылда кәсіпорындар  мұнай-газ саласын жетілдіруге кем дегенде 60 млрд теңге көлемінде қаржы салмақ. Ал биылдың өзінде 19 геологиялық барлау жұмысын жүргізу жоспарланған. Мұнай өндірісін өркендетуге бағытталған бұл істердің нәтижелі боларына сенім мол. Алайда піскен жеміске қолын созатындардың көбейгені алаңдатады. Бас прокурордың орынбасары Андрей Лукиннің айтуынша, еліміздегі мұнай мен газ айналымында нақтылық жоқ. «2015 жылдан бері өндірілген, қайта өңделген мұнай мен экспортталған мұнайдың арасында айырмашылық 2 млн тоннаны құрайды. Бұл шамамен 600 млн АҚШ доллары. Осы жерде, артық өнім қайда кетті деген сұрақ туындайды. Алдағы уақытта осы екі жүйені бір базаға біріктіріп, ортақ есеп жүргізу қажет. Энергетика министрлігі бұған мән беруі керек деп ойлаймын», – деді ол форумда сөйлеген сөзінде. Бас прокурордың орынбасары мұнай өнімдерінің көлеңкелі айналымына ықпал ететін бірқатар себептерді атап өтті. Олардың ішінде мұнай өндіруді автоматтандырылған есепке алудың, оны есептен шығарудың заманауи нормативтерінің болмауы, ұңғымалардың жеткілікті түрде күзетілмеуі, мұнай тасығыштарға бақылаудың жоқтығы, мұнайдың құрамына өзгеріс жасап, кейіннен оны басқа мұнай өнімдері түрінде алып кету сынды мәселелер бар. Сондай-ақ, ол сұйытылған яғни, «әлеуметтік» газ өндіру, оны тұтынушыларға жеткізу мәселесінде нақты жүйенің жоқтығын жеткізді. Форумда сөз алған Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мұнай мен газдың көлеңкелі айналымы Ақтөбе облысының ғана емес, жалпы Қазақстанның сүрінер тұсы екенін атап өтті. – Бұл ұлттық қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселесі болып табылады. Мұнай мен газдың көлеңкелі айналымының ақыры баршаға аян, ол – бюджет кірісін жоғалту, қаражаттың елден кетуі, халықтың тұрмыс жағдайының төмендеуі, инвестициялық жағдайдың нашарлауы. Осының бәрі мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың орындалуына қауіп төндіреді. Көлеңкелі айналым – жекелеген ұйымдасқан қылмыстық топтарды қаржыландыру көзі болып табылады, – деді аймақ басшысы. Сонымен қатар, Бердібек Сапарбаев көмірсутегі шикізатымен заңсыз операцияларға қарсы тұру жөнінде бірқатар ұсыныстар айтты. Атап айтқанда, көмірсутегінің заңсыз айналымы үшін жауапкершілікті күшейту, мұнай мен газдың көлеңкелі айналымы бойынша қолданыстағы нормативтік-құқықтық базаны тексеру үшін республикалық жұмыс тобын құру,  еліміздің барлық кен орындарында өндірілетін мұнайдың химиялық құрамы бойынша орталықтандырылған деректер банкін құру сынды ұрлық көзін анықтауды айтарлықтай  жеңілдететін бастамалар бар. Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев форум кезінде заңсыз мұнай-газ тасымалдау фактісіне қатысты қылмыстық жауапкершілікті арттыруды ұсынды. Себебі 200-300 АЕК көлемінде айыппұл салу жеңіл жаза саналады. Өңірде мұнай және газ ұрлығы мәселесі алғаш рет көтеріліп отырған жоқ. Облыстық прокуратура жанынан құрылған құрамында құқық қорғаушылар, салықшылар, экологтар, геологтар бар сараптамалық топ биылғы жылдың көктемінде мұнай ұрлауға әсер ететін факторларды жан-жақты талдап, мұнай ұрлығын жою үшін не істеу керектігі жөнінде тұжырым жасаған. Бұл ұсыныстарды облыстық прокуратура Бас прокуратураға жолдапты. Бас  прокуратура ұсыныстарды қолдап, Үкімет қарауына енгізген. Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орынбасары Нұрдәулет Сүйіндіков журналистермен арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, сараптамалық топтың тұжырымдарын жіктеп-жіліктеп берген еді. – Біріншіден, есепке алуды автоматтандыру талап етілгеніне қарамастан, жекелеген компаниялар әлі де ескі әдістерді қолдануда. Шикізат ұңғымалардан орталықтандырылған коллекторға емес, бөлек тұрған бөшкелерге құйылады. Содан соң, өндірілген мұнай көлемі сызғышпен өлшенеді, – деді Нұрдәулет Сүйіндіков. ‒ Ал бұл әдіс мұндағы жұмысшылардың мұнайдың бір бөлігін жасырып сатуына мүмкіндік береді. Бір кен орнының операторлары, мастерлері мен күзетшілері түнгі уақытта  мұнайдың бір бөлігін заңсыз сатқандығы анықталған. Осындай тәсілмен жалпы  530 тонна мұнай ұрланыпты. – Екіншіден, мұнай қараусыз қалған немесе өндірісі тоқтатылған кен орындарынан да ұрлануда, –  деді облыс прокурорының бірінші орынбасары. Мысалы 5 адамнан тұратын қылмыстық топ  өндірісі тоқтатылған бір кен орнынан 50 тоннадан астам мұнай ұрлаған. – Үшіншіден, кейбір компаниялар техно­логиялық шығындар мен жеке қажеттілікке мұнайдың үлкен көлемін есептен шығарады. Мәселен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы 2014-2016 жылдары 88 мың тонна мұнайды технологиялық шығындар ретінде есептен шығарған. Ал «Сағыз Петролеум Компани» серіктестігі осы жылдар ішінде 2 мың тонна мұнайды ұңғымаларды ыстықтай жуып, шаю үшін пайдаланыпты. Мұндай шығындарды есептеудің нақты әдістері жоқ. Сараптамалық топтың тұжырымынша, бұл жағдай да жұмысшылардың ұрлық жасауы үшін қолайлы. Өйткені ұрланған шикізат шығын түрінде тіркеледі. Облыс прокурорының орынбасары Нұрдәулет Сүйіндіков қара алтынды үптеудің төртінші жолы ретінде мұнай тасымалдаушы автокөліктермен жасалған ұрлықты атады. Десе де соңғы уақытта олардың саны үш есеге (1200-ден 400-ге) азайыпты. Бұл негізінен қылмыстық-құқықтық шаралар мен сот тәркілеулерінің нәтижелері. –  Бесіншіден, ұрланған мұнай жалған құжаттар жасау арқылы, сондай-ақ мұнай құятын терминалдар мен қуаты аз мұнай өндіру зауыттарын пайдалану арқылы заңдастырылады. Алтыншыдан, рұқсат беру процедураларын сақтамау үшін мұнай елімізден құрамында мұнайы бар өзге мұнай өнімі түрінде шығарылады. Ол үшін оның құрамы болмашы өзгертіледі. Сөйтіп, оған атау береді, ұйым стандарты деп аталатын сапа паспортын әзірлейді, – дейді Н.Сүйіндіков. Бұған мысал ретінде құрамында Молдавия, Қазақстан және Арменияның  9 азаматы болған трансұлттық қылмыстық топқа қатысты істі келтіруге болады. Бұл қылмыстық топ 2012-2013 жылдары елімізден мұнайды «Атмосфералық мұнай  айыру қалдығы» түрінде шығарған. Сарапшылар талдау қорытындысы бойынша бірқатар ұсыныстар әзірлеген. Біріншіден, мұнай өндіруді тек қана автоматтандырылған жүйе арқылы есептеу ұсынылды. Мамандардың  пікірінше, оларға бірыңғай талаптар бекіту қажет. Сол себепті, Әкімшілік кодекске автоматтандырылған есеп құралдарын орнату туралы ұйғарымдарды орындамаған жағдайда ұңғымалардың қолдануын тоқтату туралы өзгеріс енгізілгені жөн деп есептейді. Екіншіден, сарапшылар  кен орындарын қорғау бойынша заманауи технологияларды, объектілерді қашықтықтан бақылайтын заманауи, электрондық күзет жүйелерін енгізуді ұсынды. Ал үшінші ұсыныс –  жеке қажеттілігі, сондай-ақ технологиялық шығындар үшін пайдаланылатын мұнай көлемдерін анықтауды және бекітуді нормативтік реттеу. Сондай-ақ сараптамалық топ мұнайды технологиялық шығын немесе жеке қажеттіліктерге пайдалану үшін арнайы салық немесе бюджетке басқа да төлем енгізуді қарастыру қажет деген тұжырымға келді. Төртінші ұсыныс –  есеп және бақылаудың ақпараттық жүйесін жетілдіру. Мұнай мен мұнай өнімдерінің өндірілуі мен қозғалысын тиісті есептеу, талдау және бақылау үшін барлық мүдделі құрылымдардың ақпараттық жүйелерін біріктіру ұсынылды. Айталық, жер қойнауын пайдаланушы мұнайды теміржол көлігімен экспорттауға рұқсат алды. Бір­ыңғай ақпараттық жүйеге экспорттаушы мұнай көлемдерін көрсете отырып, вагондарды жөнелту туралы мәліметтер енгізеді. «Қазақстан темір жолы»  акционерлік қоғамы қабылдаған вагондар саны мен мұнайдың көлемі туралы ақпаратты енгізеді. Кеденші декларацияланған тауар туралы мәліметтерді толтырады. Шекарашы  шекарадан өткен вагон саны мен мұнай көлемін көрсетеді. Осы мәліметтер автоматты түрде бір-бірімен салыстырылады. Осындай жүйені енгізу жер қойнауын пайдаланушылардың және басқа да субъектілердің қызметтеріне мемлекеттік органдардың негізсіз араласуына да жол бермейді дейді сарапшылар. Қарап отырсақ, мұнай нарығындағы барымташылар үшін ұрлықтың барлық жолы сайрап жатыр. Сарапшылардың ұсынысы қағаз жүзінде қалмай, дер кезінде жүзеге асса игі. Әйтпесе, ел байлығы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кететін түрі бар.    

Серіктес жаңалықтары