507
Көлік мініп, көше кезген
Көлік мініп, көше кезген
Бұдан былай елордалық шенеуніктер қызметтік көлікті жеке мақсатта пайдалана алмайды. Өйткені мемлекеттік мекемелерге тиесілі көліктерге жапсырылған ерекше белгі арқылы қаланың кез-келген тұрғыны шенеуніктің шалыс басқанын біле қояды. Ондайлардың тәртіпке қайшы қылығын ұялы телефонға түсіріп алып, сурет немесе видеоны көрсетілген нөмірге жолдаған қырағы елордалықтарға 500-1000 теңге көлемінде бірлік аударылмақ. Әзірге ерекше жапсырма 30 автокөлікке жапсырылған. Яғни, 30 шенеуніктің жүріс-тұрысы ел назарында.
Бастамашылар арнайы жапсырмаларды әуелі қалалық әкімдік қызметкерлеріне берілген көліктерге жапсырып шықпақ. Одан кейінгі кезек – министрлік көліктерінде. Ерекше белгілердің көмегімен әдеп кодексін бұзған қызметкерлерді анықтап, тезге салуға мүмкіндік тумақ.
«Нақты жұмыс уақыты бар, ол барлық мемлекеттік органдарда бірдей: 9:00-18:30 аралығы. Оған қосымша жүргізушінің көлікті гаражға қою, басшысына бару сияқты іс-әрекеттерін есепке алып, бір-бір жарым сағат қосамыз. Егер сағат кешкі 20:00-ге дейін көлік қалада болатын болса, қай жерде болмасын, қызметтік көлік қызметтік емес мақсатта пайдаланылды деп саналады», – дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің директоры Қуаныш Жапақов.
«Жемқорлыққа қарсы бірінші медиа орталық» РҚБ төрағасы Төлеген Байғұловтың айтуынша, жапсырманы сынаушылар көп. «Қазір XXI ғасыр. Неге GPS орнатпайсыңдар?» деп жапсырманы жаратпай жатқандар көп. GPS қою үшін байқау жариялау керек. Қыруар ақша бөліну керек. Біз жапсырған жапсырмалардың бағасы 200-ден 335 теңгеге дейін барады. Оларды жасату үшін мемлекеттің де, әкімдіктердің де қоржынынан ақша шығындалған жоқ. Қоғамдық ұйымдармен бірігіп жасадық. Сынақтан өткізіп көреміз. Оң нәтиже береді деген ойдамыз», – дейді ол.
Жапсырма арқылы шенеуніктің қызметтік көлікті жеке мақсатта пайдаланғаны анықталса қандай шара қолданылады? Бұл сауалдың жауабын ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басқарма басшысы Ернар Маханов берді. «Кез келген мемлекеттік мүлік тек мемлекеттік мақсатта қолданылуы тиіс. Жеке мақсатта қолдануға тыйым салынады. Егер мұндай заңбұзушылыққа жол берілсе, бірінші кезекте тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Егер мұндай әрекет қайталанатын болса, мемлекеттік лауазымға сәйкестік жөнінде шешім қабылданатын болады. Қызметкер жұмыстан қуылуы да мүмкін», – дейді Ернар Маханов.
Қызметтік көлікті той-томалаққа мініп барам деп жұмысынан айырылғандар жайлы бұған дейін де талай естігенбіз. Араларында әкімдер де бар. Мәселен, биыл Қостанай қаласы, Жітіқара ауданы, Пригородное ауылының әкімі ішімдік ішіп, қызметтік көлікті демалыс күні, жеке мақсатта пайдаланған. Оның тәртібі ел алдында Қарабалық ауданындағы Этика жөніндегі кеңесте қаралды. Кеңес әкімді қызметінен босату туралы шешім қабылдады.
Қызметтік көлікті жеке мақсатта пайдаланғаны үшін аты шыққан шенеуніктер Павлодар облысында да аз емес. Біраз былық биылғы жылдың мамыр айында жүргізілген арнайы рейд кезінде әшкере болған. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Павлодар облысы бойынша департаменті сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Ардақ Балғожиннің айтуынша, қызметтік көлікте түнде немесе демалыс күндері жүру бойынша төрт факті анықталған.
«Мәселен, 6 мамыр күні сағат 01:15 Бекхожин көшесінде «Павлодар ауданы әкімдігінің коммунсервис» ЖШС-не тиесілі «Тойота» көлігі тоқтатылды. Көлік ішінде жүргізушіден басқа, тағы да екі жолаушы болған. Келесі күні жексенбіде сағат 18:40-та Павлодар-Семей бағытында, Ямышев ауылының жанында Аққу ауылына бет алған «Лада» темір тұлпары ұсталды. Көлік Лебяжі ауданы ветеринария бөліміне тиесілі болып шықты», – дейді ол. Бұдан басқа, сағат түнгі 11-де Железин ауылдық аймағы әкімі аппаратының Skoda Rapid автокөлігі аудан орталығындағы «Мәди» дәмханасының жанында назарға іліккен. Сағат 12-де екі жолаушысы бар аталмыш көлік орнынан қозғалған. Кейін жүргізуші болмауына байланысты қызметтік көлік аппараттың бас маманына тіркелгені белгілі болды. Ер адам дәмханаға өндірістік жұмыс үшін дәнекерлеушіні әкелгенін айтып ақталған болса, жазбаша берген жауабында дәмхана қасына шинаның қысымын тексеруге тоқтағанын мәлім еткен. Рейдке қатысушылар «Мәди» дәмханасы Железин ауылдық округі әкімінің ағасының иелігінде екенін анықтады. Сондықтан тәртіп сақшылары маманның ауызша берген жауабын дұрыс деп топшылады.
Қызметтік көлікті жұмыстан тыс уақытта пайдаланудың тағы бір дерегі Павлодар – Омбы тас жолында тіркелді. Полицейлер маневр жасау ережесін өрескел бұзғаны үшін ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөліміне тиесілі «Лада» көлігін тоқтатқан. Темір тұлпардың тізгінін бөлім басшысы ұстаған және оның жолсапар парағы болмаған. Тәртіп сақшылары екі әкімшілік хаттама толтырып, жүргізушіге 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Қызметтік көлікті жеке мақсатта пайдаланып қана қоймай, жол ережесіне мойынсұнғысы келмейтін шенеуніктер осы күні қызылордалық полицейлерді де шаршатқан сынды. Облыста 2017 жылдың алғашқы жартыжылдығында 38 қызметтік көлік жол ережесін өрескел бұзған. Қызылорда облысы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Берікбол Байхожаевтың айтуынша, заңбұзушылықтардың басым көпшілігі көлік жүргізушілері тарапынан орын алса, бесеуі мемлекеттік қызметшілердің өз тарапынан болған.
Мәселен, 2017 жылдың 28 шілдесінде Шиелі аудандық жер қатынасы бөлімінің басшысы Е.Меңлібеков өзінің басқаруындағы қызметтік автокөлігімен Шиелі кенті, Даулеткерей көшесінің бойында қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін тоқтатылған. Құжаттарын қарау барысында Е.Меңлібековтің өзімен бірге жүргізуші куәлігі жоқ екендігі анықталып, екі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама рәсімделіп, автокөлік ақылы айып тұрағына қамалған.
Кодексті көзге ілмейтіндер көп
Мемлекеттік қызметкер ісімен де, жүріс-тұрысымен де көпке үлгі болуы шарт. Әр қимылы қоғамның жіті назарында болғандықтан, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметкерлерінің ар-намыс кодексінде көрсетілген қызметтік тәртіпті бұлжытпай орындауға міндетті. Алайда жұмыс уақыты аяқталып, қызмет орнынан шыққан бойда тәртіп атаулыны ұмытып кететін шенеуніктер мемлекеттік қызметкерлердің қоғам алдындағы беделіне нұқсан келтіріп жүргені жасырын емес. Тіпті жұмыс барысында да өзінің қайда қызмет ететінін естен шығаратындар көбейді. Мәселен, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шығыс Қазақстан облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесі 2016 жылы 8 рет кезекті отырыс өткізіп, тәртіп бұзған 29 шенеуніктің ісін қараған. Оның тек екеуінің ғана заңсыз әрекеті дәлелденбегендіктен, жауапкершілікке тартылмаған. Оның ішінде 12 шенеунік өзінің жұмысына салақ қарағаны үшін жауапкершілікке тартылса, 15 шенеунік мемлекеттік қызметкердің ар-намыс кодексін бұзғаны үшін жауапқа тартылған. «Ал биыл өңірде осындай 26 мәселе қаралып, 49 мемлекеттік қызметкерге өз жұмысына мұқият қарауға кеңес берілді. Қызметтік тәртіп бұзған 11 шенеуніктің ісі қаралды», – дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаменті басшысының Әдеп жөніндегі кеңес төрағасының міндетін атқарушы Қайрат Сапарғалиев. Он бір шенеуніктің тоғызы жауапкершілікке тартылған. Оның бесеуі қызметтік бабын асыра пайдаланғаны үшін, жеке және заңды тұлғаларға кедергі келтіргені үшін айыпталса, төрт қызметкер ар-намыс кодексіндегі нормаларды орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылған. Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметкерлерді қадағалау мақсатында әлеуметтік желілерге де мониторинг жүргізіліп отырады. Жүргізілген мониторинг қорытындысына сәйкес, Шығыс Қазақстан облысы бойынша 126 мемлекеттік қызметкердің әлеуметтік желі парақшаларында мемлекеттік қызметкердің жалпыға ортақ моральдық-әдептілік бейнесіне жат 309 бейне сурет жариялағаны анықталды. Нәтижесінде 51 мемлекеттік қызметкер тиісті тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Желіге жүктелген суреттер арқылы олардың асыр салып, көңіл көтерген сәттері көпшілік «көзайымына» айналды. «Облыстық басқармалар мен департамент басшылары әлеуметтік желіде көңіл көтеретін жерлерде ішімдік ішіп отырған суреттерін жариялаған. Облыстағы жануарлар әлемін қорғаумен айналысатын бір мемлекеттік қызметкер аңшылықта жүрген суретін желіге жүктеген. Онда ол жабайы құстың тұлыбы мен атыс қаруын ұстап тұр», – дейді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО-дағы департаментінің бас маманы Жанболат Муглиев. Ал аудандық білім бөлімінің қызметкері желідегі парақшасында шетел валютасындағы қомақты қаржысымен мақтанған. «Мемлекеттік қызметкерлер арасында бұдан өзге де дүниелермен «мақтанғандар» көп. Олар шетелге сапары барысында, қымбат автокөлік пен интерьер жанында түскен суреттерін елге көрсеткен», – дейді Жанболат Бейбітұлы. Әлеуметтік желідегі әдепсіз суреттері үшін жуырда ақтөбелік шенеуніктер де жауапкершілікке тартылған болатын. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысындағы департаменті жүргізген мониторингтің нәтижесіне сүйенсек, қызметтен тыс уақытта әдеп нормасын сақтамайтындардың дені жас мамандар екен. – Мемлекеттік қызметшілер жиі тәртіп бұзады. Мәселен, Шалқар аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Әлібеков супермаркет тұтынушылары алдында арызданушының қадір-қасиеті мен ар-намысына нұқсан келтіріп, алкоголь өнімдерін тегін талап еткен. Оның тәртібі әдеп кеңесінде қаралып, қызметіне толық сай емес екендігі жөнінде ескерту берілді. Ал Ырғыз аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы автокөлікті масаң күйінде жүргізгені үшін тәртіптік жазаға тартылды. Мемлекеттік қызметшілерді кешенді аттестациядан өткізу кезінде алкогольді ішімдік ішкен күйі көлік жүргізгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар анықталды, – дейді департамент басшысының орынбасары Мира Бейбітова. Ішімдік ішіп көлік жүргізбеу тек мемлекеттік қызметкерлерге ғана емес, жүргізуші атаулыға ортақ талап. Ал қоғамдық орындарда алкогольді сусындар ішуден бас тарту – тек шенеуніктерге қойылған шектеу. Той-томалақта өзгелер ащы судан алаңсыз ұрттап, көңіл көтеріп жүрсе де, мемлекеттік қызметкер жұрт алдында масайып, «қылық» көрсете алмайды. Достары мен бөгде адамдарды балағаттап жіберуден тіпті құдай сақтасын. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметкерлерінің ар-намыс кодексінің сәйкес тармағында солай деп жазылған: «Мемлекеттік қызметкерлер қоғамда қабылданған ар-намыс нормаларын қатаң ұстануы, қоғамға жат мінез-құлық танытпауы, оның ішінде қоғамдық орындарда мас күйде адамның ар-намысы мен қоғамдық әдептілікке нұқсан келтіретін әрекеттерге жол бермеуі тиіс. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметкерлерге көрінген жерде лауазымдық куәлігін алға тартуға, қоғамдағы ар-ұждан нормаларын, тәртіп пен қауіпсіздік ережелерін бұзуға, өзге азаматтарды заңға қайшы, қоғамға жат әрекеттер жасауға итермелеуге тыйым салынады».Этика жөніндегі өкілетті тұлғаға кім лайық?
Жаңарған кодекс – мемлекеттік қызметкердің басты бағдаршамы. Қызметке орналасар кезде әр қызметкер қатаң тестілеуден бөлек, үш күн ішінде ар-намыс кодексімен жіті танысып, қолын қояды. Сол сәттен бастап ондағы ережелерден аттап кетуге қақы жоқ. Кодекстің жаңа редакциясында көп өзгеріс жоқ. Мемлекеттік қызметкерлер бұрынғыдай сыпайы, өзінің лауазымдық артықшылықтарын алға тартпайтын және адал болуы тиіс. Сырт қалпымен-ақ шенеунік мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға атсалысып, баршаға ортақ қабылданған іскерлік стильге сай өзін ресми түрде ұстап, сабырлы, салмақты, ұқыпты болуы керек. Құжатта мемлекеттік қызметкерлердің қызметте жүрген кезде және қызметтен тыс уақытта өзін-өзі қалай ұстап, қалай жүріп-тұру керек екенінің стандарттары нақты белгіленген. Мысалы, жұмыста шенеуніктер сыбайлас жемқорлықтың қандай болсын түрінің алдын алып, тіпті аты аталуына жол бермеуі, қоластындағыларды кемсітпей, салқынқандылық, әділдік, адалдық, тұлғаның ары мен намысына құрметпен қарау үлгісін танытуы тиіс. Өткен жылдан бастап енгізілген тағы бір жаңалық – ар-намыс кодексімен бірге Этика жөніндегі өкілетті тұлға туралы ереже күшіне енді. Бұған дейін Қазақстанның мемлекеттік органдарында мұндай қызмет болмаған. Енді мұндай штат бірлігі барлық ұйымдарда болуы шарт. Ол қызметті атқаратын адам ұжымда ар-намыс кодексінің қатаң сақталуын қадағалап қана қоймайды, сонымен қатар әріптестерінің құқықтарын да қорғайды. Мысалы, этика жөніндегі өкілетті тұлғаға бастығыңыздың шектен тыс қатал екенін айтып шағымдануға, жұмысқа деген қатынасыңыз қандай екенін бүкпесіз ашық айтып беруге болады. Айта кетерлігі, этика жөніндегі өкілетті тұлға болып кез келген адам сайланбайды. Ережеде бұл аса жауапты қызметті «ұжымда абыройы асып, құрметке ие болған адам» ғана атқара алады делінген. Ұлт жоспарының 12-қадамына сай енгізілген жаңа институтқа жүктелген тағы бір міндет – ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалды анонимді сауалнама арқылы зерделеу. Сауалнама нәтижесі негізінде талдау жасалып, оның қорытындысы бойынша персоналды басқару тетіктерін жақсарту үшін мемлекеттік орган басшылығына ұсыныстар енгізіледі. Әлемнің бәсекеге қабілетті отыз елінің қатарынан көріну үшін ең алдымен мықты мемлекеттік аппарат қалыптастыру мәселесі мейлінше өзекті. Сондықтан да «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының алғашқы 15 қадамының мемлекеттік қызмет жүйесіне арналуы Қазақстан мемлекеттілігін нығайтып, қоғам мен мемлекетті түбегейлі өзгертуге, ең ақыры жаһандық және iшкi сын-қатерлерге қарсы атқарылатын ауқымды дүниелердің сапалы атқарылуына деген салмақты саясатты білдірсе керек. Өйткені мемлекеттік аппараты мықты елдің қай салада да әлеуеті мықты.